Не қылады, өшіккен жау өзі біліп қашпаса,
көкірегімен жаба салды дзотты,
Матросов өле алмады басқаша!
Матросов өле алмады басқаша!
Күнге ұмтылған бұлтты жарып тұңғыш ақ,
шыңғырып бір шықты тұңғыш шың құсап,
оқыс ерлік жасалды бір, бітті ұлы іс –
ал аспан ше?
Баяғыдай, тып-тыныш.

Аспан тыныш.
Қара нөсер өтпегендей күркірлі,
тек бала-гүл жүзі балбұл құлпырды,
тек тұлпарлар ізіне қақ іркілді.
Ешкім ерлік жасамаған сықылды,
Матросов тумағандай бір түрлі.
Қар, мұзының күмісімен сыңғырап,
Көкке атылып тұр баяғы шың бірақ –
ерсілік қой шырқау шыққан шың ісі,
ерсілік қой, ерсілік қой мұнысы?!
Ерсі көріп жүрміз әлі көп істі,
ерсі көріп қартайдық біз соғысты.

Соғысты біз ерсі көрсек, ол да ісі
уақыттың,
бейбіт күннің белгісі
батыр боп та келмесе елдің өлгісі.
Миымызға сыйғыза алмай тершідік,
арамыздан талай-талай ер шығып.
Судың ызғып бұрқағаны – ерсілік,
шыңның үздік шырқағаны – ерсілік.
Жақсы іс етсем – мен де ерсілік сезінем,
ерсі көрген көп көздерге кезігем:
Расында шыңның ерсі тұлғасы,
қараса егер төбелердің көзімен.
Ерлік үшін, ерсілікке бара сал
елің үшін бір пайдаға жарасаң.
Матросов ерлігі, рас, ерсілік
қорқақтардың көкейімен қарасаң.
Шола білер жітілікпен, тездікпен
ер жігітке білек емес, көз біткен:
Аласаны аялаған кісілер
биіктің де қасиетін түсінер.
Ерліктерді мақтан ете де алады
аяушылар қорқақтардың жанарын;
ер есімі болар еді далбаса
осалдар мен қорғаншақтар болмаса;
жараспас ед шыңды – шың деп мақтаса
бауырында көктөбелер жатпаса;
мұның бәрі табиғи жай боп кетті,
ал табғиат шімірікпес көкбет бір:
Шыңда – түк жоқ,
көктөбелер көктеп тұр!

Шыңға бұлт та тоқтамайды – атағы,
сол атағы көктөбеге батады:
атақ – ерсі көрінеді, себебі,
себебі шың күндемейді төбені.
Үре алмайсың деп сөгетін сырттанды,
күндемеудің өзі ерсілік жұртқа әлгі.
Айналайын қасиетті топырақ,
мұнша мол ғып туармысың қырттарды!

Беріктердің бет түгі де болар тік,
тікшіл басқа көз береді алартып.
Батыр айтты: “Бақалардың бағынан,
сұңқарлардың соры артық!”

Тамадасы тілінен бал өндірген
бір әдемі отырысты көрдім мен.
Шарап, шампан – шала қыздырады деп,
бастап кеттік “күрең” менен “мөлдірден”.
Үй иесі жомарт кедей – жігіт жас
жағалатты бас, жілік, сүбе, жамбас.
Шілдехана – өткізген той көп елім –
шыңға мегзеп атын қойдық төбенің:
Бауыржан деп атадық біз жас ұлды,
бір минутқа сыйғызғандай ғасырды
мәз болыстық, жақсы ат қойдық ұлға деп,
Бауыржандай батыр болсын бұл да деп,
босатыстық тағы бір-бір ыдысты
(тартыншақтау жігіт еді – бұ да ішті).
Сонда біреу Бауыржанды көргендігін мақтан ғып:
“Мұрты ерсі екен тым сертиген” деп қалды,
күлді жігіт: “Келеді екен сәнімен,
жолын тосып тұрып қолын алып ем”.
Ал, шынылар, сыңғырап қал, сыңсып қал:
“Оттап!” деді бір зор дауыс тұншыққан.
“Аруаққа тіл тигіздің” деп сонсоң
зор жұдырық қойды әлгіні тұмсықтан.
Жұдырықтың иесі еді жас адам
бала әкесі шілдехана жасаған.
“Әлдеқалай шыққан сөзге бола бір
үй иесі ұра ма екен қонағын, –
деп бір аға басын шайқап қынжылды,
“Артық болды-ау: артық болды, қарағым”
Өз қонағын өзі жыққан соққыға
жас әкені сөкпеді жұрт.
Ғажабы:
келіншегі таяқ жеген еріне
күбір етті: “Керегі сол, аз әлі”.
Болды-ау, сірә, тіс жағынан бір шығын,
әлгі жігіт қысып ұстап тұмсығын:
“Кешіріңдер!” – деді иіліп-бағына,
сонсоң шығып жүре берді.
Тағы да
қызды отырыс. Ақтады жұрт жабыла:
“Кінәсі жоқ, мақтанайын деді ол
Бауыржанның қолын ұстағанына”.
Үй иесі иегінен тер шығып:
“Кешіріңдер! Болды, деді, ерсілік”.
“Мұрты ерсі екен тым сертиген”, – деп күлген
сол жігітті шын түсініп кеттім мен:
Жек көргеннен айтқан жоқ ол тегінде,
өзінің де келе жатқан тебіндеп
мұрты бар-ды, сылап еді бір тынбай –
болса-ау деген Бауыржанның мұртындай
дайын тұрар тікірейе кетуге.
Еліктеуден өзге түк жоқ ниетінде,
мұртта тұрған мәселе жоқ – анық бұл.
Бұл да махаббаты шығар халықтың?
Кінә жоқ қой махаббатқа тағар түк,
махаббатпен алды ол бәрін ағартып!
Кез келген сол сордан... сордан...
Дегенмен,
әй, дегенмен, сұңқардың да бағы артық.
Сақтаныңдар, сақтаныңдар, ағайын,
байқап, байқап мақтаныңдар, ағайын.
Бауыржанмен мақтанып қал қалай да,
бірақ, бірақ... тұмсығыңды абайла.
Ерсі деген бір сөз үшін төзбеген,
қонағының тұмсық тұсын көздеген.
Қызулырақ жігіт екен өзгеден,
асығыстау жігіт екен өзгеден –
нәрестесін Бауыржан деп атағанда-ақ сезген ем.
Табиғаттың ерсілігі ырқыңа
көнбесе егер шырқыра, дос, шырқыра!
Ал ұғымдар ерсілігі молырақ
батырлардың ерсі біткен мұртынан:
Жалқы жігіт байлау болса – ол да ерсі,

Жалғыз жілік майлау болса ол да ерсі...
Әзір тірі жүрген Қаныш, Ғанилар,
ал сендер ше? Сендер ше?!
Мықты екенсің, тоғышарлық таразы,
төбелерді сол тауларға теңгерші!
Қара шыңға қараймыз тек құмартып,
шыңнан төбе жағдайы да мың артық.
Жағдайменен өлшер бәрін бұ заман,
жо-жоқ, әсер ете алмайсыз сіз оған.
Жарыла алмай жүр біреулер ызадан,
ал өз басым тек ұяттан қызарам.
Мен өзім де суырылған қынабынан
семсер сын-ды жалт еткенге табынам.
Табынамын – хаққа да аян, ха