енин оқып танытқалы Марксті
талай таудың қабағына қар түсті –
Үнді, ағылшын таулары боп әр түсті
тағдырлар да тартысты,
тамырлар да тартысты;
Сен – бастадың жарты істі,
мен – бітірдім жарты істі.
Тек халықтар – достық тұтас, мықты тас,
дүние тұтас: граниттей тұп-тұтас.
Симфонияға айналдырдым күйді ұяң,
қуаттырақ бүгін менің дауысым
әсіресе шеттен келер жау үшін,
семсерлерге айналдырды күректі ел.
Тарап жатыр Кремльден – жүректен
күретамыр – коммунистік идеям!

* * *
Дүниедегі
ірі мақсат, ірі ойдың
тамырларға айналуын тілеймін!
Қара бұлтты іреп салдым, әне, мен
найзағайдың тамыр-тамырларымен.
Күншіл,
надан
жауыма да
дарыды ем
идеямның тамыр-тамырларымен.
Менен тараған тамырлар, шүкір, көп,
жүрек болып соғам кейде лүпілдеп:
құрлықтарды тамырыммен бөлшектеп,
тамырыммен “тігіп” келем бүтіндеп.

3
Күн қызыл да,
жапырақтың көгі – айқын
шындық, шындық,
шындық қой бұл керемет.
Тек осындай шындық үшін, не керек
Ми асырап,
Бас бағып,
ойың – тамыр болмаса егер тас жарып
тереңірек тарайтын?!

* * *
Қайратсызға – қалтырау да бір мектеп,
Жапырақ боп жел өтінде дірдектеп
мектеп көрдім:
жоқты жонып – бар ғылып,
арыстан деп төбеттерді қарғылы
айқай салдым мен де кейде қарлығып.
Солай.
Кейде әрі қыңыр, әрі ағат
іс жасадық сырттай ғана шамалап:
Жан етем деп тайғақтарды тағалап,
жылтырлығы үшін тасты бағалап,
бас бағалап құлақ-тары-на қарап,
ағаш танып жапыра-ғы-на қарап –
жүріп жатқан жайымыз бар, жамағат.
Жапырақ боп та желбіредім жап–жасыл,
өз тамырым – тереңірек болғасын.
Содан шығар, мезгілге етер құрметім:
әрбір күздің артын ойлау – міндетім,
әрбір жаздың даңқын ойлау – міндетім.

Себеп: бүгінгі өскендердің бәрі асқар,
тек бүгінгі жапырағың,
ағаштар,
ертең қурап-солмасына кім кепіл?!
Жапырақты да алдау жөн,
сол үшін
бұталардың қамын ойлау – борышым
кімде үміттің жетпей жатса саусағы,
кімде ақылдың өтпей жатса аңсары,
борышым сол – соған берем қол ұшын
Өзім тепкі көрсем мейлі тек кілең,
мен көбіңді қорғай алам тепкіден.
Жарқынырақ болу үшін уәде-антың,
алтынырақ болу үшін сары алтын,
күл болуға дайынмын мен қаралтым.
Досым, кейде көзіңе бір елестет:
мен де ұмтылам – лауазымға емес тек.
Бұлт – қияға,
ұмтылады жел де өрге,
болса сондай бір қасиет сендерде,
Көш!
Дауылды бұлттарға еріп шұбыртпа!
Бірақ, бірақ жел басылған ымыртта
топырағыңды, тамырыңды ұмытпа.
Бір тамырдан жаралғанын бар әлем
біз де...
Сіз де білесіз-ау шамамен?!
Секілді ғой системасы Күннің бұл
бір тамыры,
бір діңі бар алма ағаш,
бұтақтары қисық болса – ол да рас.
Бір алмасы – піскен алма – Күн қызыл,
бір алмасы – менің алыс жұлдызым.
Бір алмасы – сәл шикілеу – Ай анау,
алма ағашты жөн, аялау!
Жер – бір алма,
мен үшін ең ірі алма,
алмаға ұмтыл – шүкір, балам, бұған да.
Кейде мен де тартылыс заңдары мен салтынан
аттағым бар:
Күн-алмаға қолым созам, талпынам,
сәби құсап бүгін мен,
жұмыр-жұмыр ойыншыққа ұмтылар
бесігінің бас жағына ілінген, –
Ай-алмаға талпынам.
Арманым бар алыстарды аңсаған,
аңсағанда әдетім бар; ән салам.
Алыс жұлдыздарға қарап тамсанам
сәби құсап мәз боламын мен соған.

Мен осыған мәз боламын,
мәз болам,
нәпсі де жоқ емес шығар аздаған:
жарып шығар дауысы бар өзектен
бұлбұл-құстың жемсауын кім сөз еткен?!
Нәпсі бірақ – жауыз сезім ең есер,
мен – ұмтылсам, қаужау үшін емес ол.
менің нәпсім – қатысты емес қарынға,
Жан, сезімге – жүрекке
жақынырақ тұруы үшін қабырғам
қуыстықтан арылған;
тағамға емес;
толады ойға, сөзге ұртым,
қарын – құлқын емес менде,
көз – құлқын,
сол баяғы Ғарыштарға Ғашықтық;
алыстарға асықтық,
армандарға асықтық.

Қиялды да күшейсін деп біз бүгін
жүрек торсығына құйып ашыттық!

4

Көкірегімді теуіп ойнап бір мықты үн,
кейде күзгі алма-ағаштай дүрліктім:
Ай, Күн – алма,
түсетіндей топырлап
бір дауылы соғар болса Тірліктің.
Дауыл аты...
атом-бомба деді атын,
атом бір кез молекула болатын –
атомды да бөлдік енді;
тегінде
осы біздер құмар жұртпыз бөлуге!..
Жә-жә!
Қауіп ойламаймын мен аса,
алмаларға қызықса да ел балаша,
балаға ұсап теппес деймін алманы:
басшылар бар
(халық дейді қалғанын),
даналар бар ойланатын оңаша.
Тап осынау күндері де
бір құрсақ
қамын ойлап жүр-ау біреу ындын сап.
Неткен сорлы! Нысабы жоқ, жоқ ары,
жағымпаздың тілін бүктеп салады
кресло болу үшін жұп-жұмсақ.
Шайнас, қырқыс, темір-болат,
тас, егес,
егесуді ермек етер жан да бар.
Құламаңдар бірақ, піскен алмалар –
бастың бәрі Ньютонның басы емес.
Әкелетін жаңа идея, жаңа елес,
Заңның бәрі – тартылыстар заңы емес.
Қарын емес,
бастың батты тоқтығы,
тоқ милардан тоғышар ой өтті кіл.
Бірін-бірі тартатын заңнан гөрі,
бірін-бірі тебетін заң көп бүгін –
бірін-бірі мүйіздейді оқтаста,
мүйіз де көп өспейді екен тоқ басқа,
әй, қошқарлар көк-қасқа!
Идеялар – бетпе-бет кеп ұстасып жатыр анда;
майдан күшті, қысқасы.
Ей, тамырлар, тамырлар,
топырағыңды бүріңкіреп ұсташы!
Мені-дағы жеңді талай жел меңдеп,
тепті талай қара тас та өңменге.
Суалғандай болды талай тамырым
Жүрегімді бүрг