Менің жадымдағы дара дауысты тұлғалардың бірі - жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденов. Ол өмірден ерте кеткенімен соңында ғұмыр бақи жырланатын жыр қалдырып кетті. Өзім сол жырлардың сиқырына табынушылардың бірімін. Мен Жұмекеннің “Ақ шағылынан” бастап көптеген жырларын қайталап оқып келдім. Ондағы мақсатым Жұмекеннің философиялық терең ойларын, суреттеу шеберлігін ұзақ жылғы ұстаздық жұмысымда шәкірттеріме жеткізсем деген ойда болдым.
Жұмекеннің халық басына төнген соғыс жәйлі, “Қара кісі”, “Домбыра”, “Шал Қобылан”, “Қобылан қарттың әңгімесіндегі” ақын сезімін шыңыраудан шымырлап шығып жатқан тума бұлақтай сезінемін. Ащы тағдырлар мен алапат қасіреттер жәйлі осылай бейнелеп жазу екінің бірінің маңдайына жазбаған болар деп қайран қалам. Уақыт өтіп, жетім ұлдар әке болды, ұрпақ жалғасты. Ақын сол бір кездегі қара ниет, қара жүректілер жаңа ұрпақтардың жолын кескестемесе екен деген тілекте кетті.
Ақын өзінің “Дастархан” балладасында атам заманғы бір аңызды арқау етеді. Сол арқылы ақиқатты алдыңа тартады. Қазақ халқы ауыздағысын жырып, тақыр жерде отырса да құдайы қонақтың сыбағасын сақтауды ұмытпаған халық қасиеті ақын жырына қуат қосып, нәр құяды.
Ғұлама ақын Жұмекеннің жырларын оқи отырып, оның отызға толар-толмаста, қырыққа жетер-жетпесте қыруар дүниені тындырып кеткендігін көреміз. Көпшілігіміз енді ғана байқап, енді ғана айтуға ұмтылып жүрген көп шындық Жұмекен өлеңінде айтылып та үлгерген. Жұмекен өз уақытында халықтың көкейкесті мұңдарымен өмір сүріп, өлеңге соны қапысыз түсіріп, көп жәйді дер кезінде жырлап өткен. Ақын Жұмекен өзінің “Қызыл кітап” деген өлеңінде мысықтың мұртын, тышқанның терісін, қырық аяқтың аяғын санап, тексеріп жанашыр болмас бұрын, өз жан дүниемізден жоғалып бара жатқан имандылық қасиеттерге абай болайық, адамға араша түсейік, табиғаттың тазалығын сақтайық дейді.
Ақын тіршіліктегі қарама-қайшы күштердің арпалыстарынан ақиқат іздейді. Тазалық пен қараулық, сараңдық пен жомарттық, сұлулық пен сүйкімсіздік, сүйсіну мен күрсіну, жарық пен қараңғы өлеңге түскенде жүрегіңді шым еткізіп, жаңа сезім туғызып, болмыстың арпалыстарын Жұмекен өлең аясына сиғызып кетті. Мың құбылған дүние шіркіннің алуан сырын қорытып, түйіндеп, тұжырымдап, өзгенің көкейіне құю құдіреті тек Жұмекеннің қолынан келеді.
Жұмекен артына көп мұра - жыр мұрасын қалдырды. Сөз соңында айтарым: Жұмекен – ұлы ақын, қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ ірі тұлға. Олай болса халық өз ұлдарын өздері танып, әркімнің өмірдегі өз орнын беріп, әлпештеп алақанына салып аспандатса, бұдан халық аласармайды. Олай болса Орлы селосында есік ашқан Бақыт Қарабалинаның шығармашылық музейі жанынан Жұмекеннің де музейі ашылып, қызмет көрсетсе, қандай қуаныш болар еді. Ертең атқарылар істі бүгін қолға алса, ел ағаларының да абыройлы ісі болар еді.