Осы әдісті, әсіресе, «Поэзия» бөлімінен анық көреміз. Соның ішінде аз ғұмырында өлеңсүйер қауымның көз қуанышына, сүйіктісіне, ер­ке­сіне, кейін мәңгілік сағынышына айналып үлгерген Жұмекен жырлары берілуі қандай ғанибет. Жұмекенді тағы бір оқисың, тағы да бір табы­насың, тағы да бір сағынасың. Жұмекенді Жұмекен еткен не? Кей­біреулер айтқандай «Өлгеннің бәрі керемет» дейік деп тұрған жоқпыз. Егер өлеңі орашолақ, жыры жасық болса, жастай өлу ғана атақ әпере алмас. Тегінде, мықты ақынның да, мықты жазушының да өзінің ішкі рухы болып жаралып, соншалықты етене, айқын, сүйікті болып, шығар­машылық тағдырында Александр маягындай адастырмай сәуле түсіріп, шабыт беріп тұратын бір ғажап қуат көзі, құбыланамасы, құпия әлемі болады. Қаламгер сол өз бағытында жазғанда ғана құдіретті. «Теңізден толқын атқан меруерттей, сол шақта найзағайдай сөз зулайды» деп Әуезов айтқандай, сол шақта қаламгер құдіретке айналады. Ал сая­саттың, не қоғамдық көзқарастың әсерімен «өз әлемінен» сәл ауытқыса, әлгі құдірет күшін жоғалтады. Шабыттан тумай сұраныс пен тапсырыстан туған дүниеде нәр болмайды. Ол бейне қаламгердің «өгей баласы» дерлік дүние. Мысалы, «Абай» романынан кейін-ақ солақай сынның сойылы қа­жытқан Әуезов «Жаңа дүние жазам» деп уәде береді. Анау «Өскен өркеннен» бастап «жаңа дүниелеріне» қараңыз. Әуезов жазды деуге қиналасың, Әуезовті қимайсың, аяйсың. «Жазбаса нетті» дейсің. Бірақ басқа ештеңе жазбаған күннің өзінде жалғыз «Абай жолы» Әуезовті ғана емес, қазақты әлемге танытты. Осы бір ғана туындыға Әуезовтің адам­дық ­та, қаламгерлік те қуаты, дене қуаты, тілдік қуаты, бүкіл жүрегі, жаны, қаны бір-ақ сарқып берілген сияқты. Кейде осылай бір буырқанып, ша­мыр­қанып, түйдектеліп, құйылып келген дүние иесін «алып жейтіні де» бо­лады. Жалғыз демекші... Жалғыз «Көңілашар» Түркешті танытса, жал­ғыз «Жиырма бес» Зілғараны танытса, жалғыз «Полонез» Огинскийді та­нытса, жалғыз «Интернационал» француздың қарапайым жұмысшысын әлемге танытты. Жалғыз өлең де кейде ақынның бағын ашады. Жалғыз өлең де ақынды бағалауға жетеді. Жұмекен сондай ақын. Осынау жарық жалғанға, Табиғат-Анаға, барша адамдарға сәбидей пәк, аңғал да таза сеніммен еркелей, таңдана келген ақын, тіршіліктің қас-қағым сәтіне дейін қалт жібермей жырлаған ақын, пендешіліктің, дүние уайымының бат­пағына батып үлгермеген ақын сол тап-таза, аңғал, пәк қалпында, сәл нәрсеге қуанған, сәл нәрсеге жұбанған қал­пында кете барыпты. Та­биғат-Ананың құрсағынан жаралып, Табиғат-Ана­сын жыр етіп, Табиғат-Анасына кете барды. Ешкімге өкпе де, наз да, міндет те артпады. «Ке­реметпін» демек түгілі, кереметтігін түсіне де алмай кетті. Журналда бе­рілген «Ғұмыр ертегісі» өлеңінде ұйқас, буын, бунақ жағынан барынша көсілген еркіндік бар.
Кемерінен лықсып асып төгілген өлең ақын­ның өзіндей еркін, ерке. Кейде 4, кейде 7, тіпті 17, 19 буын болып кететін жолдарды көріп сәл тіксінгеніңмен, оқығанда бір ке­містік, кетік, ақсау сезіне алмайсың. Жұ­ме­кенде сөз бөлінгенімен, ой бөлінбейді, әсем жымдасады. Қай өлеңін оқымаңыз, бір­де-бір бұралқы сөз, бұралаң жол, «ойна­ған, секірген, билеген» сөз таппайсың. Жа­да­ғай, жалаң, жұтаң сөз де жоқ. Ата қазақ­тың иісі аңқып тұрған, қаны сорғалаған сөз­дер. Өлең емес әңгіме айтып отырғандай өз-өзінен оп-оңай, рахат құйылып тұрады. Міне, осы төкпелік аралас буынды да сез­дір­мей жібереді.
– Бір жай менің бауырымды езіп жүр.
Жауыздық пен арамзалық бүгінде
Әр есіктің түбінде,
Аузын аңдып әр іннің,
Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын,
Аш мысық боп дүниені кезіп жүр.
Кәдімгі 4 тармақты, 11 буынды, қазақы қара өлең ұйқасы. Ақын осы өлеңді үш жолдан кейін үзіп тастап, арасына үш қыстырма сөйлем кіргізеді. Ал керек болса. Буын саны да әртүрлі, ұйқасы да ала-құла. Сонымен 7 жол­ды шумақ шыға келді. Ал бірақ оқығанда осы ала-құлалық білінбейді.
– Әр есіктің түбінде,
Аузын аңдып әр іннің,
Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын, –
деген «өгей» үш жол градациялық әдіспен екпіндеп, түйдектеліп келіп, мағынаны кү­шейтіп, бояуын қоюлата түседі, ырғаққа да сыйып тұр. Мазмұн мен форма үйлесе кетіп, бар жағынан құйылып түскен өлеңге риза болған Абай:
– Тасбұлақтың суындай
Сылдырап өңкей келісім, –
десе, Маяковский: «Поэзияда ырғақ билік құрады» деген. Осындай бір еркін көсілген Шығыс шайырларының ғазалдық-рубайлық сипаты о баста Қуандық Шаңғытбаев пен Мұхтар Шахановтан көрінсе, Жұмекенде де ол баршылық. Жұмекен «Ғұмыр ертегісі» өлеңін­де осы бір тамаша формалық сипатпен қоса ежелгі халық даналығын филосо­фия­­лық түйін етіп алады. Ол әр өлеңінде бар. Мысалы, «Жүз жасасаң да өтеріңде өмір аз көрінеді» деген әркім-ақ айтатын сөз. Жұмекен осыны:
– Жетпіс, сексен, тоқсан, жүз де – кәрі, рас.
Бірақ-бірақ... өлу үшін бәрі жас, – деп, оп-оңай афоризмге айналдырады.
Тышқан аңдыған мысықтай адамды да өмірбақи аңдып жүретін пәле бар екен.
– Мысық – тәбет
Мысық – тілек
Мысық – көз
Мысық – табан саясат, – деп, бір ғана сөз­ден туындаған әлденеше метафорамен береді. Абайда:
– Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой, –
деген бар. Осы «күшік» сөзі Жұмекенде қалай түрленеді.
– Аш күшік боп бұл сұрақ
Ірге жақты тырнап жатыр қыңсылап
Немесе:
– Қызу дарып бойына шым-шым ағын.
Шуаққа аунап күшік-тірлік қыңсылады.
Не деген астарлы әрі жанды сурет! Дәл осы жерде әлдебір басқа хайуанды алса дәл күшіктей образды ой шығар ма еді. «Жұмекен жұмбағы» деп жүрміз ғой бүгінде. Сол жұм­бақ­­тың бір шешуі – Жұмекеннің тереңдігінде, соны сөздердің саралап алудағы сұңғылалы­ғында. Мысалы, ауыл, дала, қазақ иісі, қазақ рухы, келмеске кеткен қазақы құндылықтар, таза қазақы адам, қазақы тіл – осыларға деген сағыныш қалай көрінеді?
– Жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым, – дейді Мұқағали.
– Бұлбұл қайда, ай қайда, Маржан қай­да? – дейді Ғалым.
– Табиғаттың өз дауысын аңсадым, – дейді Жұмекен. Қайсысы тереңірек?
Қозының дауысы мен бұлбұлдың үнін әр­кім де естиді. Ал мықты болсаңыз табиғат­тың дауысын естіп көріңізші. Жоғарғы екі са­ғынышта нақтылық, ал соңғысында абст­рак­тылық-ғайыптық басым. Осындай таң­дандыратын соны сурет көп-ақ. Мысалы:
– Құламай тұр, Құдай-ау, тамшы на­ғып?
Тамшы тамады, жауады, ағады, тырсылдайды. Ал қалай құлайды? Айтам ғой, Жұме­кенге ғана жарасар кешірімді тентектік.
– Тікірейіп шырша тұр үркіп, тегі.
Жа­сыл сырға малып ап кірпіктерін. Шыр­ша емес, кінәмшіл, үркек бойжеткен секілді ме, қалай.
– Қара суға қаз кетті түсіп есіп
Тасбақалар табысты кісінесіп.
Тасбақа емес, үйірлі жылқы секілді.
– Гүл еріні түріліп кімді өбеді
Кімді өбеді? Ешкім де үндемеді.
Уа, сүйінші, табиғат! Күрең мініп,
Көктөбені айналып күн келеді.
Жұмекен көп өлеңінде адаммен сөйле­сіп, адаммен қуаныш-қайғысын бөліспейді. Тек табиғатпен, соның ай-күнімен, аң-құсы­мен, тау-тасымен тілдеседі. Сондықтан да ғай­баттан, қызғаныш-күндеуден аулақтау болған шығар. Жалпы әр адамның бір стихиясы болады дейді ғой. Әр ақынның да өз стихиясы, құпия киесі бола ма деймін. Мұқа­ғали тауды көп жырлады, Ғалым ақ қысты, Аманхан күздің желін, Жұматай Ләйланы, Тұманбай көктемді дегендей.
– Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар.
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, – деген Мұқағали. Таулардың Мұхаңа ығысып орын бергенін көзіміз көрді. Ал Жұмекен жырының айналып соға беретін Темірқазығы – Күн. Тіршіліктің жалғыз қуат көзі – Күн. «Уа, күн келеді» өлеңі. Ақынның ештеңесін оқы­май-ақ, жалғыз осы өлеңін оқысаң, оны тануға жетіп жатыр. Физули «Алла бағының» күнді сипаттаған тарауын «Күн гимні» деп атапты. Шайыр «Қырғауылдың қанатындай қып-қызыл өрт шығысты шарпыған» кездегі жер үстіндегі ғажап құбылысты суреттейді. Жұмекен де өз өлеңінде Құдіретті күн жер үстін алқызыл нұрға бөлеген сәттегі ғажап сұлулықты, табиғаттың мыңдаған үндерден тұратын симфониясы мен гармониясын жыр етеді. Табиғат дауысы өзі бір оркестр, одан төгілген симфония. Осы симфонияны қара сөзбен Сәбит Мұқанов суреттеп еді-ау бір кезде («Есіл бойында»). Сол оркестрдің жалғыз дирижері, қапысыз қожасы-ақын­ның өзі. Табиғатпен тілдеседі, әмір етеді, өтінеді, бұйырады.
– Бір жақсы жыр оқышы жатқа, бұлақ.
Сары шымшық, сен де тыңда, ақпа құлақ
Тақылдақ, таңдайыңды қақпа бірақ, – деп олардан бір өтініп алған соң,
– Оятшы шыңдарды ана, бала бүркіт,
Бір тоқты қозы тапсын қара кірпік
Толғатып жусан тусын дала бір түп, – деп әмір етеді. Қызық. Тоқты қозыны табады, дала жусанды туады. Табады, туады си­нонимдерін де талғаммен таңдаған ғой. Қой қозы тапса, қазақ үшін көз үйренген көрініс. Ал даланың толғатуы, содан соң жусанды тууы – не деген соны сурет! «Бір қой егіз тап­са, бір түп жусан артық шығады» деген халық даналығы Жұмекенде осындай тірі суретке айналған. Тіпті «қара кірпік қозысы» да тосын. Қозыда кірпік бола ма, болса қара бола ма – ойға келмеген. Қыздың кірпігі туралы көп естідік, ал қозының кірпігін алғаш естуім.
– Күн көзі жалт етіп бір қарағанда-ақ
Күл болып жанып кетті қара қаңбақ.
Шаңқ етті бала бүркіт. Сонда Алатау
Желіп кетті өркеші ағараңдап.
– Күлдірді ақ бұлақты қытықтап нұр
Тастың дағы сабыры бітіп қап тұр
Ылғи бір жанды әрекет, сылдыр-сыңғыр үн, сиқырлы әлем.
– Судың жырын жырлайын күмбір етіп
Гүлдің жырын жырлайын үлбіретіп
Жалғыз сәтке тым құрыса, уа, табиғат,
Қондыр мені бұтаңа бұлбұл етіп.
Жаратқаннан бақыт емес, байлық емес, атақ емес, тек жырлап өтуді сұраған ақын рухы бұлбұлға айналып, өзі сүйген табиғатын мәңгілік жырлап отыр ма, кім білсін...
Әбубәкір Қайран «Аспаннан түскен аяттар». Жұмекен, Әбубәкір, Несіпбек, Аманхандар ініліктен – ірілікке, таланттан – танымал­дық­қа жеткен ақындар. Бұл күнде өз сти­лі­мен, өз үнімен, өз үнімен, өз тілімен, өз өр­нек-нақышымен дараланып, өз оқыр­манын тауып, халық жүрегінен орын алған ақындар. Өмірден алмаса алмаған шығар, бірақ өлең деген өлкенің төрінен ойып тұрып орын алған, өз еншісі, өз сыбағасы, өз бағасы бар ақындар. А дегенде қалың нөпір болып шапқан аламан бәйгеден ақыр­ғы айналымда шашасына шаң жұқтыр­май сандалкерлер сытылып шықпаушы ма еді. Бұлар – солар. ...............