ХХ ғасырдың әдебиеті, поэзиясы Жұмекен Нәжімеденовпен өлшенеді. Әдебиеттің даму жолында екі жол бар. Бірі – «Өнер - өмірдің көркем бейнесі», екіншісі – «Өнер – көркем текст» деген таным. Жұмекен осы екі танымда да танылған ақын. Оның жырларының күрделілігі, оны оқуға белгілі бір дәрежеде дайындық керек. Күрделі ақындарды, күрделі жазушыларды өзінің қатарластарынан гөрі жас ұрпақ жақсы біледі. Өзінің қатарластары, замандастары ХХ ғасыр поэзиясында Ж. Нәжімеденов, прозасында А. Сүлейменов биік шың болды деп ойлаймын.
Ж. Нәжімеденовтың поэзияда күрделі тұлға екені белгілі, ал ол прозаға неліктен барды деген сауалға мен қоғамда болған күрделі проблемаларды поэзия тілімен жеткізу қиын соққан кезде келді деп ойлаймын. Кейінгі жылдары Жұмекен мұрасының жарыққа шығып, зерттелуіне ақынның жары Нәсіп апай көп еңбек сіңірді деп ойлаймын.
Жұмекен ақын – күрделі суреткер. Кейінгі жарық көрген прозалық шығармаларында өмірдің жаратылуы туралы философияны айта отырып, Құдай, періште, әзәзіл пенденің жаралуы туралы терең ой толғайды. Оның бәрі қазіргі күнге де лайық келеді. «Періште алтын көрсе жолдан таяды» дейді, ал оның себептері неде, ақын осыған жауап іздейді. Алла адамды жаратқанда он екі мүшесін, ақылын және таңдау мүмкіндігін береді. Ал адам харам жолды таңдайды немесе қиын болса да адал жолды таңдайды. Осының бәрін философиялық тұрғыда қорытады.
Ж. Нәжімеденовты терең түрде зерттеу керек. Жүйелі зерттеулер әлі бола қойған жоқ. Әдебиет институты да бұл мәселені қолға алғаны дұрыс. Бұл кісінің күрделі шығармалары бірден қабылдануы мүмкін емес. Бірақ терең зерттеу үшін терең дайындық керек.