АҚЫН ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

Қошалақта туыпты Жұмекен ағам,
Жол түсіп бұл өңірге мен де барғам.
Ақынның қасиетті туған жерін,
Жаяу жүріп мен дағы аралағам.

Ойладым топырағың қасиетті,
Жас шағы ұлы ақынның сенде өтті.
Өлшеулі өмір деген тағдыр солай,
Әттең-ай, қайран ақын ерте кетті.

Менімен сырласқандай болды дала,
Тіл қатып ақшағыл мен Ашағы да:
- Ат қылып ақ шыбықты жүгірген-ді,
Жұмекен жалаңаяқ баяғыда.

Шіркін-ай, жаны жомарт қара бала,
Бұл күнде көрінбейді, қайда қара, -
Деді де жырын толғап Жұмекеннің,
Күңіренді, күрсініп, сайын дала.