Дастан

 Сордағы із

 

Бұл жыр-хатым қазақтың
данышпан ақыны Жұмекен
Сабырұлы Нәжімеденнемересінің
әруағына бағышталады.

1

Қайттық бүгін ұлы ақынды өлтіріп,
Көрін қаздық, көмдік жылдам жең түріп.
Қаштық сосын төмен қарай жөңкіліп,
Соңымыздан ұлып қалды жел тұрып.

Сайларына қалың қайғы түнше ұйып,
Қойнауына тек азалы үн сиып;
“Енді кімнің кезегі?” – деп жымсиып,
Кеңсай жатты езулері ырсиып.

Деді Кеңсай: “енді қайсың келесің?” –
Тобыр үнсіз, үндегенде не десін? –
Құлпытаспен бітегенсіп
Ажалдың –
Үңірейген құрдым, тылсым өңешін.

Қаштық төмен – мойынды артқа бұра алмай,
Әруақ біткен көрден өріп шығардай –
Бауыржанды қолбасшы ғып – шынардай,
Ескерткіштер тас-талқан боп сынардай.
“Ұлы ақынды қиған кім, – деп, – қыршыннан?” –
Қазір бізден Жырдың құнын сұрардай.
… Құрдастары жеткен өрге шыға алмай,
Тұнжырайды тонға оранған Тұманбай.

Аспаннан – нұр, дастаннан күй, жыр емген,
Әншейінде кіл дүр еді шіренген;
Үзілмеген шынжыр еді біленген,
Аман қалған мың гүл еді түреннен.
Жұқ қалмады батпансыған іреңнен,
Сүксиеді шыққан жандай сүреңнен.
… Тоң топырақ, жұқа кебін – берді енші,
Ақындарын қымтап барып кілеммен …

Тұрдық біраз есеңгіреп, ес кетіп,
Сықырлайды жаңа топы, ескі етік.
Іс бітіріп, шырт түкіріп содан соң
Тас қалаға кіре бердік кештетіп.

Біреулерді шошындырған, кейіткен,
Шықтық босап шынжыры көп бейіттен.
Содан кейін тарап кеттік жан-жаққа
Сәл ыңғайсыз, сәл қымсынған кейіппен.

Мойын бұрмай ақын қалған қыр жаққа,
Судан қашқан құрбақадай құрғаққа,
Тарап кеттік –
Өлмейтіндей енді ешкім,
Енді қайтып келмейтіндей бұл жаққа…

2

Біз кеткенмен ақын қалды орында,
Жыр биігі: Парнас – Кеңсай қорымда.
Биігіне қан-жоса боп шықты да,
Құлап түсті …
Жырдың туы қолында.

… Жеті жаста әке аттанып соғысқа,
Жем боп кеткен неміс пенен орысқа.
Қалды дейді бір биікте (шын болса),
Берді Отаны қан майданға – борышқа.

Әскер бар ма ед – «ұр –ра!» – лаған соңында? –
Мен білмеймін – ту бар ма еді қолында?
Жетім бала, жесір әйел ойында,
«Отан» – деген Сары атанның қомында,
«Заман» деген Зымыстанның торында
Кете барды – бір бауырлас қорымға.
.. Ізі қалды Ашақ – Мәші сорында.


Сабыр алғаш алынғанда жасаққа,
Кемпіріне тұз септіріп ошаққа –
Нәжімеден – немересін жетектеп,
Ұлын ертіп алып барды Ашаққа.

Ғасырлардан үзілмеген – о, желі!
Сенің неткен айтар жырың көп еді.
Бізді талай бесігіне бөледі –
Ескі күннің ескірмеген өлеңі.
… Тұздап-тұздап түзге жайған терідей –
Ашақ деген айдындықтай сор еді.
«Азаматтан туған жерде із қалса,
Түбі айналып сол ізіне келеді!…» –
Деп сенді шал, соған сеніп кетіпті
Дүниеден жоғалғанша дерегі.

Шалғайына жабысып жүр жел де үріп,
Немере тұр …жеті жасар …телміріп.
Сонда ұлының – жалбарынып жүріп қарт,
Ізін сорға басып алған мөр қылып.

Шайып ізді кетпесін деп сел төгіп,
Айналасын балшықпенен көмкеріп,
Қасиетті көне қара қазанды
Үстіне әкеп жауыпты іздің төңкеріп.

Ондай қылып қылмайды ырым жай кісі,
Жалбарынған жаратқанға – Ай құшып…
“Қайдан оңай болсын – деуші ед, үлкендер, -
Қара қазан, сар баланың қайғысы?!”

Қарияның қалтылдайды боз басы,
(Сол күндердің шерін, шилер, қозғашы!)
Жыртып шыққан Жұмекеннің жүрегін
Ең алғашқы өлеңі еді – көз жасы!
… Ел де тозар, жел де тозар,
Сол Қайғы,
Көкірегімде бабау қақшы, тозбашы!..

“Кешін, таңын шығарма естен даланың,
Білем түннің іздеп өзі табарын.
“Қырық шілтен” шылауыңа шырмалып,
Баба әруағы, қолда ерлердің талабын!
“Көппен көрген ұлы той” ғой – қара күн,
Күліп ашар күн де жетер жамалын.
Ізің сенің –
Қара қазанға аманат,
Ұлың сенің –
Қара қазаққа аманат!
О дүниеге ертпей аттан – жаманат,
Естілсе де бізге жаман хабарың!
Ел аманат! –
Ана тау мен ана құм –
Саған сақтап қояды аппақ самалын.
Туған жерге тимесе егер табаның,
Ізіңді кеп жалғамаса қадамың –
“Таңда мақшар” табысармыз, қарағым!

Хақ Жаратқан!
Оңда ерлердің сапарын!..” –
Жосағы осы – сонда берген батаның …
Тұншықтырып Аждаһаның апанын,
Бұғалықтап Құбыжықтың қаһарын –
Сиретпегей, - деп тіледі – Ата-Мұң,
Самсап кеткен сары азамат қатарын …
Шөгеріп тастап керуен – таулар атанын,
Иіріп тастап қалың құмның отарын –
Дала жатты сипап селдір сақалын.

Ел де айрылмай жабысқанмен шалғайдан,
Жел де айрылмай қарысқанмен шалғайдан –
Ертесіне жұтты бәрін қан майдан,
Тікті кәрін –
“Ең ақырғы зор майдан”.
Атасының сақалынан бір сүйіп,
Жалғыз ұлға емірене алмай қымсынып,
Кете барды иіскеді де маңдайдан.

Бар тамырды қақтап сауып өндірген
Сондағы жас мөлдір еді – мөлдірден.
Өмір бақи өтті жанын жылытып,
Әке ернінен жұғып қалған - сол бір дем!
Сор-маңдайда қалған ізін Еріннің
Сан маңдайдан …
Сарғайғаннан көрдім мен!..

Алғаш сонда кетті жаны шырқырап,
Көзін сүртті – қара бұлтты жыртып ап …
(Әкелердің мейірімінің иісі
Жырларынан шығушы еді-ау, бұрқырап!..)

Жетім мұңын қайтушы еді, іргелі ел,
Бір жағы - өрт, бір жағы – мұз …
Дүрмек ел.
Бір жағында қанды қасап – мүрделер,
Бір жағына қойды жасап – түрме-көр.
Қанды күпке – ұлын қойдай тоғытып:
“Біз – жеңеміз!..” – деп те сонда күлген ел.
…Жалғыз ұлдан үміт үзбей өтті шал:
“Өз ізіне бір келер, - деп, - бір келер…”

3

Жалғыз ұлы сол кеткеннен мол кетті,
Ең бірінші көңіл айтып жел жетті.
“Оңалар, - деп орнында бар” – ел кетті,
Ал, орыны – ақын болып ер жетті.
Күйші болып “Топан” – күйді селдетті,
Дырау-үндер ойнап берсе қолда епті –
Балбалдардың тостақанын толтырып,
Қара тасқа тамыр салды - өрнекті…
Шиқылдатып Ашақ-Сорды – шөлмекті,
Күздің желі қозғағанда шер-кепті –
Шеше байғұс оңашада ұрланып
Иіскеп-иіскеп алады екен жөргекті.
Қоңыр әуен – сіңген сол бір жөргектен
Кейін байтақ қоңыр қырды тербетті …
Қоңыр әуен шорт үзіліп қалатын,
Көрген кезде – хат тасушы “жендетті”…

Кешіріңдер, почтальондар, мархабат!
“Жендет” деген жаманатқа ортақ ат.
Сендерсіңдер – қасіретін қазақтың
Қайыспай-ақ өткен нарлар арқалап!
Борандарда жүргенсіңдер қанталап,
Үмітіңді Қайғы-балта жаңқалап.
Сенен күтті жақсыны да Жаманды –
Сексен қиыр, тоқсан шиыр шартарап …

Майдан жайын - әкем айтқан қатысқан,
Аман қайтқан алты жылғы атыстан.
Қарлығаштай таңдайында тамшы су,
Қанаттарын күйік шалып хат ұшқан…
Қаптай ұшып қонып жатты далаға
“Қара қағаз” – қара құзғын батыстан!

Сол кезеңнің Ызғары мен Сесінен
Әлі күнге мұз үстінде шешінем.
Кейінгі ұрпақ кетсе ұмытып … кешірем, -
Мәңгі естілмей қалғай-ды, - деп, - О сүрең.
Тажал өрген қара жердің төсінен,
О сүреңнің – Ғарасаттан несі кем?! -
Қазағымның қалғанымен көшінен,
Қара жердің кеткен емес есінен!

Қара түнек жұтып қойған жарықты
Сол кезеңді көрмесем де – сан ұқтым.
Аққұба құм жесір құсап шалықты –
Қара тауға басын сүйеп қамықты.
Жазда аунады қыста көмген қарына,
Жесір-ғұмыр шақтарында шабытты.
Шырылдайтын түзде шындық – шарана,
Ызғар жаулап алғаннан соң бар ықты…
Жұбанатын Нәжімеден, жарықтық,
Көрген кезде – сорға құйған қалыпты,
Із жерленген қара қазан – табытты.

Түннің кілтін ашқан шақта құлып – ай,
Шытынайтын сордың беті шыныдай.
Көңіліңді жалап қарып алатын,
Қысқы аяздың мұз тұмсығы жылымай.
Аязға еріп,
Жел қала ма ұлымай?! -
Қаққан кезде қайғы түнде ұрыдай –
Сынып кетпей жертөле – жер әйнегі,
Тұрса медет – қара қазан құрымай.

Қарт бір ұста – қара тастай ой қашап,
Өмірде бір көрген емес бой босап.
Тек күйзелед, қара дауыл асқынып,
Қара бұлттар қойған кезде айды асап –
Ізді өшіріп, қазанды алып кетердей –
Сансыз сойқан, арсыз сайтан той жасап.

Ал таңертең – кешегі өмір арнасы,
Ыңырситын тіршіліктің арбасы.
Ышқынатын, тағы бар, деп, жалғасы.
Қышқыратын колхоз бастық – “қолбасы…”
Сол кезеңнің – сор кезеңнің айнасы –
Ашақ сорын жатыратын қар басып.
Айдында – аққу, сорда қарға жүрмей ме? –
Жиналатын жер бетінің қарғасы.
Жақсылыққа қойса да іші жорымай
Шал тұратын, ауызында – Алласы.
Қазан жатад – ұлдың басқан таңбасы,
Қос көңілдің қара тасы – Қағбасы.

Жетімдікті көрген жұрттың жаны осал,
Сол осалдық күш беретін орасан.
…Қасіретің – қасиетке айналса,
Қасіретіңнен айналайын, қара шал!

Кебін-шинель жағасына жасы аққан
Қанша боздақ қайтпай қалды қасаптан …
Жетім шал мен немереге жалғанда,
Қасиетті жер жоқ еді Ашақтан.
Түннің бұлтын жібергенде асап таң,
Күн өнгенде қауыз жарып масақтан –
Түтін көкке жайылғандай Ашақтан
Бу ұшатын – қазаны бар ошақтан …

Айдың нұры – ақ шаңдаққа
Түйе бұлт
Аунағанда – көктем келіп, күй еніп,
Қарт көңілі – немереге,
Немере
Жүретін-ді Сол Сенімге сүйеніп.

Сенім!
Сенің көрмесек те тұрқыңды,
Ең жақыным сықылдысың бір түрлі!..
Адастырмас жалғыз шырақ сол еді,
Қараңғыдан – ұл түгілі ұлтыңды!


Қошалақтың пелде-пелде белесі
Көшіп жатқан жалған сынды неге, осы?
Уілдсее көшкен құмның өңеші –
Жететіндей Өшкен Күннің кемесі…
Ашақ жаққа – айдың нұрын жол қылып
Кеп жүретін Жалғыз Ұлдың Елесі.

Немереге – әкесінен жас қалған
Бәрі сол бір Сордағы Ізден басталған.
Айға қарап отыратын түндерде,
Әкесінің ізін іздеп Аспаннан.

Әке бірақ аспан жақтан түспеді,
Қала барды арман болып іштегі.
Баспалдақтан – аспан жақтан басталған
Аумаушы еді, тырнақатар құс легі.

Өсті солай…
Қарттың алды мектеп боп…
“Қату қабақ жетімдік те жетті ептеп”,
Әкені аңсап жылағанда етпеттеп, -
Үзілетін кірпіктегі оқ боп кек!
Сан оқталды, қимай қалды атасын,
Айға ілесіп, құспен ұшып кетпек боп…

“Бәрі – ғажап!” – деп беретін Ақпарға,
Қайтап барғым келмесе де – шақтарға,
Өткен күннің қалады екен сәулесі
Жан дейтұғын – қатпар-қатпар жақпарда.
Ай – нұрымен қара тауды ақтарда
Сол жақпардан үнді ұрады шатқалға.
Сол сәуле боп, сол үн болып - өткен күн
Жаңғырықтай шыңғырады қапталда.

…Дәл сондай бір жаңғырықты Ақпанда,
“Жаңғыз ұлдың жалғыз ізін сақта, Алла!” –
деп атасы, иегін қағып соңғы рет,
Жанын алып ұшып кетті Жаппарға.
Ол кездерде ел Жасағанның өзіне
Жасырынып сиынатын – жатқанда!

Құбыламен Күн қауысқан ақшамда
Ұшып кетті – артын бөлеп ақ шаңға.
Өз ізіне бір айналып келмеген
Жалғызымен жолығуға – “Мақшарда!”

4

“Із қалдыру…”
Адам үшін мәңгі ұғым,
Кім бұза алмақ Жаратқанның жарлығын?! –
Қырдағы аққан жұлдыздың да ізі бар,
Судағы аққан құндыздың да ізі бар,
Құмға батқан күндіздің де ізі бар –
Жинап алмақ болып іздің барлығын,
Дүние жатыр ашып қойып сандығын.
Менің халқым: менің Қара – Хандығым
Ізін іздеп өткізсе де әр күнін,
Бір соқпаққа келеді әлі түсе алмай,
Сормаңдай жұрт – Сорға Жазған Тағдырын!

Қиналсам да – миым үсіп, шаш түсіп,
Сияқтанам,
Талайыма тас түсіп –
“Сүйек пе?..” деп – түндегі аққан жұлдызға
Жүгіретін жұртта қалған аш күшік.

Тасыр – пиғыл,
Басыр – сана,
Ми – тұтқын! –
Тірлігімнен түңілдім де қитықтым.
Санасынан сүт кеппейтін неткен жұрт,
Төбе шашын тастаса да үйтіп күн?!
…Жау шапса да, жатады сол қалпында
Түндіктері жабылмайтын бұйқыт-мұң…

Мен бір жұртпын – айгезбе емес,
Ойгезбе,
Қасқырлардан үмітім бар – қой көзде.
Баяғыда сорға басқан ізіме,
Елес болып келіп жүрем кей кезде.

Мен! – дегенде, заман – қасқыр, тісі – мұз,
Құзғынданад қолда баққан құсымыз.
Түп түркінің мөрі бар деп өкшемде,
Ақтабаннан – қан шұбырып өтсем де,
Шатты араннан – жан сіміріп өтсем де,
Оқ-бораннан қаншық ұлып …өтсем де –
Тарих-тасқа жарытпайды түсіп із.
…Бәрін біліп тұрған шығар ішіңіз.

Қанның тісі жарқылдайды! –
Бұл түрен
Жыртып келед – боз даламды ілкіден.
Зар шынжыры жұлыныма байланған –
Табғаш, Тұрпан, басмыл, үнді, түркіден.
Шежіре – тарих шер – шекпенін сілкіген
Кездерде де басылмады бұл сүрең.
Қанымды ұрттап көрген Обыр тамсанып,
Жарылардай болып шығад күлкіден.
Тауым әуре – жағаласқан бұлтымен,
Қырым әуре – сағымымен кілкіген,
Көлім әуре – желіменен тімтіген.
Өлексемді қайзалаған кіл түлен,
Шығады сол өлексе исі мүңкіген –
Тоныкөктің ашсаң дағы кілтімен,
Күлтегіннің қымтасаң да құлпымен!

Сүртіп тастап жанардағы тозаңды,
Біздің тарих талай рет сөз алды.
Соны көріп көзі ағарды түннің де,
Соны айтам деп таң еріні бозарды.
…Жатады ылғи жылан торып ордалы –
Бозторғай құс ұя салған бозаңды.
Соның бәрі – танымаудың қырсығы
Кәміл ие – Хақ Жаратқан қожаңды!

Құбылаға дәл бұра алмай жүзімді,
Елес болып сан шарладым Дүзімді.
Тауып берген Ай –
Сәулесін түсіріп
Аппақ Сорға басқан Қара Ізімді!
Менің ізім – Қара қазан төңкерген,
Менің қара қанымменен сызылды!
Соны көріп көңіл тағы бұзылды…

 


5

Сызды талай Қанның Қара Қаламы,
Төңкерілген қазан қылып Даланы.
Маған ізін басады ойып, ал, бірақ,
Тарихтың талтаңдаған табаны!
Ізді іздеген Елесіме манағы,
Қақпан құрад тұл – мезгілдің Араны.
Саулап тұрған Айдың нұры жаңағы,
Ізге кілкіп қан боп қата қалады.
Тарихын Қанмен жазған Халықтың
Қалыңырақ болмаушы ма ед – Парағы?..
Әлі менің Есемді алып барады,
Уақыттың сатырлаған Жарағы.
Жинағандай болам есті шамалы,
Жалап жатып жаңа түскен жараны.
Босағада мақалдайды шал әлі:
«Жауды аяған жаралы» – деп, - жаралы…»
Ғарасатқа қолдан беріп баланы,
Шошалада қалады ана – қаралы.

… Есіңде ме, әлгі Қазан – Төңкеріс,
(Тағы амалсыз шежіре – шер шерте-міс…)
Уақыттың өңешінде – қылтамақ,
Ақ пен Қызыл болып қалды тоңтеріс.
Жарқылдайтын Ақ пен Қызыл көзінде:
Мен сияқты Жабайыға Жеркеніш!
Соқпағым – шар, шатқалым – тар, жол – теріс,
От құшқанда егін сынды ел – тегіс,
Оққа ұшқанда Елдік атты ерке құс,
Сорлы өкініш жатпады ма өртеп іш?!

Баба Қырдың өзегінде қайран Үн
Өксігенде – болды қандай, қайраным?
Кешіп барып он алтының ойранын
Көрмедім бе – «қара жұмыс» – майданын!
Былай тұрсын, уақыттан құн сұрау –
Сол ерлердің іздедім бе, сайғағын?!
Сыпырылған орманында орыстың –
Ықылымнан жел еспеген Айдарым.
Содан әзер жеткенімде – Ақ, Қызыл
Сахарамда салмап па еді сайранын!

Ағы, көгі, қызылы не – қазаққа,
Бәрінің де түсі қара – тозақта!..
Құдай сенің босата ма арқаңды,
Көнбіс болып кеткеннен соң Азапқа.

Құдай – сенің босата ма арқаңды,
Кептірмей ме жібімеген аңқаңды?!
Заман қолға, тісі ақсиған балта алды,
Қалдырман! – деп жарты мысқал жаңқаңды!
.. «Жер», - дейтұғын алып қасапханадан
Қалай сүйреп шықтым, тоба, қаңқамды?!.

… Келем, әлі, сол Қаңқамды өңгеріп,
Қажет емес Қаңқаға, рас, шен-көрік …
Қой торыдай күнім өтті тепкіде,
Арбағанға – жарты-ақ уыс жем беріп.

Бақ пен Қызыр қона алмады іргелес…
Ақ пен Қызыл – бір-бірімен мүлдем өш:
Ішер кезде менің Қоңыр қанымды,
Неге ғана бола қалад – Мүдделес?..

Неге маған туысым – жау, қоңсы – жат?
Неге маған бұйырмайды Енші – Бақ? –
Әлі күнге менің сәби-көзімнің
Тамырларын түтіп жейді – сол сұрақ …

… Ағы кетті ай нұрымен апталып,
Қызыл жетті күн нұрымен қақталып.
Міндеттідей әмір ету – жат халық,
Жатырсам да нән табанда тапталып,
Ойбайладым!
Той тойладым шаттанып!
Шаттығымнан жарылуға шақ қалып,
Ақ түйемнің қарнын жарып – ақтарып,
Өз «ісімді» жүрдім адал атқарып!

Империя –
Ашақ-сордай қағазын
Жайып қойып (қайдан білсін, қазағым),
Жатты менің жаназамды шығарып,
Іздерімді белден сызып – қара жын.
Менің Қаңқам – жайнамаз ғып кебінін,
Оқып тұрған еді сонда намазын.

Жаназамды шығарғанда Зәндам-жын,
Күліп күтіп алмаққа оны қамдандым.
Қыр желкеңнен жендет келіп шапса да,
Тұяғы едік:
Күрең – күдер, пәк – сана –
Жайнамазын жимай өлген шалдардың!
Намаздарын қимай өлген шалдардың!!

«Шыныққандар» – жиғанымды тонады,
құныққандар – иманымды тонады.
Сарып тұрып мешітімнің төріне,
Жыныққандар – Имамымды сабады!

Сабап қойса – сауаптай бір іс көріп
Көнер едің, тек ішіңнен тістеніп.
Одан да өткен мазағына шыдамай,
Бір атамыз ұшқан, дейді, құс болып!

Малғұндардың мейманасы тасқанда,
Басқа қылар қайран болмай сасқанда –
Белсенділер салып жүріп ұранды,
Көзапара қорлағанда Құранды –
«Иә, Алла-лап!
Қор қылма, - деп, - кәпірге!..» –
Тасты теуіп ұшқан дейді Аспанға!.
Арқау болар әңгіме еді – Дастанға,
Жатыр, әне, әлі сайрап – Тас – таңба!
Қырып салған көп белсенді өзді - өзін,
Періштелер көзге қанды шашқанда.
Ит кеміріп сүйектерін, құс мүжіп
Жан жуымай жатушы еді – Қостамда.

«Маған – алтын, мә, ала ғой, тас – саған!..» –
Деген Зорлық – кімнің Заңы, мәссаған!
Жетіскеннен, жерден адам ұша ма,
Мәселеңки, Ғайса – ғалай – һи - әссалам!
«… Ізің жерде қала ма?» – деп сұрай көр,
Космосқа ұшып жатқан қасқадан!..

Сол Атамыз – ұшқан көкке жер теуіп,
Жүред, дейді – кезіп түнде өлкені.
Тасқа балқып түсіп қалған ізіне
Тұрады екен ұзақ қарап …
Өртеніп.
Содан кейін кетеді екен қайта ұшып,
Бір-бірімен жүрген әлі айтысып
Пенделердің тірлігінен жеркеніп.
Өшпесін, - деп – тасқа түскен ізіне,
Қазан емес, кетті аспанды төңкеріп!

Қоңыр қозы – азуынан Арланның
Талай аман шыққаныма малдандым.
Өтіп барам жалғыз бетін оқымай,
Миллион парақ,
Миллиард қабат – Жалғанның!
Менің де ізім жер бетінен өшеді –
Өз Ізіне Бабам келмей қалған күн!

Қанды азаптан қариям анық құтылды,
Көк теңізге дариям ағып жұтылды.
Асылзада – Жария – Жарық бітімді,
Ізіне ертіп әкелер деп – Құтымды,
Шырақ жағып халық әлі күтіп жүр! –
Медет тұтқан, сордағы ізін ұлының
Ашақтағы Нәжімеден сықылды!..

6

Халық солай…
Ал имансыз мол тобыр
Жерде қалды, ендігі елге – Серке, Дүр.
Жайлағанда Ібілістің індеті,
Жаулағанда – Жібілістің үмбеті –
Туын жығып, дінін қуып Халықтың
Тәж киеді – ең бір Тексіз, ең Тебір!
Поштабай боп, ат шабар боп жүрді де,
Күні туып – Бозжорғаға мінді де,
Белсенді боп шыға келді,
Өртегір!

Белсендіде ұлт болмайды былай да,
Ұлтсыз жанның шаруасы жоқ – Құдайда!
Империя – Құдайсызды қару ғып
Өз жұртына сілтей берген сыңайда!

Малша бауыздап – дегдар, бегзат, милыны,
Бетке шықты Мемлекеттің қи – жыны.
Аранға айдап тықпаушы ма ед халықты,
Қай кезде де – Қара Тобыр Билігі?!

Аспан асты болып кетті бұлағай,
Бұлағайда ық бола ма – қырағай!..
Найзағайлар қанжар ала жүгірді,
Қара бұлттың қапасына шыдамай.

Жүгірді де, ағып түсті ғайып боп,
Қала барды қара туын жайып көк.
Жұлдыз болып қамалғанша қапаста –
Дейді білем, - жасын болып тайып кет!
Жылт еткенді жұтып жатты қара түн,
Тобырға, әлде, түнек кешу лайық па ед?..

Құныскерей, Аманғали, Құрмаштың
Жарқылына еріп талай қырға астым.
«Банды» атанған, «жынды» атанған ерлермен
Жатынымда жатқан күннен сырласпын.
Қырға астым да, құпиямды түнге аштым,
Жасын-ізді Елестермен ымдастым.
Күтуші едім, ертіп алып кетердей
Бесатары сатырлаған кіл қашқын.
Жеті түннің қатпарына тығылған,
Мен олармен бір табыспай тынбаспын!..

Ел ерлерін түнге қамап тастап ап,
Қара Тобыр – аш бөрідей ашқарақ,
Өз халқының жанын ішіп жатқанда,
Көзге артығын «жаңылысып» атқанда –
Зарға толды қылқобыз – ай – асқабақ,
Қанға толды Күн дейтұғын тас табақ.

Аш халықты толғай жұтып ұлы құм,
Тез жасырды жендеттердің қылығын.
Сыйдыра алмай көшкен жұртым – түлігін,
Басқа жастап өлген малдың жілігін,
Қайзалады көне тонның жұрынын.
Мыңды айдаған мырзаларым,
Құрығын
Сайғақ қылып алды мәңгі тынымын.
Өйтіп өлсең арман бар ма – тіріні
Жұтып жатты жердің түбі – жылымың!..

Жер түбінен – итқиянның өзінен
Қаңғып жүрген қандасыма кезігем.
Тірі қалған талқы-тағдыр тезінен,
Туыс демін көр түбінен сезінем!
Қандасымның орынына, қаншелек
Қоныстанса қалай тыныш көз ілем?!
Төрін жауға алдырып ап мезіген,
Тұтжалаңаш тірлігімнен безінем.
… Сағынышы боздайды-ай кеп
Даланың –
Жас бұршақтап тұрған нардың көзінен!..

Әлі көрем мен Аштықтың боз көзін,
Есітемін сілекейлі сөздерін!..
Ашыққанда - Өз Баласын Жеген Жұрт,
Аямайды екен кейін өзді - өзін!

Содан бері өтті бастан сан сынақ,
Маңдайымнан бұршақ борап, қар сыбап.
Мен Қаңқама үңілемін кей кезде
Қар астынан …
Құм астынан аршып ап.
Тірілемін - Өз Қаңқамның Тісінен,
Дірдектеген Қызыл Қан боп тамшылап!
… Көмейінде Уақыттың бар Сұрақ –
«Жетіқарақшы» жантаяды … Хал сұрап:
«Өз өркенін өзі жейтін жеміт жұрт,
Жер бетінде қанша жүрмек –
Сансырап?..»

7

Қара тобыр қолдан жасап тәңірін,
Жұтып қойды жер үстінің жарығын.
Қуысынан Жан дейтұғын Жақпардың
Жетім сәуле қыңсылайды әлі күн.
Қуыстарға теуіп тығып ар үнін,
Уыстарда бұрап ұстап сарынын –
Оқ ысқырып,
Мұз ышқынып күні-түн,
Қызыл Жендет беріп тұрды әмірін.
Қауызына сия жаздап тарының,
Дүние тұрды шер сыздатып қарынын.
…Елдің басын кесіп алса Жаналғыш –
Бәрі құл боп кетпейді ме, бәрі күң!
Дарақ ағаш топырақ қауып құласа,
Жапырақ жауып қала алмайды тамырын.

Қызыл Апат жайлап әлем бұрышын,
Фашизм де қайрап жатты қылышын.
Хром етік сықыр-сықыр жүретін,
Тықыр-тықыр …Үрей жаулап Түн ішін.
Тас түнектен тесілетін жылан көз,
Шиқылдатып терезеңнің шынысын.
Терезелер – соры құсап Ашақтың
Бозаратын – ит боп тырнап мұң ішін.
Менің жаным – мекен қылып қыл ұшын,
Төбе шашта ғана қалған тынысым.
Сол бір үрей – жанның Ашақ сорынан
Жалғыз із боп шығаратын дыбысын.
… Маңғаз Мағжан, Сырбаз Сәкен, Ілияс –
Жаратылған жандар еді жыр үшін!
«Алаш» болып, талас келіп жүргенде –
Қайда қалды өлең толған ыдысың?
Азған ұлттың, аз халықтың – бір туар
Озған Ұлы!
Күнің сенің құрысын!

Күнің осы!
Билік тисе көн бетке,
Ғазиз басты даярлай бер дөңбекке!
Белсенділер – аштан қырған өз халқын,
Шыға келді – айналды да Жендетке!
… Құя салған – Шәкерімнің миына
Тоғыз грамм қорғасынды ермекке –
Не дер едің – қарасартып көрбетке?
Ей, Уақыт!
Бағасы артық Ұлының! –
Ұлтсызды да аласартып көлбетпе!

Сабаушы еді – Ақан, Біржан, Абайды! –
Сәкенді енді серілікке сабайды!
Мөрғасқадан өшін алып талайғы,
Ахмет пен Міржақыпты талайды.
Тіпті рахат! –
Қолдан алар ешкім жоқ –
Ақын қанын ашырқана жалайды.

«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны…»

Осыны айтқан, қайран, Аха, сен бе едің?..
Еш болғанда еліңе еткен еңбегің.
Шыңда тұрған құлжа етекке құласа,
Ит айырып қалмаушы ма ед ермегін!
Заңстанның Зымыстаны иріліп,
Бөлтебердей жатты үстінде көмбенің.
…Ей, туған Ел!
Соны көріп өлмедің…

Еткен еңбек еш кеткенмен еліңе,
Ырза едің-ау қойса тыныш көріңе.
Әуелде Алла сені асыл ғып жаратып,
Берді еліңе: отырғыз, - деп, - төріңе!
Төр түгілі, Босағасын Бөріге
Алдырған жұрт – жоғалтпай ма сені де!
Тас түнекте сусып кеттің қолынан,
Әмір Мағұрып – түсірейін деді ме?!
Арам сідік, һарам қаннан жаралған
Күнің қалды тебір менен теліге.
Миллион жылда шыға алмайтын өріңе –
Жерғұрт-Сана шоқтығына шен іле,
Аясын ба, ардақ қолға түскесін,
Шерменденің бір келгесін шеніне!!!

8

…Жүз жыл бұрын,
Дантес деген бір епті
Тартып қалған, көздеп тұрып Жүректі!
Қызыл қарды қарш-қарш шайнап Пушкин,
Жатты сонда үзіп арман-тілекті.
Төрт жылдан соң –
Мартыновтай бір епті,
Тастады атып Лермонтов түлекті.
Жылдамдығын қорғасын оқ үдетті,
Ақындардың кеудесіне гүл екті.
Жаттың – жауы, Қаптың тауы дір етті,
Дір етпеді – Тәжге тұтқын кіл етті…
Бес жыл кейін Махамбеттей Үлекті
Мұзға бауыздап, күлге көмді күректі.
… Кесіп алған жөн еді ғой, жөн еді,
Махамбеттің басын алған білекті.
Сол бір оқтың сарынынан сескеніп,
Сол білектің қарымынан сескеніп –
Қалнияздың бөтен жұртта күні өтті.
Сарнай ұшып келеді әлі сол бір оқ,
Қалмай ұшып келеді әлі сол білек,
Тесіп өтіп ақында бар жүректі –
Қарнай ұшып, кезіп жүр ол Түнекті!

Етпейді әсер – ай мен жұлдыз сырласқан,
Сыбырласқан, жымыңдасқан түнгі аспан.
Етпейді әсер, мүлгіген бау – мұң басқан,
Бөгет емес қиян түпкір құм басқан.

Жұрт көңілі түнек болса – болғаны,
Ұлт көңілі түнек болса – болғаны,
Мемлекет түнек болса – болғаны,
Ақындардың кеудесінде баяғы
Желден жұқа Жүрек болса – болғаны –
Қиын шаруа емес оған қалғаны!

Түнек кезген, жүрек кезген сол бір оқ,
Жүректі езген, тілекті езген сом білек –
Зияннан да, қиялдан да желгір ед.
Сетінетіп Шелли менен Байронды,
Шетінетіп Петефиді айбынды,
Тұл қалдырып аққу жүзген айдынды –
Қазақстан Даласына енді кеп!
Ұрып жүрді Ардагерін Алаштың,
Қырып жүрді кеудесінен пергілеп!
Қанға былғап – сүйген құлын Алланың,
Крестерге қағып жүрді кергілеп!
Жиырылып ойға түсті – Жел-Жібек –
Ақындардың тұрған туы желбіреп.
Моласы Жоқ Тас Түнекке - өң жүдеп
Өтіп жатты жанарлары мөлдіреп.
Бүгін болған!
Жер бетінде енді жоқ –
Пушкин мен Махамбеттен шерлірек
Поэзия әскерлері – ер жүрек,
Кетіп жатты… Қатарлары селдіреп.
Әмірші жоқ тоқтататын: «Болды!» – деп.
Қара түнге күйе жұғар – қарғанса,
Сары өзенді запыран қылар – зарланса,
Кезең болды – түсік тастап заң барша,
Әлі жеткен талап жатты арланша.
Қандыгердің азуында қан – борша!
Атарманы атып жатты армансыз,
Қаһарманын – серқұмары қанғанша!
Атып жатты, батып жатты қан қалса –
Ұлт көзінің Үміті әбден сөнгенше,
Жұрт көзінің Үрейі әбден жанғанша!

Отан жатты өртті аранын тор бүрген,
Жапан жатты төрт тарабын шер бүрген,
Атан жатты төс табанын тоң бүрген. –
Түнек кезген Сол бір Оқ пен Сом Білек –
Айтбаевты тауып атты Дрезденнен,
Шоқаевты қауып атты Берлиннен.
Мүсәтірмен улап Қытай Әсетті,
Таңжарықты …аңыратты …
Көрдім мен!..

Кәрлі бұлтқа талай тыққан ай тілім,
Мылқауланды
Шығармастай қайта үнін…
Пана таппай, қырды кезіп жүр әлі,
Әні менен Шаңы «Жеті қайқынын».

Қайда Ғұмыр!..
Қайда Сұлтанмахмұт? –
Елден бұрын қайда асықты қапылып? –
«Халқым-ай!.. – деп қалған кезде аһ ұрып,
Кетті өкпесі қан боп көкке атылып.
…Дәл осылай өлген Шоқан, Салықтар,
Халиолла, Әбіштер у қақырып…
Оқты жұтты, уды тықты Жеңіне,
Жүрегі – жын, білегі жүн Мақұлық…

Саттар қайда?
Баймағамбет?..
Бернияз?..
Қайтпады олар – оралды аққу, келді қаз.
Шолпан қайда? –
Таңның тұмса жұлдызы! –
Туды. Батты. Айтпайды елге енді наз.
…Сол бір Оқ пен Сом Білектің астында
Жоқтағаннан бар ма басқа менде лаж?..

Із қалдырған қанды үрейі кеудемде,
Мен танимын Сол бір Оқты көргенде.
Ұмытпаспын Сом Білекті өлгенде –
Қанша жерден болсам дағы шерменде!
Рас, рас, таңданамын мен кейде –
Мүрделерін бөлек салар көмгенде:
Коммунистер фашистермен бірігіп,
Шүршіттерің жөйіттермен кірігіп
Кетеді екен – ақындарға келгенде!
Аз халықтың Ақылманын жерлерде!

9

Батырлардың ізі қалды – сорларда,
Ақындардың үні қалды – торларда.
Сәуле саулап Қатпарынан Қанымның,
Қан шүмектер Жақпарынан Жанымның –
Жүрегімнің Жаралары тоңғанда.
Асылдарын байлап беред Тобырға,
Қайраны жоқ халық байғұс сорларда.
Қара көлік – жілігіңді мұздатқан,
Жұлыныңды үзген зілмен жүз батпан –
«Қара қарға» аталатын болды арба.
Бақыт құсы тез кетуші ед қонғанда –
Жүз жыл бойы, мың жыл бойы миыңды
Шұқып жейді, түтіп жейді –
Сол қарға!
Сол қарғаны сұрамай-ақ білем мен,
Ізінен – қан, көздерінен түн өнген.
Түспейді олар – билік атты Күреңнен,
Жұрдай болған бар Имани іреңнен,
Шімірікпей ата салған Ардағын,
Сата салад …ұрлай салад Ұлы Елден.
Төлеңгіттер бір кездегі тіленген –
Тақсыр болды бұл күндері шіренген!

Солар отыр барлық мәрмәр кеңседе,
Солар отыр ел желкесі – еңседе.
Арың шыдап бара алмайсың жанына
Насқа тұтқын – боқ желімді белшеге.
Сен олардың баса алмайсың салмағын –
Елдің барлық қазынасын өлшеме!

Жалған ғалым, жалған дарын – тап солар,
Малданғанын - алған бәрін – ақша бар.
Ерлерімнің Есесі еді – Ол ақша,
Қайтаратын Сағат соғар, сәт соғар!
Қушық шеке құман бетті – құлтекі
Оған дейін бермейді өрін – пәтшағар!

Қазір олар қожасындай фәнидің,
Тек солардың несібесі – бар игім.
Тарих өзі басып берген таңба бар –
Мен оларды көрген жерден танимын.
Бар ырзығын тонап алған әр үйдің,
Қаңсығына, сарсығына …жаримын.
Тек соларға жасап жатыр қызмет:
Меңіреу-кеш,
Мылқау-түндер,
Қари-күн …

Малынып ап шірік шен мен шекпенге
Тұншығамын – тұстан олар өткенде.
Тентек тарих тағы бір тар өткелде
Ұстап алып шекпендерін сөккенде –
Қорқып кетем: сыпырылып бет перде,
Бола ма – деп, тағы да бір Әлемет? –
Қари-Күннің Көзі ашылып кеткенде,
Меңіреу-Кеште Зере ашылып кеткенде,
Мылқау-Түнде Сана ашылып кеткенде!..

Құдайсыздар қайтуші еді халықты?! –
Халық, бірақ, шын құдайға зарықты.
Анау жақта – тозақ оты жанып тұр,
Хақ Жаратқан – бәрін, бәрін танып тұр.
Ана Дүние –
Тек топасқа танық-ты,
Біздер үшін Мөрдей шындық анық-ты.
Дайындап тұр Мүңкір – Нәңкүр жебеушім,
Тозақ жаққа алып жүзер табытты.

Тоя жеген, оя жеген жеміттен,
Түңілемін Мүрделерді көріп мен.
Тағы да Сол – жендеттерше желіп жүр
Сайтан қуған, Ібіліс буған зеріктен.
Өлекселер Отанында сый күтпен:
Көзі – Төрде, көңілі –көрде - өліктен!
Кемді күнгі құзғын – баққа деміккен,
Мен – олардың ертеңіне сеніп пе ем!
Мінбелерде мәйін сөйлеп – еріткен
Қасапшының танығанда азуын,
Тіршіліктен кеттім талай жеріп мен.
Шыға алмай жүр әлі күнге шырмалып,
Отызыншы жылдардағы – желіктен!
Содан бері Ақындарды көргенде
Айуандығы қозып кетед …
Неліктен?..

Себебі, оған – мен ешқашан илікпен
Құзғындарға – ел үстінен шүйліккен.
Ұлтанды Елін,
Сұлтанды Елін құл қылған
Өліктерден – бұл фәниде сый күтпен!
Абат өмір орнайтынын білемін –
Қара тобыр кеткен күні биліктен!

Кер топастық төрге шықса талтаңдап,
Босағада отыра алман жалтаңдап.
Талай тастап кеттім тобыр топырын,
Алтындалған кеселерін талқандап!
Жалқынданған Міселерін талқандап!! –
Талай рет қалған олар оқталып,
Көк желкемнен ата жаздап …
Шампанды ап!..
Өсіп шыққан алшын едік өртеңге,
Талай оқтар қалды атылмай … желкемде!
Оқ – біздерге тек жүректен тиеді,
Кешегі Серт –
Ант боп барад Ертеңге!
Кешегі Дерт –
Оқ боп барад Ертеңге!!.
Сол баяғы қараша … күн желкемде,
Жұмекеннің Аза-күйін шертерде,
Кеткен шақта – қан жүрегі жарылып,
Шерлі ақынның іші толып – зертеңге;
Самсаған оқ сауытынан сау еткен –
Көрген шығар, тұтпай тұрса Ел – перде?!

Алатаудың тұрғанда өзі қамығып,
Бүлдірер деп, тағы, тағы жарылып –
Құммен бүркеп, гүлмен көркеп ақынды
Көмген едік – Алты Алаш боп жабылып,
Өлген едік – жанталас сап шабылып!
…Кейбіреулер танып қалып өз оғын,
Жасырып ед – тасқа тіркеп жанығып,
Мен сонда алғаш тұрып едім жабығып.
…Айналаны басып жатқан Кәрі Ымырт.
Иманымды жендеттердің кәрі іреп,
Дидарымды ел – кептердің зары іреп,
Әлімжеттік жасаған соң Әбілет,
Уа, мен де –
Атам құсап баяғы
Жерді теуіп ұшып кеткем…
Сан рет!!!

Бірақ оным – ұшу құсап түстегі,
Қасіретке дауа болмад іштегі.
Қара жерді қанша қатты тепкенмен
Тас түгілі – сорға да ізім түспеді.
Хақ түгілі – жаттың көзі түспеді.
Қу далада қаңғып, саңғып амалсыз
Қайтып келдім, қайтқан кезде құс кері …

Көрер едім! –
Көзді таңса бар бейнет,
Түте-түте тозса үстіңде Ар – көйлек …
Қара түнде – сияқтанған шамды әйнек –
Қаңғып жүрсең жүрегіңді зәрлі ой жеп…
Түсінеді, рас, кейбір пенделер:
«Айгезбесі», «Құс келдісі» бар ғой!» – деп …

10

Ей, Уақыт!
Қара ізіңе шам алып! –
Шамалы ғой, жатқаны әлі жаңарып.
Шерлі күннің терезесі сықылды
Сол Ашақтың соры жатыр ағарып.
Аңыз емес –
Соңында нұр – қаны ағып,
Келіп жүрген Жалғыз Елес жаны арып –
Сордағы Із – көңілдегі Қара Дық.
Жарты әлемге – менің Қара Тарихым
Сол бір ізден жатыр, әлі, таралып.

Қыр күлгенде Ай нұрымен таранып,
Бетін басад қара шәлі – қара бұлт.
Қара түнде қара шәлі оранып,
Тұру керек Өткен Ізге оралып.
Маған, рас, Өкілеттік тиген жоқ
Тарихтан таратуға – тәбәрік.
Дегенменен, сүртіп көңіл – дүрбісін,
«Күн ашықта күреңітпей қаралық…»
Сүңги беру сұмдығына соғыстың
Болған емес, ешқашанда жаңалық.
Сондықтан да мен Ашақтың сорынан
Көшкен бұлттай қонам сәл-сәл әрі ауып.

11

Жатқан да жоқ жағдайым жұтап тым,
Тұрағым бар астында бір бұтақтың.
Өртсіз, дертсіз маңай мынау –
Лұхат – нұр,
Сонда да әлі өкпем өртке сықап тұр. –
Жанарымда отырады тұтап мұң –
Исі құсап – ескі қоңыр кітаптың.

Бұл далада тарқамайтын Мұң бар бір,
Мұңы көшсе – күні туад мұндардың.
Бұл далада мекені бар Пірлердің,
Бұл далада – ойнағы бар жындардың.
Су жәутілдеп, у мөлтілдеп тұрады
Жанарында – аждаһадай құмдардың.
Сол құмдардан сағымдары көшеді –
Елуінші, алпысыншы жылдардың.

Бұлт ұрлаймын сол құмдардың желінен,
Сыр тыңдаймын сол жылдардың демінен.
Сол жылдарды кешпесем де - әндері
Бірге жасап келе жатыр менімен!..

Мұң көшеді құм Нарынның төрінен,
Жыр көшеді Үш Қиянның белінен,
Көшкен бұлт ол – «қырқарланған Қиғаштың
Ақ Жайыққа құятұғын жерінен».
Қалған қоныс – Ноғайлыдан - әріден,
Көрген қоныс – Едігені өңінен,
Өнген қоныс - Өр Еділдің сеңінен,
Төнгенде орыс - Әбілқайыр теліген,
Өрген қоныс Сырым жатқан желіден.
Келген қоныс – Бөкейхандай бөріден,
Ерген қоныс – Мұхит сынды Перімен,
Желген қоныс – Шәңгерейдей Шерімен.
… Махамбеттің шағады әлі мүрдесін,
Жылан шығып Жәңгір ханның жеңінен!
Үн шығады, тұншығады – жырақта –
Мұң шығады Мөңкеұлының мөрінен.
Күй тыңдаған күндер қалды құлақта
Дәулеткерей, Құрманғазы Серіден.
…Жұмекеннің жұғып қалған жырына
Қоңыр Әуен!
Ұмытпаймын сені мен!..

Қоңыр Әуен!
Құмыр Әуен!
Өр Әуен!
Ексіміңе еріп жүрмін мен әрең.
Зілзала боп Зыңыранып тұрады
Суға ағызып, бастырсаң да моламен!..

Құлағымда – Бабам салған бар сүрен,
Ести қалдық Ғарифолла әншіден.
«Мына Дала – Менің Далам!..» – дегенді
Үйренгенбіз Жұмекен мен Шәмшіден!..

Біржолата билік құрып Өлермен! –
Күллі қазақ қош айтысып Өлеңмен,
Жеті ұрпаҒың жұрдай болса Өнерден –
Бебеу туып бабам қалған белеңнен,
Ұран шығад – Ақ Жайықтан,
Сенем мен!
Құран шығад – Маңғыстаудан,
Сенем Мен!..

12

Күйге – құрық, жырға салып – бұғалық,
Жұмекенмен еріп бірге шығалық.
Қошалақта кірпік қанға шыланып,
Жүрген күнді естен сәл-пәл шығарып.

Күндерін бір көрген емен кен қазған,
Жырды оқыдым жүрегімен ол – жазған…
Бүкшеңдейтін сол жылдардың өтінде,
Сол құмдардың, сол Жырлардың бетінде
Бейнеткеш Ел – бір күні жоқ бел жазған.
Азынаса Кремльден шенді Азбан –
Түренімен табысатын ел жазған,
Күрегіне жабысатын ел жазған…
«Халық жауын» Сібірге айдап қаптатып,
Туған жерді тыңгерлерге таптатып,
Менің ғана төбемде ойнап – Шат Бақыт,
Жатырған шақ – моламыздан аттатып.

Мұзға айналып кетер едік – Мұң болсақ,
Құзға айналып кетер едік – Құм болсақ,
Тұзға айналып кетер едік - Ұн болсақ! –
… Қасқа Қасым астанасын қия алмай,
Тасқа басын ұрып жарып жүрген шақ!
Сәбит деген – Мұқанов па?
Үнмен сақ –
Кремльге кіріп-шығып күлген шақ.
Сәбит деген – Нұрышев па?
Мүлдем шат –
Соңына еріп Әуезовтей сырттанның,
Балақ жүнін олжа қылып үрген сәт!
Өрге жүзген нән балықтай Ғабитті
Желбезектен әлжекеңдер ілген сәт!
Қарғып түсіп Соғыс деген Сауырдан,
Қылышымен кіріп келіп Бауыржан –
Аяр төрдің тұл кілемін тілген сәт!

Тыңымды алып – орыс тұрды еліріп,
Түгімді алып - өзбек тұрды емініп,
Құмымды алып – түркпен тұрды тебініп,
“Менің де еншім бар, - деп, - мына далада!” –
Неміс, ұйғыр - өзеуреп жүр не біліп?!
Тілім қалды – босағада тебіліп,
Дінім қалды – жайнамазын жел іліп,
Арулардың көз жасы боп …егіліп,
Алты Алаштың Ары жатты төгіліп.
Қан майданда шегінбеген Ер Қазақ –
Жатты сонда Бар майданда жеңіліп!

Салп-салпыншақ дарияларым сарқылса,
Арал анам – қарияларым алқынса,
Балқаш – бұлбұл, құм шырмауда шарқ ұрса,
Азғырыңа азғындар кеп артылса,
Байқоңырың - белі шықпай бесіктен
Аспандағы Айға қарап талпынса;
Семей жақта жауып атом жаңбыры,
“Кемпірқосақ” гүлдеп жатса артынша –
Орнамады, деп, айтып көр – “Алтын шақ”!..

Тақпасақ та бүгінде жоқ “сартқа” айып,
Жатты менің есебімнен жат байып.
Елден қашып – Мәскеу жаққа тығылды, ә,
Әуезовтер, Жұбановтар, Сәтбаев!?
Өз ұлына пана бола алмаған
Елді бүгін енді қалай сақтайық?!
Озығына қара бола алмаған
Ерді бүгін енді қалай мақтайық?!
Жұртқа айналып ойламайтын обалды,
Құртқа айналып – майқандаған көгалды,
Қыртқа айналып – заңдастырған соларды –
Менің қанша Ар - қазынам тоналды!..
Хамит, Сырбай, Тоқаш, Жұбан… оралды,
Абдоллалар отқа үйтіліп – о қалды!..
Әбдіжәміл, Тахауилар сонарлы
Ізге түсіп – көзге ұрынды ел алды.
Әбділдә, Әбу, Ізтай, Ғафу, Қуандық –
Түйсігімен талай сүзді тоғанды.
Жұмағали ақ кебінге оранды,
Тағы да сол сорлы ақындар топ алды –
Жендетке жем – Ұлттың ұлы ең арлы.
Іздегендер қанша ақынын Қазақтың –
Жер бетінен таба алмайды Моламды…
Қазынамды кім шіренсе сол алды,
Ең жаманы …тағы Ерлерім жоғалды!

Рахимов Тәшкен барып төр алды,
Босағадан орын қимай бейбаққа –
Айдап шықтым Таңсықбаев Оралды!
Жүсіпбеков –
Үй бермеген Қасымға
Мінбесінен түскен күні – омалды.
Ақын қалды … Батыр қалды … Не қалды!..
Ақылманы жәбір көрсе оққа ұшып,
Ақындары жалында өлсе – от құшып,
Тергеу керек, ендеше, ондай қоғамды!
Емдеу керек ондай ауру қоғамды!!
Жерлеу керек ондай Мәңгүрт қоғамды!!!

Ақындарда бар бір ортақ – фәни-заң,
Ақындарда бар бір ортақ – ар-иман.
Өмірзақ, Қосжан, Құдаш, Төлеужан –
Қыршын еді… жыршым еді далиған!
Қонған Дәурен көшіп кенет Ғалидан,
Пана іздеді – Төлеген мен Сағидан.
Қажығанда Мәриям мен Қалижан,
Жетті артынан Мұқағали, Фаризаң …
Дәйім таңсық – қатты шыққан алғашқы үн,
Үн шығарып …талай, талай алжастым.
Орысты алып, орда бұзған кезі еді
Әнуар мен Сүлейменов Олжастың.
Біле алмадым, қандай пайда берді екен,
Өтежан мен Асқарларға – сол жас күн?..

Қай кезде де ақындарда ұпай кем! –
Езгісі кеп тұрад заман тұқаймен.
Қуды қазақ - Әбіштерін,
Орыстың
Арадағы Соғысына Қытаймен!..

Жансорғыштай жалмаған соң жат қанын
Үсіктірді, түсік қылды талқанын.
Тырналайды «Ұлы Қытай қорғанын»
Қажығұмар – қырық жыл қапқан қақпанын!

Үкіміме «ұлы халық» қол қойған,
Қарағұлпақ… Ол да тістеп шалғайдан;
Түрме-Ташкент жауап алды шыжғырып,
Отаны жоқ - Әбдіраманов Қалбайдан!..
Өңшең ақын - өрттен өнген өңдері
Өлекседей – қолбырайтын көндері.
Шекелерін шыңғыртатын шірнедей:
«Социалистік реализм» шеңбері!
Жететін-ді сосын мәңгүрт – баладай
Анасының моласына - өлгелі!..

Берері жоқ, дерегі жоқ ой-арман,
Қалды адыра қанша дүрден, нояннан.
Жендет – бұлттар жүрді таптап өшіріп,
Жылт еткен бір жарық көрсе оянған.
Арыстанның апанында ұйықтайтын
Не сүлейлер – үркек болды қояннан.
Тереңінде үкілеген үміт те,
Үсік шалып – ақыр түбі жояр мән.
Зімпара – уақыт тынбай ысып,
Ой, Аллам! –
Бедер қашты – бағзы Сәннен Боянған.
Бет-аузының бедері жоқ аяр жан –
Қолдаса да, қорғаса да қай ордаң –
Табанында бүр болады дей алман!
Талабында мөр болады дей алман!

Кілең – бүрсіз, кілең – мөрсіз, бедерсіз
Ұрпақ өсіп шықты – бұған не дерсіз!!
Құл – құтанды билеу оңай екенін,
Бедерсізді илеу оңай екенін,
Білетін-ді тақта отырған келеңсіз!
Құтаннан – құл, жұтаңнан – тұл өргізді
Биліктегі Қара Тобыр – көп елсіз!
Тұл қаптады – қамсыз, шерсіз, шеменсіз –
… Мұны да енді, бәлкім, менен көрерсіз!!


Қан түсер ед – қара қырды құстырса,
Қар түсер ед – Үрейімді тіске ұрса!
Бедерінен айрылғандар, томпаңдап
Тезек қуып жүреді екен – Түс құлша!
Қамшы-қосшы, дойыр-басшы бортылдап,
Төбемде ойнап жатушы еді – күш қылса! –
Төрге ілінген Бишік - Әкім ысқырса!

Ай-шынысын сорға шашып уатып Түн,
Сол сорлардан жатыр еді бу атып Мұң …
Қара қазақ қара қойдың соңында –
Аранына түсіп жатты Уақыттың!
Қазанында пісіп жатты «Бақыттың!..»

13

…Дәл сол кезде пайда болды баяғы оқ! –
Бас бұғатын, бұта да жоқ,
Ая жоқ!
Оқтан қорғар Отаның жоқ сая боп.
Жел өтінде желең жүрген Жалғызды
Іздеп келген оқ қай кезде аяп ед?!

Көкірегін тесіп өтіп Қасымның,
От құйрықты ұшты көкте – жасыл Жын.
Төбесінен шүйді не бір асылдың –
Ең бір зұлмат кесапаты Ғасырдың.

Ізтай, Қосжан, Төлеужан мен Құдашты
Қырып салып, көзі жанып қыр асты.
Жасыл Жынның – Жалғыз Оқтың үні ащы,
Кіл қаралы музыкаға ұласты.

Төлегенді, Меңдекешті, Маратты,
Зейнолланы, Қайнекейді, Сағатты
Турап өтіп, қайта айналып кері ақты.
Бар ақыны – сара тілі Алаштың
Жалғыз оқтың Аранына баратты.
Тобық, Қалжан… Танабайдай талапты
Қамап атты – Күнахана-абақты.
Ақан, Жақан, Шәміл, Жүсіп, Әнуарбек ,
Жиырмадағы Артығали қарақты –
Жоқ қылуға Сол Жалғыз Оқ жарапты!..
…Шет-шегі жоқ… Кілең жырмен жарақты
Кетті қыршын …
Кім оларды санапты?!

Сол Жасыл Жын баста қайдан дүреді?
Жалғыз Оқты әуелі атқан кім еді? –
Айта алмаймын, сұрап жүрем үнемі,
Білсе, бәлкім, Қадыр ағам біледі …
Жалғыз Оқты атып, әлде, жүреді
Көріңдей Түн – Дантестердің Тілегі,
Көрінбейтін – Ықыластың Білегі …
Оқ айналып қайтқан кезде азынап –
Бір жағында Туған Тілі – тірегі,
Бір жағында Думан Ділі – жүрегі,
Арқа сүйеп – Жыр дейтұғын жартасқа,
Мұқағали Мақатаев марғасқа –
Айыл жимай Жолында Оның Тұр еді!..

Кенет…
Жерге құлай берді Марғасқа,
Бабау қағып жылай берді - әнтаспа!
Бір қарасақ, ақын Мүсінге айналып,
Оқтың даусы сіңіп қапты – жартасқа!

Дауысы бар – оқтың бірақ, өзі жоқ! –
Үні батсын, қарасы өшсін тезірек! –
Деп жалбардық, бір Алланы алдарлық
Періштенің тілін сонда жалға алдық!
Періште боп жасап жүрген мезірет
Пері шығар – бір жалғандық сезілед!..
Тобыр-Билік той жасайды!..
Ал Халық
Садақасын шалып жүрді кезі кеп.
Тек Ақындар ұйықтамайтын түнімен –
Жақын маңды жүргеннен соң кезіп оқ.

Бәрі де бар – кәрі шері, жас пері,
Кеңсай жақта қазулы тұр Тас Көрі –
Баудай түсіп жатты үнсіз қырылып,
Соғыссыз-ақ – оқ өткенде бір ұрып:
Пушкин мен Махамбеттің Әскері…


Жалғыз оққа жасқанбай-ақ барды олар,
Қара тасқа қанды жас боп тамды олар.
Көзін ашып қапастағы жұртының,
Сиынатын Жарығы боп қалды олар!
Санатта жоқ қорғансыздың, санда бар –
Ғұмырын сәл соза түсші, Алла Жар!
Жамай түссін жұртының сәл жыртығын,
Жүрекке жыр сабақтаған - Ардалар.
… Миын сорып семіріп жүр Ұлтының
Биліктегі Қара Тобыр – Қарғалар!..

Міне, тағы!..
О, сұмдық-ай!
Жүр екен! –
Жапан кезген Жалғыз Оқтың үні екен!
Сақта, Тәңір!
Сақта, Алла!
Жасаған! –
Осы жолы нысанада кім екен?..
Бір қарасақ, қанды Аранда тұр екен –
Жырдың Аппақ Періштесі – Жұмекен!
Бір атқанда жығылмады! –
Тірі екен!
Жалғыз оққа жазым болмас ірі екен.

Екі атқанда – құлап қалды бүк түсіп,
Кірпіктері күзгі қара шық құсып.
Болашаққа Аманаты – Жырды алып
Көкірегінен Ақ Көгершін шықты ұшып!

Шарпып өтті қан – жапырақ көк төсін,
Күнді Қанға теңесем – жұрт сөкпесін! –
Күзгі қайғы қарып тұрды өйткені,
Өлеңімнің өксік толы өкпесін!
…Ал, Жалғыз оқ! –
Зарлап жүрді Аспанда: –
Жыр-Көгаршын …тағы да аман кеткесін!

14

Құлап түсті!
Көрді ме, әлде, моланы ық,
Жылап түсті қара аспаннан сора – бұлт.
Жатып қалды тоң төсеніп сонда ақын,
Жырдың Туын кебін қылып оранып.
Бір жағында – Бар Әлемнің қайғысы,
Бір жағында – қазақ деген байғұсы,
Бір жағында – Қара Өлеңнің бәйгесі –
Тұрғанында – ой шідерлеп омалып,
Білмей қалды қалғанын оқ қадалып!

Қара тобыр – көр көкірек, күл көмей
Кектендірді – көріп ылғи жырды өгей.
Жыры Өлген Күн – Ұлты Өлерін Білген Соң,
Басын бір сәт босатпайтын – Дүрмек ой.
Даналарға құлдық өмір – Түрмедей,
Түрме есігін бұзып ашып: «кір!» - демей, -
Қап-қара Елес Жалғыз Оғын қадады,
Кеудесіне гүл қадады – үлбегей.
Жүрегінің шықты сонда Дауысы,
Өмірінде өтсе де өзі үндемей!

Тек жүректің Даусы шықты – дәл атып
Құлатқанда Ажал мерген – Қара Түк.
Ақын бірақ үндемеді …
Үндемей
Қойды, тіпті, көрге кіріп баратып!..

Орып түсті екі атқанда оқ – орақ,
Үкім кессе – кетпейтін-ді ол ағат.
Ақын үнсіз құлап түсті қансырап –
Пушкиннің жасы құсап тамшылап,
Махамбеттің басы құсап домалап!..

Көңіл қысыр болмаса да, тіл – бедеу,
Сөйлер жерде жетпеді, әлде, бір демеу?..
Үндемеу де Ұлы Ерлік ед!
Сол Ерлік –
Жырға айналып тынатын-ды –Үндемеу!

Өр Мылқаулық қопарыла қозғалып,
Тас Түнектің түкпірінде Сөз Жанып, -
Үндемейтін Ұлы Ақынның көзінен
Тасты жарып ағып шықты Боз Жарық.
Боз Жарықтың Дауысына көз қанып
Үлгергенше – кетті әлемет қозданып…
Мылқаулықты қылғып тұрған тау іші,
Дүр сілкінді – мүлгіп тұрған бау іші.
Төбе шашын тік тұрғызды Даланың,
Сол Жүректің шыққан Сұмдық Дауысы!

Оқ жоғалды – қанға ақынды боятып,
Тұрған жыры сезім жарып, ой атып –
Қалды үзіліп – оқып тұрған аяты.
Ұлылардың бәрінде бар әңгіме:
Өздері ұйықтап баратқанда Мәңгіге –
Ұйқыдағы кетеді елін оятып!

Ұйықтап кетті…
Басқан сынды батпан Түн…
Шашы ағарып жүнжіп қалды бақтар тым.
Қайғы шымшып қайыңдарды ақ балтыр,
Ай қылымсып кірпігіне жақты алқын,
Желаяқ жел хабарды айтып қақты аңқыл,
Қайтқан қаздан түнге жұқты жат қаңқыл!..
Ақын болса – Ажал оғын қаққан түн,
Орындады берген баста Хаққа антын! –
Халқына арнап салып кетті қапқа алтын…
Саусақтары қысты сосын табытты,
Қолы жеткен жан секілді Таққа Алтын!

15

Алтын таққа жайғасып ап Ұлы ақын,
Тапты мәңгі – таппай жүрген мұратын.
Жүрегінің көзі барлар еститін,
Түйсігінің құлағы бар ұғатын –
Бір әлемет жыр бастады сұрапыл!
Бір ақыны жаза алмаған әлемнің –
Жұлдыз болып сыңғыр қағып тұратын,
Жалбыз болып жараңызға жұғатын;
Әрбір әрпін ғасыр ғана туатын,
Әрбір сөзі жасын болып ұратын,
Әрбір жолы дария боп құятын,
Әр шумағы мұхит болып тұнатын –
Жыр оқыды, сарқып барын, қуатын!
Жұмсақтығы – шалғайыңды жыратын,
Қаттылығы – маңдайыңды жығатын,
Тәттілігі – таңдайыңды жұлатын –
Неткен қатты, неткен жұмсақ мына түн?! –
Кеңсай жаққа тастап қашқан мың ақын –
Табатындай қараңғыда қарманып,
Шөлдеп келіп бас қоятын суатын.
Тығып алған тас-табақтай тәніне
Тасбақа бас – жағасынан шығатын
Сияқтанды… мойындарын бұратын …

Бұтағына жасын ілген бұлт көшіп,
Тербелгенде Болмыс деген құт-бесік –
Жұлдыз тамып Тамырынан Әжімнің,
Маңдайына Дарақ ағаш шықты өсіп.

Жыр рухы қысқан кезде шыңғыртып,
Қала алмады тамырдағы үнді іркіп,
Жан азабы – жүрек қанын ағызып,
Маңдайынан тер боп шығып мың бүртік;

Маңдай терді сүмбіл саусақ нұр сүртпек! –
Жұлдыз болып ақ қағазға ыршып кеп
Сіңген кезде – қоңыр дәптер – даладан
Бидай - өлең бас көтерген бүршіктеп.

Бидай - өлең нәр жүгіртіп сөздерге,
Ой кідіртіп ойнақшыған көздерге,
Күндіз – дәнге, түнде айналып жұлдызға,
Тең тербелді Болмыс деген безбенде!

Қара түнді бозартады мұң сіңіп,
Бар ақынды оятады жыршы үміт.
Тіршіліктің жұққан шаң мен кіршігін
Ай – нұрымен ағартады … күрсініп.
Кеңсай жақта… алтын Тақта отырған
Ұлы ақынның төбесінде түн сынып –
Сол сынықтың арасынан ұмсынып,
Жұлдыз-дәннен бір ғажайып үн шығып,
Әлдилесе – күйге малтып тіршілік –
Жалғыз Оқтың тым қауіпті емесін
Барлық ақын тамырымен түйсініп,
Ақ қағазға Із Салады құлшынып!

 16

… Ай астында соры жатыр Ашақтың,
Ізге құрған торы жатыр Ашақтың.
Мен Ашақтан өттім талай айналып,
Өткеніме келмесе де тас атқым.
Менің далам – Жертөлесі жанымның,
Терезесін сордан қиып жасаппын!
Терезеден сығалайды әлі күн,
Жеті жасар жетім ұлы - Жасақтың!
Соған көзім түсіп кетсе болғаны,
Менің түрме – көкірегімнің қорғаны –
Кірпігімнен шығып кетед босап Мұң.
Сор бетінде – Ізі Қалды Қасаптың!
Өшпейді ол Із – ұмытса да не сатқын!..

Қозғасам-ақ өткен жайлы – жазам мұң,
Бірі шығар құдай берген – Жазамның!
Кірлеп бара жатсам болды тірліктен –
Өткен күннің көз жасымен тазардым.
… Сол баяғы жібек жаулық бозаң құм,
Сол баяғы айдың нұры … Тозаң – Мұң.
…Жалғыз Елес келген кезде шықпақ боп,
Тыпырлайды-ай, астындағы із Қазанның!

Жалғыз Елес…
Тұрады ұзақ… өртеніп,
Сүзіп қуып жібергенше Серке-бұлт.
…Қанша сорға қалдырды Уақыт Ізімді,
Үстеріне Қара Қазан Төңкеріп.
Белес керек… бару үшін оларға,
Елес керек – бару үшін өртеніп!
Қанша сордан аршу керек ізімді,
Қан-жынынан жүрмесеңіз жеркеніп!

Тас төбеңде тұрған шақта ай жанып,
Ұмытылмас сонау өткен қайғы анық.
Ашақ соры – Менің Қара Тарихым,
Тарихыңнан өтпеу керек айналып!

Сол Қазанды жатыр бүгін қозғап кім? –
Терезеңді ұрып тұрып сөз қаттым.
Сорда ізі бар – Ақындардың Моласыз,
Сан миллион панасы жоқ Боздақтың!
Батыр болсаң - құралайды көзге атқын,
Ақын болсаң – терезеден сөз қатқын! –
Ізі қалған, өзі… жалған ұлдарын
Енді қанша жоқтар екен боздап құм.

Ақын біткен – жүрген кезде Ай-қырда,
Аққулармен жүзу керек Айдында.
Жұлып оны кетпеу керек Сол Бір Оқ,
Ұрып оны кетпеу керек Сом Білек –
Жығып оны теппеу керек қай құрма!
Қуып оны кетпеу керек Жасыл Жын –
Ізіменен Төлегендей жасынның,
Түзіменен Мұқағали, Қасымның –
Қара Елестер күлмеу керек – Қайғымда!
Жүрмеу керек, үрмеу керек – Зайғы Ұлға!
Сорда қалған, Арда қалған … іздері
Өз жаныңнан …боздағыңнан айрылма!
Поэзия – қасап-торы тарихтың!
Поэзия – Ашақ соры тарихтың!!
Поэзия – қара тасы Халықтың!!!
Іздерін мен Түнге сіңген Жарықтың,
Ұлыларға еріп жүріп таныппын.
Айлы Түнде қырды кезген Ғаріптің
Елесіне бауыр басып алыппын…
Анау Айды – алтын желкен көтерген
Кемесі де – ақын мінген табыттың!

Жүз жасырған торы жатыр Зарықтың,
Құзға асылған жолы жатыр Халықтың.
Сол жол бастап апаратын жағып – Мұң,
Із басылған Соры жатыр Тарихтың.
…Оқ тигенде – теуіп ұшқан Аспанға,
Қара Таста Мөрі жатыр Алыптың!..


4-7 қазан, 2001 жыл,
Шынжыр қыстағы