оңыр топырақ – сол баяғы негізі.
Сондықтан да қайғырмайды көп ана
таптық-ау деп мылжыңдарды көкала.
Сондықтан да елден ерек шатырын
тіккен емес тапқандар да батыр ұл.
Мақтанбаса Бауыржанның да анасы –
топыраққа тартқан шығар, шамасы?

7
Биікпін деп мақтанбаса тау ұлы,
мақтанбаса мықтымын деп дауылы,
Үн қатпайды қыран тапқан топырақ,
ал көршінің қыт-қыттайды тауығы.
Содан бізде құстар өсті жетім кіл –
бәрін туған инкубатор секілді,
мінезі жоқ, құс иісі жоқ, жоқ тегі.
Ұл тапқанда хиссадағы бір ана:
“тексіздіктен сақта, тағдыр”, – деп пе еді?!
“Тек” деген сөз – киелі сөз, сөз асыл,
тегім десең – тұлпар болып озасың,
тегім десең – арқа болып қозасың,
“тек” деген сөз – қасиетті сөз асыл.
Тегім менің – топырағым деп біліп,
күш көрсетсе жігіт – міне, тектілік!
Үзік-үзік ұғымдардан он құрап
шоқалдарға бөлу емес ол бірақ.
Туған жер деп аталатын сонша алып
түсінікті қорғау керек жан салып!
Сөз төркіні ұқсас шықты демесең,
күңк-шүңк етіп бірер шалмен кеңесер
алақандай сенің ауылың емес ол,
алақандай менің ауылым емес ол,
Туған жер – ондағының зор бәрі:
Теңіз, тауы, өзен, құмы, сорлары,
әрбір тасы, әр қабағы
нулы алап
Матросов қорғаған жер – “уралап”.
Қайдан бөтен жер болады ол,
әр дөңін
Момышұлы қорғап қалса ту қадап?!
Демек әр дөң – күллі Совет Одағы,
демек бәрі – менің жерім болады!
Төбелерді аласа деп сөкпе көп –
төбе сенің көлеңкеңде көктемек.
Көк жібекті жуған сынды сабындап –
бұлақ та сол көлеңкеңнен табылмақ.
Күн көзіне түсеміз деп жігер ғып
көлеңке жақ көктеп жатса, бұ да – ерлік.
Ерлік мәні кейде кісі күлерлік,
себебі тым арзандатып жібердік,
арзандықтан сақта, тағдыр, сақтасаң,
сақтамасаң тағы өзің біл,
ап қашам
үлкен жанның жалғыз ауыз сөзін мен
сақтау үшін өзге түгіл өзімнен,
сол үшін мен күні-түні көз ілмен
сөз асылын ұстағанша, ойы асыл
ойшылдың да оятамын оясын!
Оған шейін: “Бақалардың бағынан
сұңқарлардың соры артық”, – деп қағынам.
Сұңқарлар да жатыр өтіп – қалды аты,
бақалар да жатыр өтіп...
Алматы
бәрін-берін көрген қала, біз бірақ
сөйлеп кеттік қызды-қызды, қыздылап.
Түтеп берсе – сөз деген де тасқын, ә,
сыя алмайтын ақылдың да астына.
Енді мүлде шегінерге жерім жоқ,
менің-дағы көк желкемде – Москва.
Бола ма екен ел батырсыз, жер мүксіз,
әр мүк үшін бір-бір әке бердік біз
сол майданға!
Бірақ, бірақ ең мықты іс,
Ештеңе де бергеміз жоқ ерліксіз!
Міне, осындай советтердің ұлы елі,
қорқағы да қорғануды біледі.
О, Туған жер!
Қам ойла, тек қайғы алма,
әрбір бұтаң үшін түсем майданға,
Иә, иә, кәдімгі сол майданға:
Матросов өліп қайтқан майданға,
Момышұлы жеңіп қайтқан майданға
шыға алам мен намысы үшін кекті ердің
ақ қанатты дауысы үшін кептердің
бейбіт, тыныш сыбыры үшін шөптердің
бозторғайдың шырылы үшін таңдағы,
көргім келетіні үшін алдағы
бейбіт күннің тер қартайтқан шалдарын:
жат жұрттықтың жаны түгіл шаңының
мизам – жіпке түспеуі үшін салмағы –
сен де, мен де – келеміз ғой тер төгіп,
отпен емес, қанымызбен өртеніп!
Ей, күрең қан, өртен, бірақ құрғама,
тек тамырдың бойымен ақ, сырғана.
Су емессің бұзып ағар арнасын,
мен де арнамнан шыққан емен.
Мұнда да
жасықтығым шығар, бәлкім, тыңда, аға:
Бауыржанға қараймын мен ұрлана
дәліздердің алыс түкпір басынан,
соның өзін жалпы жұрттан жасырам –
көрдім десем хас батырды қасынан,
қарғып тұрып ұратындай бір бала...

1981