келсе, кекеп, кемітуге тырысады. Ашық қарсы сөйлеуге батпайды, ессіз кісі боп
көрінуден қорқады. Жұрттың бәрінің басын шұлғытпаған сөз – сөз бе, ондай сөзді
Сисекең өмірі айтпайды, мәселен: «бүгін күн қандай жақсы», «биыл мал қыстан
қоңды шықты-ау» секілді пікірлерге кім қарсы бола алады? Өйткені, рас қой, рас!
Сисенбайдың ойынша ең есті адам– Сандыбай. Сандыбайға таң қалады. Не деген
ақылды адам, Құдай-ау, мына Сандыбай! Ішкімнің өңі түгіл, түсіне кірмеген
әңгімені сол біледі, ауыл тұрмақ аудан, тіпті, оның ар жағындағыны сезіп, көріп
отырады. Көреген ғой, көреген! Әжекеңдер оның қасында жіп есуге жарамайды,
қарыны салбырап алып, сақалын сипағаннан басқа бұ қарттың да қырып жатқаны
белгілі, дегенмен өзі тәуір адам, білетін кісі, Сисенбайдың жаңағы сөзін қатты
бағалады-ау, білікті болмаса өйте ме! Сисекең өзін-өзі білгелі тұңғыш рет
ақылдының аузынан естіген жылы сөзді есіне алғанда жарық дүниеге ішінен
әлденеше мәрте алғыс айтты. Өзге емес, Сисенбай боп туғанына шүкір етті. Нақ бұ
секундта жаһан жарығында Әжімгерей секілді кісілердің бар екенін де көпсінген
жоқ, үлкен жанға тән кеңдік, кешіріммен қарады.
– Иә-ә, ім-м, заман,– деп, әлденені құлай мойындап, қатты түсінген сұңғыланың
кейпінде, ернін жымқырып ап, ұза-ақ, ұзақ басын шұлғыды, сосын тыңқ-тыңқ
сіңбірініп, саусақтарын тағы да тарақтады. Әжекең қонағын осынша риза еткенін
пәлендей елеп, ескермейтін тәрізді, өзімен-өзі, анда-санда мұртына, құлағына
қонған шыбынды қағып қойып отыр. Соңғы әзірде алыс, жақын жаңалықты
Сисенбай жеткізетін болған. Қонақтың «заман бұзылдыны» тегін айтпағанын,
қалайда тосын хабар естіп соққанын сезіп, сонысын тезірек ақтартпақ-ты. Қарттың
Сисекеңді елпілдей қарсылауының бір себебі осы еді. Ал, екіншісі? Оны үй иесінің
іші біледі.
Бірақ Сисенбайдың Сандыбай құсап, білгенін бұлдап айтпақ ойын жазбай
танығанда, дыбыссыз бір күліп алды. Үшінші шыны ішіліп болған соң қонақ
қозғалақтап, үй иесіне мазасыздана көз салды. «Сұрамайсың ба?»,
«Қолқаламайсың ба?» дегені. Сонсоң кемпірге қарата:
– Жеңеше, естіген-түйген нең бар, айтсайшы,– деді. Кемпір табадағы шоққа
құманды ырғап-ырғап, батыра түсті де, жұлып алғандай ғып:
– А-а? Не дейді? Менен әңгіме сұрап отыр ма мынау?– деп балаларға сөйлеп
кетті,– тұрыңдар, әй, қой қайда? Иіріле берме, түге!
Сисекең тағы бірер аяқ босатқасын, Әжімгерейге қарай бөксесімен жылжи түсіп,
негізгі әңгімесіне көшті.
– Әжеке, әлгі Қуантай құрдасыңыздың қызы бар ғой, ки-ки-ки,– деді, өзінің нық,
сабырлы адам екенін тағы ұмытып,– заман бұзылды дегенім тектен-тек емес, өзіңіз
білесіз сол бар ғой, соны бар ғой?– Анау селт етпеді. Сисенбайдың сырын жақсы
біледі. Ол айтатын өсегі болмаса бұл үйге соға бермейді. Өзі Сандыбайдан естігенін
сәндеп айтуға үйреніп қалған, өскен өсекші-тін. «Сонны бар ғой?» дегенде үй иесі
тарапынан қосалқы сұрақ күтіп еді, ол болмады. Бұдан әрі шыдауға мінезі жетпеді,
тоқ етеріне бір-ақ көшті.
– Соны әлгі банды алып кетіпті!
– Қайда? Қашан?– Әжімгерей қатты абыржыды. Сисенбай сөзінің осынша әсер
ететінін ойламаған-ды, ішінен өзіне тағы бір разы болды, үй иесін мұнша қобал-
жытқан әңгіменің, хабардың тосындығы емес, айтушының ақылы, шеберлігі деп
ұқты.
– Апырай, апырай,– деді Әжекең, сосын, төсегінің қырпуына мана қыстырған
шуда жібін суырып тарқатты, қайта бұрап, қайта түйді.
– Қалай, қайтіп әкетіпті?
– Одан бейхабармын.
– Обал болған екен. Апырай.
Әжекең «оны қайтеді банды» дей жаздап, тыйыла қойды. Кішкене балаларға
шейін ауыздарын ашып, тыңдай-тыңдай қалысты. Көздерінде, біреу өліпті дегенде
көрінетін жұмбақ қорқыныш, үрей бар. Біраздан кейін барып, үй иесі өкіне,
қынжыла отырып, қазір тұра қуатындай, торыққанда аузына келетін байырғы
сұрағын қойды:
– Әлгі қара інген қайда екен? Апырай, қап, қап!– Қарттың бұзылып кеткен түсін
көріп, әрі мәнді, есті сөзі біткен соң Сисенбай жым басылған. Әйткенмен үндемей
қалуды лайықсыз көріп, тағы бірер сөз тастады.
– Заман бұзылды дегенше осы ғой, сол ғой,– деп мұрнының үстін кіржитіп,
қайғырған, толғанған болды. Қайғы, мұң тәрізді салмақты сезім тап сала алмайтын,
салса жараспайтын бір бет жүздер бар ау, Сисекеңнің пішіні сондай, шынымен
қиналып отырған Әжекең келесі сәтте қонағына көзі түсіп, күліп жіберді.
Қорашыл көзін еріне ашқан-ды, құлағына бөтен біреудің үні келді. Сыңар
шекесінен қарап бір үрді де, қайта қалғыды.
Сисенбайды аттандыруға кемпір-шал іркес-тіркес шыққан. Кемпір қазықтан
шылбырды шешіп, қарт қолтығынан демеді – қонақ ерге ауырлай, салмақсып, әрең
қонды. Әжімгерей қонағының тағы бірдеңе сөйлерін осы қомпиюына қарап-ақ
сезген, енді сонысын тосып тұр.
– Ақылың басып кетті ме, болсайшы, жарқыным-ау!– Анау тізгінін жиып сәл
кідірді, бес тал сақалы бар иегі шошаңдап, аузы жабылған жоқ, кемпір-шалға
кезек-кезек назар тастап, талай ақыл айтты. Ішінде тіске басар тыңы шамалы, көбі
жұрттан естіген сөздері. Ауыл үстінің шөбі тозып, ак құйқаланып бара жатқан,
сонны ескертті, жөнеле беріп,– мұны жаңа Әжекеңнің өзі айтқан-ды «Үйді қағып
тігу