қысқа,
қысқа ақылдай қысқа біздің тұрмыс та –
тірі жанға тыным бермес тұрмыста.
Бастан кешіп талқысы мен тартысын
өзі қысқа ғұмырдың
оқу қуып өткізсек бір жартысын –
қысыламыз енді жіпсіп шекеміз.
Қашан, қашан, қашан еңбек етеміз?!
Мағына іздеу – қалған жылдар ішінде.
Бас қалтылдап,
балақ босап,
іш қайнап
басылғанда
тағы керек күш-қайрат
түк бітірмей өліп кету үшін де!
Америка бай болса егер, атағына қарамай,
ұрысы мен жалдаптары ғана бай.
Білек болып бұлқынуға жарамай,
бұлшық еттер өліп кетті қарадай,
Атом – машина – президент, сенде көп
долларлардың доңғалағын дөңгелет.
Таңдай сорып, таңданайын мен кенет:
Керек кезде қара тасты балғалау,
күрек тауып бере алмаған қолға анау
елдің өзі ел ме деп.
Ойламаған ми – шіриді деседі,
міне, міне соның кесір-кеселі:
Шындығы жоқ үгіт – шіріп барады,
жұмысы жоқ жігіт – шіріп барады.
Рейган мәз аспанына бомбы іліп,
ал мен болсам, сол аспанға оңды ғып,
тулар іліп тастар едім қаралы!
Президенттің қос “қырсығы” бар тағы
Бір жеңінен Хиросима тартады,
бір жеңінен Нагасаки тартады –
Еріккенше екпей ме екен аш бала үшін торыққан
тары, бидай, арпаны?!
Сен еңбекке – ерінесің,
тебірентпей ме сені емге
жұмыс жасау жұмыссыздық жоқ елде?
– Алма жина,
ағаштар ек,
тары ақта,
не ақыл тап – архивтерді парақта;
етік ұлтар,
ешкі қайыр –
бәрі – бәрі, бәрі – бәрі, бәрі – еңбек!
От ұшса егер болат ұрған балғадан,
Ұшқан от қой өмірге өмір жалғаған.
Қандай әсем –
балға ұстаған әлгі адам!
Темір, тозба,
тері жүзден, тер кеппе,
темір – ішек күй, сен де айналма ермекке:
Еркіндік те жарасады еңбекке!
Еркелік те жарасады еңбекке!
Жарылқаса жалғызымды Ел менің,
Менің жалғыз жарылқаушым – Еңбегім!
Ал сен болсаң балапандай жаралы
талпынумен күнің өтіп барады.
Талпынғандар ұшпай қоймас десек те,
қарашығым, күнің өтті-ау төсекте.
Көңілің сергіп, өссе бір сәт мерейің, –
сөзді сезім нәрі жасап берейін,
тілімді үгіп – дәрі жасап берейін.
Бітіп бара жатқан сынды көмейім,
мен не дейін, мен не дейін, не дейін.
Көгершінім, мұның бәрі сен үшін,
омыртқамның жұлындары сен үшін
маңдайымның тұлымдары сен үшін,
жалқы жүрек шымырлады сен үшін,
жалғыз бием құлындады сен үшін,
сен үшін ғой, сен үшін ғой, сен үшін –
дүниедегі соғыс, жанжал, келісім...

Президентін атты бір ел тасадан,
президент емеспіз біз – бас аман.
Аш баласын тепті бір ел, о сұмдық,
дүниеде әлі бар ма аш адам?!
Аштық шығар, Рейганды бір мақтап,
Бегин байғұс тиын жиды тырнақтап:
Табысы бар шал-ау десті жұрт ақтап,
бірін-бірін түсінгендер жыртақтап
күлген болды – жылынған жоқ күлкіге ел,
қасқыр қабын арқалаған түлкілер
адал-адал топырақты жүр таптап.
Жыртқыштардың жымиятын не әдеті,
жалған күлкі керек дейді ол кейде осы:
Көтергені көгершіннің бейнесі.
көкейінде – арыстанның тәбеті.
Ауық-ауық, ауық-ауық от ұшып,
тұмсықтылар жатыр содан шоқысып,
топшылылар жатыр содан жұлқысып,
азулылар жатыр содан қырқысып –
біреу – жаулап, біреу – қорғап,
бұ тірлік ,
сені аман ап келеді әзір, шүкірлік!
Көгершінім, соның бәрі сен үшін,
сен үшін ғой, сен үшін ғой, сен үшін –
Дүниедегі соғыс, жанжал, келісім...
Көрдім талай арыстанның терісін
тарлан тастың, арасында шөптердің
қыранның да қауырсынын көп көрдім.
Жауыздықтар болса қанша ашынған,
ешбір жерден көрген емен кептердің
ақ мамығын шашылған!
Қарағанда осыған
бейбітшілік жеңед десе – қосылам!
Бейбітшілік жеңді – әлі де жеңеді,

күллі адамзат тілегі сол себебі.
Бейбітшілік үшін қанын төгісті ел –
бейбіт күнді қорғау үшін соғыспен
менің әкем аттанған-ды!
Біз-жеңдік,
енді соғыспау жолдарын іздендік.
Бейбітшілік ұлы сөз-ау, сөз ұлы,
сөзге біткен пиғылдың да озығы:
Судың естілсе екен дейміз өз үні,
желдің естілсе екен дейміз өз үні –
ойлы адамның осы тілек-сезімі!
Асырмаған не бір ерлік, не қылмыс,
ақ қанаттар, менің бейбіт көгімде ұш!
Тырнақтыдан, тістіден
сен күштісің – күштіден,
қауыз ашқан ақ мақтадай момын құс.
Момындардың емес шығар бәрі адал
ақ-адалдың ауызына қараған?
Ақ-адалдың бәріне бақ қонса егер
көтерілер еді біраз еңселер.
Бәрі – символға айналар ед ел сенер;
концерт – залға айналып бар сарайлар,
шеберханаға айналар ед кеңселер.
Жойылар ед жердің алалығы да
президиум мен залдың аралығы да...
Жаңбыр да ала жауып тұр ғой бүгін, ә?!
Алалықсыз бала өсірсем деген де ем,
сені алалап ұстап, әттең, келем мен.
Мезгіл бәрін түзетеді, дегенмен
бір суықтың сызы өтеді денемнен.
Саған дауа болса осынау кезінде
жатырқамас едім жынның өзін де.
Тереземнің алдында жүр бір тобы –
Жақындасам пыр-пыр ұшып, үркеді:
Шын көңілден дәм ұсынам, дән салам –
үрікпеңдер, дос адаммын мен саған.
Бұ да маған тыныс сынды шаршасам,
мен шаршасам ақ құстарға нан шашам –
жаным жұмсап, кеңіп бір сәт тынысым,

жылжып жүре береді ауыр жұмысым.
Үйге кірсе –
айран іздеп, қасық ап
жыланның да ел тамызады басына ақ.
Тек мен ерек іс еткендей боп қалам –
жылан емес, –
(сол үшін де мақтанам),
отырмын ғой ақ кептерлер асырап?!
Жең астында жем жатқандай он аттық,
жомарттықпен ұсынамын дәм-т