ілу ме – ұқпадым,
әр дыбыста жаңа мағына-мән бардай,
қалам сонда, аңғармай
“шүкір” деген сөздің қалай шыққанын!
Шүкір, бұл таң тағы тыныш, жаңа таң,
қайырлы таң, айналайын Алатау!
Мықты болсын бұталарың, құстарым.
ұяларың құтты болсын, балапан!
Менің бейбіт берекелі заманым,
саған-дағы құтты болсын жаңа Күн!

Тереземнің алды шуақ, тым-тырыс,
ақ көгершін дән шашайын, пыр-пыр ұш!
Қанатының үнін естіп сол құстың,
шүкір етем ажарына болмыстың.
Көздерде бір тілек, үміт, қуаныш,
көңілдерде баяғы бір ұмтылыс.
Арықтарда баяғы сол бір ағыс,
ағаштарда сол баяғы бір тұрыс.
Ақ бұлт аунап барады, әне, қияға,
көлеңке – ала,
таудың көңіл-күйі ала –
тау көңіліне де ала пікір сияды, ә?!
Саздау жерге күрегімді батырам,
қаламымды батырамын сияға.
Секілдімін мен бір старт алаңы –
көп-көп балапан ұшырдым, әне, әне!
Көгершінім!
Сені де ертең ұшыратын боламын,
ал, әзірше... алақаныма ұяла!

1982 жыл