Олай болғанда олардың талантсыздықтарын неге сөз қылмасқа? Бұл жағынан бізге бүгінгі орыс поэзиясы үлкен үлгі
көрсетіп келеді. Есімізде ғой, Юрий Панкратовтың «Месяц»
деген жинағы күні кеше жарық көрді. Соған орыстың белгілі-белгілі əдебиетші-сыншылары пікір айтып та үлгерді.
А.Вознесенскийдің «Треугольная груша» атты циклі «Знамя» журналының осы жылғы төртінші санында жарияланды. Осы цикл туралы Л.Мартынов «Литературная газетада», Б.Соловьев «Октябрь» журналының жетінші санында,
А.Дымшиц «Знамя» журналында мақалалар жазып, өз пікірлерін білдірді. Сонда бұл кісілердің Вознесенский туралы мақала жазудан басқа шаруасы болмаған ба? Əлде бүкіл кеңес
поэзиясы бір ғана «Треугольная грушаға» қарап қалды ма?
Жоқ, олай болмасқа керек. Жоғарыда айтылғандай, бізде
бұл жəй мүлде басқаша. Біз үлкендерге, алдымен, өнерімізді
емес, өзімізді танытуымыз керек. Қай жақтан келгенімізді айтуымыз керек, үлкен ақындардан кімді жақсы көретінімізді,
əсіресе кімнен үйренетінімізді алдын ала сездіруіміз керек.
Сонсоң барып біздің «жолымыз бола» бастайды. Сол дұрыс
па? Бізді қоя-ақ қойыңыз, тіпті қазір белгілі ақын болып475
кеткен Ғафу Қайырбековтың творчествосы туралы да шын
мəніндегі сын-талдау пікір болған жоқ қой. Тек анда-санда
ғана əркім бір шумағын алып мақтап өте шығады. Ол ақынға
қанша себін тигізеді? Қайырбеков секілді ақындардың нағыз
құдіретті шығармалар жазатын кезі енді келді. Олай болса
ол туралы пікір дəл осы кезде айтылуы керек еді ғой. Ізтай
Мəмбетов туралы да осыны айтар ек.
Енді тағы да мақаламыздың бас жағында айтылғандай,
өлеңіміз жайлы сөйлейік. Алдымен, біз осы қай кезде өмір
сүріп отырмыз. Бұл жылы, яки алпысыншы жылдары біз жасаған өлең қандай болу керек? Тіршілігіміздің тынысы қандай? Міне, осындай сұрақтар қайда барсаң да алдымыздан
шығып жүр. Заңды нəрсе... Жалпы, ойлана білуіміз керек.
Біз, жастар, алпысыншы жылға ала қанат көбелек мініп,
гүл аралап, қызықпен жеттік. Енді бұл көбелек бізді қайда
апарады? Сірə, мұнымен алысқа ұзамайтын тəріздіміз. Бұдан
барлық скрипканы сындырып, барабан алып шығу керек деген ұғым тумасқа керек. Əңгіме скрипканың əуезінде ғой. Ол
не туралы сайрайды? Қандай ой туғызады? Қандай алысты
меңзейді? Ақырында оның əуені тыңдаушыны мүлгітіп ұйықтата ма, əлде төсекте жатқан адамды орнынан тұрғыза ма?
Бізге осының соңғысы керек секілді. Өйткені бізге оқушыны
ойлантатын өлең жазу керек. Ал ой адамды, оның жан-күйін
тыныштыққа қалдыра алмайды. Тынышсыздық ұйықтау
емес – ояну, өлу емес – өмір сүру. Біздің өмір сүргіміз келеді.
Атом мен ракета ғасырында, бүкіл дүние тағдыры бірер кнопканың басылуында тұрған шақта біз жайбарақат, сұлулыққа,
махаббатқа мүлгіп, ойсыз, философиясыз жырлап отыра аламыз ба? Жоқ, бұл мүмкін емес. Біз жазған əр шумақ, қолдан
келсе əр жол тынымсыздықты танытсын.Лирикалық геройларымыз, трактор айдаудан бұрын, көп сырлы, сырт қарағанда
жұмбақ мінезді, қайғыны да, қуанышты да сақтап алатын кеудесі бар, қажыр-қайраты мол күрделі де күшті адамдар болуы
керек. Шынында да олар сондай. Фантастар айтқандай, қашан біз металдан адам жасап алғанша ет пен сүйектен жаралғандарды жырлауымыз керек. Біз көбіне өзіміздің жағымды
кейіпкерімізден өзіміз тайыз, əлсіз боп шығамыз. Біз, қазақ
жастары сол құдіретті адамды танып білуде, оның тереңіне
бойлауда орыс əріптестерімізден Е.Евтушенко,Р.Рождествен476
ский, А.Вознесенский, Ю.Панкратовтардан көп жайда олқы
жүрміз. Бірақ бізде де бір игі беталыс бар секілді. Рас, əлі
əлсіз. Бірақ оның күшеймейтініне кім кепіл? Бұл орайда жақсы шумақтар, тіпті жақсы өлеңдеріміз де жоқ емес. Тек соны
тəрбиелеп, өсірейік. Қанағат – қарынға ғана керек, ал талантқа ол жараспайды.