* *
…Еділхан шалғысын ақ суылдаққа атып ұрды, шалғы салдыр етіп, құмның екі-
үш жерін түртіп шоршытты да, жалпағынан қалды. Осыны иесі қимылсыз бағып,
бақылау үшін тұрған. Сонсоң түсе ғап, атының аяғын тұсады, басын қаңтарды,
орақты иығына сап үйіне беттеді. Есік алдына әкеп, қаталағына қара құман суды
асықпай сыздықтата, тауысқанша құйды. Сонсоң қыстау төбесіне шығып, шаң мен
көң сасыған сабанмен мұқият жапты.
Інісі кіргенде Қанипа көсіліп тастап, жүн түтіп отырған. Жүнді қопалақтатып
апарып, ескі шалбардың балағына тыға, аузын буды, етегінің алды қоңырайып
түрегелді. Інісі ішке өтіп бара жатып күңк етті:
– Бірдеме жайып, соған түтпейсің бе?
Еділханды биыл, Сисенбайды атамағанда, кілең жесір, пішенші келіншектерге
звено бастық қойған Қанипа сонысын мақтаныш тұтады:
– Кемпір-шал көрмеді-ау, еһе-һе-һе, қырғын-ай, Еділжанның ел бастағанын,–
дегенде екі езуі екі құлағына жетеді. Есікті ашып, інісін кіргізді, төрге төсек жайлап,
ірге жағына жастық сүйеді. Қазандықтың алдына тұра ғап етегін қақты. Түйе
жүнінің шайыры қайдан ұша қойсын, қаққан сайын жұға, жабыса түседі. Әрі-бері
сілкіп өшіре алмағасын:
– Еһе-һе-һе-е, қырған-ай, Құдай атсын, кетпейді,– деді. Бұ кезде жастыққа
жантайып үлгірген інісі мырс-мырс күлді. Апасының қашанғысы осы. Оған біткен
етек жүннің кірі мен шайырынан тозып құтылады. Кұм әйелдері үшін көп сынның
бірі – құдықтан су әкелу. Екі шелекті төкпей, ортайтпай үйге жеткізу ілуде біреудің
ісі. Қанипа осы елге келгелі қашан. Бірақ оның шаруасына қырсыз,
берекесіздігін келемеж ғып әлі күнге күліседі. О кісінің тұрмыста айналысатын
жұмысының түрі екеу-ақ. Бірі – жүн түту, екіншісі су тасу. Екеуін де оқсатпайды,
жүнді түту үшін ғана, пайдаға асыруға шыдамы жетпейді. Ал, су… әлгінде-ақ
әкелген. Екі шелекті құдықтан толтырып алғаны есінде, енді қараса әр қайсысында
бір-бір аяқтан су қапты. Жүрісі жүкті түйенің жүрісіндей, ырғалаң қағады, оның
үстіне асығыстығын қосссаңыз, су түглі, шелектің иінағаштан түсіп қалмай
жеткеніне шүкір етесіз. Сөйтіп, Қанипа екі шелегін салдырата төңкеріп,
жұдырықтай қара шайнекті әрең толтырды. Ыстықта далаға құрған үш аяқты
мосыға барғанша оның да біразын төгіліп үлгерді. Аспалы қармаққа әуелі шайнекті
ілді, сонсоң отқа тамызық іздеп жөнелді. Еділхан қазықтан қалақай қара
домбыраны алып, жастыққа қайыра қисайды. Бір бүйрлей жатып, құлақ күйін
келтірді. Сосын, жауырынына аунап түсті де, сол аяғын созып тастады. Оң тізесін
көтеріп алды, шынтақты санына тіреп, бір-екі ән күйін қағып байқады. Жеңілі,
жатып тартуға жайлысы сол шығар, Мұхиттың “Жаймай қоңырын” екі-үш қайтара
шертті де, жайымен даусын қосты:
Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,
Болады-ау, баспағымен-ау екеу биыл.
Қолында домбыра, аузында ән болғанмен көңілінде басқа: пішен жинауға төрт-
бес күн бұрын шүйкедей аққұба келіншек шыққан. Саусағы пернеге қадалған сайын
көңілі сол келіншекке ауа береді. Өзі бір қылықты зат. Еділханнан төрт-ақ жас
үлкен, әйтсе де қайным-ау деп қиылғанда шыбының шығып кете жаздайды.
Жанарын жаңа ғана жас жуған сын-ды. Ылғи жалтырайды да тұрады. Еділхан
алдыңғы күні әзілдеп:
– Кірпігіңіздің ұзындығы, қайқылығы сонша, әр талына шәйнек ілуге болғандай
екен, – деп салды. Келіншек сыңқ-сыңқ күліп ап, артынша бұртия қойған.
Жәудіреген көзін көрсетті, бозбалаға жанары жаңағысынан гөрі де жайнап, жанып
көрінді. – Мында жақсаңыз күйіп қалады ғой, – деп назданды. Әйелді құртатын
ешкім емес, көзі мен сөзі, дәл осылай құйқылжымаса да болар еді!
Сонсоң-ақ Еділханның кекілінен береке ұшты: бір сәт бұ шекесінде, бір сәт о
шекесінде, құбылды да жүрді. Шөп қалыңдаған сайын шабушылар мен
жинаушылар арасы жақындай, қысқара түсті. Бұ жағдай звено бастықтың орақ
сілтесін өзгертіп әкетті. Бұрын маңдайынан шығып жарымайтын тер енді
жауырынан көрінетін болды. Келіншек көз қиығын бір-ақ мәрте тастаса, бала шай
пісірім уақыт тер төгеді.
Қалған әйелдер бұ құбылысты сәтінде аңғарып үлгірді. Біреуі сөзден сөз
тудырып, Аққайшаның күйеуін мақтады:
– Қандай өңді жігіт еді! Әнеугүні біреуі орақ жанып тұрған, кенет, айқай салды:
– Аққай-ша-а, шүйінші, Әбдіғапар келіп қалды, әне!–деп, Ерназар шошағына
қарай иегін көтерді. Аққайша таяу жүрген, жүгіріп келді, іле алданғанын сезіп,
бұртаңдап еді, анау:
– Ана қарайғанды,– Әбдіғапардан басқа жан иесі қараймайтындай,– ана бір
қарайғанды сол екен десем, Сисекең екен ғой,– деп, ыңғайсызданған сыңай көрсетті.
Аққайша дәл ондай аңқау емес-ті, со жолы алданған адамға барынша ұсап бақты.
Әйелдер Еділханды да біраз қолға алып байқады: кемітті, қорлады, мазақтады.
Біреуі тіпті ерсі кетті:
– Әй, көкшешек, ышқырым түсіп баратыр, көтеріп жіберші, қолың бос қой!–
Аққайша келгелі, әйтеуір жұмыс өнік. Звено бастық көзге түспек, қалғандары
өздерінен әрі жас, әрі сұлу келіншекке ерегісіп қимылдайды, қайткен күнде, бұдан
ұтылып жатқан шаруашылық жоқ. Махаббат жүрген жер қайдан жаман болсын!
...Кеше түскі қымызға Еділхан мен Аққайша елдің ең соңынан келген. Екеуі есік
алдында, бірінің қол