Атадан алтау тусақ та Аллаға дара пендеміз ғой, ата! Мына фәни-жалғанда жер басқан пенденің бір-біріне әкелі-балалы, ағалы-інілі болып бауыр басатыны бар. Тек Жаратқан Иеміздің оларды бір-бірінен бірде тым ерте, бірде асықпай ажырататынына не дерсіз. Солардың алғашқысының санатына біз де жазылыппыз, ата. Тағдырдың пешенемізге бұйыртқаны сол болар, Сізге де, маған да әке мейірін терең сезінуге мұрсат берілмепті. Ес біліп, етек-жеңімізді жинар шаққа жеткізбей-ақ асқар тауымыздан ажырап қалыппыз...
Мен Сізді де көргенім жоқ. Дидарласып, амандасуға, әңгімеңізді мейірім қанып бір естуге аманат болмапты. Бірақ Сіздің перзентіңізбен Тәңірі тарту еткен төрт қабырғада тіршіліктің тәттісі мен ащысын, ыстығы мен суығын бірге бөлісу жазылыпты маңдайға. Тәубе еттім.
«Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп отырып, қазекемнің «күйеу - дұшпан» деген қағидасын қыстыратыны тағы бар. Қай заманда қай қаймананың айтқанын кім білсін. Басқаны қайдам, өз басым осыған келіскім жоқ. Неге дейсіз бе? (Сіз де бір руға күйеу болдыңыз ғой) Өйткені өтірік (фәни) өмірдің өкпелеткен сәтінде (бұл сәт аз дейсіз бе) өміршең өлеңдеріңіз арқылы өзіңздің рухыңызбен сырласқандай боламын.
Бар болсаңыз «балам» деп, мен де «ата» деп аптықпас-ақ едім....Қарашаның қара суығында тәніңізді топыраққа беріп, бәрзаһ әлеміне бағыт алған күніңіз жақындағанда (22 қараша 1983 жыл) бір балаңыз ретінде Сізбен тағы да сырлассам дедім...
Өзіңіз туралы талай дүние жазғым келген. Кезінде... Тек соның қай-қайсысына да Сізді сыйғыза алмай пұшайман болдым. Орбитаңыз тым-тым... биікте ғой. Бұл шеңберден Сізді таба алмадым.
Сіз туралы жұрттың көбі «Жұмекен – жұмбақ ақын еді» дейді. Әлі де «дей» беретін түрі бар. Иә, шын мәнінде Сіз – жұмбақсыз. Себебі, нағыз дарынның шығармашылық ғұмыры (бұл нағыз ғұмыр ғой) – мәңгілік жұмбақ ғұмыр. Бірақ біздің жұмбақтап жүргеніміз не? Сізді әлі күнге жұмбақ қылған не құдірет осы?
Түсінгенім, білімі жеткеннің білігі жетпей, білігі бардың білімі жетпей жұмбақ қылады, Сізді. Өлеңіңізге өре жетпеген соң «жұмбақ ақын» дей салу ең оңай (бәлкім тиімді) тәсілге айналғалы қашан.
Бұл дерттен (дерт демеске амал бар ма) әзір құтылар амал таба алмадым. Егер шынымен жұмбақ десек – ол не жұмбақ? Сөз бе, ой ма? Сөз дейін десем – сүлейлерден қалған сөздің сарқытын ішкен сары қазаққа ұғынықты, түсінікті етіп бердіңіз емес пе? Бәлкім ой болар? Иә, иә... ой ғой... Құнанбай баласы Абай: «мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен... Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді...» деп қалай дәл айтқан десеңші. Әулие ғой. Тобықтыдан торыққан Ибраһимнің қазаққа берген осы теңеуінен қанша алыстадық, ол жағы бір Аллаға аян. Ал жер басқан пенденің көзқарасымен қарасам, күннен-күнге Абай жарықтықтың осы бір пікіріне жақындай түскендейміз бе, қалай? Болмаса бұл қазақта ойлы сөзді ұғынар ұл тумады дейсіз бе?
Әлде алашаның баласының алты алашқа жұмбақ болып қала бергеніне «қажеттілік» бар ма? Не керек, бұл жұртқа Жұмекен сол баяғы «жұмбақ ақын». Хатқа басылған мөрдей мір пікір... Кір пікір... қайта «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деген Абай жарықтық Сізге қарағанда әлдеқайда бақыттырақ-ау. Оның ойлы сөзін сіңіре алмаған ХІХ ғасырдың жамағатын бүгінгінің білімін де, ілімін де игердік деп жүрген қазақпен қалай қатар қоярсыз? Бірақ компьютер басқан бұл қазақтың қой баққан сол қазақтан несі артық? Сол баяғы ойлы сөзді оралып өтіп, желдірме сөзге желігіп жүруге жақын ғәдетімізден еншісін алған екі ғасыр да (Абайдан өзіңізге дейін) ештеңе өзгерте алмапты-ау. Өзгерер түрі де көрінбейді. Ойлы сөзіңізді ұғынар жүректе жігер, қайраттың болмағаны да. Не Абай дана айтқандай «білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан» ескермегені болар. Болмаса боқ дүниені (кешірерсіз) тәрк етіп, бақилыққа бет бұрған шағыңыздан бері «жұмбағыңыздың» шешуін таптырмай келген не құдірет? Сауал көп, сарап аз. «Жұмекен – жырдың өмірі, мәңгілік ғұмыры енді басталды, өз оқырманын енді табады» деп бастаңғы айтылғалы да қай уақыт. Әдебиет майданына қатар түскен қаламдастарыңыздың да қалам сиясы Сіз туралы сыр ағытуға (бірді-екілі болмаса) сыпайылап айтқанда сарқылып қалғандай ма білмедім, ата (себебін Сізге кейін өздері түсіндірер).
Ар мен абырой инфляцияға ұшырап ұшынған қоғамда Сіздің әзірше (мүмкін мәңгілік) жұмбақ бола тұрғаныңыз қажет болып тұр-ау. Сол жұмбақ шешілген сәтте не болар екен осы? Тірі болса Абайды да алдына салмас «абыройлылар» адырам қалар ма екен? Тірлігіңде татқызбаған қызықты өлгеніңде де қызғанып қызыл иттей болғандардың беті қызарар ма екен? Жеті өлеңіңді оқымай «Жұмекен – жұмбақ қой» деп желпінетіндер ендігі жемтігіне кімді іздер екен?
Иә, ата, бәрінің де жауабы берілер. Мәшһар күніндегідей таразыға тартылар сәт болар. Алла – бәріне Төреші.
Бұл қоғам үшін шен-шекпенің мен атақ-абыройың ғана авторитетке айналғалы қашан. Азаматтығың мен ақындығыңның құны алдыңғысы болмаса көк тиын. Өзегіңді өртеп туған өлеңің өмірем қаппас үшін атағың қажет. Алып та жығар, шалып та жығар шамасы барлар бұ күні өзіңіз пір тұтқан Қасымды да қара жаяу қалдыруға арланбайды. Қасымды айтасыз, Құнанбай баласы Абайды да атынан түсірер-ау. Екеуінің сый-сияпаты бар бәйгеге түссе мұрттай ұшарына (әйтеуір, бас бәйгені бермесі анық) мен кепіл. Сондықтан Сабырдың баласы санаға сіңер сара сөз айтып еді деп сансырап кетсін бе, «жұмбақ ақын еді» деп жұмарлап қояды да.
Бізде, тірілер қоғамында рухани иммунитет тапшы. Тым тапшы. Күні-түні қу кеңірдектің күйін күйттегендіктен сарайымыз мүгедек, мүсәпір. Ақшасы бар алпауыт Абайды, қалтасы қалың қазақ Қасымды қайтсін.
Дана Абайдың:
Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, -
демеске амалы қалды дейсіз бе? Жарықтықтың «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң - өзің ғана тілейсің» дегені осы да. Қайран Қасымның да:
Дүниеде досты көп көрдім,
Бәріне сендім бөбекше,
Жанымнан алып от бердім,
Болса да бір өлексе.
Дариға қайда шын досым,
Бар ма,сірә,өмірде.
Өлеңнен басқа кім болсын,
Қалдырмас кіршік көңілде,-
деп таусылғаны осындайдан болар.
Сіздің кешегі тілектестеріңіздің де харакетсіз сопыдай монтаны бола қалғаны несі екен. Том-том кітаптарын шығарып, тоқ тіленшідей тыныш ұйықтап жататыны қалай. Көңілге ой, тілге сөз түспей кібіртіктейтін кезім осы тұс.
Аптығымды басайын. Әлдебіреуді кінәлағым жоқ. Өзекті өртеген өкініштің өксігі ғой. Құтты бір Жұмекен-жыр жер бетінде болмағандай алаңсыз, марғау. Мына жалғанда жұмыр басты пендеге пәндәуи тірлікті таразылап, ой айтқан Ақын мүлдем өмір сүрмеген де тәрізді. Әке, Сіз (әке дей берсем айыпқа бұйырмассыз)
- Жалқы досым, келсе мені шын ұққың:
Менің дағы көп мінім бар, жаным бар.
Көкірегімнен көре қалсаң бір ұшқын
Үрлеңдер де маздатыңдар, жағыңдар.
Бұл күйбеңмен өтер екен жыл қанша,
Ұшамын деп ойламаймын желіңе,
Ал, егерде кеудем толы күл болса
Сол күлдей ғып өшіріңдер мені де.
Мен өзімді байлай алам қатерге,
Сол қатерді жеңемін де ендеше.
Бар айтарым: арзан атақ әперме,
Өзің де арзан, досым, болғың келмесе, -
деген екенсіз бірде. Мүмкін, мәйекті сөзіңіздің мәуесінде арзандап, аласарып қалмаудың қамын жасағандардың «қамағында» қалдыңыз ба? Төрелігін Алладан сұрап едім, жұмыр басты пенделердің жұмбақ қыларын білгендей билігін:
Қара жіптер тұзақ болсам екен деп,
Қара жолдар ұзақ болсам екен деп,
тыртыспаған сияқты.
Асқар таулар биік болсам екен деп,
айдын көлдер тұйық болсам екен деп.
қырқыспаған сияқты.
...Біз де достым, білсек еді ұятты, -
деп өзіңіз-ақ беріп кеткен екенсіз. Ұяттың қат заманында қара жіптің тұзаққа, қара жолдың ұзаққа созыларын жүрегіңіз сонда-ақ сезген екен-ау, көнген екен-ау. Сезбезе, көнбесе:
Думан, думан дегенің – ас боп шықса амал не,
досым, досым дегенің – қас боп шықса амал не,
асыл, асыл дегенің – тас боп шықса амал не.
Бәріне де көнесің, амалың не, жақсылар,
Көнсең мұның бәріне – көнбейтінің жоқ шығар?! –
дер ме едіңіз?
Иә, әке, мына жалған сол өзіңіз айтқаннан өзгерген жоқ. Өзгерер түрі де жоқ. Өзімшілдіктен өңешімізден өткенді өзегімізге түсіріп, мәз-мейрамбыз. Тәңірі Ием пенделерін кеңірдектен өтер арқау-асынан тарылта қойған жоқ. Шүкір. Тек Абай айтқандай «ақылға сәуле қонбай тұр». Терең ойды тәбәрік еткісі келген тірі пендені саусақпен санап аласыз. Бұл жұртқа әлі күнге Сіз қалдырған ойлы сөзден гөрі қымызға тойып қызара бөртіп отырар ойнақы өлең керек. Дүние – драманы терең сезінген ыстық жүрек, интуицияңызды ит өлген жерге итеріп қойып, тағы да «ит тірлікпен» жалғасып жатқан өмір ғой. Бұл тәтті тірлік таусылмайтындай, түгесілмейтіндей қамсыз көңіл. Құнанбай баласының:
Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, сонда ойлан.
Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ, -
деген өсиетін қай қазақ қаперіне алып жүр дейсіз.
Ғұмырлы өлең жазған ғұмырыңыз неге тым келте болды екен деп ойлаймын кейде. Әлде мына тоғышар тіршіліктің қарынның қамын күйттеген көлгірлігінен көңіліңіз қалды ма? Өзіңіз айтқан «кейбір арам өңештерден де адал нанның өтетіні» өзекке өрт боп түсті ме, тым ерте асығыпсыз. Алланың құзырындағы дүние болса да, құшаққа сыймас кең дүниені талақ қылдырған, асықтырған, әділетті әккілікке, адалдықты қараулыққа қолжаулық қылған қоғам ба? Әлде... білмедім...
Нағыз дарынды өлтірудің бір-ақ жолы бар дейді білетіндер. Ол – қаламгердің жазған дүниесі туралы пікір айтпай, тым-тырыс жатып алу. Дарынсыздардың догмасы. Тоғышар – тайыздардың «терең» тактикасы, көрсоқырлардың кеңірдегіңнен алмай-ақ көр қаза бастауы осыған негізделген. Сондықтан болар, жүрегіңізді жаралап, жалған дүниеде жаныңа тыныштық бермеген ез надандардың намыссыздығының бет пердесін:
Тал-түстікке шықты шырқап Ай үздік,
Сен, сен болсаң көзіңмен тұр тайғанап,
көкжиектен жүрсің әлі Ай қарап,
ей, бейшара тайыздық!
Қарға құсап түрткілейсің қоқырды, -
шикіл сары балапаннан сескеніп,
көрмей жүрсің:
қыран қашан өскелі,
ей, сормаңдай соқырлық!
Жоқтық жаншып тастаған-ау санаңды,
тайраң қақтың тары тапсаң жарты қап.
көз алдыңда тау-қырман тұр жарқырап,
уайхай, шіркін надандық! –
деп өзіңіз-ақ сыпырып ашыпсыз. Ашпасыңызға амал қалдырды ма?! Сол «бейшара тайыздар» мен «сормаңдай соқырлық» Сізді әлі де жұмбақтап уысында ұстағысы келеді. Содан болар:
Жырым жоқ, мен айтқандай, ми қатырар,
табиғат жыр сый етсе сыйға тұрам
Кей мезгіл жүнжіп кетсем езді көріп,
бір көріп қайраттыға ширатылам.
Көңілімде көрікті үннің «зираты» бар,
Шерткізсең домбыра әкеп күй – қатырам.
Мен тұрсам шындық болып сөзге тұрам,
Мен тұрсам пікір болып миға тұрам.
Ән – жырдың қоймасы едім игі аты бар,
Ой – дәрі, ұшқын – ыза тиді – атылар.
Қамал ем, жеңер болсаң – қайратпен жең,
Қамал ем, алар болсаң – қиратып ал, -
деп өз-өзіңізді қайрапсыз.
Тіріңде алысқан сол әділетсіздіктің әмірі әлі де жүріп тұр. Көрсоқырлықтың көгені, қызғаныштың қақпаны Сіз бардағыдан да мықты, тегеурінді. Бағы да, бабы да келісіп, жалған дүниені жалпағынан басып жүріп жатыр. Оларға қырда туып, иісі қазаққа кемеңгерлігімен танылған Құнанбайдың баласы (Абайды айтам) кім, ақ шағылда Алашаны ұйытқан Нәжімеденнің немересі кім (Сізді айтам) – бәрі бір. Сормаңдай соқырлығыңыздың қағанасы қарқ, сағанасы сарқ. Ащы да болса ақиқаты – осы. Жан дүниесін бір таразылап тазартуға тайыздығы – тұсау, соқыр-сезімі – салдар.
Сірә, сәруәр сөзді селдіретпей, сарабдал ойға саралатқыңыз келген секілді. Самарқау санаға салқындатпай, жырларыңды жалқы болса да жан жылуы бар жандарға арнапсыз. Қаперсізге қор қылмай:
Жоқ асылдар, тып-тыныш жата берші,
қорғасындар, тып-тыныш жата берші,
Қара жердің қалтасын тінтіп бір күн
Кенші тауып алғанша, жата берші.
Белгісіз ой, жүректе жүре тұршы,
бедерлі өлең, қойнымда жүре тұршы.
Менің дағы шаңымды қағып мезгіл,
іздеп тауып алғанша бір оқушы, -
деп бекзаттық танытыпсыз, әке.
Мына жалғанда жан сырыңызды түсінер түйсік, сезінер сезім таба алмай тығырыққа тірелгеніңізді аңғардым. Адамзатқа ақтара алмаған мұң-шеріңді бір сәт қайыңмен бөлісіпсіз. Ақ қайыңмен адамша сырласыпсыз. Пендешіліктен ада арда ағашқа армансыз ақтарылыпсыз. Жапандағы жалғыз қайыңның мұңын да:
Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
Мен бір саған жаңа ұйқас дайындайын.
Басқа жақсылығым жоқ,
Қайғырайын,
Жалғыз тұр деп ақ қайың уайымдайын,
Одан саған не пайда,
Қайың, қайың,
Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып
тас қабақта тұл – жалғыз тұрсың нағып?
Жағдайыңды, жел айтты, нашар деп тұр,
Жапырағыңды тағы да шамам деп тұр.
Тоғай атты халқыңнан қалай бездің,
Орман деген еліңнен қашан кеттің?
Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір
балта болды ма еліңді керемет бір?
Әлде қуып шығарып тас қабаққа,
Ниет етті ме ел итеріп тастамаққа.
Түпсіз сайға тік жардан, құламадан
Болды ма ісің көпке әлде ұнамаған?- деп өз мұңыңыздай сезініпсіз.
Жалғыз қайың жаныңды түсінген болар, әке! Жаны жоқ демесең (бар ғой) жаныңа жалау, жүрегіңе жұбаныш болмаған жора-жолдастан жақын болған болар-ау. Тілі жоқ демесең (бар ғой) тірлігіңде алыстап адыра қалғандарға қарағанда тіреніш болған болар-ау. Бірақ сол әділетсіздік әмірі Сізге ғана емес, даладағы дараққа да даңғыл жол бермепті. Оған сол өзіңізбен тілдескен қайыңның қайғысы куә:
Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,
Жапырағымды күз ғана шашып төккен.
Қиып түссе - арман не,
Қайзалағым
бір көк-топас балтадан қашып кеткем!
Жүрек топса – жас төгу дайын емі,
бұ тұрғаным – қайғы, рас, уайым еді.
Бәрінен де қауіпті ед өткір балта,
Өйткені оның сабы өзім – қайың еді.
Жоқ, көнбеске кеткем жоқ,
Көк – айыл да,
болған емен, жолым бар ағайынға,
Орман атты елімде – қайың атым,
топырағым, тамырым – тоғайымда!
Қайыңға шабылған өткір балта Сіздің де талай жыр жолыңызды тасада тоспап па еді. Жырыңды ғана емес, жаныңды жаһанамға жіберуге асық сол балталардың жүзі әлі де мұқала қойған жоқ, әке.
Дүрбелең дүниенің дүмбілез дүниеқоңыздарынан дегбірі кеткен дегдар Мұқағалидың :
Жапырақ жүрек жас қайың
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың бола бастаймын
Келісемісің жас қайың... –
деп мұң шаққаны да Сіз сырласқан осы қайың ғой.
Екеуіңіз де Адамзаттан таба алмаған адалдықты ақ қайыңнан тауыпсыздар. Сырласып, шер тарқатыпсыздар бір. Заты ағаш демесең арда емген ақындардың аманатын арқалапты ақ қайың.
Ол да көкшіл шыбық еді ең баста,
ырық берді ме ел шыбық - емен болмас
Емен болды ол,
еменді шыбық деген кім?
Шыбық дей ме шыбығына еменнің!
Әйтсе де емен кінәлі еді,
Расы:
емен болып жаралғаны – кінәсі.
Терең ойдың тамырын тал-бұтақтан емес, дамылсыз соққан дарынсыздар дауылына төтеп берер Еменнен алған екенсіз. Еңсеңізді басқан ездерге емеурін де танытпай, Емендей илікпепсіз.
Мықтылықтың топырағынан нәр алған Нар ағаштың, Қорқыттың қобызының күретамыры болған Зор ағаштың – абыройы асқақ. Бұған да дәлел өз өлеңіңіз, әке:
Әр маусымның өз дауылы, желі бар,
Жел мен дауыл мықтыларға жолығар.
Әлсіздердің кетеді, рас, өзі ұшып,
Жапырақтың ұшуы көп,
Жел ескенде азынап
емендердің құлайтыны – азырақ.
Түс көріпсіз. Түсіңізде Қошалақтың ақ шағылында асыр салып,мауқын басты ма десем, енсіз далада елегізи ентіккен екенсіз.Әзәзілдердің әлегі өңіңде емес, түсіңде де тыным таптырмай, жүрегіңе салмақ салыпты-ау. Әйтпесе:
Атқа мініп жүрем ылғи,
Қыстығып
Мінген атым кісінеп, не пысқырып,
Желіс салып, кейде өзімше жетісіп,
бір қабаққа шығып жүрем, не түсіп.
Түнде адасып Қошалақтың құмында ақ,
елегізимін, ән сап жүрем ыңылдап.
Әлденеден шошынады жан-дене,
Жөңкіп өріп жүрген сынды әлдене.
Судыратып, жыңғыл, қаңбақ, қияқты
бір қауым жын қоршайтұғын сияқты.
Көкжиекте жұлдыз күліп қулана
Сұмдық әзірлеп жатқандай су жаңа,
Бұта сайын тұзақ керіп, жіп іліп,
Әр көлеңке сайын біреу тығылып,
Алқынасып жүрген сынды талай жан
Немене екен әне біреу қарайған? –
деп қиналған түсіңізді қалай жорыттыңыз екен? Мен қалай жорысам екен?
Атам қазақтың қара сөздің қаймағын айырып, уызына жарығаны жер басқан пендеге аян ғой. Сүбелі сөзді сарқыттай сақтап, сартап болған сары сақадай Сіз бен бізге салмақтап кеткен аманаты тағы бар. Сол Сыпыралардан жеткен сөз сірнесін сіңіре алмай сілеміз қатып жүр-ау, әке. Сөздің суын сорғытып, мәйегін мәпелеген марғасқа ағаңыз, біздің де рухани әкеміз Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі» деп әдемі айтқаны бар еді. Әдебиеттің әдемі әрі тайып, ардың емес бардың ісіне айналып, барымталанып бара жатқанына күйінгені де...
Сіз де бей-жай қарай алмапсыз, әке. Өрген өлеңнің дәні қайсы, масағы қайсы - оқырманды ой елгезерінен ерінбей өткізуге шақырыпсыз:
Міне, масақ – дұрыс сынды түр-түсі,
Күміс сынды күлкісі:
Қауыз, қауыз!
Сылдыры бар, жоқ дәні,
О, құдайдың....
О, құдайдың соққаны!
Ал, сабақ сол ... сол баяғы бір сылдыр,
ал, бос қауыз – жүрегі жоқ көкірек,
Мықты екенсің, күрсіндір!
Құрт па, дерт пе – қағып алған дән басын?
Күлме достар, ей, күлмеңдер, күлмеңдер,
басып іздеп сипаласа ол жамбасын.
Жүрегі жоқ көкіректер, тыңдаңдар,
Тыңдай білсең бос сөзде де бір мән бар.
Бірақ құрғақ сыбдырымен кімді алдар
О басында қауыз болып туғандар?!
Қара сөздің қауызы әлі таусылған жоқ, әке, масағына малтығып мәре-сәреміз.
Мына жалғанды Жаратқан жаратқалы бері жақсылық пен жамандық, әділдік пен әбілдік арпалысып келе жатыр. Ақ қағаздың бетінде:
Ақ бор жазбайды екен де
Тақта қара болмаса
Жаза алмайды екен қара сия да
дәптер аппақ болмаса
Ақ кеудемде қара дақ боп ұялап,
Жеке адамдар жасағанмен қиянат,
Түсің сенің ақ-ау деймін, дүние,
Әйтпегенде болар еді сиям-ақ?!
деп, ойлы өлеңіңізді қалдырыпсыз.Бірақ бүгінде әбілеттің әрекеті Сіз көргендегіден де «көрнекті», Сіз білгендегіден де гөрі «байыпты».
Сыбдырлардан сыр алам деген үміттің үзілмеуі үшін де топырақтың тозаң баспас тазалығы, тамырынан жұлынбас тереңдігі керек. Сара ойдың тереңдігі топырақта тамырланатынын:
Айдың өзі жарқыратқан әлемді
топырақ екен күп-күлгін!
Топырақтың да моп-момын боп жатып ап,
күрсінгенін – жер сілкінді деп білдік.
Жанартаулар бірер мәрте жөткірді
содан пайда болды дейміз көп тірлік,
Мұны бірақ қайдан ұқсын жапырақ.
Ей, мақтанба,
асыл тастар, дауласпа,
топырақтан сен де осы
жаралғансың әу баста.
Дүниенің миы, бәлкім, топырақ, -
- деп тап басыпсыз.
Алла Тағала Адам Атамызды құмырадай сыңғырлаған құрғақ топырақтан жаратқалы бері де жаратылысы кемелденіп, кеңейе түсті-ау. Дегенмен, Алланың әміріне мойынсұнбай Малғұн атанған ібілістің Адам Атаның рухы үрленгенше үлгерген һарам тірлігі де топырақты ластауы еді ғой. Саф топырақта илене бастаған санамызға сол сайтанның зәрі сіңіп кеткелі қашан.
Күн қызыл да,
Жапырақтың көгі – айқын
Шындық, шындық,
Шындық қой бұл керемет.
Тек осындай шындық үшін не керек
Ми асырап,
Бас бағып,
Ойың – тамыр болмаса егер тас жарып
тереңірек тарайтын?!
Біз драма- тіршіліктің әртістеріміз, әке. Кейде Сіздің:
Тағы да, тағы да бір жыр бастайын,
тыңдашы, құрдас терек, сырлас қайың:
өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ,
өмір бар жүз драма бір бас сайын, -
деген жолдарыңыз ойға оралады.
Өмір – театр сахнасында қойылып жатқан сол драмаларда берілген рөлді әрқайсысымыз хал-қадірімізше ойнап келеміз. Бірақ сол драма – жалғанның композициясы күннен-күнге күрделеніп келеді. Дарынсыз «режиссерлар» өзіңе ғана тиесілі «рөлді» өзгеге ойнатқысы келеді. Басты рөлге лайықтылардың эпизодтарда ғана көрініп жүретіні сондықтан болар. Өмір бойы басқаның рөліне дубляж жасауға жегіліп Жер-Ананың құшағына енетін жан аз ба? Сол дарынсыз режиссерлардың өзі Жаратқанның Көркем шығармасында жазылған бір кейіпкер екенін сезінбейді ғой, әке.
Тірілердің өлілердің еншісіне таласатын күн туды ... Сірә, ертең бақилық болсам бар атақ-абыройымнан айрылам деп қауіптенетін болар.Тірісінде сыйлық алмаса қабірге барғанда сый-құрметтен құр қалам деп қауіп қылады да. Жалған дүниеден жинаған абырой-атағы азық болар деп ойлар бәлкім. Бір түйгенім, сол шіркінің (атақты айтам) әжептеуір азық болады екен, әке. Көзі кеткен соң елді жинап еске алдыратын, залды толтырып «заманының заңғары» дегізетін сөз бүгінде тіріңде алған темір-терсегіңе де тіреліп тұр. Сондықтан болар, қаламының қарымын көзі тірісінде байқаған байқампаздардың құнанның құнын даулағандай даурығысатын тұсы – осы кез .
Сіз осындай пәндәуи тірлікті тәрк етіпсіз, ата. Тәрк еткеніңіз емей немене, бұл уақытта бозала таңдағы бозторғайдың үнімен таласа тағы бір өлеңіңізге нүкте қойып жатсаңыз. Мұның себебін:
Жүрегіңде бір тамшы қан болса егер,
бар денеңді айналып ол жол шегер.
Мен де осынау тамшы қанға барабар,
туған жердің тұлабойын аралар.
Менің демім баяу ғана бір алған –
күрсіну мен сүйсінуден құралған,
Арман, арман алға бұрдым бетімді,
нені қусам – сүйем соған жетуді.
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке,
бүкіл дүние жүрек құсап тоқтап қалар секілді!
деп түсіндірсеңіз.
Жыр қазынаңыздың жағалауына тағы бір дамылдадым:
...Еске алуға жарамайды өткенім,
өткен күннен келер күнім көп менің.
Сол секілді ойларым да теп-тегін,
келмейді оны үнемдегім, ептегім.
Сондықтан да жиі жанам, сөнем мен,
жығыламын кейбір асау теңеуден.
Осынау бір олпы-солпы өлеңмен
өзімді-өзім түсіндіріп келем мен.
Бұл жолдар да Сізге ғана тән, Сізге ғана жарасар қарапайымдылық. Көз көргендер көңіліне тоқыса «Нәжімеденнен нәсіп болған тектілік» қой дер еді. Өзіңізді түсіндірген сол «олпы-солпы» өлеңіңізге өрелі ой айтқан, айта түссем деген Азамат бүгінде алаш баласында аздау болып тұр. «Теп-тегін ойларыңыздың» қасиетіне жете алдық деп кім айта алар?
Тірі пенде тірлігінде батар күнді батамен, атар таңды тәубемен қарсы алуға көп уақыт табар дейсіз бе. Сіз секілді:
Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді,
бірақ бәрі тірлік нұрын себеді.
қайнай-қайнай сірі болдым әйтеуір
ойлай-ойлай тірі болдым әйтеуір
Болды күнім ашу менен ыза алған,
қара бұлттың қабағынан қызарған
Бір күн мені қартайтты деп айта алам,
Бір күн мені сәби қылды қайтадан.
Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан
Бір күн оны қағып кетті қолымнан.
Бір күн маған құшақтатты қыр гүлін...
бәрін қоссаң – шықты менің тірлігім! –
деп, Алланың алдында өз-өзіне Есеп беріп отырған пенде көп емес- ау.
Фәни дүниеде күнәсіз пенде жоқ болар. Адамзаттың баласының Жаратқанның алдына алып барар жалғыз дүниесі – сауапты ісі мен күнәсі ғана. Тағала таразыға тартқан сәтте осы екеуінің алдыңғысының ауыр болуы аз күн тірліктегі ар-абыройымызға салмақ. Жер басқан пенденің Өзіңіз айтқандай:
Аяқ екеу,
Ақыл жалғыз,
қатем мың –
барлығын да өмірге өзім әкелдім, –
деп мойындай алуы қиын-ау. Сол мың сан қатенің бірі (бәлкім ең үлкені де осы болар) қазақтың Құнанбай баласының қадіріне жете алмауы.
Қазаққа Ырғызбайдың немересі ырыс болғалы екі ғасыр. Бірақ кірлеген жүрекке жөні түзу сөз де сеп бола алмайды екен, біз Абайды тани алмай келеміз, әке. Оқыдық, тоқи алмадық. Абайдың қазаққа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дейтін мақтан үшін айтылатын тұлғаға айналып кеткелі қашан. Бірақ, сол мақтан қазақ Ибраһимнің иманды өлеңінен мандытып не айта алар екен? Бір Алла куә.
Өзін Абайдан кейінгі (оңашада не дерін бір Алла білер) ақынмын деп ісініп-кеуіп жүргендерді де көз көрген... Бірақ:
Жігіт болдым
Анам байғұс соған мәз,
шақ болғанға киімдері әкемнің
Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің
бар мәнімді мазасыздық жеңгенін
Қайдан білсін бар екенін талай жыл
шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың, –
деген қағидаңызды қаперіне алмады деп кімге кінә қоймақпын, әке (ондай ойым да жоқ).
Бір өлеңіңізде:
Мен көлденең тұрар едім тас болсам,
Ауыздарға өсек-ғайбат түтеген.
Мен бір тамшы жас болсам,
Сұлулардың кірпігіне бітер ем.
Сия болсам сөйлемдердің соңына
Тамар едім нүкте боп...
Ал, егер де бас болсам
Ақымаққа қояр едім бітпей-ақ, –
депсіз. Сірә, айналаңыздағы ар-намыстан ада арсыздықтан шаршағаннан айтқан боларсыз-ау. Әттең, бұл тілегіңіз Құдайдың құзырындағы дүние ғой. Ақылдының ісін ажырату үшін де ақымақтарды жаратқан болар. Бір байғаным, бұл күнде бәлендей іс тындырып, басқаруға милы бастың қажеті шамалы. Өзіңіз айтқан «пластилин бастар» да жарап тұр. «Пластилин бастардың» басқаға шамасы келмесе де «өсек-ғайбат түтеген ауыздардың» отын одан әрі өршітуге құдіреті жетеді.Ең бастысы өзіңіз айтқандай :
Тағы қандай бас бар еді?
Әсте көп.
Бәрі бірақ заң-дәстүрге қас, демек,
Жұрттың бәріне ұнау үшін
Формасыз
Пластилин бас керек!
Ал, миы ше
Мәселе емес бұл шырақ,
Кімге керек балшық сынды былжырақ
«басыңда түк жоқ !»-демесе болғаны.
Егер оның қолына қалам берсе ше? Қаламгер үшін жазаның ауыры осы. Пластилин бастың пәлсафа ойға өресі қайдан жетсін? Болмаса:
Буын санап саусақ бүккен бір қырсық,
шыға келді тағы алдымнан білгірсіп.
Бір буының асып кетсе бір апта
дау соғады: жақпайды деп құлаққа
Бақсам оның құлағында екен таланты,
мен батыппын басқа ойға.
Құлақ деген – мықты талант, тегінде
Бірақ- Бас қайда! –
деген жан-айқайыңызды ақ қағаз түсінбесе кім түсінер дейсіз?!
Сынбапсыз. Сындыра алмапты. Қайта, төмен ысырсаң өрге өршелене із алатын ақ шағылдай Мағжаныңызға өсиет еткен өлеңіңізде өрелі ой айтыпсыз. Қазақтың баласының қағидасына айналар жолдарыңызды тағы бір оқиыншы:
Көп емес-ау саған артар міндетім,
ең оңайы: өзіңе өзің жүр жетіп.
Бір өлеңін жатқа оқысаң Абайдың
сол болады еліңе еткен құрметің.
Көп емес-ау саған артар міндетім,
ең қиыны: өз халқыңды біл жетік.
Жақсы білсең Құрекеңнің бір күйін
ол да сенің еліңе еткен құрметің.
Бізге, біздің қазақтың баласына жетпей жүрген қасиет осы ғой, әке! Бүгінгі бала - идеалынан айрылған ұрпақ. Алты ай оқытсаңыз да Алпамыс болам деп, қырық күн құлағына құйсаң да Қобыланды болам деп қаны қызатын қазақтың баласын шаммен іздеп табу қиын-ау қазір. Оның түсіне Абайдың орнына Арнольд, Құрманғазының орнына Куман кіретініне күмәнім аз.
Алла ақырын берсін...