Көп ойларын айта алмай кетті дейді Жұмекен,
Жоқ, өлмепті ол!
Ойлы ақын күні бүгін тірі екен.
Тоғышарға, Топасқа,
Талантсызға, Тайызға
Бітіспейтін, бітпейтін майдан ашып жүр екен.
Ақтарылған ақ сөзі байтақ елдің мұңы екен,
Өлеңінің мінезі - жүрегінің сыры екен.
Сыбызғыдай сыр шерткен майда қоңыр үні екен,
Езуінде ерекше мысқыл ойнап Жұмекен
Ертең жайын, ел қамын тағы да ойлап тұр екен.
Көлеңкені жоқ қылып отты жырдың жарығы,
Лазердейін өткір сөз аярларды қарыды.
Абай еккен орманда Жұмекен бір бәйтерек,
Неткен биік бұтағы,
Неткен терең тамыры?!
Сол орманда, байқаймын, жағымпаз да қаптап жүр,
Ала жібін аңқаудың арамзалар аттап жүр.
Біреу есек баптап жүр,
Біреу езді жақтап жүр…
Қанжарынан жаланың,
Жебесінен өсектің
Ақын айтқан ақиқат қалқан болып сақтап жүр.
Жұмекендей кемел жыр жазбаған соң оқсатып,
Жыр-тұлпардың аяғын алғам жоқ па ақсатып?!
Қиянаты қорқаудың,
Қарқылдары қарғаның
Ауру тістей жанымды күнде жейді қақсатып.
Самаладай санама сәулең түсіп төбеден,
Құран-сынды қастерлеп алам сені Сөреден.
Жетеліні жебеген,
Талаптыны демеген,
Қошалақтың құмында туған ақын көреген,
Биік едің не деген
Терең едің не деген?!