қайлады. Бірақ, жан дауысын кім естиді, Кемел де
естімеді. Ол машиналардың ара-арасымен жүгіре өтіп, арғы бетке шықты. Бәлкім,
қайырылар, қайтып келер? Осындай орынсыз дәмесіне бір сәт өзі таң боп, автобус
аялдамасына қарай беттеді.
Зібайра сабаққа кеткен, әлі оралмапты: әуелі ренжіді, сонсоң қуанды. Стол,
терезе алды қоқыған шаш, бояу, мақта. Қорабымен құлап түскен пудра еденде
шашылып жатыр. Бөлме ішін самарқау бір шолып өтті де шешініп, кереуетіне
қисайды. Бұрнағы күннен бері құлағында жүрген бір әннің әуенін жанбастап,
жатып жазды. Бұған дейін шығарған әндері текшелеулі, бір бума-тын. Бумасын
шешіп, жаңасын қосуға ерінді.
Консерваторияға түскенде қуанғанынан есінен адаса жаздаған. «Талант – ерек
адам, оған бәрі кешірімді». Мұны кімнен, қайдан естігенін білмейді. Тек осы ұғым
көкірегіне бірден ұялады: Өйткені, анау үш қабат үйде ұялған, қымсынған адамды
ешкім кешірмейтін көрінді. Тіпті, алғаш естіген сөздерінің өзі еркін, ерке, содан да
қызық тәрізденді. Ауыз үйде екі самайын ақ шалған біреу қарадан қарап тұрып:
мля-әәә деп, кәдімгі лақша маңырап қоя берген. Айналадағылардың ешқайсы оғаш
санаған жоқ, қайта әлгіге құрмет тұта, қызыға қарасты. Мұның жанындағы жігіт ақ
самайлыны нұсқай, бас бармағын шошайтқан: абсолютный слух! Со күні өзі бір
өнер үйреніп қайтты. Көшеде әскер тәртібімен тізілген жуанды-жіңішкелі
ағаштарды санай түртіп, тон, тон, полу-тон деп жүгірді. Әр қайсысынан
пианиноның тілінен шыққандай алуан түрлі үн естіді. Жуан ағаш – тон, жіңішкесі –
полу-тон. Мәселен, былай: тон, тон, полу-тон, тон, полу-тон. Онда да не сәби, не
жынды емес-ті. Әйтсе де сол қылығы ойына оралғанда бүгіндері әрі күледі, әрі
ұялады. Екеуі де – ұят та, күлкі де – жанына батады. Табиғатынан ергіш,
әсерленгіш жанның дарақылығы.
Зібайрамен жаңа қосылған кезі еді. Бір күні екеуі театрдан қайтты. Жаңбыр
жауып тұрған. Көшедегі су шамға шағылып, айнала жарқырап жатты. Келіншегі
бір жерден аттай бере тұрып қалды: «мына суды көреді көзің? Туфли у меня не
брезентовые». Бұл іркілген жоқ, көтеріп өткізді. Тұстарынан өтіп жатқандардың
ішінен бір жас әйел: «жігіт болсаңдар осындай болыңдар, ұрғашының қадірін
қалай біледі»– деп сұңқылдады. Анадай топтан қол-шатырлы тағы біреу артына
қайырылды: «құрбым-ай, көлігің бар қандай бақытты қыз ең! Мені міңгестіре
кетсейші».– Қалғандары ештеңе айтпаса да күлісіп бара жатты. Зібайра: қандай
глупый жандар, өздері, какие,– деп күңкілдеген де қойған. Дәл осы сәтте естиярлау
еркек қатарласа беріп бұрқ еткізді: «өй, Құдай соққыр, қараңғыда қатын арқалап!»
Елде жүргенде естігені барды: «ана жылы Сейсімет Мәруәні түу Мыңтөбеден
арқалап келіпті-мыс» Соған бүкіл Қошалақ, Дыңғызыл, Қарағайлы, Сазды
қосылып күлген. Күні кеше кексе жігіт бір қызды «Шаңқан» кафесінде тізесіне
отырғызып, кофе жұтқызды: жұрт назар да аударған жоқ. Көпшіліктің қай мінезіне
сенуге болады?!
Кемелмен алғаш төбелесіп танысқан-ды. Оқуға түскен күні жаппай шарап
ішісті. Бұлардың тобы оншақты-тын. Әбден қызып алған соң барып жөн сұрасты.
Кемел қутың-қутың етеді. Әркімнің аузынан шыққан сөзді аңдып отырып қағып,
шалып сөйлейді. Әсіресе, мағынасын бұрмалауға шебер. Шешенси ме, білгірси ме –
белгісіз. Қошалақтың қара баласына бірден-ақ ұнамай қалды. Сонысын қалай
сездірерге жөн таппай отырғанда, сәтін Кемелдің өзі келтірді:
– Сен, жігіт, әкең, білуге бола ма, қай жылы туғансың?
– Қарындасыңды берсең кәрілік етпеспін! – Жағы жанып кетті. Бұ да Кемелдің
құлақ шекесі тұсынан бір сүйкеп үлгерді. Содан бастап дос, сырлас боп алды.
Кемел ақыржаң жігіт. Өзі де әзіл-қалжыңға бейім-тін. Бірақ көңілі келгенде ғана.
Ал, Кемелдің көңілі келмесе де қылжақтайды. Бұл жылап жүріп түк бітіре алмайды.
Ол бәрін ойнап бітіреді. Мәліковты әдетте былай жарылқайды:
– Таңертеңгі алты мен жетінің арасында ғой деймін, аға, сіздің
пьесаңызды (кейде күй), әй, бір берді-ау радио. Күшті музыка,– деп тамсанады.
Автор бес жыл бұрын қабылданып, бірер ойналған соң ұмыт болған
шығармасының қайта тірілгеніне қуанғанынан тұттығады:
– Қа-қашан, қалқам, а-апырай, тыңдамап ем,– содан ол ауызғы үйге
шығып, әркімнің бетіне жалтақтайды. Ешкім ештеңе демегесін, шыдай алмай
сұрайды. Қырық бес минут сонымен өтеді. Ондай кездері ұстазын іштей қатты
аяйды. Сондықтан Идаят досының бұл иттігін кешірген емес. Бет-жүзіне қарамай
қатты шүйлігеді. Кемел өзін ақтайтын сылтауды бәрібір табады:
– Е, ол бізді, әкең, күн сайын алдайды. Біз оны айына бір қатырайық та.
– Не деп алдады сені?
– Ұстазбын деп.
Сонсоң Мәліковты басқа жағынан орағыта кекейді. Нені сүйіп, нені жек
көретінін тәптіштеп өзінше баға береді, үкім шығарады. Кенет тақырыптан тайып:
– Үлкен бастық... анау – осы арада Кемел иегін көкжиектен биігірек
көтеріп, желкесін кекжең-кекжең еткізеді – анау, ананың өзі жүгері егетін жер іздетіп
атқан көрінеді. – Идаят оның не қатысы бар дегендей таңдана сұрақ қояды:
– Иә? Ал?
– Мына біздің «құрметті» оқытушымызды тағы осыған ұқсаған қоқыр-
соқырларды сыпырғышпен