Өлең тану мәселесінде Сабырхан талғампаз жігіт. Білімді де. Әлгіндей мін-кемшіліктерді өзі де көре алар еді. Түзей алатынына да дау жоқ. Қасым Аманжолов: «Салақтық – ақындық қасиет емес» дейді. Рас сөз. Бірақ, Сабырханның «салақтығы» егер, салақтық болса, жалқаулықтан туған салақтық емес. Ол – бүгінгі таңда көп ізденгіш ақындарымыздың бірі. Форма, түр, мазмұн жағынан да бірталай ізденіп жүрген ақын. Өлеңдерінде ылғи да дерлік, әлденендей бір тың жәйтті, бұрын өзі де, өзге де көре қоймаған қайдағы бір қалтарыс-сырларды ашуға тырысып отырады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дегенді біз қағида ғып қабылдадық. Ал екінші жолды: «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенді көбіне-көп ескере бермейміз. Сабырханда осы қиыннан қиыстыру талабы басым болып келеді. Оп-оңай, өзінен-өзі қаламның ұшына оралып тұрған ұйқас-үйлесімдерден ақын ылғи қашқақтап отырады, өзінен өзі ойға келіп тұрған логикалық шешімді шеніне жолатпайды. Міне, сондықтан да оның өлеңдері бір қарағанға олпы-солпы, кедір-бұдыр боп көрінеді. Себебі: бұрын ешкім қолданбаған тіркес, «Сірескен бұлт саңлауын дүрбі етемін» теңеуі әп дегеннен кімнің көкейіне қона қойсын! Әйткенмен, көкейіне қонбағанның бәрі жаңа емес, жаңаның бәрі жақсы емес. Біз бұл ақынға сын айтқанда, осы жақсы емес жаңасы туралы айтамыз. Рас, қанша жаңа болғанмен бір жүрген жеріңді екі мәрте бассаң, өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Кейде өз төріңді ғана емес, өз көкірегіңді өзің тастап шыққың келетіні сондықтан. Әттең, қолдан келсе ғой! Басында айтылғандай қалың орманның, ой орманының ішінде жүрген адамның өз бағытын қалай «өзгертетіні» - стихиялық жайт. Осылай жүрейін, осы бағытты қалайын деп, әдейі (саналы түрде) барып ешкім ештеңе ашқан жоқ. Колумбтың Индияны іздеп жүріп, Американы ашып алғаны содан. Бұдан, әрине, өнер адамы ылғи да мақсатсыз қаңғырады деген ұғым шықпайды. Индияны іздеу бақыты да көрінгеннің маңдайына жазыла берген жоқ… Қараңғы ормандағы сықылды, бізге Сабырханның кез келген діңге соқтығып, кез келген бұтаға сүрініп жүретін «көзсіздік» қасиеті ұнайды. Қайсыбір әдебиетшілер С. Асанов творчествосы туралы: «алғашқы адымдары жақсы еді, соңғылары бір түрлі болып кетті» деп кінә қояды. Мейлінше жаңсақ пікір. Ақын солай, ылғи да өзгеріп, жаңарып отыруға тиіс. Ол – адам. Өлең жазып қана емес, өмір де сүріп келеді: тәжірибе қайда, әсер қайда? Ол жыр тоқитын станок емес. Кеше мақтағаныңды бүгін айыптайсың, кеше оқыған кітабыңды бүгін қайыра оқисың, басқаша әсер аласың. Өмір, уақыт заңы осылай. Өз басым, осы тұрғыдан да Сабырханды барынша дұрыс түсінгім келеді. Қайта, керісінше, кейбір ақындардың бұдан жиырма жыл бұрын жазған өлеңі мен күні кеше жазғанының арасынан «ешқандай өзгеріс» (түсінік, ұғым, көру, ой түю тәсілдері, т.б.) көрмегенде таң болып қаласың. Баяғыда сондай еді, әлі сондай дегенге біраз жігіттер мақтанып қалатынын байқағанда, тіпті дал боласың. Мұндай ақындардың он бес-жиырма жинағынан он өлең оқысаң жетіп жатыр. Себебі: бәрі бірдей, ортақол, бәрі бір күнде жазғандай, түгел тінтіп керегі не? Станоктан шыққан матаның бір метрін көр не, он метрін көр не – бәрібір.
Андрей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц былай дейді: «Плох тот поэт, который не обманул ожиданий и дал точно то, что обещал в юности. Значит, он лишен сильнейшего чувства – чувства пути…» («Юность», № 10, 1981).
С. Асановта осы жол, сапар сезімі бар. Уақытты сезіну деген де осы төңіректегі түсінік. Оның іздеуі – іздеу үшін іздеу емес, қызығудың, құмарлықтың іздеуі. Құрғақ қолтаңба, стиль іздеу болса, алғашқы тапқандарының өзі-ақ үлгі болуға жарайтын еді ғой. Оның іздеуі, әрине, кеше қара қызды ұнатып, бүгін сары қызға ғашық болу секілді әсіре қызылдық емес, ой сүйетін адамның басты, ең басты қажеті, табиғи қажеті - өтіріктің өзінен шындық іздеу, құр сылдырдың өзінен сыр бағу.
Сабырхан Асанов өнер жолын: бәрі де аян, бәрі де аян, - деп «білгішсініп» бастап еді. Ештеңенің де аян емес екендігіне көзі енді-енді жетіп келе жатқан сықылды. Кітаптары біздің осы ойымызды растайды. Себебі ол:
Айта берсем,
бұл тірлікте «шүкірлігім»
тіптен көп.
Ең бастысы:
ойлар ойым,
істер ісім біткен жоқ, -
дейді. Іләйім, бітпесін! Іздей берсін, қалың қара орманда жүрген кісідей, адасып тұрып іздесін. Өнеріңді де, өзіңді де ескіртпеудің, қартайтпаудың бірден-бір дұрыс емі осы.
("Қазақ әдебиеті", 1982 жылғы 25 маусым)