І

Көгершінім,
Кіп-кішкене ақ құсым,
Сенің тағдырың туралы ой батты шын.
Қонып па едің алақаныма ерте кеп,
әлде өзім қуандым ба ертерек,
болған сынды, әйтеуір, бір ертелік.
Тағдырды ақтар себеп іздеп өртеніп,
жанамын кеп
амалым не, амалым:
Күлгісі кеп тұратұғын еркелеп,
бір түрлі боп бара жатыр жанарың.
Қылмыс сынды пәлен-түген деу де енді:
Тербетіп ем бесік етіп кеудемді,
алақаным жаялық боп, көрпе боп,
аялап ем сені титтей, ақ құсым –
тым ертерек қанаттанған жоқпысың,
тым ертерек талаптанған жоқпысың?!
Құлама-ауру, құтқаратын қайда амал,
ақ дәрі – дос, айлаң бар ма – пайдалан!
Бақсың бар ма, балгерің бе – кімің бар,
біздің үйге соғып кетіп тұрыңдар.
Дертпен жалғыз алыспасын,
ұғыңдар,
шетке қақпан біріңді,
біл шынымды
жазар болсаң менің көгершінімді!
Беті момын бейбіт тірлік бас алға,
онша бейбіт емессің сен, жасанба,
ұмтылғанды ұстайтұғын шідерлеп
сенде де бар секілді ғой бірер дерт?!
Қоңырларды көрген кезде қашан да,
Момындарды көрген кезде қашан да
елестетем тек аспанның көлемін,
сонда, сонда көз алдыма келеді

әй-әй таққан аппақ құсым – бөбегім.
Балапан да – құс қой, ұшар деп едім,
құс болмай тұр – мен құсымды, неге, елім,
құстардың тек есебінде көремін,
сол баяғы төсегінде көремін?!
Көрген жоқ ем мынау аз деп, мынау көп деп,
тағдырыма ырза жан ем,
сор бұ да:
Балапанымды ұшырудың орнына
ауруханаға апарамын жетектеп.
Жетектейтін бұзауға ұқсап ноқталап,
Бара жатыр көгершінім ақ қанат.
Сенем, бірақ ертең алысқа ұшырам,
кептер ұшар,
таң боп қарар жұрт өзге,
кептерге ұсап ұшып шыққан бір кезде
Пикассоның қаламының ұшынан!
Әзірге, әттең... дәрі таңдап қақпалап,
күтімдерге күтім қосам,
бапқа – бап;
қоңыр шашыңа ақ жемелек қосамын,
кептерлердің қанатындай ақ қанат;
балапаным қанат қағар күні ертең,
қияларға талаптанар күні ертең...
Көктеменің өзінде де көгермей,
не жаздым мен, осынша азап шегердей?!
Тебіренді, тебіренді бір досымыз,
тебіренді тау,
ақ бұлақтар аптықты.
Қорлайтындай адалдықты, пәктікті
бір асылық етпедік пе осы біз?!

2

Есекке сүт
берсе, есерлер атқа нан,
елдің ерен байлығы деп мақтанам.
Сүтті бірақ кие тұтпау – жат маған,
нанның қасиетін қорғап аттанам
ысырапқорлық деген жауға

қылыш ап,
еліре ұрсам – ерлік деме мұны ұсақ:
Теріп ойла, тереңірек, жақсырақ –
ерліктердің ірі – ұсағы жоқ, шырақ:
Танау қағып тас шапқанмен тең ерлік
гүл өсірудегі ептілік, шеберлік...
Ерлік кейде төзу дейді жұрт маған
төзім егер тағам болса – қырт тағам,
енді қайтып ол тағамнан ұрттаман!
Әттең сабыр – сары алтын ғой – алтын дән,
біз де үйрендік алтын, сенің салтыңнан:
Қашан танып тапқанша жұрт
түк дыбыс
шығармайтын,
жататұғын тып-тыныш,
Сабырыңа болайын мен салқын қан;
күндеріне налыса да кешегі,
келешектен қайтпаған еш меселі
айналайын менің адал халқымнан!
Боз қойша аңқау болғанымен сол халық,
перзент десе қалады екен толғанып.
Жау дегенде шабады екен долданып –
содан да ардың ақ екені болды анық,
ниетінің пәк екені болды анық.
Қатарында халықтардың ең мықты,
аңқаулықтың арқасында ерлік қып,
адалдықтың арқасында ерлік қып
өскен ел ек
арқасында ерліктің
“Сен де ерсің!” деп талайларды кергіттік.
Сақтағанмен қайғы азабын, күлкі арын,
сатқан емес есегін де; тұлпарын.
Балапанын бағып келед қолға алып,
бақ-атағын күтіп келед қолға алып,
қанатына кір тигізбей баяғы ақ
келеді әлі ақ кептерін аялап.
Плакатқа қарап қоям бүгін мен
бесіктердің бас жағына ілінген –
бесіктен де биік тұрар кейде осы,

кіп-кішкене аппақ құстың бейнесі;
пыр-пыр қонды пикассолар қаламының ұшына,
содан қайта ұшқанда
ұшты айналып тірі жұмақ құсына,
бейбіт елдің символына айналып –
сондықтан да бала тыныш, бай халық.
Бақытты Елді – батыр елі дейді елеп,
батыр елдің топырағы дейді елеп.
Жолы оңбаса өткендердің жортып нақ,
пиғылынан қорлап алмақ, қорқытпақ.
Бонопарт та жай ел емес, ер еді,
Гитлер де әйел емес, ер еді,
Озбырлықтар өлсе – осылай өледі.
Зұлымдықтар өлсе – осылай өледі.
Қауғасына қылыш, найза бейнелеп,
құдіретті болмады о да еш елден –
самұрықты кептер жеңді десем мен,
көлгір жүзді көп ұғыммен қоштасам:
Қылышты ерің асқан емес ешқашан
қызыл тілді шешеннен,
көкең биік болған емес көсемнен!
Оқтың да ойдан озбайтыны тәрізді,
Ойдың да от боп қоздайтыны тәрізді
шындық екен Платоннан тараған:
Таулар ұлы болған емес даладан,
батыр ірі болған емес данадан!
Мен сол үшін көгершінді құрметтеп,
адалдыққа қызмет етем дірдектеп.
Қиянатсыз қайырымның құлы боп
қызмет етем, бейбіт жаздың гүлі үшін,
бейбіт ойдың артуы үшін құны шын,
көлдер еркін алуы үшін тынысын,
елдер еркін алуы үшін тынысын –
менің барлық терім, қаным, жұмысым!

3

Құлағымда ызың-ызың, көп ызың,
тарих салған сынды оның да негізін:
Қорқыт бабам күңірентіп қобызын,
Асан қайғы алаөкпе боп алаөкпе,
“Жерұйықты іздеп түскен әлекке,
арманшылдар алаөкпе ғой әдетте.
Біз – жаңа ұрпақ, ізеттіміз, ізетті,
бойымызға өлшеп өттік қызметті.
Қай кезде де қиял-арман адамды
алып ұшқан;
“қой үстіне боз торғай
жұмыртқалар”, демек, б