Қиын да қыспақ кезеңде қазақ руханиятына қисапсыз олжа салған сара Жұмекенді сол руханиятқа балап «жан-Жұмекен» демеске болмайды. Тәуелсіздік гимні болып әр қазақтың жүрегінен төгілген әнге айналуы да содан, бәлкім. Жұмекен – ән ғана емес, ұлттық тіл симфониясы. Тіпті ол ұлттық ақын ғана емес, Уақыт ақыны. Ендігі әліппеміз де ұлттың төл ақыны, тіл түпнұсқасы ретінде Жұмекеннен басталып, оқытылуы абзал. Мұны мен Жұмекенді сонау кеңестік кезеңнен бері зерттеп, оқу құралдарына енгізіп, жоғары мектептерге арнайы курстар жүргізген маман ретінде де нық айта аламын. Сөйтіп, «Өмір қиын, ағатай, Кешір, мен де кешіктім, Мезгіл айдап әкеткен автобусқа сыймай қап» деп опынған Жұмекен кезегі-кезеңі келді енді.
Оны құдіретті уақыт өзі талап етіп отыр деген сөз. Өркениеттің ұлы көшіне қазақ көркем сөзін Жұмекендер арқылы ғана ілестіре аламыз. Ендеше, ақын насихатынан бастап, оның ғылыми зерттеуіне дейін дағдылы – ескірген әдіс-тәсілден арылып, жаңа ғылыми бағытта сөз сабақтау ләзім. Өйткені әзір өз атын айға өзі жазып, қазақ жырына өзіне-өзі өлместей ескерткіш орнатып кеткен дара Жұмекен сөз, сөйлем – қазақ тілі стилистикасына өшпестей із қалдырды. Ортасынан оза шапса да, ол кезеңде ақынға насихат та, марапат та бұйырмады. Қатардағы қоңыр тіршілік кешті. Алайда ақын атағымен емес, атымен, заты – жан әлемімен ғана тыныстайтынын Жұмекен білмеген жоқ – білді. Оның ақындық-азаматтық кредосын табандылықпен қорғауы – содан. О бастан-ақ Жұмекен өмірбаяны қиын-қызық, тайталасты болып өрілуі де тегін емес. Ақын – өмірбаян-тағдырымен ақын. Бұзау жалағандай жып-жылтыр, оқтау жұтқандай жұп-жұмыр кісі ақындықтан ада деген сөз. Жұмекен сондықтан тілдік қана құндылық емес, тарихи-адами сауалдарға да толыққанды жауап бола алатын, оның ауыр сыны мен емтихандарына мүдірмей жауап бере алатын моральдық құқы зор ақын. Тағдыры тасқа басқандай айқын. Мәселен, репрессия сеңі сөгілмеген, үрейі әлі санадан шығып кетпеген шақта өзегінен шыққан жалғыз ұлға «Мағжан» есімін беруі, жолдас-жора қарсылығына қарамастан, Құдай жолына ойланбастан жалғыз ұлын құрбандыққа өзі жетелеп апарған Ибраһим пайғамбардың қай жағы?! Аса қуаныштысы – жыр-Жұмекен жан-Жұмекеннен сусындауы. Содан да болар, сырға сараң жұмбақ Жұмекен ақ пен қара, махаббат пен зұлымдық майданында аңыздағы алып Жұмекенге айналып жүре береді. Оның: «Абайдан асырып айту мүмкін емес-ау» дегені «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?!» жолдардың тереңін шайқауынан еді. Жұмекеннің ұлылығы сонда, Абай-асқарға тамсанып-таңырқамайды. Ол игерген адамзаттық ақыл-ойдан алшақтамай отырып, Темірқазықтан адаспауды ойлайды. Сөйтіп, Жұмекен жұлдызын жағады. Хас өнер есігін қағып, «дертпен тең тіл» өнеріне дендей енеді. Ол қазыналы арал – өнер аралы болып қазақ әдебиеттануы үшін әлі сол томаға-тұйық күйде тұр. Қазақ поэзиясының Абай-Мағжан жүйесіне апаратын өзгеше мойнақ іспетті. Сондықтан жан-Жұмекен – жалғаны жоқ, боямасыз өмір-өнері қайғылы болса да қымбат, қысқа болса да ұзақ ғұмырға бергісіз мазмұнды да мағыналы…
Оның сыршыл лирикасы парасат әлемінде қаздай қалқып, үйректей жүзеді. Олар өлең ретінде де құнды. Сөз – шынайылығымен шымыр. Жанр трафареттен шыға жайылады. «Шешендіктен» арылуы оны, сөйтіп, «қиыспай жүрген» ұйқас-ырғақтан да биіктетіп жібереді. Қалыпты қара өлеңнен өзге соқпаққа салады. Оның кенеттен үзілген өмірі – ақындық зертханасы қазақ поэзиясынан белгі берген бұл жаңашылдықты – ақ өлең мұхитында армансыз, түбегейлі малтуына мүмкіндік бермеді.
Реформа жасау әрбір ақынның үлесі емес екені белгілі. «Жүзіме түнгі судың әжімін бер» бейнеліліктің өзі көп ақындарда кездесе бермейтін мінез ғой – қатардағы қара қасқа пенде қарапайымдығы ма бұл?! «Арындасам, асаудың қызығын бер», – дейді. Бұл – қайталанбас стиль – кезіндегі айқайға қарсылық – Жұмекен поэзиясының жұмсақ үні, парасат қаймағы болатын. Ол кездегі поэзия не айтса да айғаймен-ұранмен сөйлеп, аяқ жағы жалған декломициямен тұйықталып қалған еді ғой…
Нүкте қазықты сіңіріп,
Байладым асау ой басын,
Айқайынан сыбыры
Мықты екен деп ойласын, – деуі содан.
Өлең құралайды көзге ататын мергендігімен бағалы. Сонымен бірге өлеңге қойылар көркем талапты да Абайша қатар қозғап, парасатқа білім сәулесін қоса түсіріп отырады. Поэзия кезеңге ғана қызмет ететін жедел жанрдың жемісі емес. Ол болашаққа маңдайы ашық, жүзі жарқын жетуі үшін «азаттықты аңсау» ғана аз, Жұмекенше азап арқалап, күнәдан өзін де, өзгені де арылтып, өз уақытына қызмет қылуды талап етеді. Жұмекеннің осыған ақыл-парасаты, пайымы молынан жеткен ақын. Ол заманға осы көзбен қарап, көзқарас қалыптастыруға өресі жетті.
Сүйдім сені, көп жүдедім, көп аздым,
Ерінінде от бола ма қағаздың.
Қағазға арнап қағаз жырды жазғалы
Өзім қағаз болып кете жаздадым, – деуі нақты сурет қана емес, қуыршақ заман – формализмге қарсылық еді. Әңгіме – оған көркем түр табуда. Ақынның ақ өлеңге қарай ойысуында осы іспетті пәлсафалық толғамдарына кеңістік ашу көзделеді. Көп жағдайда ол бұған қол жеткізді де.
Қысқа ғұмырын тек қыртысты шығармашылыққа ғана бағыштағанын етене білген сайын ақын бағасы артып, нарқын белгілейтіндей. Оның өнерін ғана емес, ендеше, өмірін де кие тұтып, қасиет-құндылыққа балайсың. Оны жіті бақылап жазылған естеліктер, ендеше, жұмекентануға өлшеусіз қызмет етері сөзсіз. Олай болса, Жұмекен қазақ поэзиясына интеллектуалдық өлшем әкелген жаңашыл ақын биігінен төмен түссең, жанға азық, рухани биік Жұмекенге маңдай тірейсің. Осының бәрін қауырсындай қағілез болмысымен салмақтай алған саңлақ ақынды бүгін тәуелсіздіктің ақ бесігінде армансыз тербеткің-ақ келеді. Бәлкім, «өшкеннің жанып, өлгеннің тірілуі» деп жиі қайталайтын сөзіміз сонда барып үндеуден ұлағатқа айналар еді-ау!
Юмор – аса қиын жанр. Эзоптан бері үзілмей келе жатқан данышпандық баламасы. Оған екінің бірі қол соза алмайды. Тарлан талант тақиясына ғана шақ келмекші. Шоломалейһем мен Мүсірепов, Крылов – Абай есімдерін еске алсақ та жеткілікті. Осы бір өміршең даналық Жұмекен поэзиясының арқауы іспетті.
«Осы мен өлгенім жоқ па екен» –
деп қалам,
Өйткені кей мақтаулар некролог секілді.
«Некрологқа өкпелеп тұрып кетердей мақтаймыз» дейтіні тағы бар. Бұл «тапқырлық» – тақпақтан гөрі кең ауқымды шындық панорамасын беретін «даналық тапқырлық». Жұмекен жұмбағы – стиль сыры осы даналықта жібек арқандай толассыз табиғи есіліп жататын..
Пушкин орыс қоғамынан кеткелі екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның жырлары тарихқа айналған жоқ, қолжазбалары архивтерде сарғайып жатқан жоқ. Неге? Демократтық ой-пікір орыс қоғамында тұңғыш пушкинтанушы Белинскийден басталғаны белгілі. Олардың сол «Пушкин таным» арқылы-ақ бірінші Николай тұсындағы «түнектен» әлдеқашан арылып алуында сыншының еңбегі ерен. Нәтижесінде қазір Пушкин әрбір орыстың жаны-қанында (әр дәрежеде болса да – Б.К.) тіршілік етуде. Пушкинтанушылардың соңғыларының бірі – өзіміздің Н.Раевский еді. Ол тіпті ақын жары Наталья Гончарованың «қоймаларын-қоябаларын» ерінбей ақтарған кісі. Пушкин өмірін ғана емес, оның ортасын тірі тарихқа айналдырды. Айтпағым, Жұмекен артында аңыз ғана емес, осы секілді тереңнен тартқан ақиқат қалуы тиіс. Өйткені шығармашылық өз мәнінде өнер мен ғылым объектісіне айналмаған жерде еріксіз ауызекі сөзге құлақ түретін боламыз. Соның өзім естіген қызық бір нұсқасы – мынау: «…Әлқисса, сол тұстағы әдеби орта – Жұмекенмен көңілдес-қызметтестері бір әдемі кеште бас қосыпты. Ішпейтін-жемейтін Жұмекен әдеттегіше тұйық отырады. Асқар Сүлейменовтің әлдеқалай Нәсіпке айтқан бір орашолақтау (медаль-награда жөнінде болуы керек – Б.К.) әзілін жаратпай түйілгеннен түйіліп, ақыры қараңғы түнді бетке алып, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақтарға жеткізбей, «желаяқ» Жұмекен ізім-ғайым жоғалады. Тіпті таптырмапты. Сол күндердің бірінде Қалихан Ысқақ Әбіш Кекілбаевтікіне телефон шалып, Ақсәуле апамен тілге келіпті.
– Апа, сіздікінде Жұмекен жоқ па? Үш күн болды – жоқ. Айырылып қалдық. Өлі-тірісі белгісіз, – дейді жанұшыра. «Өлі-тірі» сөзінен үрейі ұшқан Ақсәуле: – Е, ол өлсе сен оның қатынын әмеңгерлікке алатын ба едің?! – деп дүрсе қоя береді». Бұл – «ауызша әңгіменің» ғажайып фабуласы. Әсіресе, қазақ қарасөзінің қара нарын ауыз әдебиетінің алып анасы алып ұрғаны – «аңдамай сөйлеген ауырмай өледіні» дәлелдеп бергені өнер-ақ емес пе?!
«Толстовский уход» деп, әдебиеттануына шегелеп тастаған тіркес бар. Ол орыс әдебиеті ойлау жүйесіне, анықтама-сөздіктеріне термин боп еніп кеткен. Өлер шағында шыдамы үзіліп, өз ортасынан Толстой да қашқан.
…Н.Раевский айтады: «Наталья түн жарымда оянып алып, аса азалы дауыспен Пушкин атын атап жоқтап, өзіне шақырады екен. Бұл – ақын жұбайының ғана емес, ғасырлар бойы ақынын іздеп, жұбанбай жоқтайтын әрбір орыс жүрегінің жоқтауы», – дейді зерттеуші. Менің бақылауымда Жұмекенін жұбанбай жоқтап жүрген оның асыл жары – Нәсіп. Теледидардан айтқан оның әрбір сөзін мен адамнан да зият-сезімтал дала бозторғайының үніне балап тыңдаймын. Ләззат кешемін. Жұмекеннің адами бақытына мерейленемін.