Ол уақыт өткен сайын ұлт рухында биіктей береді
... Әлі есімде, бесінші сыныпта оқыған жылдың күзінде, мектебіміздегі қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі – Қанат ағайымыз Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығына байланысты әдеби кеш өткізді. Сол кезде өз шешесін келін деп атайтын бала жайлы көрініс қойылды (кішкентай баланың өз шешесін келін атауының нендей сыры барын мұғалім қысқаша түсіндірген).
Кейін ақынның атын ұмыттым, бірақ «әдебиетші болам десеңдер, осы ақынды оқыңдар, қор болмайсыңдар» деген ұстаз сөзі мен «бала, келін оқиғасы» жадымда жатталып қалыпты... Көңілімдегі қоңыр дүниелер әлемінен қоңыр бала қоңырайып қол бұлғайтындай... Елестейтін... Неге екенін білмеймін, әйтеуір жоғары сыныпта сол ақынды іздедім. Сұрастырып жүріп, кітаптарын мектеп кітапханасынан таптым. Оқып көріп едім... түк түсіне алмадым. Үйге әкелдім. Асықпай оқыдым. Еш нәтиже шықпады...
Екінші рет университеттің ІІ курсында ақынның ІІІ томдық шығармалар жинағын кітапханадан жатақханаға жеткізіп, ішінен «Келінді» тауып, әліме қарамай бөлмелес қыздарға мақтадым-ай кеп... Азды-көпті өлең кейіпкерлерін шырамытқаныммен тісім батпады, әрі аударып, бері аударып, екі арада кітап тапсыратын мерзім жетіп, арқалап апарып өткіздім...
... Небір періште пікірлеріңнің пенделіктің тағасына таңылып, Өмір – Майданның маңдайыңнан сипамас қатыбас қатыгездігін, кей-кейде «шүкіршілікке» тоғытатын тәтті «қылығын» енді-енді татқалы, татып та бір сүрініп, бір жығылғанда ... Пешенесіне бұл ғұмырдың «тұрғыны емес, жолаушысы болу ғана жазылған» тағдырдың «қамытын» киіп, «көтеріп тұрып құлатып, жылатып тұрып жұбататын» екіесті өмірдің етегінде еңіресең де, күлсең де ертеңің үшін тырбанудың қадірін енді-енді ұғынып жүргенде... Жұмекенмен жолықтым. Үшінші рет! Айырылмасқа сеніммен жолықтым...
Жалақы алар күні сынды жарлының
Бір үмітпен өтіп жатыр бар күнім.
Ал кей күнім түңілдіріп кетеді,
қара жерге үңілдіріп кетеді.
Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді,
бірақ бәрі тірлік нұрын себеді:
қайнай-қайнай сірі болдым әйтеуір,
ойлай-ойлай тірі болдым әйтеуір...
Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан
Бір күн оны қағып кетті қолымнан...
Таң тақасы тақылдаса, жарық болса айнала, түн күннің «құрығын» қағып алып, бар тіршілік иесін диірменіне салады емес пе? «Диірменде туған тышқан оның дүрсілінен қорықпайды» демекші, сол диірмендегі дүрмектің ішінде сіз де, біз де жүреміз күнбе-күн. Жүрген жолдың арты сағыныш, алды сағымдай бұлдырап, тілегің тәтті үміттерге ұйып, қайғы-мұңың мәрт мезгілдің мінәйі себептерімен емделіп, бәсіреңе тиген күн босағасында ойлағаныңның ойраны шығып, кейде күтпегенің іске асып, қуантатыны бар ғой. Ақын жаны сондай сезімдерді басынан кешірсе:
Жаңа күннен не түсінер екем деп,
Көкірегімде бір ыстық ой мекендеп,
Көтерілем күнмен бірге тепеңдеп,
көкжиекке күнмен бірге жетем деп...
кеткен күнмен қоштасамын қия алмай,
көрер күнді көру үшін ұялмай, - дейді.
«Сөз баққан» елдің баласы үшін уақыт ыстық:
Сағат байғұс тұра алмайды бір үнсіз,
Тық-тық етіп минуттерін санайды...
... Ал мен кейде үн шығармай қаламын,
Жалығады жамбасым да төсектен.
Сонда ғана... сағатымды аяймын
Санатуға уақытымды бос өткен! – деп, бірімізге қадірі білінер һәм бірімізге білінбес уақытты төбесіне көтереді. Оның басын былғаңдатып бос қою ақын үшін ақырет. Ол әр минутының қаққан кірпігін санаса, еріккендігі емес...
Кеудем – бір үй:
Іші – дауыл, сырты – дау,
күні-түні бір бұрқырау, бұрқырау;
Етек-жеңім далаң қақты;
бұ-дағы
Жел өтінде қалғандықтың бір түрі-ау!
Көптен маған тиіп жүр-ау бір тұмау,
Буындарым, сенің ісің – сырқырау.
Шілдеде де суық ұрды жанымды –
Көңіл байғұс, сенің де іргең жыртық-ау!
Уақыттың ұртын бағып тұрып та, «кіршең орамалыңа» кір жұқтырасың. Бабасының «бір атым насыбайдан көңілі қалса», баласы қайдан көңілшек болмасын? Сол көңіл құрғырды ақын іргеге теңейді. Онысы тамаша шыққан. Ық не көлеңке ізін кезіп, тапса да паналауға дәрменсіз көңілдің кім-кімге де аян күйін тобықтай түйінмен түйген.
Көк өзен жоқ,
арықтың да суы лай,
ылай судың, уай қуын-ай, қуын-ай:
жан қинамай жай ағады – күн ыссы
қауіпті ғой тым жиі алу тынысты.
Ақын бірақ бітірді үлкен бір істі –
атақ алды.
Енді алуға кірісті
тұрмыстың тек қулықтарын жымысқы.
Жаңадан бір көз ашылды-ау деп қуатты сөз күткен ақынның өнерді саудаға айналдырғанын сылдыр сөзбен сылай салмайды. Жылға қуған жасық судың ақырын жылжып, ақырында «құмға сіңіп жоғаларын» суреттеп ап кейіпкер тірлігін сол құбылыспен байланыстырады. Көз алдыңда: Сөзбен салынған сурет. Әдебиеттің сауын сиыр еместігін түсінбей жүрген тоғышар түсініктегі адам мен табиғат.
Шындық деген – көк аспандай тым биік
мұхит сынды әрі терең тұңғиық!
Ницше айтпақшы, «қыңырлыққа ұқсас» шындық биіктік болса, биігінде, тереңдік болса, түбінде бағытынан адаспай, нәзік сезімін сол шындықтың бірде еншісіне байлап, бірде шыңғыртып, тұла бойын билеген құдіретті сезіммен ширатып:
Тау мен сайдың арасына дес бермей
төбелердің өсетінін ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
ұмыттық біз;
әділеттен үміт қып,
әділеттің өзін кейде ұмыттық.
Жақсылардан еңбек күтіп,
тер күтіп,
жалқауларды алдық біраз кергітіп ...
Шындық шырылы емес, тура соның өзі тұрғандай қарсы алдыңда. Тіпті Б.Момышұлының «Қоға боп көрінгеннің аяғына тапталғанша, шеңгел боп шіреніп тұрғанды артық» санаған қасиетімен ар ісіндегі адал қызметтегі тұлғаны көресіз. «Күзетші» - ақынның тулаған ойларының тертесін теуіп, тебініп, кейде үзіліп, кейде үздігіп шыққан өлеңдерінің ескертері:
Тым ащы айтсам, кейіме,
ісінбей кет.
Тым тәтті айтсам, мән берме,
түсінбей кет.
Тәтті сөзден ақыл-ой ауырады
тәтті жеген сәбидің тісіндей боп..
Пәк көңілге,
бет-жүзге қарамай түк,
ащы сөзді кейде мен қалам айтып.
Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған,
Кезің болсын тәттіні қаламайтын.
Демек, тәттіге үйір таңдай байғұс, ащы татып бір күні күйіп кетеді. Сізді қайдам, мен әйтеуір осы тұсқа келгенде бас шайқадым: «Жүректен шыққан сөздің жүрекке жеткені де». Қызыл сөзді қыздырып әурелену жоқ, «ащы менен тұщыны татқан білердің тәжірибесінен оқырманына оялы ой тастаған есті сөз.
Түсінігі түйе сынды мықты адам
Бір ләм айтса – жұрт жылқыша ықтаған.
Орман құсап өртенеді ойшыл,
Күлегеш
Мақта боп-ақ өрт ішінен шықты аман
Қарғыс алған жігіт жұртты қақпайлап,
айдаһардың құйрығымен жатты ойнап.
Арыстанның азуына ат байлап
Күлген ерің
Әйеліне батпайды-ақ...
Әжем марқұм ай туғанда оқыр дұғасының соңын ылғи «өрт ішінде мақтадан сақта» деумен тәмамдайтын... Ендеше өлеңдегі «өрт ішінде күлегештің аман шығуында» бір гәп бар... «Қызым үйде, қылығы түзде» деуші еді қазақ қарты. Рас қой. Ақын үй мен түздегі қос қылықты, яки түздегі «арыстанның азуына ат байлап күліп» жүріп, үйдегі «әйеліне батпаған» ер мінезін ұтымды теңеулермен ұштап, өлеңді ұлағатты деңгейге көтерген.
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп,
Қоңырқай ой маза берер емес түк...
Қоңыр кеште қоңыр жолға түскенде, бір сәт дамылдап, терін сүртіп тұрғанында, бүкіл дүниенің тоқтап қаларына қауіптенеді – күнмен бірге көкжиекке жетуді мақсат тұтып, мінінің көптігін, тым қарапайым жазатындығын жырлап, ернінде кебе берер көп негеге жауап іздейді.
«Өткен күннің шегесін суырып ап, келер күннің тақасына қағып» жүріп... Туған топырақты... Иә... Қошалағын ұмытпайды:
Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіммін:
тұла бойым тұтас құйған төзіммін.
Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ,
ойым да жоқ сені өлеңмен «өңдемек».
Дәл өзіңдей қарапайым болам мен,
Дәл өзіңдей!
Маған, сірә, сол керек!
Туған жер табиғатына ұқсауды ақын мұрат тұтса – сөзі мен ісінің бәсін бағалай білерлік тауанын пайымдағаны.
Ауруханада әл үстінде жатып: «Жаман жазсам жазайын, жалған жазбасам екен! Әр дәптерді, тіпті әр парақты бастарда өзіме қояр талап-тілегім ылғи да осы секілді болып келді, бүгін де солай, ертең де солай болар деймін...», - деп өз сөзіне қатал қарауы ақынның азаматтығының белгісі. Өнерін өзіндей құрметтегені!
Әйтпесе:
Ұстаз болсаң, мезгіл мені мақтама, -
шақырылған шәкірттеймін тақтаға:
бір есепті шығара алмай қалармын;
айтқаныммен бір сұрақты жаттаған...
Тәуекел деп келдім саған, күнде ескі
Көп қатеммен бірге тудым, бірге өстім:
Бір тауыңның биіктігін білгенмен,
Бір көліңнің тереңдігін білмеспін. – дер ме еді? Толмай жатып толдым, болмай жатып болдымдап, кеуде көтерген бәзбір есерлердей емес, білгенінің тоғыз, білмегенінің тоқсан тоғыз екенін адамдықпен мойындайды. Тоқсан том қалдырған Толстой 81 жасында күнделігінде: «Жалқаумын. Түк бітіре алмадым» деп жазса, Қоңыр ағам:
«Әлі жүрмін, түк бітірген жоқпын мен,
Іш қазанын жалайды ыза, от тілмен»,- дейді.
Қарапайымдылық тек ұлыларға ғана тән ғой. «Түк бітірмеген» қарапайым ақынның ұлылығын Ғ.Қайырбеков «Ұлы ақын еді Жұмекен» атты мақаласында дәлелдейді. Ал А. Кеңшілікұлы В.Г. Белинскийдің «Творения гениев вечны, как природа» сөзінің ақиқатын «Мраморға жазылған өлеңдерімен» ашады. Яғни ақынның «Алдар көсе мен диалогтар» атты поэма-пародиясымен Достоевскийдің «Бесы» атты романының арасында бір үндестіктің барын аңдап, Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясымен» иық тірестіріп тұруға лайық шығарма» санайды. Ал ақынның өзі... Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаны өз алдына, оқиғалық сипат беруін туған жеріндей қарапайымдылығына саяды.
«... Суреткер мұрасының бағыттаушы-бағдарын тап басып, өзекті арнасына, ... дүниеауи тіршілік философиясына емін-еркін енбей, ежіктеп-танып білмей, Жұмекенді ұғынып болдық деу бекер». Сарабдал сыншы З.Серікқалиевтің пікірі – бұл.
Жұмбақ ақынның дүниеауи тіршілік философиясына емін-еркін енуге еңбек, ізденіс керек, әрине. Және бұл істі ертеңгі ұрпаққа аманаттай берудің де жөні жоқ-ау, әсілі.