і жаңағы, басқаларға қарағанда көрегендіктен дәмесі зорырақ
біреу, Ықыласовқа көз қиығын тастап,– бұларды сәл қытыңқырап ұстамаса
жағаңды жыртып, шұлғау етуден жүз жанбас.
– Бұл кім қарт өзі?
– Ойбай, Беке-ау, білмейсіз бе?
– Бұл әлгі Қанішкендегі, кім бар ма?
– Кім?
– Анау, е-е-й, бар болғыр, загатскот?
– Иә, загатскот?
– Соның бастығы бар емес пе?
– Бар. Текебаев жолдас!
– Соның ше?
– Так соның?
– Соның нағашысы?
– Так, иә, нағашысы?
– Соның бөлесі...
– Ал, бөлесі?
– Соның да бөлесі болмай ма?
– Болсын делік.
– Соның қайынатасы Ақпан.
– А-а-а-а-а?..
Бекең маңдайының мана шыбын қонған жерін бас-бармағына сүйеп, ойланып
алды да, кенет, басын бармағынан жұлып, айнала қарады. Майлы қабағының
үстінде бармақ табы әлі тұр, батып қапты. Үш жүз алпыс градусқа бөксесімен
айналып қарап, маңайындағыларға түгел желкесін көрсетіп шықты. Сонсоң:
– Қорықпадық онысынан,– деді. Тағы да:– Неге келіпті?– деп сұрады.
Кеңседегілер, әуелі бір-біріне таңдана қарасты, сосын қабақтарын көтерісті, сосын
бас шұлғысты: түсінікті, үлкен жандар осындай аңқау келеді!
Басқарма тақтай орындықты шар еткізіп және бір қозғалған, қолында екі-үш
парақ қағазы бар Дәмелі кіріп келді. Есік алдында бір қырын тұра қап, орамалы
астынан көрінген самай шашын жөндеді, төбесін оң алақанымен басып-басып
қойды. Омырау түймелерін шұқылай, имене, столға жақындады. Ықыласов басын,
басқармалығын қатты қадірлейтін-ді, алдында не ұялып, не қорқып тұрғанды
ұнататын, іші жылып сала берді. Сонысынан өзі абдырап қалды:
– Жай ма, шырақ, келін? Жолдас? Кел, отыр,– деді. Дәмелі үн-түнсіз қағаздарын
ұсына берді.
– Бұ не қағаз?
– Пішеннің ақпары ғой, ақпар, ақа.– Ақасы қағазды әрлі-берлі төңкеріп көрді де,
есепшінің қолына қайта ұстатты:
– Қанша прасент болды?
– 22,6%.
– А-а? Не дейді?– Бекеңнің беті бұзылып кетті.
– 22,6%,– деп қайталады келіншек, есепшілердін байырғы безбүйректігіне
бағып:
– 22,6%!
– Қой, келін, мұның ұят!
– 22,6%.
– Әлгі неңді, шо-шотыңды қайта қақ. Бір жерден қате кеткен болар?!
– Жоқ, қате емес,– деді Дәмелі өршелене, «қате кеткен болар-ды» намыс санап:–
22,6%,– деп нықтады.– Тақтай орындық баж ете қалды, үні бұ жолы қараңғыда
таласқан жабайы мысықтардың үні тәрізді үрейлі естілді: басқарма ұша түрегелді,
торсаңдап барып кителін киді:
– Уат што,– әбден тарыққанда аузына түсетін жалғыз ауыз орысшасы-тын,
сонысын да аямады,– уат што, ертең түске келгенімде ақпар 36 процент болсын!
Санның тура, кесек айтылғаны керек! Оннан бес, оннан он дегендеріңді
көрсетпеңдер! Ұртты толтырып айтатын тұтас сан керек, сан!– деді. Ферма
меңгерушілерінің манағы сөзшеңдеу, пысықтау бірі тағы қыстырылды:
– Беке, жоспар орындалады! Шөп енді-енді қойылып келеді. Пішен боқырауға
шейін шабылмай ма!
Бекең жұмыста барлық шаруа баққан адам сияқты, мазасыз еді. Атқа сиректеу
мінетін, ал, отырса түспей қояды. Таңертеңнен кешке дейін тынбай желгіштеуге бар,
жұрт құсап белі де ауырмайды. Бір жаманы кеңсесіз жерде ештеңе шешпейді. Өзі
күнде көріп жүрген адамдарына бірер пұт астыққа, не тағы сондай ұсақ-түйекке
қағаз беру үшін кеңсеге – кабинетіне шақырады. Темірәлі құсап, ондай бұйрық-
сұйрықты кез келген жерде, ер үстінде жаза салмайды. Былайша жұртқа жағымды
саналады, анау-мынауды ескермейтін ірілігі бар. Мәселен, ешбір маяның астына
ағаш жүгіртіп тексермейді. Қойшының белдеуіне жайылған жас етті көрмеген
болады. Есесіне, қағаздағыдан термейтіні жоқ. Әсіресе, сан мен проценті шұқуға
құмар. Еңбектің нәтижесін содан көреді. Сан және процент! Сан және процент!

* * *
Ертесінде Дәмелі Совет кеңсесінің есігінен алқына енді. Терезе алдындағы столда
үлкен қызыл-сары жәшік қасында басын рәзенді-сыммен шандыған біреу отырған.
Арт жағында қалыптан шыққандай бір өңкей, бес-алты қағаз қорап, түрлі түсті
сыммен шандылған тағы бірдеңелер. Жігіттің үстінде жез түймелі әскери
гимнастерка, екі құлағына аттың тұқайындай қалбиған әлденелер жабысып-
жабысып қапты. Келіншек Қошалаққа рация келді, тығыз хабарды енді сол
жеткізеді дегенді естіген-ді. Сонысы осы болды-ау шамасы! Біраз таңдана қарап
тұрды. Қағаз қораптардың бірін ұстап қап, қолын тарта қойды. Айнала
жалтақтады: ешкім көрмепті. Бір мезгілде келген шаруасының шұғылдығы есіне
түсіп, ернін сылп еткізді – қарамайды, тамағын кенеді,– оны да елең қылмаған соң:
– Ей, інішек, қайным, әй,– деп дыбыс берді.
– Не бар әй, қатын,– қарсы бұрыштан біреу күр ете қалды, ұзынша тақтай сәкіге
атша мініп, алпамсадай қара бір тұтқаны қинала бұрайды. Жеңін түріп алған, ақ
көйлегінің жауырыны қоңырайып көрінеді. Анаусы да борша-борша, шымшық-
торғайдай домалақ рәзенді аузына тосып, үсті-үстіне айқайлайды.
– Ала, ала, ала, ала,– бұған түсініксіз бір сөздер мен сандарды шұбыртады,–
ала, ала, ала, ала! Прием, прием.
– Інішек, қайным-ай?
– Ала, ала, ала! Прием, прием.
– Пішеннің ақпары еді, тез жеткіз дегесін,– деп, әлден уақытта ыңырси тіл қатты.
Дәмелі өзін-өзі ыңғайсыз, артық сезінді. Жұрт қара су боп жұмыс ж