Парадокс! Осы сөзді алғаш рет кім айтты екен? Мықты сөз, мағынасы таңқалу.
Мен де таңқалып отырмын. 2013 жылдың жазында Жұмекен Нәжімеденовтың кіндік қаны тамған жері Қошалаққа барғанда серіктестерімнен Ашақ деген­ жер атауын жиі естідім, бірақ Ашақтың мәнісін ешкім түсіндірмеді, мен сұрамадым. Мені қызықтырған, ақынның жиі айтатын – Қошалағы. Жуырда­ Жұмекеннің жеті томдық шығармалар жинағын тағы бір қарастырғанымда «Ашақ-Мәші хикаясына» назарым­ ауды.

Ашақ және Мәші деген ағайынды адамдар өмір сүріпті, бірақ олар атақ-даңқ деген мәселеге келгенде, бір-бірімен тіл таппаған көрінеді. Олар мен-мендесіп, атақ пен даңққа құмар болғанымен, тағдыр олардың шын мәнісінде кім екендерін анықтап берген. Жаугершілік заманда ел шетіне белсеніп дұшпан келгенде Мәші ерлік жасап көзге түседі, бірақ жау қолынан жекпе-жекте қаза табады, ал Ашақ болса жан сауғалап, қорқақтық жасап қырғыннан аман қалған кемпір-шалдың қарғысына қалады. Алайда, ел аузында ер Мәші емес, қоян жүрек Ашақ қалған. Бүгінде Ашақ – жер атауы, Ашақ деген сортақ көл бар. Ақын осы мәселе туралы былайша толғайды:

Қалай Ашақ атанды?

Көне әңгіме, ескі үн бұл, -

Қалай өлді сол Ашақ?

Жұмысы жоқ ешкімнің

(2-т., 307-308-б.)

Ақын аңыздан әділеттік іздеп, оны таппаған. Қазақ қарғыс айтқанда «атың өшкір» деуші еді. Мұнда, керісінше, Ашақтың аты өшпей, күніне сан рет айтылуда.

Жұмекен туған жерін жетік біледі, оның өз топырағы туралы философиясы­ биік, ол «Менің туған жерімнің тіке­нін­де де ұят бар… Менің туған жерімнің қаң­ба­ғында салмақ бар» дейді. Қаң­ба­ғы салмақты, тікені ұятты – бұл ән­шейін метафора емес, ақынның туған өлкесімен үндестігі, бірақ оның ел жадында сатқындық қалғанына таңы бар.

Аты шықты Ашақтың: Әне, «Ашақ­тың моласы!»

Қоңыр төбе жусанды. Жалпақ шағыл түбінде.

Жатыр Ашақ моласы – қауым болған бүгінде

Арын қорғай алмаған,

Сыйламаған әрі елін

Қорқақтар мен сатқындар емес, рас, бәрі оның,

Қалай Ашақ атанды? (307-б.)

Менің сөз басында парадокс дегенім – осы. Ел есінде ерлер емес, сатқындар, ар сатқындары, зұлымдар неге қалады. Ашақ әңгіме басы ғана, әрі қарай тере­ңі­рек кетсек, Александр Македон­с­кий, Шыңғыс хан, Наполеондар да Ашақтар емес пе? Олар ар сат­қын­дары емес пе? Атақ пен даңқ үшін мил­лион­­дап жазықсыз жандарды, олар­дың ар­ман­дарын, үмітін қиғандар Ашақтар емес пе? Қазіргі ұрпақ оларға неге ескерткіштер қоюда? Жұмекен мәселенің түп-тамырына үңілген.

Сатқындық деген не, ол – ел қар­ғысы. Жоғарыда аты аталған жауыз­дар елдердің, халықтардың қарғы­сына қалмап па еді. Соғысқа құмар­лық­ты да адам баласына жасалатын сатқындық деп санаймын. Сатқын­дық­тың зоры – соғыс. Соғыс болған жерде әділеттілік жоқ. Олар туралы ақын:

Ал, халықты ұмытты,

Әппақ шелге тұнып құр

Түн көрмеді көздері, уа, құмарлық, құнықтыр!

Атақ, даңқ кім үшін?

Бос қуыс сөз далбаса,

Есімді елеп ел өзі аузына алмаса!

(306-б.)

Атақ пен даңқтың көбісі адал емес, оның дені адамзат тарихында дақ болып қалмақ. Мәші жауға шауып мерт болды, Ашақ жан сауғалап жүріп, ел қарғысына қалды, алайда, Мәші аты ұмытылды, Ашақтың аты бүгінге жетіп отыр, ал оның сатқындық жасағынан ешкім елеп жатқаны жоқ.

Өлген жанын алыс ел ару жуып, ақ тілеп,

Сол қауымға тасиды топырағы қатты деп.

Неге қатты топырақ – құм ғой маңын қоршаған –

Ұғар еді өткенді ой көзімен көрсе адам:

Жиіркеніп Жер байғұс өкінішті бір мұңмен

Ашақ үшін тас болған шығар, бәлкім?

Кім білген.

Қарттар кескен ақ үкім – қарғы, қарғыс – бәрі ұмыт.

Арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып,

Алапестен өлгендей жан жуымас деп еді,

Жазасы еді сол елдің жалғыз көмген себебі.

Дәстүрдің ең жаңасы, –

Жұрт байлығы, ел асы.

Ұмытшақтау ауылым бар – ақкөңіл ғой шамасы.

Ымырт шақта көрінер қарауытып қарашы –

Топыраққа қорлық-ау сатқындардың моласы!

«Ез ұятын топырақ артар» десе – дәл ұғым:

Қызарады кеш сайын менің әппақ шағылым.

(308-б.)

Шағыл емес, қызармайтын адамдар емес пе? Шағыл деген – құм. Құм – тазалық, ол метафора, сондықтан мен:

Шағыл құмдар көшеді,

Өшетіндер, өшеді.

Мен сенемін,

Әрбір шағыл түбінен

Жұмекендер өседі.

Жұлдызды ақын Жұмекен

Жұлдыздардың ішінде

Темір қазық атанып

Елін бастап көшелі

Ғасырлардан ғасырға

Ақын болып өтеді,

- деп едім, ақын туған Қошалақтың шағылын басып тұрып.

Ақ шағылда Ашақ деген дақ бар екен. Бірақ ақын айтқандай:

Құдай өзің дәме бер,

Бермесең де, емексіт(306-б.), – демекші. Ашақтың да келешектен «дәмесі» бар. Жұмекеннің «арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып» деуінде мұсылмандық негіз бар. Адам – пенде, Жаратушымыздың кешпес күнәсі жоқ, Ашақтың есімінің бүгінде жиі айтылуы, оның күнәсінің өтеуі, тазаруы, бұл да Тағдыр жазуы. Болған іс болғанымен, Ашақтың әппақ шағылдан дәмесі болған шығар, оның күнәсін құм шайып, арылтып, тазартып жатқан болуы керек, сірә, бәрін білуші бір Алла!