(қысқартылып алынды)
Ұнау дейді –
кімге ұнау,
қалай ұнау, –
соны ғана білетін ағайын-ау,
саған айтам,
жоғы рас бұдан қайғы,
тек өз басым ұнасам ұнау жайлы
төбе шашым үрпиіп түрегелді,
бастамас ем әйтпесе бұл өлеңді.
Ат сағынған,
Кезінде дала аңсаған
өз әкең де ұнамас, балам, саған.
Қайғырып та,
ойлап та,
қуанып та
ұнай алмай барамын мына жұртқа,
келер жылдар ұлдары, сәлем саған!
Әркімнің өз шамасы,
талғамы бар,
сонда да ойдың шындығы, жалғаны бар,
қырсау ұнар қыңырға,
ал, жылпостар
жалған болсын, жағатын жанға құмар.
Батыл істі ұнатса балғалылар,
Модасын да құбылтқан ұдайы, адам,
қай құбылған пейліне ұнай алам?!
Мұның бәрін сондықтан қой, қарағым,
Деген сөз бар “жел тимес желбегейге”,
Желмен бірге қағып кетем мен де кейде,
Бірақ, бірақ артынан ойланамын.
Анадайдан әркімге-ақ ұнамаған
Талай жайлар ұнайды мына маған.
Ал, біреулер?
Әркімге жалтаңдайды,
шылымды да өзінше тарта алмайды.
Бұлбұл – бұтақ таңдамас,
қыран – аспан,
қыран десе қылп етіп тұра қашқан
жапалақтар қонатын жер таңдайды.
Әлі жұмбақ “таңдаудың” мәні маған,
бірақ мәні бар сөзді танып алам.
Танылмаған Римің аман қалып,
көп танылған Карфаген – қаңыраған.
Мақтау күтсе тарихтан, ода сұрап,
Ганнибалдың арқасы о да, шырақ.
Троя деп жалғасса өлеңге өлең,
соқыр шалдың арқасы Гомер деген.
Содан мәлім Трояның құлағаны,
шаңы көкке әлі шұбалады.
Ұнатқаны – кінәсі Гектор-ердің
Еленаның жазығы – ұнағаны.
Соғыс, содан қырылды ел,
кінә – бәрі,
Трояның кінәсі – құлағаны.
Менің кінәм:
келтіріп мың амалын,
жай сөздерді өлең ғып құрағаным.

* * *
Ескі Эллада елінде құдай болды,
құдай болу себебі былай болды:
қаталдықтар жанына батты барлық,
қатты болды ол сондықтан қақ тұрарлық.
Есепқор жан туған ұл баққұмар ғып,
жөргегінде-ақ аспанға жатты қарғып.
Интриган, шен сүйгіш, харам да еді,
харамға оңай алданды қараңғы елі –
бірі – надан,
бірі – аңғал, жырық ауыз
өсекші еді біреуі,
бірі – жауыз,
біреу – ерке, сенгіш ед, шыншыл әрі.
шыншылдары, әрине, тұншығады.
Ал, біреу ит-аяқ көрген сәтте

иесін көрген күшіктей қыңсылады;
жасанды жұрт: жасы – албырт, тыңшы – кәрі,
түрткіледі бір-бірін, шымшылады,
бәрін бір-ақ жылытты Күн шуағы.
Бірақ тәңір жалғыз ғой, жаны қараң
иесіз үйдей кеудесі қаңыраған.
Уық болып тіреді аспан шаңырағын
суайт, сымпыс, қарсақ-ін қалың арам.
Бір күн соның талайын құртып, атып,
Бұлтын айдап дауылмен бұрқыратып,
құдай болды Зевс қарт;
бірақ одан
азайған жоқ Олимпте күнәлі адам.
Жаңа әмірші тапты ақыры жаңа бақыт:
жарамсақ пен жалдапты паналатып –
көп мықтының осылай еді заңы,
құдай болып алған соң қолы ұзарып
әкесінің өзін де салады атып.
Сонда да оның сырты да, іші де асыл,
кейде ол үшін сен өзің қысыласың.
Қате кетсе бір пәнде-кісі адасып,
хақ қатесі – қылмыс қой, түседі асып,

“Құдай болмай қайтесің – халқың надан”–
Зевс-мүсін мұны айтқан алтындаған.
Алтын!
Кекей күлмесең салқын ғана,
көпке ұнайды екем деп жалтылдама!
Жалтылдама сен-дағы алтын-ұлан,
аса алмайсың жездердің жалтылынан
содан, сөйтіп...
алтынша тұрмыс құрып,
грек–Зевс құдай боп тұрды ысқырып;
көңлі соқыр біреуді нөкер етіп,
көмейі ашық біреуді көкелетіп;
күштілерді өзара қырлыстырып,
қалғанымен сүртті аузын бір пысқырып.
– Міне, сізге әділет.
Ұнайды ісі,
Ісі ұнаса не керек былайғысы:
көп-көп айтса, сыйласа шындығыңды,
қорқытуды сезінсе кімді, кімді,
былайғысын қайтеді құдай-кісі!
Көптің бірі – сатылса,
бірі – өледі,
бірді мақтап,
екеуді дүреледі.
Өнерге ұқсас бұ да бір түнемелі,
міне, құдай-халқының ұлы өнері:
шіренетін жерінде – шіренеді,
түнеретін жерінде – түнереді.

Килігеді дау-шарға, ұрыстарға
халық – хаққа жағуға тырысқанда.
Пәктігі үшін күнәлі пәндең болса
құдай болудан оңай жұмыс бар ма!
Өмір – бір жол,
қалтарыс-бұрылыстарда
құдай десті ел өзара қырылысқанда
Будда, Иисус үшін жұрт жатса өлісіп,
құдай болудан ауыр қылмыс бар ма:
бұлт пенен бұлт, тас пен тас қақтығады.
Долданғаны Зевстің: оңды-солды
найзағаймен жауларын атқылады.
Құдайлардың да ішінде құдайы бар,
абырой жиып біреуі жүр қасықтап.
Ал, даңқтың буына бір масықса
қашан түсіп қалғанша кім айығар?!
Айықпады Зевс те.
Бұдан әрі
міндет санап, мін терсек – күнә бәрі.
Кім ұнасын көптікке,
өзге түгіл
құдай-құдай болып та ұнамады.
Тек сыртымен сиынды ел, тіл байланып
тілден қалса – балық қой мұндай халық.
Топ шоқынса күні үшін – тынбайды анық –
Жер де жүр ғой біз үшін Күнді айналып?!
Жә-жә, мұның бәрі ескі, барлығы әйгі
Жаға-жарға су да енді қарғымайды,
суға қайта сылқылдап жар құлайды.
Толқын бәсең,
көбік аз,
ең қырсығы:
Зевс қарт та көп жерде көлгірсіді –
өз қырсығы бар десті ел әр құдайдың!
Қырсық, қырсық Прометей деген кісі
келеді екен құдайға теңелгісі:
жағынбаған, онымен де отырмаған,
жасағаннан жасқанбай от ұрлаған.
Зевс әттең құдай ед соқыр, надан,
қыңыр еді,
кекшіл де ед қасқа-бейбақ,
Прометейді сол үшін тасқа байлап,
қорқытам деп ойлапты;
бірақ, бірақ
пәнде кейде құдайдан қуаттырақ,
көрінсе де көп ісі жат алапқа,
кегін ұмыт етсе де,