МӘҢГІЛІК ЖЫРЫ
Жұмекенге
I
Өлдің, ақын!..
Жо-жоқ!
Өлгенің жоқ!
Өлгенің!..
Бәрі өтірік –
Естігенім,
Көргенім! –
Ақиқаттың ақтығына оранып,
Ендің қара қалыбына пенденің!
Жырмен емдеп жүректегі жараны,
Күйін кештің табиғаттың қаралы –
Өлгенің жоқ! –
Қырық жыл қырғын болса да –
Ақын тірі қалады!
Ақын тірі қалады!
ІІ
Бір-ақ сәтке көтер басты, ақыным! –
Қоштасуға келді алыс-жақының…
Пенделердің зәре-құтын ұшырма –
Көтер басты?!
Тек ақырын, ақырын…
Неге, ақыным, көтермейсің басыңды,
Тірлігіңе толмады ма тақымың?!
Неге, ақыным, көтермейсің басыңды?
Неге жұртқа көрсетпейсің расыңды?! –
Өлді! – деді бақталасың басынып,
Өлген жоқ! – деп дос-жараның ашынды.
Өлмейді! – деп өртке салдым жанымды -
Құр бекерге төкпе менің жасымды?!
Көтер, ақын, көтер, кәні, басыңды!
Көтер басты!
Жиын-топты сарала! –
Қан жүгірткіз қайғы толы қараға!
Думанды өлке дымы бітіп қала ма?
Күз өкпегі көңіл айтты далаға!
Сәулең дарып көрдей соқыр санаға,
Тәубесіне келер ме екен, жан аға?..
Көтер басты?!
Рухымен жебеуге
Ақыреттік ажалыңмен айқасып
Бетховеннің өзі түсті араға!..
Көтер басты?!
Сүйенері сен еді,
Қазағымның жыры менен өлеңі!
Қадыр тұтып,
Қоштасуға өзіңмен
«Қисынын тауып қыршын кеттің қалқамдап»
Тұлыптай ісіп мылқау шыдам келеді –
Тарс айрылып тауқыметтің талағы,
Тәрк етер медеу тұтқан мансұғын –
Бас көтеріп,
Ым қағуың – керегі! –
Өлілердің тірі екенін білсін ол!
Тірі жаны сірі екенін білсін ол!..
Көтер басты?!
Сүйенері сен еді,
Қазағымның өлмейтұғын өнері!
Көзі қарығып,
Қоштасуға өзіңмен
Ақ таяғы ғұмырыңдай шолтаңдап,
Шолақ белсеніп ақсақ күдік келеді –
Құрақтай қаулап көтермесең басыңды –
Жұбатқанды жылап жүріп құлатып,
Жегідей жеп таланттының тамырын,
Өмірі озып,
Өркен жая береді! –
Бас көтеріп,
Тұлдануың – керегі! –
Өлілердің тірі екенін білсін ол!
Тірісінде өлі екем деп жүрсін ол!..
Жазушылар үйін көмді қаралы үн:
Шалықты өмір өксігінен ананың,
Шаңытты өңір өксігінен баланың –
Өңгеріп ап әкетердей қырқаға –
Ақынтауды Алатауға телірдей –
«Кішкентайы» Құрманғазы дананың!
Үмітін үзбей мынау жарық дүниенің
Бұйра шашпен жауып жұмық көзіңді
Бір көтерсең басыңды, ақын, жарадың?!
Бұйра шашпен жауып жұмық көзіңді,
Туған елге табысташы өзіңді –
Ушықтырма періште – пәк сезімді,
Тұншықтырма көні қатқан төзімді?! –
Өлді! – деді – һарам жандар безінді,
Өлген жоқ! – деп – адал жандар аһ ұрып,
Өлмейді! – деп - өкпе-бауырым езілді!..
Көтер басты?!
Сұлқ жату бола ма! –
Мәңгі ұйқыға ырық берме, жан аға!
Көрік берші күздей солғын қалаға?!
Шабыт сыйла соңыңдағы ініге,
Шаттық сыйла алдыңдағы ағаға!
Шуақ сыйла артыңдағы балаңа,
Қуат сыйла жан-жарыңа, анаңа…
Үлкенді де,
Кішіні де жылатпа,
Тірлігіңнің жасыл туын құлатпа!
Дүр сілкініп дүниеауи жерге түс,
Табыт-тақты құр қайтарып қыратқа!
Көтер басты?!
Көтер басты, ақыным,
Жауап болып төнген кілең сұраққа!
Айбынынан ажал шошып қашатын,
Мысы мың сан халтураны басатын,
Жырыменен жан шырайын ашатын
Сиқырдайын сөз жұпарын шашатын,
Көтер, ақын, көтер, кәні, басыңды?! –
Қалың елі қаумаласып келгенде,
Аспан астын құдыретіне қайран ғып,
Басын ақын көтермесе несі ақын?!
Бір минутқа көтер, ақын, басыңды?!
Ойы ыласқа ойнат нәубат-жасыңды.
Жындай өріп жансыз гүлтәж ленталы,
Күй күйігін алты қырдан асырды –
Көтер, ақын, көтер, ақын, басыңды! –
Бір минутқа тірілт өлі аруақты –
Төлегенді,
Мұқағали,
Қасымды…
Тасыт, ақын, қас деп тұтқан досыңды,
Жасыт, ақын, дос деп тұтқан қасыңды…
Көтер басты?!
Сүйенері сен еді,
Қазағымның жыр-өлеңі - өнері!
Қара оранып,
Қатар-қатар сап түзеп,
Ана тілі ардасынан қапыда
Айрылдық деп аза тұтып келеді:
Ет-жақының,
Туған-туыс,
Бауырың,
Кіндігіңнің қаны тамған ауылың,
Үй-орманың,
Жұмыс-орның,
Баспа – Анаң,
Жұмбақ, сыршыл, мұңды үніңді тыңдаған,
Ақылманың –
Оқырманың мыңдаған!..
Бір секундқа көтер басты, ақыным,
Қоштасуға келеді алыс-жақының…
Тірілердің зәре-құтын ұшырма? –
Көтер басты?!
Тек ақырын, ақырын…
Басыңды, ақын, бір көтерсең – болғаны,
Бір көтерсең – кемісімнің толғаны –
Тарар тылсым құштарлықтың толғағы.
Бір көтеру – тірлігімнің қорғаны –
Өмірімнің мәні – жасыл орманы.
Бір көтеру – адамзаттың арманы –
Өлім-Жітім барлығының жалғаны!
Бір көтерсең – қажет емес қалғаны!
Бір көтерші!
Бір көтерші басыңды?! –
Мүмкін емес ақын-ғұмыр солмағы!!
ІІІ
О, Ғаламат!..
Ақын басын көтерді,
Көтерді де жүректерге от өрді –
Қара сөзбен алмай жұрттың мазасын,
Құпия сазбен жеткізді жан азасын:
«… Мен небәрі 48 жастамын.
Өмірімді жылауменен бастадым.
Жылап болдым.
Енді мәңгі жыламан.
Жыламайды кескен терек құлаған.
Жыламаймын.
Көз жасынан жұрдаймын –
Қуаныштың қасіретін ұрлаймын –
Алатаудың бүйрегіндей бұғынып,
Түнегінде жасырынған нұрдаймын.
Мен - тірімін.
Тоқтаған жоқ жүрегім –
Құрақ болып көгеремін,
Бұлақ болып күлемін.
Мен - тірімін.
Тірімін - Мен.
Өлгем жоқ.
Өлетіндей өмір сүріп көргем жоқ:
Төрт жасымда мен әкемнен айрылдым,
Көк қажеті – қанатымнан қайрылдым.
Қайрылдым да қалдым жерді мекендеп –
Енді күнім не болады екен деп.
Қолды болды.
Үшті-күйлі жоғалды –
Менің көрер қызығымды доғарды.
Күте-күте екі көзім төрт болды,
Өкси-өкси көкірегіме дерт толды.
Оралмады әкем кеткен жағынан,
Бізді тастап-безді сайран бағынан.
Әкелі ұлдың еткен ісі баянды –
«Таңы айырылмақ аттыға ерген жаяудың».
Көлденеңді көліктінің таяғы –
Әкесізге алақандай аялы.
Әкесіздің көрген күні құрысын –
Кейіннен де опық жедім бұл үшін:
Әкесіз ұл көрінгенді жатсынып,
Болмашыға бұлданады шарт сынып –
Әкесіз тұл таңым атып, күн батты,
Ана әлдиі көзім жасын құрғатты.
Үшке дейін бесігімде шерменде,
Төрт жасымда тәй-тәй тұра бергенде,
Атақ-даңқтан ақыл-есі шатысқан,
Кресті пәле бой көтерді Батыстан.
Батыс – Шығыс –
Шалатұғын қияқты
Дүниенің екі көзі зиятты.
Екі көздің ортасына,
Бір-бірін
Шұқыттырмай,
Бағар тірлік тынысын
Мұрын керек сияқты…
Бес пен Алты – Ана шашын ағартты –
Фашизм-сұм бейбіт күнге оқ атты.
Жеті жаста таза жетім атандым –
Хабарсыздан қара қағаз-хат алдым.
Тумай жатып туа шөккен мұңлықпын,
Мұңлық күйде уын іштім сұмдықтың.
Уын ішіп сұмдықтан сау қалдым мен,
Сау қалған соң есім жиып алдым мен…
Соғыс…- дейді анам мені құшақтап,
Сенің жалғыз көкешіңнен айырған…» -
«… Ес білгелі мен өмірге ғашық ем,
Талай-талай қуанып ем, жасып ем.
Сырлас едім жалғыз өскен қайыңмен,
Сырлас едім таудың тарғыл тасымен…!» –
Жалғыз өстік жетімдікке бас ұрмай,
Қатты болдық таудың тарғыл тасындай.
Жалғыздыққа жүрек қалай шыдасын,
Қаттымын деп қалай кеуде ұрасың…
Мен - тірімін.
Біздің ұрпақ,
Біздің буын берік-ті,
Тағдырға еш бергеміз жоқ ерікті.
Кірпіші боп қаландық біз Бақыттың,
Түрпісіне таландық біз Уақыттың.
Жоқшылықтың шиқылдатып арбасын,
Біздер соқтық Бесжылдықтар балғасын.
Соққан балға сом темірді иледі –
Темір-дүние шыр айналып биледі.
Билеп, билеп ұшты қиян ғарышқа,
Бірақ, біздер мастанбадық табысқа…
Буын бекіп Біз өмірге келгелі,
Тынысы кеміп тынды НАТО елдері.
Тынды НАТО тауып Атом – дүлейді,
Нейтроннан Жер менен Көк үрейлі.
Пәле қайта бой көтерді Батыстан –
Атақ-даңқтан ақыл-ойы шатысқан.
Батыс – Шығыс –
Түбі табар миятты
Дүниенің Қол, Аяғы зиятты.
Қол мен Аяқ Адам құрау үшін де –
Жауластырмай,
Жарастырар екеуін –
Жұлын керек сияқты…
«Першингтер» - ракеталар қанатты,
Тыныштықтың ауызын қан жалатты.
Жалаңаштап ХХ ғасырды,
Құртты НАТО Жердегі бар асылды:
Жан керек деп құртып тынды жыланды,
Қан керек деп құртып тынды ұларды,
Дән керек деп шегірткені… торғайды
Құртып тынды. Жоқ, болмайды. Болмайды.
Қой жейді деп құртып тынды бөріні,
Ой жейді деп құртып тынды серіні.
Тұяқты – озар,
Қанаттыны асар деп
Құртып тынды –
Атып, асып, асап жеп…
Дертке – дауа, емге – шипа жандының –
Құртып тынды, құртып тынды барлығын –
Орманы жоқ, қорғаны жоқ қамсызды –
Цивилизацияға себі тиер жансызды –
Мұхиттарды, өзендерді, көлдерді –
Жер керек деп бағы тайған елдерді,
Ел керек деп небір қайран ерлерді,
Дінді-ділді құртып тынды, құрғыр-ай,
Тілді құртты бұрай-бұрай, сұмдық-ай…
НАТО десе Жер жүрегі мұздаған,
Түптеп келсе – НАТО да - Адам,
Біз де – Адам –
Қуанғыш бәжін құзға атқан да – сол Адам,
Қайғы емшегін сыздатқан да – сол Адам –
Бәрін құртып, бәрін құртып жатырмыз –
Өзін-өзі құртып тынар Батырмыз.
Не табамыз табиғатты өлтіріп –
Шалғындарды келеді айдап шөл түріп…
Адам ойы Ай, Марстан әрі асты,
Асқан ой мен сана итше таласты.
Ырылдасты, ырғасты кеп, таланды,
Таланудың арты – тастай қараңғы –
Көк пен Жердің аза бойы қаза боп,
Тіріде де, өліде де маза жоқ…
Жазмышымның осы ма еді жазбағы,
Жүрек шаншып, ескі дертім қоздады.
Дерт қоздады,
Қызыл тілім, сайрашы –
Сайрауыңнан –
Байламыңнан таймашы.
Бетін аулақ салсын Атом-дүлейдің,
Нейтрон таупық тапса екен деп тілеймін.
Мен өзімді – тынышын алған тірліктің –
Ұйытқысындай сезінемін үрейдің.
Күллі әлемді тұрғанда үрей қамалап,
Болашаққа ет жолыңды аманат.
Дүниедегі ең дара жол – Біздің жол,
Дүниедегі ең сара жол – Біздің жол…
Ей, Болашақ, тыңда, атыңның бұр басын –
Өтсін өмір. Зымыран Уақыт зырласын.
Тыңда мені, айналайын Болашақ,
Саған лайық пайым менен парасат.
Еркін ұшсын – Жер қанаты күймесін,
Күйретпегін тіршіліктің күймесін.
Көк зауалы Жер құйқасын үйтпесін,
Әз табиғат өз болмысын күйттесін.
Бұзылмасын Бейбітшілік қамалы –
Бір кездегі бүгінгідей қарыштап –
Әлеметі – опат болған ғасырдың –
Оралмасын динозавр заманы…
Мен кетейін алаңдамай артыма,
Жетеді Адам Адамдықтың парқына.
Ей, Болашақ, айналайын Болашақ,
Саған лайық пайым менен парасат –
Үптер болсаң үддесін ақ тілектің –
Босатамын тұтқындарын түнектің –
Шынға айналып аңыз бенен ертегің,
Вергилийі болам жаңа Дантенің…
Жер бетінен жетім көрмеу – тілегім.
Қара тастай қатаймасын жүрегің.
Жалғыздықтың азабынан сақтай гөр,
Жетімдіктің мазағынан сақтай гөр…
Бұл фәниге жетім болып келіп ем,
Жетім-ғұмыр тәмәмдалсын менімен.
Мен болайын жетімдіктің құрбаны,
Мен болайын жалғыздықтың құрбаны…
Қош болыңдар, қызғалдағым – қыздарым,
Қош болыңдар, қырандарым – ұлдарым…
… Тірі жүріп ойламадым бас қамын,
Кір шалмасын өлең-өмір аспанын…
Аянбады… Ақ жуды… Адал арулап…
Ана-Жерге аманаттап достарым…
Қош болыңдар. Қош болыңдар, Адамдар.
Өлмейді Ақын –
Мені тірі санаңдар.
Болашаққа жетер даусым жаңғырып.
Мен – тірімін.
Ендігі өмірім – Мәңгілік…
IV
…Тірісің – Ақын!..
Өлгенің жоқ!
Өлгенің!
Бәрі өтірік –
Қоштасқаным,
Көмгенім! –
Уақытты құлпытаспен бастырып,
Мен сені емес,
Күдігімді жерледім!..
Жырмен емдеп жазылмайтын жараны,
Күйін кештің табиғаттың қаралы –
Өлгенің жоқ! –
Заманақыр болса да –
Көзі – ұйқыда,
Көңілі – ояу
Ақын тірі қалады!
Ақын тірі қалады!
22-30 қараша, 1983 жыл. Алматы