ХХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ әдебиетінің адуынды, ағысты дариясының суы кенересінен асып, тасыды. Әсіресе, ақындардың ақ желкенді ағыстары айқын көзге шалынған. Біреуі басын таудан алған тентек, екіншісі тұмасының тұнығына шөлің қанбайтын кәусар, үшіншісі сылқ-сылқ күліп, даланың төсін тепкілеген ерке бұлақ сияқты еді.
Қошалақтың құмынан шыққан қоңыр әуен де көп ұзамай құлаққа шалынды. Жұмекеннің өлеңдері әу бастан-ақ табиғилығымен, сыршылдығымен, көркемдігімен баурады. "Балауса" (1961), "Сыбызғы сыры" (1962), "Өз көзіммен" (1964), "Жоқ, ұмытуға болмайды!" (1965), "Жарық пен жылу" (1966), "Күй кітабы" (1967), "Мезгіл әуендері" (1968), "Весенние ветры" (1969), "Ұлым, саған айтам" (1970), "Қызғалдақ туралы баллада" (1971), "Мен туған күн" (1972), – айналасы 11 жылда 11 жыр жинағын (оның соңғысы таңдамалы) беріпті. Бұдан соң күтпеген бұрылыс жасап, едел-жедел оқырмандарына үш роман ұсынды: “Ақ шағыл”, “Кішкентай”, “Даңқ пен дақпырт”. Жұрт “Жұмекен поэзиядан прозаға ауысыпты” деп пікір түйе бастағанда, ол болжалды жоққа шығарып, араға 7 жыл салып, “Жеті бояу” (1979) өлеңдер жинағы жарық көрді. “Жеті бояу” – Ж. Нәжімеденовтің өзінің қайталанбайтын қолтаңбасы барын дәлелдеген, қазақ поэзиясының көгіне кемпірқосақ секілді керілген, көзге де, көңілге де ыстық туынды.
2001 жылы “Ана тілі” баспасынан “Отырар кітапханасы” сериясымен жарық көрген “Мен-тамырмын” атты дастандар кітабы тағы да көп-көп ойларға жетелейді екен. Ең алдымен, кітаптың құрылымы – 14 дастанның басын қосып, біріктіріп, тұтас дүние ретінде оқырманға ұсынылуы ұтымды болған. Бұл дастандардың бірқатары бұрын ақынның жекелеген жыр жинақтарында жарық көрсе де, бірнешеуі оқырмандарына алғаш рет ұсынылып отыр. Яғни, Жұмекен ақынның дастандары туралы егжей-тегжейлі ой-пікір қорытуға, бас-аяғын жинақтап сараптауға, тұтас дастандар кітабына баға беруге мүмкіндік туыпты.
Кітаптағы “Бұл жолы ол шынын айтты” (1961), “Менің әкем” (1962) дастандарына алдымен назар аудардық. Себебі, бұл екі дүние де Ж. Нәжімеденовтің бұған дейінгі жыр жинақтарына енбеген және көлемді туынды жазудағы алғашқы ізденістерінен хабар беретіндігімен қызықтырады.
Жұмекен ақынның әу бастан-ақ “қорланғандар мен қор болғандардың” мұң-зарына құлақ асып, жүрегіне ауыр жүк артқанына куә - “Бұл жолы ол шынын айтты” дастаны. Кейіпкері – “халық жауының” баласы болғандығы үшін тағдыр тәлкегіне түсіп, 10 жыл түрменің түнегінде отырып шыққан жан. Ақын мен кейіпкерінің он жылды араға салып барып кездесуі негізінен кейіпкердің монологына (бірінші, екінші, … бесінші әңгіме) құрылған. Кейіпкер бұрын әкесі “халық жауы” болып сотталғанын жолдастарынан жасырса да, енді өзі “халық жауының баласы” болғаны үшін түрме азабын тартқаннан кейін досына ағыл-тегіл сыр ақтарады. Кейіпкерінің “қазір жаз боп жарқыраса, қазір қыс боп бұзылардай” көңіл күйінің пернелерін дөп баса отырып, ақын әділетсіз қоғамға, заманға, жүйеге қарсылығын білдірген. Дастанның идеясы арқалаған ауыр салмақ – адам тағдырының оп-оңай ойыншыққа айналып, сергелдеңге түсіп, күйреуіне кім жауапты дейтін өткір сауалды қабырғадан қоюымен арта түскен.
“Менің әкем” дастаны да шерлі күйдің сарынына толы. Біздің әкеміз кім? Кешегі қой баққан қазақ. Адал қазақ. Аңқау қазақ. “Көрінді үңірейіп түнгі дала, Есіктен кіргенінде қойшы бала”. Қайғыны да, қуанышты да қолына таяқ ұстап жүріп қарсы алған, қайран әкелеріміз.
Сонау отыз жетіде ше?
Еріндер, кезеріп кеп ұрттаған мұң,
Шегінді, дәмін сезіп жұрт тағамның.
Қасірет! Қаталдық пен сенімсіздік
Қолына мылтық болды мұртты адамның.
Сайларда қабат-қабат тұман қалып,
Төңірек сол тұманға тұр алданып.
Адамға адам сенбей,
Күндер өтті
Екі көз бір-бірінен күмәнданып.
Өтті сол ұятты күн, қателі күн,
Өсірген өз жеріне жат егінін.
Сол жылғы календардың қанды қолы,
Көрсетті талай ұлға әке өлігін…
Содан соң “Қырылмай қалған қазақ қой бағам деп, Сол жылдар өліп кетті ойланам деп”. Бұл қасірет пе – қасірет.
Сонау қырық бірде ше?
Кенеттен атылды оқтар;
жар маңдайын
Ұстады. Құлап жатты жанған қайың.
Дүркірей ұшты әлемнен бар тыныштық
Бұтаға паналаған торғайдайын.
Батыстың батпағында қаны кілкіп,
Жер жатты қанды жасын алып, іркіп.
Жау оғы жаралаған әр бұтаны,
Байлады ол бақыты мен жанын жыртып.
Бұл қайғы ма – қайғы.
Қысқасы, сенің әкең, менің әкем шекпеген азап, көрмеген бейнет, тартпаған қасірет жоқ екен. Енді бүгін қарасақ: “Қазекең біраз жерге келіп қапты-ау, Мұхиттың “Айдайына” салып жүріп”.
“… Тұманбай, Сағи, Қадыр мен Жұмекендер бастаған лекті әдебиетімізге ешкім де бәйгеге салғалы баптап, баулап әкелген жоқ, - депті Мұқағали Мақатаев. – Олар аяқталмаған, аяқталмайтын қазақ дастанының заңды жалғастары. Олар естері кірер-кірместен ел таныған, балалықтың бал дәурені орнына шаруаның бейнетін тартқан, бесік жырының орнына анасының зарын ұққан, ертегінің орнына елі үшін құрбан болған әкелері мен ағаларының ерліктері жөнінде әңгіме тыңдап өскен, көздерінде жас, көңілдерінде мұң бар саналы ақындар… Олар қазақ жырына сол қалпымен сонысын айтқалы келген-ді”.
Сонау жылдар еді бұл…
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің іштен ілген есігін.
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кәрі аспанның қабағын.
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп…
Міне, осылайша Жұмекеннің алғашқы дастандарындағы шерлі әуендердің шертер сыры осы ерте есеюдің салдарынан өз басының мұңына сабақтас өзгелердің қамкөңіл тірлігіне құлақ тоса білуге, басқалардың басындағы халді түсіне қабылдауға және соны жаны ауыра көркем баяндауға ұласқан.
Балалық шағының бал күндерін сұрапыл соғыс жалмаған ұрпақтың өкілі ретінде Жұмекеннің бұл тақырыпқа мойын бұрмай өтуі мүмкін емес еді. Бірақ, алапат майданды бастан өткеріп келгендердің өздері “тілмен айтып жеткізе алмайтын” соғыс тақсіретін, қасіретін, ойранын өлеңмен өрнектеу оңай болып па! Ж. Нәжімеденовтің бұл тақырыпқа айналып соғып бірнеше поэма арнауының астарында бала жүректі сығымдап, жаншып, шорға айналған шемен-шердің өксік күйін ұрпаққа аманаттап кету ниеті жатса керек. Бұл дастандарда өлім сеуіп ысқырған снаряд дауысы, дәл жаныңа келіп жарылған бомба үні, жаралылардың жантәсілім ыңырсығаны баяндалмайды, тіпті, кереғар, тыныштықта соның бәрі көз алдыңа келіп, құлағыңда сарнап, санаңа ине шаншиды.
Бұл орайда Әбіш Кекілбаевтың мына пікіріне ден қойсақ: … “Келін”, “Көзсіз батыр”, “Қанды сүт”, “Соңғы махаббат” атты төрт поэмаға өзек болған төрт оқиға, төрт тағдырды қайсымыз көріп, қайсымыз бастан кешірмеп едік?! Бірақ сол гәптарға қайсымыз Жұмекендей тебіреніп, қайсымыз Жұмекендей қапысыз қаныға алыппыз?! Адамзат болмысының соғыстай шеннен шыққан трагедиялық астарын мұншалықты терең жеткізген кемел туындылар біздің әдебиетімізде кем де кем. Бұл поэмалар – Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық тегеурінін әбден танытқан шығармалар. Ол соғыс тәрізді алапаттың зардабы мен заңсыздығын айту үшін кеңірдекке артық салмақ салып, қаламына баттастыра бояу жағып, күшейем деп күшеніп жатпайды. Соғыстан қалған төрт беріштің бүгінгі сыздағаны мен сырқырағанын ашар төрт гәпті мөлдіретіп жеткізеді. Төртеуіндегі де құдірет - өмірдің өзіндегідей дәлдік. Төртеуіндегі де құдірет - өзегіңді ойып түсер ащы шындық…” (Ж.Нәжімеденов. Темірқазық. Өлеңдер мен поэмалар. “Жазушы”, 1982.)
Ал енді осы төртеуінен де өзгеше түйін түйетін, өмірдегі шындықты өлеңге боямасыз көшірумен ғана шектелмей, ерлік пен елдік, батырлық пен отаншылдық тамыры қайда жатқанын толғап, философиялық пайымдаулар жасайтын дастаны – “Қыран қия”. Негізгі идея Бауыржан Момышұлының “Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық” деген қанатты сөзінен өрбиді. Намысты қайрайтын дастан. Ұлдарына Мұхтар деп, Сәбит деп, Бауыржан деп, қыздарына Күләш деп, Әлия деп, Мәншүк деп ат қоятын елдің ешуақытта намысы қалғымауға тиіс деп ой тастайды.
“Тек” деген сөз – киелі сөз, сөз асыл,
тегім десең – тұлпар болып озасың,
тегім десең – арқа болып қозасың,
“тек” деген сөз – қасиетті сөз асыл.
Тегім менің – топырағым деп біліп,
Күш көрсетсе жігіт – міне, тектілік!
Үзік-үзік ұғымдардан өң құрап,
шоқалдарға бөлу емес ол бірақ.
Туған жер деп аталатын сонша алып
түсінікті қорғау керек жан салып!
Ж. Нәжімеденовтің “Қыран қияға” жалғас жазылған “Ақ көгершін”, “Тамыр мен жапырақ”, “Жаңғырық”, “Ақ қайың” дастандарының бәріне ортақ бір арна, бір желі, бір арқау – авторлық ой-толғаныстардың, пікір-көзқарастардың шымыр-шымыр қайнап, шиыршық атып тулап, іштей өртеп, буып, кеміріп, жүрек-жұлын-жүйке тамырларды кернеп, ақыры сананы сілкілеп оятып барып дамылдайтын қасиетінде:
Жапырақ кетті үп еткен жел алдында –
сұлулық жоқ,
мағына ғана бар мұнда:
тамыр қалды орнында,
халық қалды орнында.
Ұшты талай тақ пен таждар ақымақ,
Сарай да ұшты қабырғасы қақырап,
Диогеннің бөшкесі – сол орнында,
Аяз-бидің тұмағы – сол орнында.
Ал тамырлар – топырақтың астында
шулап жатыр ұқсап ұлы тасқынға.
Әттең, үні жетпейді
Саққұлаққа, кереңге:
себебі – тым тереңде…
«Сақалдарына ақ кіргенше поэзияны сәбидің санамағы көретін жәй сөзқұмарларға Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін оқымаса да болады. Оның жыры әдеби мәдениеті өте жоғары, түсініктері терең, ұғымпаз оқырмандарға арналған» депті осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қадыр Мырзалиев («Сөз сиқыры», Жыр туралы кітап, «Жазушы», 1982). Бұл сөздің де ақиқатын уақыт дәлелдеуде.
«Жұмекен – түсініксіз ақын» деп міңгірлеп, «Жұмекен – жұмбақ ақын» деп күмбірлеп оқырмандары әлі күнге дейін айтысумен келе жатса, онда ақиқат – жалғыз: Жұмекенді біз әлі ұғып, танып, түсініп болған жоқпыз. Ол – табиғаттың өзіндей күрделі жаратылыс. Ол – тағдырлы ақын. Ол – интеллектуал ақын.
Дастандар кітабындағы өркешті туындының бірі – “Алдар Көсе немесе диалогтар” деп аталады. Бұл тек Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығындағы шын озық туынды ғана емес, қазақ поэзиясындағы айрықша көзге шалынатын ақ сәукелелі шың десек, артық айтпаймыз. Дастанның тақырыбы тың, мазмұны соны, композициялық құрылымы күрделі. О дүниелік болып кеткен Алдар Көсенің о жақта да қуғын көріп, жаза көріп, “сотталып”, бұ дүниеге қайта жіберілуі - тірілуінен бастап, біздің шым-шытырық түс секілді тіршілігімізден шошынып, ақыры жерде де жоқ, көкте де жоқ, аңыз болып ауаға сіңіп кетуімен аяқталатын дастанның өн бойы - өзекжарды философиялық ойлармен өрілген. Бұл – ит тіршілік туралы толғаныс. Бұл ғұмыр кешудің мәні. Бұл - өкінішпен өтетін өмір туралы жан азасы. Қалай десек, “Алдар Көсе” – шебер аудармашысы табылса, әлем әдебиетіндегі жауһар туындылармен иық теңестіріп тұрар шығарма екені анық. Өйткені, бұл – шедевр!
("Егемен Қазақстан", 2002 жылғы 23 қараша)