Тарихта кездейсоқ ештеңе жоқ. Сөз жүзінде ғана сипаты советтік болған әдебиетіміздің қилы кезеңдерді басынан өткере жүріп, ұлттық мінезі мен бет түзер бағдарынан адасып кетпеуінің түрлі тарихи себептері бар. Қол астындағы халықтарға тізесін батырып, ноқталап ұстаған алып империяларда күйреу нышанының белгілері біліне бастаған шақта, отарлық езгіде жаншылған халық рухының бұлқынып, темір құрсауды бұзып шығуға талпынып, кемелденіп кететін дәуірі болады. Ұзақ жылдар бойы бодандықтың қыспағында жүріп, қайраты шынығып, ширыға түскен елдің азаттыққа ұмтылған ұлттық мұраты сол уақытта оның әдебиетінен көрініс тауып, қоғамдық санаға қозғау салады.
Кеңестер империясының аспанын тітіркентіп, найзағайдай күркіреген алпысыншы жылдар әдебиеті халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне құт-береке әкеліп, алтындай сәулесін ұйытқан, қазақтың бағзысы мен бүгінгісін сұрыптап, келешектегі бағытын айқындап берген сөз өнеріміздің ғажайып дәуірі болды. Тоталитарлық тоқыраудың тоңы жіби бастаған уақытта киелі шаңырағымызға уықтай қадалған санасы сергек қаламгерлеріміз, ұлттың арман-аңсарын оқырман жүрегіне жеткізетін жаңа жол тапқысы келіп, ізденіс иіріміне түсті.
«Құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) творчестволық тынымсыз ізденістер жемісін бермей қалған жоқ. Ең алдымен ол поэзиямыздан көрініс тауып, дүниенің сырынан ой түюі мен жазу мәнері бір-біріне ұқсамайтын талантты ақындардың легі әдебиетіміздің алып мұхитына теңіздей болып құйылды. Көктемнің жылы лебін ала келген жыл құстарындай болған олардың бәрі де қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, танымын тереңдетіп, өрісін ұлғайтып, өрнегін түрлендіріп жібергенімен, Мағжан мен Қасымдардың ізін басқан санаулы ақындар ғана бодандықтың бұғауынан босап шығудың бақытын армандаған мақсаттарға қол созып, қалғып кеткен халықтың санасын оятатын амал іздеді. Ұлт қасіретінің шоғына жаны күйе жүріп, өлең жазған сондай жыр алыптарының қатарында болған Жұмекен Нәжімеденовтің өнер аспанында құс жолының ізіндей сайрап жатқан дара қолтаңбасы мен өз биігін жасап кеткен шығармашылық әлемі бар. Бұрынғы өткен ақындарды қайталамайтын ол ерекшелік Жұмекеннің кез-келген өлеңінен тайға басқан таңбадай анық көрініп тұр.
Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам,
ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам.
Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы,
басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп,
керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,—
қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам.
Нағыз ақындардың өмірі мен ұлт тағдырының кіндігі бір. Алпысыншы жылдардың белесінде әдебиет есігін ашқан басқа бірде-бір ақынның шығармашылығы дәл Жұмекеннің өнеріндей ұлт тағдырымен тығыз түйіскен емес. Жұмекен поэзиясын тереңірек үңіліп, өлеңдегі әр жаңа қадамына жітірек назар салсаңыз, одан тек өмір қазанындағы бұрқ-сарқ қайнаған тіршілікті ғана емес, ұлтқа жасалып жатқан әділетсіздіктермен жаны қайшылыққа түскен ақын ойының даму эволюциясын да көресің.
Соған қарамастан, әлі күнге дейін әдебиетімізде Жұмекендей жаратылысы бөлек, дара құбылыстың тарих сахнасында қалай пайда болғанының себебін түсіндіріп беруге тырысқан жұмыстар жасалмағандықтан, біз әр нәрсенің басын бір шалып, малтығып келеміз. Тіпті, қып-қызыл даудың тұтанып кетуінен сескеніп, ол сұрақты қоюға жүрегіміз дауаламайтын да сияқты ма, қалай? Жұмекен творчествосы төңірегінде әңгіме қозғалғанда, емтихан «тесттерін» жаттап алған пысық оқушыдай «жұмбақ ақын», «күрделі ақын», «ХХІ ғасырдың ақыны» деген сөз тіркестерімен жұрттың басын қатырып, оқырманға бағыт-бағдар берудің орнына, оны керісінше, қара орманға кіргізіп, жолынан адастырып жібергендейміз. Ең өкініштісі ұлы ақынымызды поэзиядағы құбылыс болған «жұмбақ», «күрделі» өлеңдерді жазуға қандай ірі себептер мен әлеуметтік жағдайлардың итермелегенін сана сүзгісінен өткізіп, саралап та көрмеппіз. Әдебиетіміздің көрнекті өкілі Темірхан Медетбек қана «Тереңдік» деп аталатын мақаласында, бұрын-соңды көп адам байқамай келген шындыққа айрықша назар аударып, нағыз ақынның өмірін туған халқының тағдырынан бөліп қарауға болмайтынын жақсы жазды.
«Ақын – ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы-қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен, ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны бола алмайды». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ – ші том. 263 бет)
Тауып айтылған тамаша тұжырым. «Ұлттың ұлы ақыны дегеніміз кім?», деген сауалға, осыдан артық қандай қисынды жауап болуы мүмкін? Айтылған сөздің ақиқатына көз жеткізгіңіз келсе, қасіреттің пышағына жаны жаралана жүріп ұлт ақыны атанған Рудаки мен Дантелердің, Шенье мен Байрондардың, Мицкевич пен Шевченколардың, Пушкин мен Абайлардың, Махамбет пен Мұраттардың, Мағжан мен Қасымдардың, Мұқағали мен Жұмекендердің, Кеңшілік пен Жұматайлардың және ақындық сертіне адал болып қалған Темірхандардың өлеңдерін оқыңыз. Сонда нағыз ақындардың барымен мақтанып емес, ұлтының жоғын түгендеу үшін тер төгіп, әдебиет майданындағы ақ алмастай жарқылдаған Рухтың алдаспаны екеніне көңіліңізде иненің сынығындай да күдік қалмайды.
Темірхан ағамыз өз мақаласында, ақын өмір сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсіз болса да жүрегінің бір түкпірінде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкін болмағаны екенін айта келіп, Жұмекен жөнінде мынандай ойдың басын қайырады.
«Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес Одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы үстеріндегі киімдерінде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қиянат». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ – ші том. 263 бет)
«Күй кітабын» оқыған кездегі біздің де алған әсерімізді айна қатесіз, қаз-қалпында жеткізген Темірхан ақынның байқампаздығына тағы да ризашылығымды білдіремін. Орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «...ұлттық сипат дегеніміз сарафанды сипаттауда емес, халық рухының өзегінде жатады» дегені, осындайда есіңе еріксіз оралып, ойыңды сан-саққа жүгіртеді екен. Ой бесігімізді тербеген осы сөздердің растығына мойындағанымызбен, егер де біз табанға түсіп, тапталып жатқан ұлтының тағдырын ақын ең алғаш «Күй кітабында» суреттеді деген тұжырымға тоқтам жасасақ, қара түнек басқан заманда халқының жанына рухының жарығын түсіріп, жүрегін елжіреткен Жұмекен жырларының ұлылық қасиетін түсінбеген болар едік.
Асылы, әр ұлы ақын «әдебиет – халықтың жаны» (Аймауытов) екенін әу бастан түйсігіне түйіп, оған адал қызмет етуге ішінен ант етіп, азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын күреске дайындықпен келетін болса керек. Мойнына құрық салдырмайтын мінезі асау ақындарымыздың тырнақалды туындыларын парақтағанымызда, дүниеге іңкәр жүрегінің лүпілін ғана сезіп қоймай, жан әлемінің кіршіксіз тазалығы мен азаматтық бейнесінің сағымданған сұлбасын көргендей әсер алатынымыз да сондықтан. Егер Жұмекен поэзиясына ат үсті қарамай, әдебиеттегі жүріп өткен жолының әр қадамына ықыласпен зейін салсақ, оның ірі тұлғасының тарих сахнасында пайда болуының заңды құбылыс екенін аңғаратынымыз анық.
Жұмекеннің алғашқы жинағындағы өлеңдерінен-ақ халықтың Рухы үшін болатын мылтықсыз майдандардағы шайқастарға тас түйіндей бекініп келген ақынның күрескерлік тұлғасы менмұндалайды емес пе.
Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген,
Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен.
Жас ұялап қимас көздер қалды артта,
Аспанының ақ иығын ілдірген.
Енді.. енді туа ма оған жан ұқсап,
Қараңызшы көкжиекке анықтап:
Күншығыс жақ арайланды, батысқа
Бара жатыр қара табыт қалықтап.
Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт,
Туған жерден тамырымен жұлынып?
Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау,
Қара жалау қалыпты ғой ілініп!
1961 жылы ұлы Әуезов дүние салғанда шерлі жүрегінен толқып туған «Мұхтар қайтқанда» деп аталатын лирикалық туындыда, ертеңіне алаңдап қалған тұтас бір ұлттың қамырықты күйі асқан шеберлікпен соншалықты дәл, әрі шынайы кестеленіп, бұлыңғыр болашағына деген алаңдаушылығы қалай керемет сүгіреттелген. Басқалардың жоқтауына ұқсамайтын, өрнегі өзгеше өрілген өлеңді соңына дейін оқып шыққаныңда аза бойың қаза болып, Әуезовті қара жердің қойнына қимай-қимай тапсырып, жан дүниесі күңіреніп, ішкі әлемі теңселген миллиондаған жанарлардан «ұлттық рухымыздан айырылып қалған жоқпыз ба?» деген көңілдердің алаңдаушылығы мен ауға түскен балықтай қиналған сезімдердің арпалысын көріп, ақынның қасірет жамылып айтқан ойының тылсым тұңғиығына тереңдеп, тұншыға жаздайсың.
Күні кешеге дейін ақын творчествосына тоқталған талай еңбекті оқысам да, бірде-бір ақын, жазушы, әдебиетші, һәм философтың Жұмекеннің осы өлеңіне көңіл дүрбісін салғанын өз басым байқамадым. Басқаларын айтпағанда, тіпті, Жұмекен мұрасының бірден-бір жанашырлары болған Зейнолла, Әбіш, Темірхандардың да сөз арасында болса да осы туындыға бір тоқталмай кеткеніне қайранмын. Поэзия аспанындағы Темірқазықтай жарқыраған жұлдызды қалай елемеуге болады.
Біз мысалға келтірген осы өлеңдегі «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен» деп аяқталатын ең соңғы түйінді сөзді әдебиеттің киелі босағасынан аттаған кездегі Жұмекен жүрегінің адал анты, айнымас серті ретінде қабылдасақ та қателеспейміз. Күңіренген көңілдердің күрсінісін жеткізген жалғыз ауыз сөзде Жұмекеннің ғана емес, алпысыншы жылдары әдебиетімізге келген мінезді ұрпақтың ұлтымыздың жоғын толтыру үшін арпалысып, жанталаса әрекет еткен күресінің мақсатты мәні түйінделген. Жұмекен творчествосы ұлттық мінезімізді қалыптастырып, әдебиет шаңырағының шайқалып, рухымыздың түсіп кетпеуіне тірек болған күресте шарболаттай шыңдала түсті.
Түрлі көзқарас тұрғысынан ақын туындыларын талдап, шашыраған шындықтардың басын біріктіруге тырысқанымызбен, әлі күнге дейін біз Жұмекен поэзиясында кенеттен жарқ ете қалған ұлы ойдың (великая мысль) ақын жүрегінде қалай тұтанғанын зерттеуге талпынып көрмеппіз. Мағынасы терең әбзел сөздеріне ғана сүйсініп, жауабын іздемек түгіл, «ұлы ойдың ұрығы ақын жанына қалай түсті?» деген күрмеуі күрделі сауалды өзімізге қоймаған да екенбіз. Әдеби сынымыздың Жұмекен әлемінің мұхиттың түбіндей тереңіне бойлай алмай, бетінде қалқып жүргенінің негізгі себептерінің бірі осында жатқан жоқ па екен? Жан-жақты зерттелмей келе жатқан ақын шығармашылығының сан қырлы табиғатына тоқталмас бұрын, әуелі осы тақырыпты індетіп, шамамыз келгенше жоғарыда қойылған сұрағымыздың жауабын табуға тырысып көрелік.
***
«Әр халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» екенін айтқан неміс философы Гегель әлемдік ақыл айналымына тұңғыш рет «халықтық рух» ұғымын енгізген-тұғын. Оның айтуынша, халықтық рухтың арқасында тарихи үдеріс жүзеге асады. Бүгінгі таңда аксиомаға айналған қисынға сүйенсек, күні кеше ғана тәуелсіз ел атанып, азаттыққа қол жеткізген бақытымыздың әлдекімдер айтып жүргендей оңайлықпен бұйыра салған олжамыз емес, отарлық тепкіге де, шапқыншылыққа да, тоталитарлық қыспаққа да шыдай жүріп, келешектен күдерін үзбей күресіп, ұлпа жүрегі шерге толған халқымыздың тарихтан алған еншісі екеніне еш күмән қалмайды. Ұлтымыздың ең ұлы мұраты - тәуелсіздікке жету жолындағы өрмегі үзілмей, ғасырлардан ғасырға жалғасқан рух майданында елдігімізді қалыптастырып, халқымыздың жігерін жанып, намысын қайраған сөз өнеріміздің атқарған қызметі өлшеусіз зор.
Қазақтың рухы сергелдеңге түсіп, қолынан билік кете бастағаннан бергі өліара уақыттың бәрінде ұлттық арманымызға айналған азаттық идеясы ақындарымыз жырлаған ең негізгі тақырып болды. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұста ұлт болып ұйысуға шақырған Бұқар бабамнан бастап, ұлт-азаттық көтеріліс поэзиясының дарабозы Махамбет, жат жұрттық езгіге қарсы күреске үндеген зар заман ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулаттар мен Абайдың рухынан қуат алып ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын тарих алаңына алып шыққан зиялыларымыз Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандардың қаламын қанды жасына малып отырып жазған шығармаларының өзегі азаттық идеясымен жараланған.
Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарының бәрін де жайындай жалмаған жиырмасыншы ғасырда қазақтың санасына шуағын төгіп, рухын кемелдендірген екі үлкен ұлттық құбылыс болды. Біріншісі, Абай ұстанған -ағартушылық бағыт, екіншісі, ұлттық тәуелсіздігімізді алып беруді көздеген - Алаш идеясы. Жалғыз пайғамбарынан айырылса рухымызға жегі түсіп, бордай тозып кететінімізді әріден ойлаған данышпан Әуезов халқымызға Абайды аманаттап кету үшін, жанкештілікпен еңбек етті. Ұлы Мұқаңның толып жатқан тақырыптарға қарамай, Абайға ғана көңіл назарының бұрылуында әдебиетпен бірге ұлтымыздың да ең ұлы мұраты болып табылатын халықтың рухын сақтап қалуды көздеген мақсат жатты. Жүз жыл бұрынғы тарихи ситуацияларды саралаған кейбір ғалымдарымыз Алаш идеясы бесігінде тұншықтырып өлтірілді деген тұрғыдағы ой айтып жүр. Мен мұндай қисынсыз пікірмен түбегейлі келіспеймін.
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық топырағымызда қайтадан гүлдеп, жапырағы жайқала бастаған Алаш идеясы тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес-тін. Ұлттық мұратымызды айшықтаған идеяның рухани тамыры егемендікті аңсаған халқымыздың жүздеген жылдар бойғы арманын көрікті ой, кестелі тілмен жеткізген барлық ұлы ақындарымыздың азаттықты жырлаған елдік мүддесінен бастау алады. Мысалы, Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының мына шерлі толғауы, одан бір ғасыр бұрын өмір сүріп, елі үшін қайғырып, көкірегі қарс айырыла жаздаған Махамбет пен Дулаттардың зарымен үндесіп қана қоймай, мағыналық жағынан толықтыра түсіп, әдемі үйлесімділік тауып тұрған жоқ па.
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?
Күрескерлік қайраты жоғалып, жігері таусылып, халық жер бетінен жойылып кетпесе, көңіл бесігінде тербетіліп, жүрегінде әлдиленіп, ғасырлардан ғасырларға аманатталып, ұлттың топырағына өсіп шыққан ұлы идеясын тамырымен жұлып тастау алып империялардың да қолынан келмейді. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей қоймайды», - деген Ахаңның (Байтұрсынұлы) тұжырымы ақиқат болса, Алаш идеясы халықтың жанынан пана тауып, ұзақ жылдар бойы әдебиетінің қан тамырында бүлкілдеп соғып тұрды деуге толық негіз бар.
Келісу, келіспеу, шарт емес. Дәуірлер барысында тереңдігінің сыры ашыла түсетін Жұмекен поэзиясының жұрт шеше алмай жүрген құпиясының кілті «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен», деген ойдың астарында жасырынғандай болып көрінеді маған. Қайғының жаңбыры үдей түскен өлең жолдарын оқығанда Мұқаң аманат етіп кеткен, түпкі мақсаты Алаш идеясымен сабақтасып жатқан жүктің ауырлығын сезіп, халықтың рухы үшін болатын күрестің бұрынғыдан да шиеленісе, бұрынғыдан да қиындай беретінін таразылап:
Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым,
енді маған ақылдың бер тарланын.
Күй алғалы көп болды көңілімді,
жүрегімді көп болды өрт алғалы.
- деп көмейіне кептелген ащы шындықты ашық айта алмай, өмірі құсалықпен өткен ақын жүрегінен шыққан күрсіністің сырын шын ұға бастайсың.
Қара көздің басырын, ақ шел қаптап бара жатқан заманда өмір сүрген Жұмекеннің жан күйзелісін түсінуге болатын еді. Ол халықтың көкірек көзін ашып, елдің рухын сілкіндіретін мүмкіндіктердің бәріне кісен салынған Абай заманынан да күрделі, әрі қайшылықты уақытта өмір сүрді ғой.
Абай заманында халқымыздың күндердің-күнінде өз азаттығын алатынына аздап та болса, алыстан мұнартқан нәзік үміт бар-тын. Гуманизмнің туын биік көтерген ұлы Толстой дүние салғаннан кейін ол үміттің сәулесі біржолата сөнді.
Заманның қара бұлты қоюлана түскен, Жұмекен өмір сүрген өліарада орыс әдебиетіндегі рауандап атқан руханияттың шапағындай жарқыраған гуманизмнің жалқын сәулесі де қалмай, отаршыл елдің көрсеткен зорлық-зомбылығы мен озбырлығы жылдан жылға күшейіп бара жатты. Қалың қазақтың тағдыры қара қазандағы бидайдай қуырылып, қымызымыз жауымыздың таңдайында, қыздарымыз қас дұшпандарымыздың борбайында кеткен ақтабан шұбырындыдан да өткен нәлет заманның езгісі ұлттық рухымызды жойып жібере алмаса да, тұғырын шатқаяқтата бастаған-тын.
Әрине, Абай атамыз қазақты қынадай қырған орыс отаршылдарының халқымыздың көзіне көк шыбын үймелетіп, озбырлықпен жасаған жан түршіктірерлік зорлық-зомбылығын, санасында сәулесі бар азаматтарының бәрін итжеккенге айдатып әкетіп өлтірген айуандығын көрген жоқ. Ал, Жұмекен күйеулері «халық жауы» болып атылып кетіп, жесір қалған апаларының сорғалап аққан жасына тұншыға жаздаған қасіретін көзімен көрген - зар заманының тірі куәгері, әдебиет түгіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жараланған халықтың ұлы болды.
Желтоқсанның ызғарлы желіндей тоңдырған дәуірдегі барша қазақтың орны толмас қайғысын жеріне жеткізіп суреттеген «Мұқтар қайтқанда» атты ақынның зарлы толғауындағы «Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп!», - деген өлең жолдарын оқығаныңда халқымыздың жан жарасының сыздап бара жатқанын сезіп, жон арқаңа кірпі аунағандай күй кешіп, тұла бойың түршігеді.
Жиырмасыншы ғасырдағы екі ел әдебиетінің дамуына зер салсаңыз Пушкин кемелдендіріп кеткен орыс поэзиясының күрт құлдырап, ал, қазақтың жыр әлемінің керісінше кемелденіп, ойының тереңдеп, өрнегі айшықталып, ұлттық бояуының қырғауылдың қанатындай құлпырып кеткеніне көңіліңіз сүйсінеді. Нәубәттан көзімізді ашқызбаған кезеңдердің артынан, еркіндіктің көбесі сөгіле бастаған алпысыншы жылғы жылымықтан соң біздің поэзиямызға Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қадыр Мырзалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сияқты қазақ өлеңінің бояуын құлпыртып, ою-өрнегін түрлендіріп жіберген талантты ақындардың үркердей шоғыры қосылды. Ондаған жылдар бойы қазақ поэзиясының жан әлемінде тұншығып, қамалып қалған сезімдері кенеттен жарылып, сел-тасқындай болып ағылды. Кіші халықтарды торына тары шашқан бөденедей ұстап, айтқанына көндіріп, айдаған жағына қарай жүргізгісі келген Ресейдің әдебиеті болса, керісінше, шовинстік пиғылмен уланып, ұлттық тамырынан ажыраған орыстың поэзиясын даңғырлаған әуен басты. ХІХ ғасырда жанартаудай болып атылып, адамзаттық ойдың асқарына көтеріліп, әлемді таң қалдырған орыс сөз өнерінің топырағы тозып, халықтың жаны болған әдебиетіне жегі түсті. Жазушы, әрі сыншы, Дмитрий Мережковскийдің «Қазіргі кезде біз әдебиетіміздегі пушкиндік рухтың жоғалып бара жатқан мезгілін бастан кешудеміз», («Дмитрий Мережковский «Вечные спутники», 414-ші бет, «Азбука-классика» Баспа үйі, 2007 жыл) - деген сөздерінің астарында, осындай бір көңілсіз шындық бар.
Сөз жоқ, алпысыншы жылдардағы орыс поэзиясы өлеңді түрлендіру мен ойды беру жағынан әжептәуір дамыды, зор табысқа жетті, бірақ, тамырынан жұлынып кетіп, халықтық рухы мен ұлттық құнарынан айрылды. Пушкиндерден бастау алған поэзиясының ұлы дәуірі Есениндермен аяқталып, алпысыншы жылдары орыс өлеңін стадиондар мен алаңдарға алып шыққан Маяковскийге еліктеген бір топ ақындары, оны Қытайдың алмасындай дәмсіздендіріп жіберді. Данышпан Толстойдың өз елінің отаршылдық пиғылымен күресе жүріп мәпелеп өсіріп кеткен ұлы идеалы күйреп, Ресейдің өнер алаңы орыстар мен еврейлердің айтыс-тартысына айналып, жылдан жылға әдебиеті батпаққа бата берді. Вадим Кожинов сияқты әдебиет зерттеушілерінің аса ірі ақын болмаса да, өлеңдеріндегі ұлттық мінездің шырайы бұзылмаған Николай Рубцовтарды көтеру үшін, монографиялық еңбектер жазып, жырларын насихаттауға жанын сала кірісуінің артында, орыс поэзиясындағы халықтық рухты сақтап қалуға ұмтылған ниет жатқанын аңғару қиын емес.
Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясының сезім тасқынын селдетіп, жапырағы жамыраған ағаштай жайқалып кетуінің ең басты себебі - ұлттық топыраққа табан тіреп қалып, рухани өзегіне жегі түсіріп алмауында. Бодандықта қорлық көрген қазақтың әдебиеті рухы түсіп, жүнжіп кетудің орнына, қайта тоталитарлық жүйеге айбат шегіп, сес танытып, мінез көрсетті. Дәл осылай болуы заңдылық-тын. Ақынның шерлі жүрегінен ащы запырындай болып шыққан сөзімен айтсақ:
Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,
бір үн болды керемет – болайын деп болды ма;
ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма
түрме, бұғау, қудалау. Дала және домбыра.
Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры,
жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды.
Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді,
Түңілейін десе де – әлденені іздеді.
Ұқты ма оны көп адам – тапты бәрін жаңадан,
түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан.
Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып,
гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып;
әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді.
Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді.
Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп,
Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп.
Ер тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады,
ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады.
Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір,
дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың.
Өкінішке қарай, бізде де қазір Жұмекендей ұлы ақындарымыз гүлден тұз жинағандай болған әдебиетіміздің ғажайып дәуірі аяқталып, күрескерлік жігеріміз сарқылып, халықтық рухымыз жоғалып бара жатқан қорқынышты уақытта өмір сүрудеміз. Ар-ұятымыздың алтын Күніндей жарқыраған әдебиетіміздегі Рухтың сәулесі сөніп, қайтадан алып империялардың қармағына түсіп, құлдықтан көз жаза алмай, бірте-бірте жойылып кетеміз бе деген үрей салқынының жылдан жылға бойымды мұздатып бара жатқанын несіне жасырайын.
Бірақ бүгінгі заманның шым-шытырық шырғалаңы кімдердің нағыз ақын, кімдердің жемсауын толтырған бұлбұл, кімдердің батыр, кімдердің қорқақ, кімдердің бұқарашыл, кімдердің билікшіл, кімдердің күрескер, кімдердің рухын сатқан алаяқ екеніне анық көзімізді жеткізді. Дәл қазіргідей ақынның азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын аласапыран заман тумағанда біз мына өмірден кімдердің кім екенін білмей-ақ өтер ме едік. Халықтық рухтың сөзімізде ғана бар, ісімізде жоқ әрекетке айналып, әдебиетіміздің өзегіне жегі түсіп, күннен-күнге ұлттық мінезімізден айырылып бара жатқанымыз – қорқынышты құбылыс.
Соңғы жылдардағы билікке мінез көрсетіп, халықтың бейбіт шеруге шығуының жиілеп кетуі – бүгінгі әдебиетіміздің осалдығын көрсетеді. Ақын ұлтының сөзін сөйлей алмай тілін тістеп қалған уақытта, халық көтеріліп, алаңға шығады.
***
Боданлықтың кесапатынан, санамыздан өшпей, бойымыздан кетпей қойған, қазақты өсірмей келе жатқан бір үлкен кесел бар. Ол – құлдық мінез. Құлдық мінезден арыла алмаған халық еш уақытта да бақытты бола алмайды. Махамбеттің басын кескен зұлымдық, Абайды соққыға жыққан аярлық, Ахмет пен Мағжандардың көзін құртқан опасыздық, Мұқағалиларды зар илеткен мейірімсіздік, күні кеше ғана Алтынбектерді өлтірген опасыздық – құлдық мінездің көрінісі. Құлдыққа мойынсынған елдің өзінің құлдық өмірінен басқа ештеңені сүймейтіні әлімсақтан белгілі. Құлдық қоғамда өмір сүріп, еркіндікті аңсаған өнер адамының мына жалған дүниеден көретін қызығы қорлық пен қиянат қана.
Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой,
нені айтпасам – менің кінәм емес қой –
сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір,
батыр Сейтақ отыр еді қамауда.
Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде,
үйді бұл
Жау түрткілеп, - түсіп еді талауға,
Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп,
Әуес-шешей тезек терді бір қауым.
Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп»,
киіп еді Спартактың бұғауын.
Сен тұрғанда кешкіғұрым ақ балконға сүйеніп,
түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп
бабам менің бүтін үйге кіре алмады,
түйе жүн
Шекпенінен ұялғаннан емес тек.
Сен отырдың Амадидің скрипкасын жаратпай,
Махамбет те тумайтұғын ер тіпті, -
домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай,
көршілердің көсеуін ап шертіпті.
Мұның бәрі сенің бағаң емес қой?
Сонда осы.. Менің сорым да еместей.
Сені бүкіл Европаның «Әулиесі» мақтаса,
Ұлы Абайды өсектеді тобықты.
Жақсымызды бетімізге күйе жағып айтпасақ,
бізде-дағы талай мықты болыпты.
Байқасаңыз, ақынның мағынасы терең өлеңдерінің бәріне де Абай жырларының шуағы түскен. Абай тек ақын немесе кемеңгер ғана емес, Жұмекеннің пір тұтып сыйынатын әулиесі - рухани әкесі. Ол – қазақтың рухы. Ол Абайға, сағынғанда шалдың иісі келетін туған жеріндей сыйынады. Бірақ соған қарамастан Жұмекеннің дүниені танудағы өз жұмбағы мен ешкімге ұқсамайтын дана түйсігі болды. Ол Абайдан тағылым алды, бірақ, кемеңгердің жүріп өткен жолын қайталамай, омбылап, өнердегі өз соқпағын салды.
Жұмекен халықтың көңілінен шығатын емес, танымын тереңдетіп, парасатын биіктете түсетін шығармалар жазуды мұрат етті. Өнердегі рухани тереңдіктерді іздеді. Ақын шығармашылығында адам жанының шыңырауында жатқан «жеңілдігі - көбіктей, ауырлығы – табыттай» шындықтар зерттеліп, халық рухының тереңінде жасырынған қасіреті ашыла түседі. Жұмекен поэзиядағы біржақтылық пен жасанды қалыпты бұзып шығып, қара өлеңді жаңаша түлеткен - рух төңкерісінің жыршысы.
Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген
Ботасы өлген секілді ертеде оның,
Абай жатқан бауырында кер төбенің.
Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген – жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.
Алаяқ пен не түрлі қырсау мінген
Поэзия – жүр әне, бір саулы інген.
Ботасы өлген батады Ана мұңға
«Аралды» ашқан Әбділдә заманында.
Боз інген жүр, бір ойға бекіндім мен:
бұйдасын қиып кеткен секілді інген.
Бір желіге тоқтары, келері анық
деп ақындар жөңкіп жүр шелек алып.
Қайтіп бүтін бұл ырыс тисін бірден
Жәбір қолға сауынған – исіндірген?!
Бір тамшыға біреу жүр құны қалып,
Біреу шықты, әнеки, тұлып алып.
Байғұс інген.. бүйірі бүлкілдейді,
бота-қайғы бауырын түртіп жейді.
Бір шелекке нәр тамып бірер қасық,
бірер көңіл қалды, әне, құмар басып.
Ол бақыттан, достым, сен қалдың аман,
Ең тынышы – қой бағып, мал құраған…
Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған,
бос шелектің дауысы-ай даңғыраған.
Әлемдік әдебиеттің бұлағынан қанып ішкен ақын заманға икемделіп жазылған өлеңдердің ғұмыры ұзақ болмайтынын жақсы білді. Бос шелектердің дауысы даңғыраған қоғамда өмір сүрген Жұмекеннің жаны отқа оранып, өмір бойы байыз таппады. Алайда азаттықты аңсап, өрмектің құрындай сезімдері шайқалған ақын жанын түсінетін кім бар, мына жалғанда? Айтыңызшы, кім?
Жылдар бойғы тынымсыз ізденістен туған, ақын жүрегін жарып шыққан шығармалар өнер туындылары ғана емес, түрлі қырынан ашылған, азаттық жолында қорлық көрген - туған халқының трагедиясы. Оларды оқығаныңда, ұлтымыздың бодандықтан тартқан тауқыметінің кермек дәмін ерекше сезе түсесің.
Жанын жегідей жеп, көңілін кемірген азаттық жайлы ойларын Жұмекен «Күй кітабында» кеңінен толғанып, келісті ой, көркем тілдің құдіретімен айшығын анық, бояуын қанық етіп суреттеді.
Пенде баласының бақыты Жұмекен үшін ең алдымен оның азаттығымен өлшенеді. «Күй кітабындағы» шығармалар – өнер адамының азаттығы сыналған трагедиялар. Бостандық жоқ жерде сана мен сенімнің еркіндігі жойылып, зұлымдық салтанат құрады. Адам рухының азаттығы дегеніміз, ол ең алдымен - адам санасының бостандығы. Сана азат болмаған жерде, рухтың еркіндігі кісенделіп, жан азап шегеді. Бодандықтың бұғауы қатты бата бастаған шақта халықтың азаттықты іздеудегі сергелдеңі жаңа бір шырғалаңға түседі. «Күй кітабы» қазақ поэзиясындағы бітімі бөлек туынды ғана емес, азаттық тақырыбын халық санасына жеткізудің жолын іздеген - рухтың жаңа құбылысы да.
Әсіресе, ақын жыр кітабында» Құрманғазы Сағырбайұлының «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Түрмеден қашқан», «Адай» т.с. күйлеріндегі музыканың құдіретімен жеткізген халықтың азаттықты көксеген арманын асқан шеберлікпен өлеңге айналдырып, көркем тілмен әдемі кескіндеп, оны өз заманының шындығымен шебер ұштастырған.
Жұмекен қара өлеңмен сүгіреттеген Құрманғазының «Қайран, шешемі» күйшіге емес, ең алдымен батыр ананың қайсар рухына орнатылған ескерткіш. Оқырманға түсініктірек болуы үшін күйдің шығу тарихына қысқаша тоқтала кетейік.
Ақбайдың шабармандары Құрманғазыны арбаға байлап жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Əлпештеп өсірген анасына əлі күнге дейін қайырымды іс істемегеніне өкініп, енді, тағы міне, айдалып бара жатқанын ойлап, көзіне жас кеп, шешесінің қасына келеді. Күйдің тарихын жақсы білген Жұмекен осы ситуацияны поэзия тілімен шебер сөйлетеді.
Не көрсеттім мен саған,
Азапты ойдан өзге не?
Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден».
Әр күн сайын басыңа бір уайым қосылды.
Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды.
Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана,
ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған;
ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой,
бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой;
көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың,
бермейтінін құдайдың – неге ғана сұрадың.
Қайран шешем, аяулы анам,
тісті едім мен – тұмша жапты.
Салмаса егер бұғау маған.
бұлқынбас ем мұнша қатты.
Құлдықтың бұғауынан қорланған Құрманғазының күйі шынымен де қандай аянышты! Көзіне жас келмек түгіл, өкіріп жыласа да кешірімді еді, күйшіге. Бірақ анасы баласының жігерін жасытқан бодандыққа, қолына кісен салған құлдықтан да бетер қорланып “Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?” – деп, жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қателігін түсінеді. Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап “Қайран шешем” атты күйін шығарып, анасынан кешірім сұрағандай болады.
Жұмекеннің жыры да күйшінің қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана төгіледі.
Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман,
Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман.
Суық едім, жан ана, - тыншытпады күй деген
туып едім далада – өсіп келем түрмеде:
..бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
ханға бермес қолымды – кісен қиып барады.
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін.
Не деген өжет, не деген қайсар мінез! Тағдырына көнудің орнына, оған мысқылдап күле қараған, не деген тәкәппарлық! Қасіреттің жолы арқылы сәуле іздеген күйшінің азаттыққа ұмтылған жан қайғысын Жұмекен қалай керемет түсініп, табиғи қалпында қалай шынайы сүгіреттеген. Өлеңді оқығанда сонау ғасырлардың қойнауынан жеткен азаттықты аңсаған азалы үннің дауысы құлағыңа шалынғандай тұла бойың түршігіп, көкірегіңе өксік кептеліп, көзіңе ыстық жас тығылады.
Азаттықты армандаудың символы ретінде белгілеп алған кейіпкері - Құрманғазының образы арқылы Жұмекен халық бостандығының трагедиялық тағдырын аша түседі. Бостандық жоқ жерде ұлттың өмірі мағынасыз бос тіршілікке айналып, құлдық сананың шылауына шырмалып, рухы күйрейді. Бодандықта жүрген халықтардың бостандыққа ұмтылуының арғы жағында өз бақытын іздеген мағыналы күрес жатыр. Тәуелсіздігінен айырылған халық екі дүниеде де бақытты бола алмайды. Көрген күндері де күн емес - түрме, бұғау, зорлық-зомбылық пен туған топырағында қашқын атанып, жалғыздықтан жапа шегу. Құлдықтың қорлығынан асқан қандай тозақ бар мына жалғанда.
Бодандықтың бұғауынан босана алмай өлген адамның жаны фәни дүниеде де тыныштық таба алмайтын шығар, сірә.
Күйші қашты түрмеден,
Қорыққаннан емес қой.
Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене –
торыққаннан емес қой.
Күйші қашты түрмеден,
сыңғырынан бұғаудың;
жыңғылына даланың.
Ыстық ұрды маңдайға –
Көкірегінде бірте-бірте еріді үн.
Күйші қашты мазағынан түрменің
азабына бүкіл байтақ елінің.
Күйші қашты – күй мәңгі азат деп еді,
Оны бірақ кез-келген тор қамады.
Не кеңшілік беріп еді сол өмір
кеңдігінен басқа туған даланың.
Амал, нешік, бостандықты армандаған өнер адамының тағдыры осындай. Бірнеше мәрте түрмеге қамалып, Орал мен Орынбордың абақтыларына отырып шығып, қуғын мен сергелдеңге түскен Құрманғазы Сағырбайұлы тәуелсіздік туралы ой-толғамдарын музыканың әсерлі әуенімен халық жүрегіне әлдилеп жеткізсе, Жұмекен Нәжімеденов дәулескер күйшінің көркем образы арқылы, жалыны сөніп бара жатқан бостандық идеясын қара өлеңнің құдіретімен ұлтымыздың санасында қайта тірілтті. Ұлы ақынның жанынан толқып туған жырлары да Құрманғазының күйлеріндей жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен сезіміңді баурап әкетеді. Тыңдап көріңізші:
Дала жатыр,
Жиылмапты-ау, етегі,
кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей,
Қыр бастары қараң-қараң етеді –
ақиықтың көлеңкесі түскендей.
...Күйшіге тек кеңдік болса – болады,
топырақты танымасын, танысын;
Желк-желк етіп, ақ селеуі даланың
үдетеді ақ боз аттың шабысын.
Бүкіл маңай тарғылдана береді,
күй оянып келе ме әлде зердеде?
Шөп ызыңы – бостандықтың өлеңі
мынау жер ме,
әлде сансыз перне ме?
«Ақиқатты таныңыздар, Ақиқат сендерді азат етеді», - дейді данышпан Сократ. Жұмекен бостандыққа жету жолында, «мұз жастанып, қар төсенген» тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы заманның дауылы үнін өшіріп тастаған, айтылмай қалған ақиқатты іздейді. Қоршаған ортаның құлы болғысы келмеген Жұмекеннің жаны азаттыққа құштар. Ақын адамның санасына үстемдік етіп, рухының еркіндігін жоққа шығарғысы келетін қоғамның әлеуметтік шындығын қабылдай алмайды. Бостандықтың сәулесін сағынып, ағынан жарылып, алыстан мұнартқан келешекке көзін тігіп жазған ақын жырларында шығармашылық шеберлікпен қатар, көріпкелдік қасиет те бар. Ол өнер адамының бостандығына кісен салудың халықтың рухы мен санасын қорлау екенін әулиелікпен жырлайды.
Тағдыр оған берді-дағы домбыра
қалды кенет өзі керең болды да.
Тағдыр оған жолын берді,
ерлеген
сол жолға өзі жатып алды көлденең.
Тағдыр оған намыс берді масқара,
масқара ғып билік берді басқаға,-
намысты ұлдың тауыссын деп зердесін,
қамыс құрлы жанышсын деп ерді есіл.
«Құдай» оған тұлпар берді мақтаныш
арқан керді тұрған кезде шапқалы.
Дос та берді – көріссін деп ай аспай,
жау да берді – алыссын деп аяспай,
келіпті оның жүз досына мың жаудан,
бірақ бәрі бір бопты күй тыңдауда.
Пәнде ғұрлы көрмеген соң басқаны,
«Құдай» да ақыр ептеп күндей бастады.
Жаратушы жаңылып-ақ бітті ғой,
жасағанның қатесі де – мықты ғой:
жолына оның жатпаса ешкім көлденең,
болмас еді мұнша биікке өрлеген.
Домбырадан қорыққаннан бұраулы,
аяққа емес, қолға салды бұғауды.
Сол бұғауды күшті қолға салмаса,
тәңір күшті көрінбес ед елге аса.
Құрекеңе бұғау «сиқыр жүзіктей»..
Ұлылардың бақыты да қызық қой.
Бостандық болмаған жерде адам өзінің құдайлық табиғатын жоғалтады. Жұмекен адамдық тұнығын сақтап қалғысы келетін құдайлық болмыстың бар екенін бостандық пен рухтың азаттығын аңсаған өнер адамының тағдыры арқылы дәлелдейді. Себебі нағыз өнер адамы – ол Құдайдың қазынасы. Адамның көңіл көзін ашатын Алланың жұмбағы өнердің табиғатында жасырынған. Бірақ сол ұлы құпияның терең сырын құлдық мінезден арылған азат ойлы адам ғана түсінеді.
Бостандық тақырыбының маңыздылығы ақын туындысында адам жанының динамикалық қозғалысы барысында жан-жақты ашыла түседі. Еркіндігін жоғалтқан адамның көңіліне Алатаудың асқақтығы да басқаша әсер сыйлайды, ма, қалай.
Алатау, деймін,
Алатау деймін..
Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып Алатау,
Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып Алатау.
Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған
шығарсың,
ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың.
Мұнар басқан қар шыңдарың – тиылғаның болды ма,
сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма.
Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,
жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау.
Бұл не өзі? Шемендей болып түйілген кек пе, құйындай көтерілген сезімнің дауылы ма, бодандықтың қорлығына шыдамай, тоталитарлық жүйеге қарсы жаралы арыстандай атылған Жұмекеннің ақындық жүрегі ме? Бұл кімнің азалы үні? Отарлық езгінің тепкісіне ашынып, ғасырлар қойнауынан жеткен Құрекең домбырасының қайғылы әуені ме, әлде, азаттықты аңсап, күйзелген Жұмекеннің жан айқайы ма? Биік болып жаратылғанына да қуана алмай, шерлі жүрегін қалай жұбатарын білмей тұрған не, немесе, кім мынау? Басын мұнар басқан Алатау ма, бодандық көңілін жабырқатқан Құрманғазы ма, әлде, отарлық құлдықтың қамытынан босап шыққысы келіп бұлқынып, жанұшыра айқайлаған Жұмекеннің ақындық жүрегі ме? Бәрі, бәрі және Жұмекеннің өзі яғни рухы бұл кейіпкер.
Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге,
Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де.
Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын,
Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?!
Сені демеп «бата беріп» қанша күн мен түн кетті,
Неге керек жата беріп ұлылықты міндеп қып!
Зады кез-келген ақын шығармадағы кейіпкерінің адамдық мінезі мен тереңдігін, жан дүниесіндегі толқуларды, жүрегін жабырқатқан күйзелістерді алыстан емес, өзінің ішкі әлемінің табиғатынан алады. Жырлап отырған кейіпкерінің жан сарайының сүгіреті ақынның ішкі дүниесінің гармониясымен әдемі үйлесімділік тапқанда ғана шынайы да, шыншыл шығарма туады сезімтал жүректен.
Салып қалсаң – өз бетің жоқ – тасқа тидім
нән шыңдар,
Жаңғырықтан өзге түк жоқ, босқа тұрған жансыңдар.
Тербетейік көгіс тасты –
Тартыс керек, жел керек,
кел кетейік, қол ұстасып,
кетейікші кезбе боп!...
Алатау деймін,
Алатау, деймін..
О, құдіреті күшті, Құдай- ау! Ұлы жүрек пен талант бергеніңмен, неге өнер адамының азаттығын тартып аласың, сен? Мынау жалған тіршілікте құлдықтан асқан қандай қорлық бар, пендеге. «Бақаның бағынан гөрі, тұлпардың сорын артық» (Бауыржан) көрген таланттарды «құлдық қоғамға» тап келтіріп, неге азапқа салып қойдың, жандарын? Азаттықты аңсап, арманда кеткен өнер адамдарының көзінен аққан қанды жасты неге көрмейсің, Құдай? Неге оларды үсті-үстіне қинап, үмітін сындырып, төзімін сынай бересің? Неге, туған топырағынан қашқызып, жерінен, елінен бездіресің? Ұлы адамға берген еншің қасірет пен қорлық па еді, Жаратқан ием?
Құрманғазы туралы туындылар топтамасын түйіндеген соңғы өлеңді оқығанда осындай бір мазасыз ойлар жаныңды түртпектеп, көңіліңе тыныштық бермей, жұдырықтай жүрегіңді аласұртып қояды.
Ыстық тілген еріні.. тікен тескен тізені
бүкті қашқын,
жығылды топырақты сүзе кеп.
Қайдан шыққан бұл адам – айта алмаймын,
әйтеуір,
көкжиектің қалыпты ар жағында ізі оның.
Неге ғана құлады – айта алмаймын оны да,
сүрінсін деп мен оның жіп кергем жоқ жолына.
Құлады ол жалп етіп – шаршаған-ау, ай тегі,
(Мен де сөйтіп құлар ем –шаршамасам қайтемін).
Дана түйсігімен, сомдаған кейіпкерінің жан әлеміне еніп кеткен ақын ерекше болып жаратылған өнер адамының трагедиясына үңіле түсіп, халықтың жүрегінде жасырынып жатқан рухани тереңдіктерді табады. Жұмекен Нәжімеденов шығармаларында түрлі ситуацияға ұшыраған бір адамның трагедиясы арқылы бодандықтың бұғауынан босана алмаған тұтас бір ұлттың нағыз қасіретінің шын сыры жан-жақты ашыла түседі. Құрманғазының басындағы жағдай жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Рухы азат бола алмаған күні кешегі Мағжандар да, Қасымдар да дәл осындай зобалаңды басынан кешті. Көп шындықты ашық айта алмаған Жұмекен де жаны қиналып, жалғыздық тауқыметін тартты.
Содан кейін.. ыңырсып құлаш жерді қысты кеп,
қышқаш дерсің қолдарын – жоқ одан да күштірек.
Бүріп алып иіскеді бір көденің түбін ол,
иіскегендей жарының қос бұрымын түбінен.
Алақандай жерді сол сүйді бір сәт пысынап,
кеберсіген, еріні қас қиқымын қысып ап.
Көзін тас қып жұмды ол – дұрыс болса шамалау –
адам сірә, ләзатты көзін жұмып табады-ау.
Рухтың оты шабытынан қайнап шыққан өлеңнің әр жолы ақынның жүрегінен жалындап туып, азаттықты армандаған құмардың құшағында балқып барады. Өлеңнің әр шумағының астарынан екпіндеп, еркіндікке шақырып ескен бостандықтың құйыны сезіміңді шайқап барады. Ақын туындыларының ішкі желісінен «еркіндігінен айырылған адам көзін жұмып қана табатын», азаттыққа шақырған басқа бір шындықтың сәулесі жарқырайды.
Екі бетін шаң басқан – екі тамшы жас тіліп,
екі бетті төрт бөліп ағып түсті жақсы үміт –
әлденені тапсырды;
жаны кетті,
сол жаңағы көдені маңдайымен бастырып..
Жатты енді
Дәл осы сәт қуғыншы...
төзе алмасаң - тілді кес,
әр екі қол – бір-бір ит, әр кеудеде бір крес.
Өліп кеткен ер жанды – өлтірмек боп тағы да,
өлікті емес, ол жатқан – жерді тепті жабыла –
жырынды ғой жау деген – сескенбес ел жау да аса,
жетіп өлер жігіттің топырағы болмаса.
Жұмекен шығармашылығында суреттелетін өнер адамының көрген азабы жаныңды шоқтай күйдіре түседі. Олай болуы заңды да.
Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауынан босана алмаған біздің халқымыздың сөз өнері ренессанстық еркіндіктің бақытын басынан кеше алған жоқ. Рухтың еркіндігіндей жалт ете қалған Махамбеттердің тағдыры аянышты болды. Қазақ топырағына ренессанстық азаттықтың алғашқы дәнін тастаған Абайдан кейін әдебиетіміздің өрісі ұлғайып Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мағжандармен бірге өнер өлкесінде еркіндіктің самалы соғып қоя бергенімен, бақытымыз ұзаққа созылмай, арыстарымыздың тағдыры бір оққа байланып, руханиятымыздың тамырына қайтадан балта шабылды. Ұзақ жылдар бойы біздің әдебиетіміз Абайдың шығармашылық жолының заңды жалғасы бола алмады.
Алпысыншы жылдардың белесінде оқ пен оттың ортасынан аман қалғандай болып жеткен Жұмекеннің рухты жырлары ұлттық санаға қатты қозғау салды. Өнердегі қатып қалған қағидалардың тас қамалын бұзып кірген талантты толқынның қатарында болған Жұмекен азаттыққа қол созған ұлтының аянышты тағдырын жырлай отырып, қазақ поэзиясының танымын тереңдетіп, оны Абайдан кейін адамзаттық ойдың тағы бір биік белесіне көтеріп кетті. Рухтың көрінісіне айналып, Темірқазық жұлдызындай болған Жұмекен жырларының мәңгі жарқырай беретініне мен сенемін.
***
Ақын Жұмекен Нәжімеденов ұлттық топырақтан жаратылған - Рух қозғалысының суреткері. Жас кезінен бастап азаттық идеясы көңіл бесігін тербеткен ақынның бұл тақырыптың қойнауын терең қопару үшін еркіндікті аңсап өткен тарихи тұлғалардың өміріне қайта-қайта үңілу заңдылық еді. Ол бостандыққа ұмтылған және тәуелсіздігінен айырылған өнер адамдарының тағдырын қазымырланып зерттеді. Жұмекеннің шығармашылық жанары ерекше қадалған сондай тарихи тұлғалардың бірі - ұлт-азаттық көтерілісінің дарабозы Махамбет.
Жұмекен Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағын оқып шыққаннан кейін, батыр Махамбеттің қаһармандық рухына арналған «Жаңғырық» секілді бітімі бөлек поэма жазу туралы тоқтамға ақынның бір күнде келмегеніне көзіміз жетті. Дастандағы айтылатын ойларға шығармашылық идеяның жаулығын жаппас бұрын, ұзақ жылдар бойы ол сезімдер ақын жүрегінде қорғасындай қорытылып келді. Қаламы төселе бастаған шақтан-ақ Жұмекен азаттықтың жебесіндей атылып, арыстандай мерт болған Махамбеттің күрескерлік болмысына қызығып, оған бірнеше өлең арнады. Олардың ішінде сәтті шыққан жырлар да аз емес.
..Бұл бұтаны шалды талай ат арық,
Талай-талай тамырларда тасты қан.
Бір ғасырды қазып алсаң қопарып,
Махамбеттің ізі шығар астынан...
Әйтсе де, Махамбет заманының күрделілігін, әлеуметтік теңсіздіктің шиеленісін, азаматтық болмыстың тұнығы лайланып, құлдық мінезге бой алдырған шақтағы отаршылдықтың залалын ашып көрсету үшін бірнеше өлеңнің жеткіліксіз болғаны айтпаса да түсінікті. Ең алғаш Махамбетке өлең арнап, осы тақырыпқа ен салғаннан бері азаттыққа шақырғандай болған бір жұмбақ дауыс Жұмекен әлемінің жан шыңырауында ондаған жылдар бойы жаңғырып жатты.
«Құлдықтан қорынбаған халық – шіріп өлсе де сауап», - дейді орыс философы Чаадаев. Әрине, тәуелсіздіктің қадірін түсінбей, құлдық өмірін аңсайтын халыққа обал жоқ. Бірақ, ғасырлар бойы рухы азат болып келген бостан елге құлдықтың қамыты зорлықпен кигізіліп, еркіндікті аңсаған азаматтарының аяғына кісен, аузына құлып салынса қайтпек керек?
Жұмекен «Жаңғырық» поэмасында қолына пышақ ұстаған дәрігердей, осындай заманға тап болған дәуірдің ішін жарып, құлдық психологияға шырмалған шындыққа қарап, жалғыз Махамбеттің ғана емес, бүкіл қоғамның трагедиясын зерттеп көрмек болады.
Міне, ақ боз атына мініп, жалғыз ұшқан шағаладай, саталданып жауған қардың сақалына жабысқанын да елемей ақын Махамбет даланың төсінде құйындатып келеді. Ол халқының мойнына киілген құлдықтың қамытынан қорланып, жанын жұбататын ем таппай Ақ Жайыққа қарай шауып барады. Исатайдан айырылып, жалғыздықпен дос болған батырдың жаралы жүрегін кім емдей алады, енді? Кім? Халық па? Қайда ол – халық? Азаттығы шідерленіп, асқар таудай азаматын сұлатып салғанына қуанып, тобырға айналған жұртты халық деуге бола ма, өзі?
Халық бостандығын жоғалтқанда, рухы күйреп, ішкі құлдығы күшейе түседі. Зұлымдық пен ізгіліктің, әділеттелік пен жауыздықтың не екенін ажыратудан қалып,vтұтас бір ұлттың адамдықтың адал жолынан адасуы басталады. Халық Алла сыйлаған азат жанымен ненің ізгілік, ненің зұлымдық болып табылатынын өзі таңдауы тиіс. Ұлтты ұшпаққа жеткізіп, оны шын бақытты ете алатын екі құдірет бар, ол – рухының бостандығы мен тәуелсіз санасының тереңдігі. Құлдық сана шексіз қатыгездікті туғызады. Жұмекен өз поэмасында адам рухын мәңгілік құлдыққа салып қоятын отарлық саясаттың зардабын, жүрегі қан жылап отырып, жырлайды. Үзік-үзік жайларды жалғай алмай бір адам,
жамау-жасқау ой кешті одан-бұдан құраған.
Екі ғұмыр секілді өзінің кешкені,
екеуі де – бос бейнет;
есті етем деп кещені,
ер етем деп ездерді тарыққан жан өстеді-
елін алад есіне Нарындағы көшпелі,
Екі ғұмыр кешіпті – екеуі де жөн емес,
кешкен ғұмыр – ғұмыр ма,
ылғи тақас, ерегес:
ақын ғұмыр – тек егес,
батыр ғұмыр – төбелес.
Хан салғанда тепкіні,
би бастады түрткіні,
жұртым деді жұлынып – түсінді ме жұрт мұны!
Халқым деді қақырап, қайқы қылыш қолға алып –
қайда бірақ сол халық?!
Қыздырғанда сары қымыз,
қақсатқанда қайғы шын –
біреуі ерсе дақпыртқа
көбі еріпті пайда үшін!
Кез-келген халықтың кісілік келбетін рухының азаттығы ғана сақтап тұр. Егемендігін жоғалтқан ел жан күйзелісін ғана басынан кешіріп қоймай, иманынан да айырылады. Халықтың бостандығын тартып алу – рухтың құлдығын туғызады. «Жаңғырық» поэмасында Жұмекен «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүйменді» деп сұлулықтың өзіне асқақ қарап, мерейі үстем болған рухтың қалай құлдырап, құлдық психологияға тұсауланғанын көрсетеді.
Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,
сені көлден айырған лашын құстың екпіні,
мені елімнен айырған Хан мен бидің тепкіні.
Ел қорғамақ болып ем – басым қалды зор дауға,
менің елім, құрығанда, татиды екен қорлауға,
ей, қызғыш құс, тати ма, сенің көлің қорғауға?
Көл қорыған – сен едің,
ел қорыған – мен едім;
жас егілген тал үшін – орман болсам деп едім,
жел жапырақ қамысын-
зордан болсам деп едім,
жел жапырса қамысын
зордан болсам деп едім,
жел жағына жетімнің қорған болсам деп едім.
Ақ Жайықтан ат мініп әрі асқалы келемін,
арғы бетпен аптығып жар асқалы келемін,
тағдырыммен тағы бір таласқалы келемін.
Жұмекен тарихи тақырыпты қозғағанда белгілі бір уақыттың шындығын жеткізумен ғана шектеліп қалмайды, келешекке көз тігіп, суреткерлік шеберлікпен ұлтты тоздырып жіберетін өлім ұрығының құлдық мінезде жатқанын көрсетеді. Адамдықтың шекарасынан аттап кетіп, Махамбеттің басын кескендердің опасыздығы арқылы құлдық сананың бейшаралығына куә боласың. Батырын өлтірген халық енді екі дүниеде де бақытты бола алмайды. Заманның залымдығы суреттелетін шындықты жырлаған тұста Жұмекеннің ақындық жүрегі құлдық буғауды үзіп кеткісі келіп жұлқынып, жаны ышқынып шыңғырады.
- Ей, қиқым-жұрт,
сендерге қалай қонсын ырыс-бақ,
кек алар ер сен едің, көбік ауыз ұрысқақ,
дұрыс ұста семсерді,
ессіз, аңқау байғұстар,
өлтіре де алмадың тым құрыса дұрыстап!
Бас шабылды енді-енді – басынатын кісі көп,
басынуға батырды асығатын кісі көп;
бес қаруы көкжалдың кетті әркімнің белінде,
тақымында біреудің боз ат кетті кісінеп.
Қалай болды бұл өзі?
Оны ойлаған жан қайда,
қара қайда,
хан қайда – қалды бәрі шалғайда.
Ғажабы күні бүгінге дейін ешкім де Жұмекеннің «Жаңғырық» поэмасындағы батыр Махамбеттің басы арқылы, «қазақтың еркіндігінен» айырылғанын таңбалаған символдық белгіге аса назар аударған жоқ.
Махамбет – азат рухтың символы. Батырдың шабылған басымен бірге бабаларымыздың арманы болған бостандықтың күні де батты. Қазақтың құлдық мінезі азаттықтың үнін өшірді. Кең-байтақ сахараны жаңғыртқан дарабоз ақынның жан айқайындай бостандыққа шақырған дауыс шыға қояр ма екен, енді мына даладан?
Махамбеттен кейін, белгісіздік тұманымен мұнарланған ХХ ғасыр есік қақты. Ұлтының келешегін ойлағандардың басы шабылып, қырандар қалықтаған аспанда тағы да қарғалар қарқылдады. Рухы өлген халықтың сағын сындырып, құлға айналдыру енді аса қиын іс те емес.
Бас қырқылды, ал, сол жолы,
кеуде тынды бір түрлі,
басы кеткен кеудедей ел де тынды бір түрлі,
шөпті сылдыр еткізіп, жел де тынды бір түрлі,
кірпігіне бұтаның мөлдір шық іркілді,
кірпік қақпай қайың тұр,
самал жел жоқ үп еткен –
әйтеуір бір ел болды түтіндерін түтеткен.
Ел де айдын көл секілді,
толқымаса - өлі су,
ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.
Бөліседі кім мен кім?
Бөліс деген – далбаса
неғылады бөлісіп
егер түгел алмаса?!
Махамбеттің образы арқылы ақын бостандықтың трагедиялық тағдырына терең үңіліп, шындықтың бетпердесін жұлып алып, айтуға жұрттың жүрегі дауаламай жүрген сырды ашады. Халықтың рухани өмірі түнек пен мағынасыздықтың зынданына қамалып, санасы сансырады. Құлдық қоғамның зардабын тартып отырған Жұмекен еркіндігінен айырылған ұлттың кім-көрінгенді төбесіне шығарып тайраңдатқызып қойған дәрменсіздігіне налиды.
Азияда қырқылған шын батырдың басы әлгі
Европаға жол шекті салтанатпен жасанды.
Басы кетсе дененің –бітіруші ед кеуде не,
бітірері: «байғұс-ай, обал болды-ау» деуде ме?!
Олай болса бұл тірлік оңай екен пендеге,
оңай жолмен ақыным жүре алмайсың сен неге?
Жұрт осылай ойлайды, өтейді, өстіп парызын,
түсінбеген құлаққа күй де, жыр да – бәрі ызың.
Шебер десең бұ тағдыр – бас шұлғиды басы – әйгі,
баста не тұр, қарында болмай ма екен ырыс, бақ.
Ағашты да қорламай кесу үшін дұрыстап
қол араның жүзін де қисық-қыңыр жасайды.
Махамбеттің өлімі – азаттыққа ұмтылған ұлт бостандығының берекесіз соқпағының ақыры. Енді құлдықтың қамытынан құтылу үшін бостандықтың орасан рухы, сенім еркіндігінің ерлігі керек. Батыр ақын отарлық құлдықтың ноқтасын басқа салғызғысы келмей, жалғыздығымен арпалысты. Бірақ жалғыз батырын аярлықпен өлтірген елдің рухы қайта ояна қояр ма екен? Ақырып теңдік сұрап, азаттыққа шақыратын ерен ерліктің оты қайтадан жана қояр ма екен, азаматтарының жүрегінде?
Мәрт еді ғой о жігіт,
күркелі еді-ау, күркелі
мұндай ері өлген ер - өшкенімен бір тегі;
өзіңді-өзің өңештен кескенімен бір тегі.
Тым болмаса біздің ел – жұтағанға жұрт еді,
енді біздің мінген ат бұтадан да үркеді:
енді бізде айбар жоқ,
қалың елдің беті ықты –
бетке ұстайтын беделің сол адамда кетіпті.
Отарлықтың таңбасы басылған құлдық сана Махамбеттен кейін келетін әлі талай ақындардың алтын басын түрмеде шірітетін болады. Қазақ тек батырынан ғана айырылған жоқ, елдік қасиетін де жоғалтты. Басы жоқ елде қандай қасиет болуы мүмкін. Бір батыры қалмаған елге айтқан сөзің енді құмға сіңген судай жоғалады. Бұдан былай халық қорлау мен мазақтан қара жерді жастанғанша көзін ашпайтын болады. Батырын өлтіріп, басын жоғалтқан халыққа тажал тағдырдың дайындап қойған сыбағасы осындай.
Жуасыды Ақ Жайық:
күн ашылды, жел тымық,
ел де тынды – желікті жігіттерін өлтіріп.
Бәрі тынды, бітті-өтті, бір күнгідей болмады,
бұталарды айналып өтетіндей жел-дағы
жапырықтар сыбдырсыз;
жолда шаң жоқ жым-жылас,
толқындар бар жалы жоқ,
жартас бар тек жылжымас.
Теңізге өткен шағала,
қарғалар бар, жоқ басқа,
қызғыш қана шырылдап көл қориды оқтаста.
Асау аулақ біздерден,
асаулардан біз аулақ –
тұлпар туар биелер сиыр болды бұзаулап.
Қандай қорқынышты шындық! Құдай аузына салды ма, білмеймін, Жұмекен ақындық шабыттың қиялына беріле отырып, Махамбет пен өз заманының ғана емес, мына біздің де шегіп жатқан қасіретімізді жазып кетіпті.
Бүгінгі күні біздің бойымызда асау тұлпардай болған Махамбеттердің мінезі қалған жоқ. Алдына келген асын талғамай күйсей беретін сиырға айналғанымызға да қай заман. Бірақ амал қанша? Көнбіс мінезімізбен бәріне де шыдап, мөңірегеннен басқа қолымыздан келетін қайран болмаса, не істейміз? Айтыңызшы, не істейміз?