Өзіңді іздеп жүрмін мен

Нағашым менің!

Жанартау болып көкірегінен жыр лапылдаған,
Жырыңды аңсап сағынып тыңдасын далаң.
Жүрегімнің дір етіп жапырақтары,
Ізіңді іздеп жүрмін мен бұйра құмдардан.

КИЕЛІМ МЕНІҢ!

Бойымды билеп тәтті арман алаңдай бердім,
Гүлдерін тердім сіз басқан көкорай белдің,
Ұшқан құстардан өзіңе сәлем жолдадым,
Қошалағыңа сен бірақ оралмай қойдың.

Жауап іздеп сан түрлі сұрақтарыма,
Естідім даусын даланың күй ақтарылған,
Нағашым қайда екен деп сұрадым тағы,
Ақ шағылдардың бас иген қияқтарынан.

Бәрі де үнсіз, дүзгін де, құба талымен,
Бір нәрсе айқын: жырыңды ұнатады ел.
Үйге қайт айнам, деп мені мүсіркегендей,
Әлсін-әлсін маңдайдан сипап жұбатады жел.

Дыңғызылыңыз бұл күнде біздерге мекен,
Талпынған адам үмітін үзбейді екен.
Жырыңды жаттап, нағашы, табынып мәңгі,
Мен әйтеуір өзіңді іздеумен өтем.