Ірі десең ірі еді, өнерге уызынан жарыған жампозыңның бірі еді. Амал қанша, өмірде кішік, өлеңде жақпар тастай ірі тұлғасын бір болмысқа сыйғыза алмай ертерек кетіп қалды. Елуге толар-толмас жасында тіршіліктің байсын жайлауынан бақиға бет бұрған кешегі ер Жұмекеннің туғанына алпыс жыл толды. Арада он жыл өтсе де қазақтың өлең ордасынан ойып алған орны әлі үңірейіп тұрған, үңірейіп тұра беретін осы бір оқшау әлем, оқыс құбылыс иесі жөнінде әр кез, әр уақытта айтылған сөздер баршылық. Бірақ шаршысына толтырып, шабыт қырын түгендеп бергендер көп емес. Мықтағанда екеу-үшеу болар. Қатал талғаммен қарасаң, оған да жетпес. Осы аз ғана асыл пікірдің басында оның иықтас замандасы, үзеңгілес досы Әбіш Кекілбаев пен Зейнолла Серікқалиев тұр. Біздікі – дарияның қасынан құдық қазу болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен…
Жұмекен Нәжімеденов тұңғышы «Балаусадан» бастап жүректің екі сілкінісі арасында ақырғы дем-тынысындай болып дүниеге келген «Менің топырағыма» дейін поэзиясы бар, прозасы бар жиырмаға жуық кітап жазған ақын. Таңданарлығы сол – шығармашылығы шығанға тартқан осы ұзақ жолда не бір өзін-өзі қайталап, не бір өз ізін өзі басқан кезі болған емес. Кітап сайын кідді мінез танытып, жинақ сайын жаңарып, жаңғырып отыруға тек Жұмекеннің ғана шамасы келуші еді. Арзанға әуелден жаны қас ақын үнемі жапаннан жол іздеп, үнемі жақпардан мүсін қашап, онысымен біреудің қызғанышын туғызып, біреудің ризашылығын нәсіп етуден танбаған тарлан.
Көнекөз құсбегілердің аңыз етуінше, бидайық деген бір құс болады екен. Бітімі қаршығадан аспайтын әлгі сырттан сары нажағай оғындай жарқ-жұрқ етіп олай бір, былай бір өткенде небір алғыр ақиығыңның өзі ат бауырына тығылып қос қанаты әп-сәтте топшысынан қиылып жерге түскенін аңғармай да қалады екен. Мұндай кереметті өмірі көрмеген аңшы есін жиғанша сұрапыл сары ғайып болады дейді… Жұмекеннің ұдайы тосыннан келіп, ұдайы таңырқатып кететін ақындық мінезін осы бидайық құстың қимылымен ғана салыстыруға келер. Айырмашылығы сол – бидайық-сырттан аңыздың алғыры болса, Жұмекен жампозың кәдімгі өзіміз кешіп келе жатқан шындық өміріміздің шарболаты-тын. Содан да болар, қазақ әдебиетіне қаралы күн болар, бір сәтте иілуге көнбей шарт етіп сынды да кетті…
Жұмекен – оймен сурет салып, сезіммен сәулет тұрғызудың ақыны. Ғажабы сол – оның салған «суреті» анадайдан тұрып, сырттай қызықтайтын сурет емес, оқыған сәтінде-ақ жан-дүниеңді баурап, жүрек дүрсіліңмен ілесіп жүре берер тарту қуаты мол сурет. Оның бояуы көбіне қызылды-жасылдан емес – ақ пен қарадан; тәсілі бет жыртыспас бейбітшіліктен емес – текетірескен қарама-қарсылықтан; техникасы қара жолмен жаңылмай тартатын үйреншікті машықтан емес - қамшының өріміндей өне бойы үндескен жарасымдылықтан келеді.
Ол бір ойдан бір ой тұтатып, бір сезіммен бір сезімді лапылдатып, онысын оқырманға өз еркімен мақұлдатуға келгенде қит еткізбес құдірет. Өзің күнде көріп жүрген көріністен үш ұйықтасаң ойыңа келмейтін ой түю, өзің күнде естіп жүрген сөзден енді ғана естіп отырғандай мағына табу әркімнің пешенесіне бұйыра бермеген бақыт. Оқырманға ой айтуды емес, ойландыруды мұрат еткен ақынның түлкіше тік жортпай, жолбарыстың жымындай жұмбақтықпен жалт бұрылып отыратын сәттері көп. Аңғал оқырманын адастырып, алғыр оқырманын жетелеп отыратын желіскер Жұмекеннің жықпыл әлемінде аңтарылып қалу арқылы оны тануға да қадам басатын сияқтысың.
Адасайын мен де енді,
Ал, қиналшы, жаным-ай.
Адаспасам көп жерді,
Өтетінмін танымай, -
дейді ол бір өлеңінде. Басқа біреу болса «ақтық демім қалғанша адаспауға ант етем» дер еді. Ақиқатты танып, алыстағыны аңдау үшін адасуға да бейіл болу керектігін бұдан асырып айту қиын.
Қазақ қайын атасы қалпақтай ұшып жатса да, хал сұрасаң «тыныштық» дейтін халық. Ал Жұмекен:
Бір жапырақ бұтақтан
құлап өлді,
Қайдан тыныштық болсын
бұл әлемде! –
деп кері «қиқаяды». Қиын кезде қараспайтын ағайынның тасың сәл өрге домаласа, қасыңнан табыла кететін тексіз мінезі болмай ма? Мұндайда «қараң батсын, аулақ жүр» дегің келеді. Ал Нәжімеденов болса:
Өкпем қара қазандай,
Сол қазанды
Төңкерейін төбеңе
қолшатыр ғып, -
деп төбеңнен әрі образды, әрі сесті сөз семсерін үйіреді.
Бас почтамт алдында
Әлдебіреу бұталарды жүр отап.
Қайшың өткір болса егер
Қырқу да бір рахат:
Зың-зың етіп ұшады
биік бұта басы әне;
Қайшылы адам
биіктерді қырқумен
Қысқаларға зор
жақсылық жасады…
Өс, өсе бер,
Бірақ та
Сұмдық сыры болды әйгі:
Көрші отырған бұтадан
Көп өсуге болмайды…
Жә, осымен тоқталық. Басыңды қайшымен қырқып алмаса да, «мынау өзі қайда кимелеп барады» - деп төбеңнен бір түйіп қоятын адам мен теңгермешілікті тетік еткен қоғам есіңе түседі мұндайда.
Теңіз жағасында бір қария балық аулайтын тордың көзін тарылтып жатыр. Сіз бұл жөнінде не ойлар едіңіз? Ал Жұмекен былай ойлайды: Тордың көзін тарылтқаны – бұл суда ірі балық қалмаған-ау, енді шабағына ауыз салып, түп-тұқиянына дейін құртып жіберуге таяу қалған-ау.
– Ақсақал-ай, - деген сөз айтылғандай жау үшін
Қатал әрі еріксіз тарғыл
шықты дауысым.
Ірілер аз әдетте, ұсақтар
көп анық бұл,
Шабағынан бастайды
құртатындар балықты,
Балағынан бастайды
құртатындар халықты…
Ата, халің жоқ шығар
ашығатын айғайлап,
Балықты аула, шабағын
құтқаратын жайды ойлап.
Ірілердің шығыны –
көндірген іс, бүтін бас,
Шабақ түгіл бұл тордан
қоңыз да аман құтылмас!
- Түп пиғылың, міне, енді
құлағыма кірді шын
Әй, білгішім, білгішім,
Өзің тойып алған соң
балықты аяп тұрмысың?!
… «Өзің тойып алған соң?!»…
Өзіме аян өз елім,
Әлі күнге сол сөздің
шын салмағын сеземін
Өш, өш көңіл желігі!
Көлеңкең де бойға айып,
Мықты екенбіз, көлеңке,
қарынсыз-ақ тойлайық.
Сенбейді екен мына жұрт, тоқ
кісінің сөзіне,
Халық қамын ойласақ – тоймай
тұрып ойлайық!
Бұл пікір бүгін де көкейкестілігін жойған жоқ. Келешекте де жоймас. Ендеше, қоғамдық-әлеуметтік астары қою бұл өлеңді «Тор» туралы ғана екен деп ұғып көріңіз. Детальдан өрбіген мұндай қатпары қалың әлеуметтік шындық философиялық шамырқаныс шайырының аузымен ғана айтыла алса керек.
Жалпы Нәжімеденов поэзиясында не бар дегеннен гөрі, не жоқ деген сауал қойылса игі. Өйткені, ол нағыз поэзияға тән барша соны сипаттарды жетік игерген. Ой, сезім, бояу, деталь, юмор, психология, лиризм, айтқыштық бәр-бәрінің биігіне самғай көтеріліп кеткен мұндай ақын өз қатарында көп болса екеу, әйтпесе біреу-ақ шығар. Жұмекен айтқанда бәрі жаңа, Жұмекен сипаттағанда бәрі соны. Ол сөйлегенде жансыз деген жаратылыстың (шартты түрде) жан кіріп, қан жүгіріп толқып қоя бермейтін сәті жоқ.
Күн көзі бір жалт етіп
қарағанда-ақ,
Жанып кетті гүл болып қара
қаңбақ.
Шаңқ етті бала бүркіт,
Сонда Алатау
Желіп кетті өркеші ағараңдап.
***
Ауық-ауық бір ғажайып
үн шығып,
Жоғалады ауық-ауық
тұншығып.
Жапырақтың құлақтарын
қалқитып
Әлдебіреу қойған сынды
тыңшы ғып…
Өмірде қаншалықты қарапайым болса, өнерде соншалықты тәкаппар ақын:
Үнімді жұрт тыңдады, рас,
ал мәнін
Ұқпады ешкім, не ұқтыра
алмадым:
Қараны – ақ, ақты –
қара деп кестім,
Қырық ермен қыңырлық
боп беттестім.
Себебі олар сыртын көрді
бар істің,
Мен тек қана ішкі
күшпен алыстым:
Көзім менің маңдайда емес,
расында,
Көзім менің – жүрегімнің
басында, -
деп өзінің алғырлық болмысынан аңдаусыз хабар беріп қалатын ақын, мақұлдауға дайын тұрған сенің аузыңды ашуға да үлгіртпей:
Тереңмін дер едім-ау, судан
ұят-ау жалған,
Биікпін дер едім-ау, ұят екен
таулардан, -
деп әп-сәтте алдыңды орап кетеді. Ұлы дүние тудырып отырған жан кішірейе сөйлеген сайын, зорая түсер әдеті ғой.
Іштен тынып, күйіп тек
Біржан әнін айттым мен.
Қарай-қарай биікке
Аласарып қайттым мен, - деген құйма тұяқ тармақтар тек қана «Оқжетпестің» алдында кішілік көрсету емес. Жалпы биіктік, ұлылық алдында тәжім ету шығар. «Кеңседегі біреудің кеңсірігін сөз ету, ел сенетін біреудің кемшілігін сөз ету» арқылы өзін биік етіп танытуға әуес арзан мінезділерге Жұмекен бағыттар мірдің оғы осындай.
Бір қарағанда кедір-бұдырлау көрінгенмен, тани алғанға мейлінше төрт аяғы тең жорға, бір қарағанда қара сөзділеу көрінгенмен, көңіл құлағын тосқанға мейлінше ырғақты, бір қарағанда түсініксіздеу көрінгенмен, ден қойғанда мейлінше ұғынықты мұндай өлең әлеміне бір кірмессің, ал, алда-жалда кіре қалсаң, «шық» десе де шықпассың. Көпшілік ақындардың бір өлеңін сәтімен айтылған бір ой немесе бір теңеу алып шығып жатады. Кейде соның өзін таба алмай дал боласың. Ал, Жұмекен бір жырының өзінде ойдың күміс теңгелерін нөпірлете төгіп-төгіп жібергенде тәңірім оған осынша ой байлығы мен сезім игілігін бөлмей-жармай бере салғанына қайран қаласың. Ойлау жүйесінің оқыстығы мен толғау тәсілінің тосындығына келгенде, ол тақырға өскен гүлдей, тастаққа біткен теректей оқшау әсер етеді. Жазу технологиясында күміс көлде алтын шабақтай шоршитын мұндай ақынды алыс-жақыннан таба қою қиын.
Әйтсе де 20-шы ғасырдың үздік ақыны бола тұра, сезімге беріле айтсақ, ұлы ақыны бола тұра, ол көзі тірісінде жылы сөзді көп ести қойған жоқ. Жөпшенді жанға асқарын алдырмайтын, астарын шалдырмайтын, қуаты жіліктің майындай шыны, сүйегі қорғасындай ауыр жырларын түсініксіздікке теліп, қиянат жасаған кезіміз де болмай қалған жоқ. Өйткені, ол үйреншіктілігімен қаны қас, оқырманға шайнап беруді қаламайтын, соныға сайран жанын аямайтын нағыз бегзат бітімнің өзі еді. Қызғаныштың қызыл иті қанша қараулық танытқанымен, өз бағасын өзі білетін. Білетіні ауыр тиді. Қайсар жүрегіне сызат содан түсті. Оның:
Кейбіреулер мойындамас
тіпті Алатауды да
Сәйкес келіп тұрмаса егер
қаулыға, -
деген тиген жерін тотияйындай ойып түсетін сарказмді жолдары осындайдан жазылды.
Өйткені, менің-дағы несібем
Шығайбайлар ауласына
көктеген, -
деген сөзі осындайдан айтылды. Көз алдында өзіне тиісті нәрсені, қолына су құйып, сүлгі ұсынуға жарамайтын біреулер алып жатқаны да бүкіл творчествосында әділеттілік пен шындықты ту еткен ақын жанына сызат салмады деймісіз?! Салған. Санамен сарғайтып, сай сүйегін сырқыратқан.
Қанша дарынды, қанша танымал болды дегенімізбен, оның жинақтары оп-оңай шығып тұрды дей алмас едік. Әсіресе, «Қыран қия» кітабын шығару тұсындағы кескілес күйретіп кетті. Ойлы ақынның қолжазбасы ойсыздардың қақпақылына айналды.
Бұл да қызық шақ шығар
Сүлгі айтса Ту жайлы
Күнде өлмейді жақсылар,
Жаман – күнде тумайды, -
деп күйді ақын.
Дәл сол жолы оны «Қыран қиядан» құлатып жіберу мұрат етілгендей еді. Құлата алмады, бірақ жар басына тақатып қойғаны анық болатын.

Бүйірімнен бір ызғардың
табы өтті,
Жүрек байғұс салып жатыр
әлекті…
Кардиолог шошынып кетті
мейлі,
Инфаргің бір мәрте өтті дейді, - деп түңіле түгесілуі де содан.
Жалпы Жұмекен қазақ өлеңінде бітімі бөлектігі жөнінен қандай жалғыз болса, ортаны жатсырауы жөнінен де сондай жалқы еді. Оның ойы да, бойы да қоғам ұсынған қалыпқа сыя алмады, сыйғыза алмады. Қазақ өлеңінің беймезгіл кеткен бозқасқасының бақиға бет бұрар тұста өзіне меңзеп жазған «Аты жоқ өлең» атты жырының екі-үш шумағын оқып көрелікші:
…Көңілдендің сен мүлде
ерек бүгін,
Жұрт секілді сен де іштің,
өрекпідің.
Сезем, сен де бізге ұқсап
күлмек болдың,
Сол ниетіңнен көрінді
бөлектігің…
… Бірге жүрдік бірталай
мекенге ұшып,
төбелесіп көрдің сен шекең
де ісіп.
Өзіміздің жігітсің,
он досының
ортасында отырған бөтен
кісі!..
Өлгеннен соң көрінер өтімді
ісі,
Бөтен кісі, сен жалғыз жетім
кісі!
Сен – уақыттың алдына
түсіп кеткен
радио-сигнал секілдісің.
Иә, ол өзіміздің жігіт, өзіміздей жігіт сияқты көрінуге тырысқанымен, «он досының ортасындағы бөтен кісі» еді. Оның бөтендігі радио-сигнал секілді түу алысқа – шығанға шырқап кетуінде болатын. «Өлгеннен соң ісінің өтімді болатынына» сенген ақын тірлікте алмаған бағасын артқыларға аманат етті де, алыс сапарға аттанып кете барды.
Осынша тұрпаты бөлек, тұлғасы ерек, туған халқының тағдыры жолында жұдырықтай жүрегін талқан етуге дейін барған ақынның екінші ғұмыры жарқ етіп жалғасын табардай болған. Енді қарап отырсақ, ол шын мағынасындағы іздеуден, сұраудан тысқары қалып бара жатқандай. Даналықтың ауылынан анық дәм татқан тарланның орны қазақ ұлысының маңдайына тана, мойнына тұмар болып тағылған санаулы саңлақтарымыздың қатарында болатын жөні бар-ақ еді. Біз, ол кеңістікті әлі бос қалдырып отырмыз. Әрине, ақынды есте қалдырудың жергілікті мәндегі шараларын тәрк етуге болмас. Бірақ бұл - аз. Оның үш томдығын әзір көре қойған жоқпыз. Басқасын былай қойғанда, Алматының бір көшесі оның есімін елеңдей күтіп тұрғаны анық. «Саған, саған айтатұғын сөзім бар, достар, менің ғұмырымды созыңдар» деген мағыналы жыр жолдары бізге осыны аманат етіп тұрғандай.
«Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде», - деп жырлаған ақын туған топырағында өлең мәуелі болып тек осылай көгеруі, көктеуі керек. Ойланайық, ағайын! Сайып келгенде, бұл Жұмекен үшін ғана емес, өзіміз үшін де қажет қой.


(«Түркістан» газеті, 1996 жылғы 17 қаңтар)