Қадыр Мырза Әлі ағамыз бірде «Өзін өмір бақи мойындап өттім. Қазір де мен үшін ең мықты ақындардың бірі - Жұмекен Нәжімеденов.Тіпті лирикалық өлең жаза бастаған жастау шағымда «бұған Жұмекен қалай қарайды екен?» деп ойлайтынмын» деп еді.


Жұмекен Нәжімеденовті даусыз талант ретінде әдеби орта түгел мойындаған. Бірақ тірісінде халыққа Тұманбай мен Қадыр құрдастарындай таныла алмады. Оның бір себебі ресми түрде ақынды қолдап-қуаттаудың, марапаттаудың болмағанында, қазіргі тілмен айтқанда, жарнамасының жоқтығында еді.
1985 жылы КазГУ-дің жатақханасында қазіргі үлкен ақындарымыздың бірімен кездесу болды. Сонда студенттер екі жыл бұрын қайтыс болған Жұмекен жөнінде сауал қойды. Үлкен ақын: - Жұмекен менің қарамағымда жұмыс істеді. Өзі өте жуас, көнбіс адам еді. Момын болатын, - деді. Мұнысы «можантопай» дегендей боп шықты. Үлкен ақынымыздың аузымен марқұм Жұмекенге берілген ауызша баға осы болды. Шығармашылық мінезі турасында тырс еткен жоқ.
Маған, неге екенін, біздің осы уақытқа дейін Жұмекенге берген бағамыз жаңағы ақын айтқан төңіректен көп ұзамағандай сезіледі.
Әлгі «мінез» дегеннен шығады-ау. Әсілінде біз «мінезді» деп қызба, бетке тіке айтатын адамды айтамыз. Шыбық тимей шыңқ етер, шырт-пырт, аузына не келсе соны «құса салатын» әулекілерді де кейде осы топқа қиналмай қосақтай саламыз. Осы категориямен қарасаңыз, кісі бетіне жел боп тимеген, өмірінде ел алдына шығып бір шермақ өлең оқып көрмеген Жұмекен «мінезсіздердің» қатарына жатады. Шын мәнінде солай ма? Атам қазақ «мінез» дегенде қорғасындай салмақтылықты, қабақ шытпас нар мінезділікті, шегедей шыдамдылық пен тастай беріктікті алдыңғы орынға шығарған. Қазақтың «екі долы қатынның бірі батыр туады, би туатын әйел сирек» деуінің сыры да сол. Қазақтың «момын» деген сөзі «мүмин», яғни мұсылман дегеннен шыққанын ұмытып барамыз. Асыл дініміз бойынша, төрт түліктің төресі ретінде жүйрік жылқыдан гөрі төзімді түйе қасиетті, әулие саналған. Ойсыл қараның бас сүйегін бөлмей, лақтырып тастамай, ағаш басында әспеттеп сақтаудың мәнісі де сол. Ендеше, «нағыз мінезді» деп кешегі жалғанға жымиып қараған Жұмекендерді, аузынан екі ауыз сөздің шығуы қиын Тәкен Әлімқұловтарды айтар болар.
Күрестің түрі көп. Біреу айғай-шумен күрессе, біреу үнсіз, іштей күреседі. Үнсіздік те - күрес. Кім қалай күрессе де, кешегі кер қоғам қайғысы мен мұңын жырына артып қойып үндемей жүрген Жұмекеннің де, ашынғанда адуын мінез көрсетіп, арқаланып шыға келер Мұқағалидың да маңдайынан сипаған жоқ.
Бүгінде қоғам өзгерген. Талай-талай бұрынғы ұғым-түсініктер 180 градусқа өзгеріп шыға келді. Бұрын тоғышар тірлік болып көрінетін нәрселер бүгінде іскерлікке айналған. Осындайда менің есіме Жұмекеннің «Шашлық сатушы» дейтін өлеңі түседі.
«...Бәрі ардақты еңбектің,
Қорлық емес ешбірі,
Бірақ осы жігіттің ұнамады кескіні:
он бес жылдай оқыған азаматтың сиқы осы,
мұндайларды, қызығы, шашлық қып үйтесің!
Қаражаты халықтың,
ұстаздардың жүйкесі...
...Сымға тізіп сан-етті қары ұйыған қалтырап,
құлқын құлы,
мен сенің дипломыңды тартып ап,
БАМ-ға апарып салар ем!..» деп зығырданы қайнайды ақынның лирикалық кейіпкері КазГУ бітірген әккі жігіттің ақ халаттың астынан ромбасын көрсетіп қойып, қарнының қамын күйттеп кәуап пісіріп тұрғанын көргенде. Тоғышарлық дейтін әлеуметтік дерт көрсе, ащы тілмен атой салып шыға келетін ақынның бүгіндегі дипломды сандықтың түбіне атып ұрып, қара базарда «тәшкі» айдап жүрген жігіттерді көрмегені қандай жақсы болған дейсің. Не десек те, қоғамдағы өтірікке, аярлыққа, көлгірлікке, пысықайлыққа, арам өңештерге, әділетсіздікке қарсы аянбай қалам сілтеген ақынның азаматтық поэзиясы бүгін де, ертең де маңыздылығын жоймақ емес.
«Атақ деген немене?
Ақ жорға ма деп қалам,
әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған.
Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау:
Кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар.
Байлық деген немене?
сараңдық па деп қалам,
жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған.
Мен де болам демеші, екі көздің құны не:
екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне.
Бақыт деген немене?
сұлу қыз ба деп қалам,
әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған.
Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз:
шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз».
Міне, бүгінде атақ пен сыйлыққа, бақыт пен байлыққа таласқандарға деген ақынның нақты жауабы.
Баяғыда төрткүл дүниені тұралатқан төңкерістің басталған күні - 7 қарашаны бүкіл ел болып тойлайтынбыз. Осы дата - Қазақстан Әнұранының туған күні. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні дәл осы 7 қараша күні дүниеге келгенін білеміз бе? Сол кезде, бұдан жарты ғасыр бұрын Кеңес өкіметінің тыңды игеру туралы шешімі жаңа шыққан кез екен. Күнтізбедегі қызыл күн болғандықтан, Шәмші мен Жұмекен 7 қараша күні әскери парад болып жатқан алаңда кездесіп, қалайда халықтың рухын көтеретін ән жазуымыз керек деген шешімге табан тірейді. Сөйтіп, мерекеге қарамастан, ақын мен композитор алаңды тастап, үйге ән жазуға оралады. Бірнеше сағаттан соң бүгінде Гимнге айналған «Менің Қазақстаным» әні дүниеге келеді. Енді, міне, ақынның осы аттас кітабы шығып, ол мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
«Менің Қазақстаным» - құр айғай, жалаң пафостан тұратын өлеңдер жиынтығы емес, бұл кітап - егемен елдіктің туын көтерген, тәуелсіздік рухын тұтатқан тұтас бір дәуірдің үні. Бәрінен бұрын бүгінгі уақыттың бүлкілдеп тұрған тамырын тап басып, бір қолдың саусағындай үндесіп, жымдасып жатқан шоқтықты дүние. Дәл Жұмекендей туған топырағын жеріне жеткізіп, тебірене жырлаған ақын кемде-кем. Сондықтан да мемлекеттік сыйлық алуға бірден-бір лайық кітап - осы. «Ештен кеш жақсы» деген. Әлдеқашан халықтан өз бағасын алып қойған Жұмекен Нәжімеденов енді ресми түрде бағаланып жатса, оның өлі аруақ үшін түкке де қажеті жоқ, ол - бүгінгі тірілер үшін, ақынның өзі іштей армандаумен болған әділдіктің ақ туының желбіреп тұруы үшін қажет.