Ақындық ауқымы алысты алған, жырдың біртума үздігі Нәжімеденов арпалыс дүние, аунақшыған тірлікті ой-сезім ағыны алабұлттардай жөңкіле көшіп, толассыз толғатып өлеңге көшірді.
Жұмекен ақынның жыр әлемі – қазақ өлеңінің ХХ ғасырдың қуаты мен нұры, салмағы мен сыры.
Ақын жүрегінен сығылып шыққан арыны бөлек өлең-ағыс қазақ поэзиясындағы қалыпты арналарды бұзып өтіп, бағытын өзгеше бетке салды.
Жұмекен Нәжімеденов қазақ поэзиясында мөлшерге сыймаған, алапат ой-ағымымен өнерге жаңа өлшем әкелген, жаңа түр енгізген сирек дарынның бірі болды.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлең құрылымы, поэзиясындағы жанрлық түрлер, тілдік қабат, сөз ұнасымы жайлы қазақ өлеңтану ғылымы айтар сөзін әлі айтқан жоқ.
Арзанға алданбаған адамшылық биігі, ұрпақ қамы мен ұлт талайын жоқтаған азаматтық мұраты, әлеуметтік үні айқын ақын жаратылыстың қазақ руханиятындағы қайраткерлік тұлғасын да тұтас танып, толық ашып болдық дей алмаймыз…
Ғасырларды көктей өтіп, үзілмей келе жатқан халқымыздың қанға біткен қасиеті, ғажайып үрдіс – ақындық ХХ ғасырда жаңа поэтикалық шектерді жаулады.
Белгілі бір дәуірдегі қазақ өлеңінің жаратылыс болмысын қалыптастырған дүлдүл дарынның бірі Жұмекен Нәжімеденов өлеңінде бірнеше, өзіне ғана тән өрнек, өзіндік тәсіл бар.
Жұмекен өлеңдерінде қайталаудың, ұйқастың, сөз айшықтау мен ырғақтың, суреттеудің, тұспалдау мен астастырудың, шендестірудің жаңа үлгілері мол.
...Қоңыр құман тәрізді күлде қалған баяғы,
Қоңырқай қарт тағы да бір қозғалып қояды...
Қоңыр ала бұлт көшер Жайыққа аунап қайтадан,
Қоңыр самал еседі іргелерден қайтадан.
Қоңыр домбыраға қарт бұрылады қайтадан.
Қоңыр үйрек құсайды шабақ ілген шайқала,
Не сол қоңыр құманша күлге қойған оты бар
Қария да көрпеге батыңқырап отырар...
(астын сызған біз – Қ.М.)
Осы жолдарда қимыл да, сурет те өзгеше бір айқындықпен, нақтылы ашылған. Мұндай, тілген таспадай айқын, тапқыр түскен тіршілік құбылыс- сәттері Жұмекен жырларында оралым сайын алдыңды кес-кестеп отырады. Үзінді өлеңдегі бір тармақтан бірнеше тармаққа ұласқан қайталаудың бастапқы қайталау мен аяққы қайталауды қатар алып отырып келтірілген үлгісі – қазақ поэзиясында кездеспейтін үлгі.
Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы жайлы қарапайым сөйлеу қиын. «Қатырып» сөйлеу, асырып сөйлеу тіптен мүмкін емес.
Өлеңді ұйқас таңдап, құнды сөз, құлпырған сөз іздеп қумайтын ақын болмайтын шығар. Бірақ «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан сөз» сөйлеткен ақын көп емес.
Астарында алапат өмір қайнаған асыл жырға жан қуатын аямай төккен Жұмекен жырдың әр сөзі – ана тілінің құнары, құны.
Жұмекен Нәжімеденов дүниеге кісілік, ірілік, тұнық тазалық, іңкәр сұлулық, жаратылыстың қиял жетпес тылсым күштері, адам пенденің астам көңілін таптап өтер тәкаппар заңдылықтары жайлы шаттанып, қуанып, толғанып, торығып, күйіп-жанып, қызынып-суынып жыр төгу үшін келіп кетті.
Шырылдатып торғайларды,
шымшықты
Шығыс жақтан күйіп-жанып
Күн шықты ...
...Қанша арғымақ мінсең-дағы
қаны ысты,
аспан – биік,
көкжиек тым алыс-ты.
Жұмекен өлеңдері – «үмітті арман етіп ашыту», «Бір қария жүзі шұбар – таскәрі», «Ойдың бойы өсе алмапты бір елі», «бидайлардың ақ мұрты селт-селт етіп жатты үркіп», «ай да жүзін жаниды қара қайрақ аспанға», «Дүңк-дүңк етіп қан-тамыр тепкілейді шекені», «қасіреттің қасқыры әлдеқайда жатты ұлып», «Бебеулейді беті ашылған домбыра», «Сала-сала саусақтары шамдардың айсыз түнді көкірегінен итеріп», «Самал ғана лыпып ойнап жүр кезбе, бұталардың арасына кеш кірді», «Қоғалы көл, құм суы, көк орайы жап-жасыл, аунаушы еді боз аты жап-жасыл ғып жамбасын», «Майыспайтын мұз еді, түйе тепсе сырғанақ», «домбыраның күс қолмен төсін осып тырналап», «Жаңалық телеграф бағаны боп аттап-аттап кірді аңдап» т.б. «көз сүрінбей» өте алмайтын үндестіру мен шеңдестіру, салыстыру мен ауыстыру, айшықтау мен ажарлау.
Ақынның «Таудың бұлағы мен еменнің жапырағы» дастаны – ауқымды шендестірудің үздік үлгісі. Қарама-қайшылықтың үйлесімі ғажап сезімталдықпен айқын суретке айналған. Тіршіліктің жап-жарық, өткір нұры жаныңды баурап, жан-жағыңды қармап жетектейді. Беті қатты дымқыл тас пен ақкөбік толқынның жағаға соққан ерке назы көз қариды.
Жұмекен ақын таудан төмен төгілген бұлақтың динамикалық болмысын жаратылыстың абстракциялы ұғымдарына қарай ұтымды «бұрады».
Жарқ-жұрқ етіп баурайында
Сонша арық аққанымен
Шыңдар отыр томсарып:
Сабыр, қайрат,
Әлде қатал мінез бе,
Жан ұға алмас мінез бар ма бір өзге,
арықтардың ақ жалы оған
жат па әлде –
қабатына қатпар болып
қатқан не?!
Ұлы жарасым. Кеудені табиғатпен қауышқан сәттегі қуанышты діріл толқыны басады. Сурет жасау ақынға сөз емес. Сезінуі мен сезінтуін айтыңыз!
Қалтарысты, қойнаулары бұйығы
Ала тасқын қанша ұрса да үйіріп
Бүлк етпейтін неткен бүйір-бүйірі?!
Өмірдің тар өрісінде шарпысқан тіршіліктің қас-қағым сәттері ақын мәнге бұрып отыруында – Ойшыл. Жұмекен поэзиясы негізінде сюжетті өлең болып келеді. Өлеңді өлең дегізер бір шарт - өлеңнің өзегі. Жұмекен жырларында өзексіз өлең жоқ. Ақын поэзиясын жанрлық маңызда арнайы зерттеу – тек Нәжімеденов шығармашылығын емес, нақтылы бір дәуірдегі қазақ поэзиясы түрі мен тегін саралау үшін қажет.
Жұмекен Нәжімеденовтің «Жаңғырық» поэмасы – қазақ өлеңіне қосылған жаңа жыр бағыты, жаңа түр. Қорғасындай ауыр көңіл мұңы Махамбеттің тағдырын уақыт пен кеңістік өлшемінде мейлінше поэтикалық қуатпен толғау. Махамбет – қазақтың ары, ожданы. Ақын тарих ақиқатын алыстан барлап отырып, кезең шындығына ұрпақ жүрегімен жүгінеді.
«-Су да ағатын арындап
Исатайдың барында,
Мына сорлы Жайықта – «адыра
қалған Нарында».
Соңғы ұрыста Батырдың аты оққа
ұшып мақтаған,
Көз алдында қорқырап бара
жатты Ақтабан.
Нақ сол сәтте Махамбет - әй, о
да бір ер кісі –
Ойнақтаған астынан түсіпті де
жерге ұшып:
- Сіз мініңіз мұны, - деп тоса
берген өз атын ...
«Жаңғырық» поэмасында ақын дыбыстарды қуалай, астастыра қолдануды мейлінше мол ұстанған.
Ақ шел жапқан жанардай түн
көрмейді ақ аспан,
Түн көрмейді ақ аспан – тағдыр да
сол о бастан ...
Жаңқа құстап жонғанда борап
ұшар ағаштан
Қиыршық қар борайды,
Ақ толқынды ат, ұлып.
Ақ жайық пен ақ аспан
бір-біріңді сапырып –
Ақбоз мініп шықты, әне, жалғыз
батыр ақырып:
ақыртып бір жырласаң, міне, саған
тақырып!
Ақ түтек, ақ найза, ақ қылыш, Ақ Жайық, ақ боран, ақ толқын, ақбозат, Ақ аспан, ақ қылау...
Тар тезге түскен тағдыры талай ұрпақты толғантып келе жатқан ақын жанын ақыннан артық ашу мүмкін бе?! Қырық буын, қырық аяқ саясаттың суық сырын суыртпақтап, ел тарихының қаралы кезеңін бар қасіретімен өлең өзегіне айналдыруда Жұмекен Нәжімеденов Махамбет поэзиясының жаратылысымен туысып, астасып жатқан шығарма туғызған.
Махамбет – бар қазақтың ұлттық мақтаны. Күн астында жортқан ақбозатты, ақ найзалы, ақ сауытты, ақ жүрек батырдың, Махамбет поэзиясындағы «Меннің» поэтикалық бейнесі – азамат ердің баласы Махамбеттің тұлғасы Жұмекен Нәжімеденов поэмасында заманалық, кең масштабты, тарихи мәнінде тұтас ашылған.
Жұмекен поэзиясы – Жұмекен ақынның жан жыры, жан мұңы, жан сыры. Ақынның сергек, сезімтал, секемшіл жаны көлгірсу, жағымпаздық, дүниеқоңыздық, т.б. әлеуметтік дерттің симптомдарын аямай ашық айыптайды.
«Жылтырлығы үшін тасты бағалап», «Жағымпаздық тілін бүктеп салады, кресло болу үшін жұп-жұмсақ», «шолтаңдағыш келетін қысқалық», «өтімді арзан», «Айла өседі деседі, ұяты жоқ базарда, Сауда өседі деседі, ел пиғылы азарда», «топастың торғай аулар торы».
Ж. Нәжімеденов өлеңінде қажет жерде сөзді үзіп-үзіп, буынға бөліп келтіретін өзіндік үлгі жиі кездеседі. Ақынның бұл тәсілі – ырғаққа, буынға негізделген қазақ өлеңінің табиғатын өзінше «пайдаға жарату».
«Қорқыт жақындағанда», «семсер ілгеннің бәрі сүргін іздер сері емес», «жалғыз жібермеймін деп шылбырына жармасқан», «бас бағалап құлақтарына қарап», т.б.
Жұмекен Нәжімеденов – тіршіліктің бар сәтін, бар бояуын, бар құбылысын жеке мәнінде де, жалпы мазмұнында да тынымсыз, тоқтаусыз, қалт жібермей қармап қалып, өлең сөзге ұластырып, өзінен кейін ұланғайыр, өзгеше жыр мұрасын, жұмбақ жаратылысты поэзиясын қалдырған жиырмасыншы ғасырдың аса ірі ақыны.