Жұмбақтас
 

Жұмекен Нәжімеденовке

Жырларына батпан-батпан жүк артып,
Қолданбаған зәредей де сөз артық.
Әрі қысқа, әрі нұсқа қайырған,
Ащы ішектей соза бермей ұзартып.

Қыдыр бар ма, қаламыңның ұшында?!
Бірдей өрген – жырдың астар-тысын да.
Ақынмын деп жүргендердің талайы,
Ақын емес, тәйірі, оның қасында.

Сабан емес, жиғаны тек дән екен,
Бұл не деген ырыс пен құт-берекең?!
Сөз бағасын бір адамдай білсе де,
Өз бағасын әлі алған жоқ Жұмекен.

Жапан түзге жалғыз біткен бәйтерек
Секілді ол да,
Көп ақыннан тұр бөлек.
Жай оғындай жарқ-жұрқ етіп жарқылдап,
Әттең-әттең кетіпті ғой ертерек.

Кей рушыл қолға билік тигесін,
Мадақтауда туысы мен жерлесін.
Бірқатарын Абайдан да асырды,
Кім оларға батылы жетіп қой десін?

Талайларды қолдан дана жасады,
Тұлғаларын граниттен қашады.
Ғафу менен Жұмекендей ұлылар,
Қалып жатыр қалтарыста, тасада.

Қолдарында – баспасөз де, баспа да,
Толып жатқан игіліктер басқа да...
Қайтсын олар Жұмекенді, Ғафуды,
Жақсы да өзі, жайсаң да өзі, қасқа да.

Осқырардай уақыттың қарауы,
Адам ба еді, Жұмекендей жырау ұл?
Бөлмейтұғын руға да, жүзге де,
Жаңа ұрпақтың болар бір күн сұрауы.

Алмас кездік секілді – асыл сөз жатпас,
Жарып шығар...
Киесі оның қорлатпас!!
Қадыр десек – Оқжетпесі ақынның,
Ал Жұмекен – құпиялы Жұмбақтас!!