Заманмен «еменше – ерегісіп өскен», туған халқының төл рухының топырағында «тамыры таспен тістесіп» өнген, бәлкім, адаса жүріп ақтықта ақиқатқа жеткен, қандай жағдайда да аппақ арының, ақ арманының биік жұлдызы – Темірқазық бағыттан табан аудармаған қиын тағдырлы, күрделі өрмекті қайсар ақын Жұмекен Нәжімеденовтің екінші өміріндегі маңдайына тәңірім жазған еншілі бақытына кім де болса қызыққандай. Сөз жоқ, «Менің Қазақстаным» қазақтың жиырмасыншы ғасырының басты әні болды, ал соған жалғасқан келесі ғасырдың басында ол тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік гимніне айналды. Жұмекеннің өмірлік жар қосағы Нәсіп апайдың айтуынша, «Менің Қазақстаным» әні мәтінінің екі шумағы Қарағандыда, 1956 жылы жазылыпты. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп басталатын бұл шумақтар сарғыш тартқан парақтарда Жұмекеннің Мәскеуден әкелген, болашақ туымыз түстес көгілдір шабаданында сүйген қызы Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақталыпты. 1959 жылы Қазақ радиосынан алғаш Жамал Омарова орындаған осынау күрескер ән, осынау ғажайып ән, сазы мен сөзі бірдей келіскен құдіретті ән туған халқын әр таң сайын тербеп оятады. Еліміздің әрбір жеңісі мен жемісі, әрбір қуанышы мен құтты қадамы осы аспани асқақ әнмен паш етіледі. Халқымыз өзінің аңсарлы болашағына жұлын-жүйкемізбен қытықсыз жымдасқан, жан-жүрегімізбен қалтқысыз сырласқан, барлық тыныс-тіршілігіміздің туындай желбіреген осы аяни әнмен бірге адымдап барады. Осындай асқақ әнді туғызған халық шынымен де бекзат емес пе, осындай халық шынымен де әз бостандық пен аяулы бақытқа лайықты емес пе. Соны ойлағанда Шәмші мен Жұмекендей мәйекті һәм маңдайлы қос талантты 1956 жылы Алматы консерваториясына оқуға бірге түсіріп жолықтырып, алмағайып шақтарда Алаш рухын асқақтатар өрелі ән туғызуға бастаған тағдыр жолына тәу етпеске әддің жоқ. Жарты ғасыр бойы жабырқаулы жанына жұбаныш, назырқаулы да налалы намысына қайрақ еткен халық сол «Менің Қазақстанымды» қайта туғызып бағын ашқан, халқының қалауына қылаусыз құрметпен қараған Елбасына және мың рахмет деместің де жөні жоқ.
Алаштың асыл мұраты біріктіріп бір бүтінге айналдырған сазгер Шәмші мен ақын Жұмекен бір-бірінен айыруға, алалауға жатпайды, біреуі жоғары, біреуі төмен емес. Иә, еліміздің барлық түкпірінде жарты ғасыр бойы асқақтата шырқалған осынау әнді туғызудағы екеуінің еңбегі мен орыны бірдей. Бұл ән қазақтың елі мен жеріне көз алартқан қысас қиянаттың елуінші жылдардың екінші жартысында асқына түскен жаңа толқынына Шәмші мен Жұмекен жүректерінің наразылығы еді. Бүкіл халықтың жүрегіне бірдей жол тапқан, кең даладағы мың сан тұлпар тұяғындай дүбірлеген, қырандай қиқулаған, ұрандай атойлаған осы ән арқылы олар қазақ жерінің тұтастығын қорғады. «Қарлығаш қанатымен су сепкендей» деген сөз бұл араға жүрмейді. Себебі, бұл ән аса қуатты, жойқын қарсылықты оятты. Бұл ән булығып бұлқынған, түптің түбінде жанартау болып атылар зор майданды бастап берді. Ол жанартау атылды да. Әмсе тау бұлағындай тасқындаған толассыз қуатпен намысты қамшылады, жігерді сілкіндірді, көкіректің терең тұнбасында туған елге деген таңғы шықтай тұнық та тұма сезімдерді оятты. Елдігімізді алпыс жылдан астам уақыт қызғыштай қорып келе жатқан сол ғажап қамшыгер ән алғаш рет бар дауыспен жер-жаһанға жар салып Қазақстанның кімдікі екенін ересен мақтанышпен көлтектетпей кесіп айтты. Кімнің Қазақстаны? Қазақтың Қазақстаны. Шәмшінің Қазақстаны. Жұмекеннің Қазақстаны. Жұмабек Тәшеновтің Қазақстаны. Менің Қазақстаным. Біздің Қазақстанымыз. Ән барлық қазаққа уыстан шығып кеткелі тұрған өз Қазақстанын қайтарып берді, әр қазаққа өз көңіліндегі бір-бір сүйікті Қазақстанын сыйлады. Ән қайырмасында ақын мына ел мен жер маған тән, менікі дейді. Поэзия мен музыка үйлесе құйылып, осынау ел мен жер үшін гүл болып егіліп, жыр болып төгіледі. Мәңгілік ел үшін. Ешкімнің еншісі жоқ өзінің Қазақстаны үшін. Көңілді көкке өрлетеді. Сезім мен санаға тікелей жол салып, жан тебірентеді. 1986 жылы желтоқсаншылардың осы әнді неге шырқағаны енді түсінікті. Себебі, сөзі мен сазы бірдей үйлескен бұл ән қазақ ұлтының қаһармандық рухын паш етті, жанардағы жасыған жасқанышты жойып, жасын ойнатты, бойларына батылдық бітірді. Жандарың жәннатта болғыр Жұмекен мен Шәмші осындай бір ғаламат ерлік жасап еді, мәңгі ұмытылмас еңбек сіңіріп еді еліне. Пырақ перзенттерін «ештен де кеш жақсының» жорасымен елі де ескеріп бағуда. Мемлекеттік гимн мәртебесін алған ән қазақ елі барда, халқы барда мәңгілік жасай бермек. Өткен жылы композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық мұралары Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Енді әлде Алматы, әлде Астанада ұлт мерейін асырған ұлық әнұран авторлары – Жұмекен мен Шәмшінің жұптарын жазбай қатарлас, қанаттас сомдалған еңселі ескерткіші асқақтап бой көтерсе, бүгінгі заманның биік өркениетіне сай елдік өреміздің бір белгісі сол болары сөзсіз.
Туған елімен таста өскен тарамыс тамырдай берік бітіскен Жұмекеннің пешенесіне жазылған осыншалықты керемет, тағдыр сыйының сыры неде? Мұны бір өлеңмен, жалғыз туындымен тарихта қалудың сирек мысалына жатқызайын десең, алдымызда ақынның ұлан-ғайыр мұрасы жатыр. Қырық тоғыз мүшеліне қараған шағында соңғы демі үзілгенше қаламын қолдан түсірмей, жойдасыз жанкештілікпен еңбек еткен ақынның көзі тірісінде 19 кітабы жарық көрсе, қайтыс болғаннан кейінгі жылдарда шығармалары оқырманға 15 мәрте жол тартыпты. Жұмекен поэзиясын Әбділда Тәжібаев: «ұлттық мақтанышымыз… алтын сандықтағы асыл байлықтар» деп бағаласа, Ғафу Қайырбеков: «тозуды білмейтін мәңгілік қазына… сарқылмайтын мәңгі құбылыс дәрежесіне жеткен ақын» деп қайырады, Жұмекенді ең алғаш ұлы ақын деген атаққа шығарған да осы Ғафаң. Дуалы ауыздар бекер айтпайды. Бұған: «Замана салмағын бүкіл болмысымен сезінген, ұлт денесіндегі дертке өлеңімен күрес ашқан ақын» деген Әбу Сәрсенбаев сипаттамасын қоссаңыз, осының бәрі Жұмекеннің қазақ поэзиясындағы, жалпы ұлт руханиятындағы әуел бастан даралап еншілеген өзгеше бөлек миссиясын айқындап, әйгілей түспек.
Жұмекенді жұмбақ ақын, болашақтың ақыны деушілердің де дәлелді уәждері аз емес. Бірақ сол жұмбақ неде? Азаттықтың ұлы жыршысы Махамбетпен, күй атасы Құрманғазымен бір топырақта туған, бір құнардан нәр алған, Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «бір тақырда асық атып, бір құмақта құмаршық терген» бұғалыққа көнбес бұла мінезді шайыр жырының тұңғиығы мен тұнығы қайда? Тамыры мен тегі қайсы қиянға тартады? Бұл сұрақтардың жауабы тағдырлы ақынның өмір өзегімен бірге өрілген, сонымен бірге өз шындығын, астарлы өсиетін айтып үлгеру жолында үнемі ширығып шамырқанумен қаны тасыған, үнемі жоқ іздеген алай-дүлей буырқанысты хал кешкен қайсар жырларында жатыр демекпіз.
«Ей, киелі топырақ!
Сенен бөлек тынысым, тіршілігім жоқ менің!»
Міне, Жұмекен жұмбағын ашатын кілт. Ақын кіндігімен байланған, тәңіріне балап бар тағдыр-талайын қолына табыстаған осынау киелі топырақ қайда? Оның аты мен заты қандай? Мәні мен мағынасы қалай пайымдалмақ? Әрине, ең әуелі ол киелі топырақ Қошалақтың құмында, Ашақтағы ауылында. Ол топырақ киелі болмаса, атасы Нәжімеден жалғыз ұлы Сабыры майданға аттанарда Ашақтың сорына баласының табан ізін таңбалатып алып қалып, үстіне қара қазан төңкеріп, өле-өлгенше сол ізді медет тұтпас еді ғой. Бала Жұмекеннің көзінде әке бейнесі сор топырақтағы сол із арқылы сұлбаланып, әкеге деген сағынышын сол топырақты құшақтап басатын. Ол топырақ киелі болмаса, Нәжімеден қарт Қошалақтан жетпіс шақырымдағы Ресей шегіне ірге аударғанда белбеуіне туған жердің бір уыс құмын түйіп алмас еді ғой. Сол қарт атасы әл үстінде жатыр деген хабарын естігенде аяқ артар көлікті күтпей, жаяу, жалаңаяқ жанұшырып жетіп еді-ау Жұмекен жалпақ жалғандағы жалғыз жақыны, жан атасына. Бәлкім, туған топырақтың ыстық қасиеті табанынан өтіп, жүрегіне сол кезде жетті ме екен болашақ Гимн авторының?!
«Менің топырағым». Бұл өмірде енді көп тұрмасын сезіп білгендей ақынның асыға дайындап, ақыры қолжазба күйінде қалған, 1985 жылы шығып, әдебиетіміздегі елеулі құбылыс деп қабылданған ерекше бітімді кітабы осылай аталады. Топырақ киесін бойына толайым сіңірген кітап. Бүкіл саналы өмірінде Жұмекен үшін топырақ дегеніміз қазақтың биік рухы, ұлттың қадір-қасиеті, Алаштың ар-намысы еді. Киелі топырақ дегенде іштен тынған күйінішті ақын туған халқының ғасырлар бойы жасаған бай рухани-мәдени қазынасын, баба батырлар бастаған ерлікке толы ерен тарихын меңзеді. Оның ой-қиялындағы топырағы елі мен жері, тілі мен ділі болып тамырланды… «Тіл құриды» деген мәңгүрттермен, анығында кеңестік кесір саясаттан туындаған, қандастарының санасын кеулеп жаулаған жұлынқұртпен қиян-кескі тайталасқа түседі.
Бәрімізге тағдыр – біреу,
бір ырғақ,
ана тілін шамамызша жұмырлап
келеміз ғой, сол тіл үшін егес қып,
сен – құрысаң,
мен – құрысам емес түк,
бірер кітап тумай қалар мықтаса,
одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.
Егер, егер тіл құрыса?..
Сақта, Алла,
тоқтығыңа, көптігіңе мақтанба!
Тілің құрид дегенді де түбінде
айтты әлгі адам
Абай, Мұхтар тілінде!
Африкада құлдың өзін тілімен
бірге сатқан – сатқанда.
Әттең, оның сөйлегені жанып бір
көкірегінің түпкір-иісін танытты.
Жігітінің ірілігі не керек,
тілі өлсе егер – тірілігі не керек,
керегі жоқ маған ондай халықтың!
Елің үшін бұдан артық шырқырау мүмкін бе?! Расулдан да асырып айтқан, түсінер құлақтың, ұғынар жүрек пен сананың шымбайына батырып айтқан. Осынау киелі топырақтан мақұрым қалып айырылған, әспет тұтар ең асыл қадыр-қасиетін тоқтық пен тоғышарлыққа айырбастаған, барша құнар-құндылығының бастау-бұлағы – тілін өлтірген халықтың Жұмекен үшін құны жоқ. Ауыр үкім. Ауыр да болса арлы ақынның азаптанған жан-жүрегінен шыққан әділ үкім. Сондықтан:
Тілден қалып өмір сүрген жоқ халық –
шындық – осы,
сол шындықты ноқта ғып
киген дұрыс – мал болсаң да – басыңа,
аштан өлсек – біз өлейік – жасыма,
Сенің еркің, бақпай қойсаң балаңды,
асырама, арсыз бол да анаңды –
айналайын, ана тіліңді асыра!
Өз топырағы үшін жан алып, жан берісудің жолына тас түйін бекініп шыққан, қоғам мен заман әділетсіздігіне ашынғаннан ащы даусын шығарған, осы жолда тапқан өз инфаркті үшін емес, қазаққа төнген қатерлі замана инфаркті үшін күйінген Жұмекен осындай майдан ашты. Сол тұстағы әбден астамсып қиқулаған қызыл идеологияңыздан тайсалмапты, керек десеңіз, пысқырмапты. Ақын көңілін осындай күй алуы, жүрегін осындай өрт алуы да ертеден. Оның болмысындағы әрдайымғы бір намысшыл тіршіліктің бейнесін де, себебін де нақ осы жайлардан іздеуіміз керек сияқты. Осының бәрі елді сақтау, елге тірек болар ұлды сақтау, намысқа жалау етер жырды, бар қасиетіңнің қазығы – тілді сақтау мұратынан туған екен-ау. Өлеңді қашанда өлең үшін емес, өмір үшін жазған Жұмекеннің ақбоз атпен айсыз түнде адаса жүріп іздеген Темірқазығы да осы болатын.
Ал, ақын аңсарының осы ақбоз аты не күйде? Оның халін де жасырып-жаппай айтады. «Құйрық-жалы әдемі, Төрт тұяғы балғадай, Ақбоз атым бар еді – Әй, жалған-ай, жалған-ай. Қарғығанда жырадан кетті айналып ұршығы-ай. Мен де оңбай құлағам, әй, қырсық-ай, қырсық-ай… Көрдім кеше боз атты – Жазылыпты. Тұр билеп, Өлеңі боп қазақтың, Кісінеді күмбірлеп. Сәл қисайған жалы бар, Сәл жүдеген халі бар. Әй, жануар, жануар, Әй, жануар, жануар». Қазақ рухының жанұшырып құлынын қасқыр тартқан жылқыдай кісінеген, жал-жығасы жығылуға бет алған мүшкіл халін ауызға құлып, тілге кісен салынған нақ сол жылдарда осыдан артық қалай айтарсыз. Бұған тәуекелі жетіп барған да, қатпар-қабаттарын уақыт өткен сайын өрши асқынған дерт алған рух топырағын тереңдеп қазған да Жұмекен болатын.
Жұмекен үшін қазақ рухының киелі топырағы Махамбет пен Құрманғазы, Абай мен Әуезов, Мағжан мен Қасым еді. Мағжанды өлеңдерінде ауызға алмайды. Оның себебі белгілі. Бірақ төрт қызының ортасындағы жалғыз ұлының атын табандап отырып Мағжан деп қоюы әсте тегін емес-тін. Дәл осы жайға Әбіш Кекілбаев ағамыз да назар аударады. Зерделей қарасаңыз, Жұмекен жыр-дастандарының мағжандық алаш мұратының мұңымен өрілгендігін байқайсыз. Ал, Қасым туралы әңгіме мүлде басқа. Қандай қыспақты жағдайларда да қазақ рухын жанының өртімен асқақтата жырлаған ұлттың ұлы ақыны Қасымды Жұмекен пір тұтты, «заманы бірдің амалы бір» дегендей, жанына жақын тартты. Алпысыншы-жетпісінші жылдардағы қазақ ақындарының өлең-жырларында Қасым аты ең көп ұшырасатыны да Жұмекен. Ескі зираттың қасында тұрғанда Қасым қабірінің басына жиі барып, өлең шумақтарын күбірлей, ой құшағында томсарып ұзақ тұратын да Жұмекен екен. «Пушкинді де қайтейін-ау, маған өзімнің Қасым ағам жетіп жатыр» дегенді де айтқан Жұмекен еді.
«Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам,
«Дүние қасіретіне жасымаған».
Жоқ енді, амал қанша!
От еді ол
Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған» дейтіні содан шығар-ау. Ішкі мазмұнымен, биік рухымен қазақта Қасым ақынның қасқа жолын болашаққа жалғап, келесі ғасырға асырған ақындардың бірегей бітімдісі Жұмекен деп білеміз. Өйткені, ол Мағжанмен, Қасыммен әсіресе ұлттық мәселеде рухтас, мұңдас, мұраттас еді. Украинада ұлы кобзарь Тарас Шевченконың қырық кез биік ғаламат ескерткішін көріп: «Биік салу мүсінді – мақтан болса расында, Болар еді салуға бір ескерткіш Қасымға!» деп тебіренеді. Құдайға шүкір, Жұмекеннің бұл арманы да орындалды. Жүз жылдығына орай, өткен қыркүйекте халқы Қарағанды шаһарында Қасымның еңселі ескерткішін тұрғызды. Қасым ақынның қасиеті мен қасіретін бірдей ұғынған, сол мұратты жалғаған Жұмекенге де сондай асқақ ескерткіш жарасар еді.
Қаршадайдан-ақ кеңестік қоғам мен заманнан өзі қастер тұтқан топыраққа суық қарайтын әлдебір жаттықты сезініп, бәлкім, сол үшін де «Қара емен боп шыңға қарсы қаз басып, тағдырына қасара өскен» Жұмекен қайткенде де қазағының «дің-түбінің қисаймасын, азбасын» қалайды, ұлт ұйығының тұнығын, ұлттық дәстүр-салттың мәйегін, ұлттық қасиет қайнарларын, ұлттық мінез бен бітім-болмысты жанға басқызбас жасылындай қориды, қорғайды. «Топырағы мен көкірегі бостыққа» қаны қас. Қызыл идеология қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деп мадақтаған дәріпті дәуірден біздің шайырымыз «жетім лағы желіде қап қақсағанды, жүйріктері шаппай жатып ақсағанды» қалт еткізбей көре білді. Қиялда қастерлеген Топырақтың алапат ауыр дерттерден азып-тозуға бет ала бастағанын қапысыз сезді. Сол себептен де «айналаның бәрі жылтыр, бәрі – тас, Қайдан нәр ап лүпілдейді тамырым?!» деп ет жүрегі езіле мұң шағып, күңіренді. Арыдағы Бұқар жырау мен Мұрат Мөңкеұлының, берідегі Мағжан мен Қасымның мұңымен ұқсас, үндес, рухтас емес пе осы мұң.
Жұмекен тоза бастаған Топырақтың қасиетін қайтаруды көздейді, Қызыры мен Қыдырын іздейді. «Қызыр болып жарылқайтын ғайыптан, мейірімі шығар бәлкім халықтың?!» деп сол ұлы қуат халықтың өз бойынан табылатынын меңзейді. Ақын осы бір үлкен арманын: «Қызыр дару халық үшін шын арман, Сол халық қой қызырды да шығарған?!» деп түйеді. Жұмекен үшін күбі мен дойыр да жай тұрмыс заттары емес, дәстүр жалғасына, тектілік белгісіне, қыдыр қонғанның көрінісіне, ұлттық мінез-қасиетті сақтаудың қастерлі нышанына айналады. Сөйтіп, олар төрге озуға тиіс бірегей құндылықтар ретінде жырланады: «О, сәттілік, несібе-ырыс белгісі, Босағаның – беріктіктің белгісі, Шаңырақтың – биіктіктің белгісі! Береке алса күбілердің түбі шын, Содан толса менің көңіл-ыдысым, Тағы да оңға басар деймін бір ісім. Түнде әкеліп Алматыға кәрі әжем, Пісіп жүрді жеті құрсау күбісін…» Жұмекеннің «Дойыры» да ездіктің шаңын қағып, баяғы бабалар заманындағы ер мінезді аңсайды, өшкенді жандырып, өлгенді тірілтуді мұрат тұтады: «Сен үшін бұл қару емес мықты аса, Ақ сор болып аттың тері жұқпаса, Зат қой дедім ескілігін бұлдаған – Басын шайқап күлді анам: Қамшы сыры, рас деді ол, ескірек… Кейігенде тастаушы еді кескілеп. Аты түгіл қатынын да ол заман – Ат қағынса – пұлын пайда ет, олжалан, Қатын тасып кетер болса – сол жаман. Бүгінгі ердің еркек болып жүргені аз, Қоқаң-қоқаң, қоқаң-қоқаң кіл қораз».
Осылайша Жұмекен дерт жайлаған заманның ақиқат суретін айнытпай салады. Ол өз қиялындағы қыдырлы Топырақтың құнарын кеңестік қоғамнан таба алмайды. Табуы мүмкін де емес еді. Шын мәнінде Жұмекеннің Қазақстаны әлі де болса болашақта еді, бірақ ақын қиялына осынау бостан елінің сұлбасы сонадайдан елестеп көрініп тұр еді. «Бұтақтарым – биікте, тамырларым – тереңде!» дегенде оның Кеңестік Қазақстанды емес, қазақтың Қазақстанын, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды болжалдап, астарлап айтып тұрғанында сөз жоқ. «Неғып қана көрмедің сен осы үйден, Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін?» дейтін Жұмекен өлеңі үлкен өредегі, елдік ауқымдағы ұлттық намысты айтады. Осы тұрғыдан келгенде, Әбіш Кекілбаев төрелігіне жүгінсек, «антитоталитарлық бағыт ең алғашқы кітабынан бастап соңғы жазылған жырларына дейін желісін үзбегені» айдай ақиқат. Әбекеңнің Жұмекен шығармашылығын тұтастай алғанда «тоталитарлық астамшылдыққа атылған оқ» деп тұжыруы өте әділ әрі дәл тауып айтылған берен баға дер едік. Осы темірқазық нысана барынша ұлтшыл, Махамбеттей намыскер ақынның рухани бекзаттығының, рухани тәкаппарлығының шынайы сыр-себебін де айғақтап, аша түскендей. Әсіресе соңғы тұяқ серпері болған, өзі көп үміт еткен және сол үмітін ақтаған аяулы кітабы «Менің топырағымда» Жұмекеннің ақындық һәм азаматтық, күрескерлік тынысының молынан ашылғанына, сәуледей сәуелі жырлар төккеніне қайран қалғандайсың.
Жұмекен қазақ топырағының асыл құнарын қазақтың күйінен – Абылдан, Дәулеткерейден, Динадан, Ахмет Жұбановтан; қазақтың өнерінен – Шәкен Аймановтан таныды. Ұлттың күйлі көкірегін, музыкалық мұралы қазынасын қалтқысыз аялаған «Күй кітабын» келтірді өмірге. Шәкен ағасына арнаған Алдар көсе туралы пародиялық-аллегориялық астарлы әфсаналық дастаны кеңес қоғамының қаншама қойыртпақ қоясын ақтарды, Алдардан өткен алаяқтар, Шығайбайдан асқан шық берместер коммунизм заманында шыққанын әшкере етті. Жұмекеннің тоталитарлық қоғамға қарсылығы, міне, осыдан да көрініс тапқан еді. Ал енді қара тырнағына дейін қазақ мұратын күйттеумен келе жатқан классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің әдебиетіміздің тарихын үш ғасырға тереңдеткен атақты «Қобыз сарыны» монографиясындағы Қазтуған, Доспамбет жыраулар туралы тырнақалды мақалаларын 1965 жылы алғаш «Лениншіл жасқа» бастырып, жарияға жол ашқан және Жұмекен болуы тегін бе. Бұл да оның ұлт мұраты дегенде ішкен асын жерге қояр жанкештілігін байқатады.
Анықтай саралап, аңдай зерделегенге Махамбет пен Мағжанның азаттық рухын пішіні бөлек, күрмеуі ерек, күрделі мазмұнмен әрі ешкімге ұқсамас өзгеше түр-сипатпен жалғастырған, өктем отаршылдыққа қарсы рух қарсылығын өшірмей баққан баһадүр шайырымыз да Жұмекен екен-ау. Бұл Қадырдағы, Мұқағалидағы және басқа арманда кеткен айтулы ақындарымыздағы өршіл рухты жоққа шығару емес. Бұл – осы күрескерлік қайсар рух Жұмекен шығармашылығының өзегі болып өрілгендігін, сөйтіп көркем суреткерлігін мақсатты һәм мүдделі түрде тұтастай қамтып жатқанын айту ғана. Осы ретте бар қазақты дағдара жаздаған қияпатты шағында «Менің Қазақстаным» деп жырлатқан, бар қазақтың жүрегін бір лүпілмен тыныстатқан Жұмекеннің пешенесіне жазылыпты. Өндір талаптың өз киелі топырағын, айнымас Темірқазығын жазбай тануына себепшілік шарапатын тигізген әр саладағы қазақ рухының қазығындай жандарды да еске алмақ ләзім. Сол ғайып ерен, қырық шілтендей қыдыр жандардың ішінде бірінші тұратыны – пешенелі немересінің жолын бірінші болып ашқан Нәжімеден қарт еді. Қазақтың сұңғыла көкірек қасиетті қара шалы көз жұмар алдында атадан қалған жалғыз тұяқ Жұмекеніне ауылдағы боқташағына байланып қалып қоймай, болашағына аттануды, Алматыға аттануды үш қайтара бұйырып аманаттапты. Немересінің ерекше талайын тап басып таныған әулие атасының бұйрық аманаты болмағанда екі шеше мен екі қарындасына қарайлап, ауылда қалып қоюы кәдіктігін кейін Жұмекен өзі де жоққа шығармаған.
Ал енді атасының аманатын арқалап, Алматыға келіп салы суға кеткен бір налалы сәтінде тағдыр оған тағы бір жебеуші қыдыры Ғұбайдолла Ержановты жолықтырады. Бұл жайды да жай ғана кездейсоқтық деуге дәтіміз жетпейді. 1955 жылдың 16 қыркүйегінде «Лениншіл жас» газетінде: «Қолымда, міне, жолдама, Жарқ етті сол бір арманым, Тұрыңдар, достар, қатарға, Шахтаға мен де барамын» деп Қарағандыға шахтер боп көмір қазуға, өмір тануға аттануын да болжанбағанымен, болмай қоймас бетбұрысқа балаймыз.
Сонымен, Жұмекеннің Алаш руханиятындағы аймаңдай жолы басталады. Сол жол жас кеншіні Қарағанды көркемөнерпаздары қатарында Мәскеуге әкеліп, Кремльде партия съезі делегаттары алдында домбыра тартып, ән салдырды. Қазақ өренінің осындай өнерін көмірдің астында қор қылып тұншықтырмауға жан салған тағы бір мықты қазақ – кеншілер кәсіподағының жетекшісі Әукебай Кенжин болып шықты. Бұл 1956 жылдың күзіне салым. Жұмекенді алда Алматы күтіп тұрды. Алда – ғашық жары Нәсіппен қауышу. Алда – қазақтың ғажайып сазгері Шәмшімен табысу. Алда – Алаш гимніне айналар, ызғарлы Желтоқсанда қазақтың қайсар рухы болып қалықтар «Менің Қазақстаным» әні. Алда қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының шежіресіне алтын әріптермен жазылар «Жұмекен Нәжімеденов» атты ақ сарайлы, алуан қазыналы жұмбақ әлем жатты. Алда жұлдызы жарқырар Жұмекеннің Қазақстаны, қазақтың Қазақстаны тұрды. Бір өкініші, осы азат та ғажап Қазақстанды ақын көңілімен сезсе де, көзімен көрмей кетті.
…Жасында Жұмекеннің ақбоз аты болыпты. Атасы баптап мінгізген бәсіре аты. Ер-тұрманы келіскен, әбзелі әдемі. Мүлік апасының шебер қолынан шыққан, құстаңдайлап ақ киізбен әдіптелген қызыл жиекті, тебінгісі қылдан есілген шашақты шылбыры, ақ жыланбас тағылған жүгені мен қайыс құйысқаны көз тартады. Осы ақбозына мінген бозбала Жұмекен сүйген қызы Нәсіптің үйінің алдына келеді. Аппақ киінген ақын бала ақбоздың үстінде. Атқан таңдай әдемі сурет.
Екі айдан кейін дәл осы көріністі түсімде көрдім, дейді Нәсіп апай. Ақбоз атқа мінген Жұмекен жорғаның төрт аяғын төрт жақта тайпалтып бұлттың үстінде жүр. Жүрегім атқақтап соқты. Керемет қуаныш, жақсылық болады деп жорыдым. Осындай түс көргенімді Жұмекенге хатпен жазып жібердім. Кейін ат көрсем жылайтын болдым. Он алты жасымда көрген түс. Айдай келді. Жұмекеннің есімі Қазақтың елімен, өзінің Қазақстанымен бірге. Елбасы қайда барса, Жұмекеннің өлеңі ол кісімен бірге жүр.
Иә, Нәсіп апайдың айтуы рас. Ақын арманы орындалды. Ақынның ақбоз аты ақша бұлттардың арасында ағып барады. Жұмекеннің Қазақстаны шадыман шаттықпен тойын тойға ұластыруда. Жұмекеннің өлеңі, өзі айтқандай, қазағының бақыты үшін күресуде.