Бүгін жұмекен сабырұлы Нәжімеденовтің туған күні. жұмекеннің тұңғиық поэзиясын күмбірлеген күйге балауға болады. Асылы, ақынның шығармагерлігінің күш-қуаты, ритмикасы, әуезі домбыраның қос ішегіне қосар­ланғандай көрінеді. Көз көріп, құлақ естіп жүрген поэтикалық һәм көркем шындықты Жұмекен өзінше көмкереді.

Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,
бес саусақ беретіндей ат дүбірін.
Күйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,
екінші бостау ішекте ақты мұңы.
Секілді қорғасын-сел балқып ағып,
асығып, арна салып аңқыды анық...
«Адай» өлеңіндегі ішкі қуат пен лиризм, күйге деген ностальгия, «шаңқылдаған шағаланың» Көкке ұшқанын, адам көңіліндей тепсінген толқындар, ауамен қалқып бара жатқан нәзік үн, бәрі-бәрі көз алдыңызға елестейді. Жұмекен Нәжімеденовтің драматизмге толы өлең, поэмалары өмір мен өлім, біз бен сіз, Аспан мен Жер, тән мен жан, әйел мен еркек, өң мен түс, табиғат пен технологияға қарата ай­тыл­­ғандай әсер алып, бір сәтке шыңырауға түсіп, тереңге сүңгіп, қоян­ның жымындай адастырар сан тарау жолды іздей бастайсың. Ы.Алтынсаринның этнографиялық жазбаларында ұзатылып бара жатқан қыздың жасауына Абайдың өлеңдерін қосатын салт болғаны туралы айтылған еді. Ал Жұмекен ақынның өлеңдерін жан жалғыздығын сезінгенде оқитын әдет таптық. Жылата отыра жұбату, жұбата отыра жылату жырдың тылсым күшке ие екенін әлем ғалымдары дәлелдеген ғой. «Күй кітабында», «Қайран шешем», «Түрмеден қашқан», «Сарыарқа», «Алатау», «Ақсақ киік» секілді туындылары адам жүрегін мұзға ай­нал­дырған тасбауыр қоғамның тас-талқанын шығарардай әсер қалдырады. Арғы жағынан күңіренген күй естілетін поэзияның тасты да жібіте алатынын ұғынғандай болдық. Ұстамдылықпен айтар болсақ, өмір траги-комедиясын бере білу де осында жатса керек... Ақынның ой ағысы ырғақпен иық тірестіре қатар жүріп, тырнатізбек тың тұжырым­дарымен тұшымды. Жүрекке жүк, санаға салмақ салатын «Алдаркөсе және диалогтар» секілді поэма-пародия қазақ әдебиеті аспанындағы Шолпандай жарқыраған сом шығарма. «Паганини монологтары» өнердің парқын түсінетіндер үшін үлкен дүние. Николо болып сөйлеген Жұмекен «шындық іздеп келіп ем» деуі ішкі шер-шеменін аз қағазға ақтару арқылы ғана жеңілдейтін, тұла-бойын басқан ауыр жүктен арылудың алғышарты екені даусыз... Осы орайда ағамыздың күйшілік қыры турасында жары Нәсіп апамызбен сұхбат­тасқан едік.
– Нәсіп апай, Жұмекен Нәжімеденов аға­мыз­дың ақындығынан бөлек, күйші­лік өнері туралы да көп айтылып келеді. Тіпті, күйшілік өнерді зерттеп, «Күй кітабын» жазды. Бір өнерге қызы­ғу­­шы­лық болу бар да, оны жан-тәніңмен жақ­­сы көру бар ғой. Қарап отырсақ, Жұ­ме­кен аға­мыз домбыраны тек тартып қа­на қоймай, оны сөйлете білген, бүкіл жанымен өзін соған арна­ған, өзіңіз айт­пақ­шы, киесі дарыған өнер иесі сияқты кө­рінеді. Бұл туралы сіз не дер едіңіз?
– Қарағым, сен күй туралы сұрағаннан ке­йін өзімнің қолжазбамда жатқан, бұдан біраз жыл бұрын жазылған Жұмекеннің домбырасы туралы сырды ашып берейін. Бір кездері осы әңгімемді дастархан басында айтып қалып, сол жерде отыр­ған бір журналист менің әңгімемнен әңгіме жаз­ға­нын білуші едім. Әңгімеден әңгіме жазып шы­ғару деген үлкен еңбек қой.
Жұмекеннің өзі сияқты домбырасы да киелі ғой, 4-5 жасынан жан серігі болған домбырасына Жұмекеннің бойындағы киесі мен қасиеті дарыған. Жұмекен бойындағы дарынның бірі – бала кезінен ән салып, домбыра тартуы. Өзінің әң­гі­ме­сінен ес­ті­генім, Жұмекен кішкентай ке­зін­де қолына түскен ағашты домбыра етіп ой­найтын көрінеді. Бұған көңіл аударған Жұ­мекеннің атасы Қошалаққа бел­гілі Тесік та­мақ Сабыр деген домбырашыны үйіне ша­қыртып алып, Жұмекенге 4-5 жасынан бастап домбыра үйретіпті. Мектеп табал­ды­рығын аттаған Жұмекеннің домбыраны ше­бер орындайтынын өзінің ұстаз ағасы Қа­мидолла Қабдешов өз естелі­гінде айт­қан. Ол «Жұмекеннің жүрегі» естеліктер жинағында да жарық көрді.
Мағжан өмірге келетін 65-ші жылы Романенко деген Қазақстанға белгілі домбыра жасау ше­бе­ріне арнайы тапсырыс беріп, өзіне футлярымен дом­быра жасатып, Мәлгаджар Әубәкіров екеуі үйге алып келді. Бұл өте сәтті жасалған домбыра еді. Олай дейтінім, үйге келгендердің ішінде Нұр­ғи­са Тілендиев, Жұмекеннің ұстазы Құбыш Мұхи­тов­тың сынынан өтіп, бағасын алған, дыбысы таза әрі шыққыр күрең домбыра еді бұл.
Ақын тебіреніп, буырқанысқа толы тұстарында қолына алып, шерін тарқататын жан серігі еді. Екі жыл Мәскеуде оқығанда да күрең домбырасы қа­сы­нан қалған емес. Домбыраны серік етуі Жұ­ме­кен консерваторияда оқығандықтан емес, кері­сінше, оның бойындағы тума таланты Жұмекеннің консерваторияда дәріс алуға себепші болды. Домбыраға деген оның шексіз махаббаты жан серігі болған күрең домбыраға сіңіп қалған секіл­ді. Олай дей­тінім Жұмекен қайтыс болған 1983 жылдан бері күрең домбыра иесін бізбен бірге жоқ­тады. Сыртында футляры бар күрең домбыра есігі кілттеулі киім шкафта тұра­тын. Жұмекен қайтқалы оны ешкімнің қолы­на ұстатпақ түгілі, жақындатқан жоқ­пын. Жұрт көзінен қызғанып, киім шкафқа тығып ұстауымның сыры осы.
Ұлымыз Мағжанға Бақыт Қарабалина апасы туған күнінде сыйлаған жақсы домбырасы бар. Өзі соны тартады. Әкесі тірі кезінде қолына домбыра ұстаған бала емес. Баламыздың ес білгелі ермегі – кітап оқу. Сабақтан келгенінде оқулық оқығанын көрген емеспін, көбіне тарихи, әдеби кітаптарды оқиды. Әкесінің жинаған дүниежүзілік әдебиеттің 200 томдығын оқып шықты. Ал домбыраға қызығу­шылық білдіргенін байқамаған екенмін. Неге еке­нін, апам екеуміз қай бөлмеде отырсақ та күрең дом­быраның шегін шерткен дауыс құлағыма келе­ді. Күнде солай. Апамнан, балалардан сұраймын, олар естімейді. Апам кейде «Өзің сағынғансың ғой, содан болар» дейді. Бұл күндердің ауыртпалығын домбыра екеш, домбыра да көтере алмай тұрған­дай көрінетін. Апамның бөлмесінде Қарлығаш пен Тоғжан жататын. Күнде кешке ұйықтар алдында Тоғжанның көз жасы құрғамайды. Күндіз сабақ, ойын деп жүретін балалар жатар алдында әкеле­рі­нің мейірімін аңсайтын болса керек. Жұмекен Тоғжанды «ақ тоқам» деп басынан сипайтын. Саи­даның маңдайынан иіскеп, барып төсегіне жататын әдеті бар еді. Кен­жесі де сол әке алақанын сағынып, екеуі екі бөлмеде жылап жататын. Апам екеу­міз­де ұйқы жоқ. Екеуміз балалар ұйық­та­ған­нан кейін ас үйге барып, оңашада жылап ала­мыз. Мағ­жан әкесінің кабинетінде кі­тап оқумен болады. Оны мазаламаймыз. Қан­дай күйде жатқанын бір Алланың өзі бі­леді.
Анда-санда өз-өзінен шертілген дом­бы­раның дыбысы келе береді құлағыма. Осының себебін күні бойы ойлаймын. Мүмкін осы домбыраны біреу тарту керек шығар деген ой келеді, сонда да ешкімге ұстатпаймын. Сөйтіп жүргенде арада он жыл өтті. Он жылдығында үйден құран оқы­тып, ас беруге дос-жолдастарын, ағайын-тума, құда-жегжаттарды жинадым. Кел­гендердің ішінде Әзи­дол­ла Есқалиев бар еді. Жұмекен қайтыс бол­ған­нан кейін он жылдыққа арнап, құран оқытуға жайыл­­ған дастархан арасындағы үзілісте молда құран оқығаннан кейін домбыраның зарын қо­нақ­тарға айтып бердім. Олардың бі­разы тірі ғой, есте­рінде болар.
Айсәуле апай: «Домбыра иесін жоқтап жүр ғой. Домбырасын жалғыз ұлы тартуы керек болар. Дом­быра киелі екен. Дом­бы­раның иесі де, ағашы да киелі болуы керек. Кілтте ұстама, жалғыз ұлыңа бер, тартсын» деді. Содан соң домбыраны қабынан шы­ғарып, Әзағаңның қолына ұстаттым. «Әза­ға, Жұме­кенде аға жоқ, Сіз ағасындай едіңіз, өз қо­лыңыз­бен Мағжанға табыс етің­із», – дедім. Жиыр­маға жуық адам кабинетте жағалай отыр еді. Дас­тархан арасындағы үзіліс кезі болатын. Бөл­менің төрінен домбыраны Әзағаң қолына ұстап, бөлмеге кірген Мағжанға қарай жүрді. Үн-түн­сіз ағаның екі көзінен тамған жас кілемге үзіліп түсіп жатты. «Қарағым, әкең­нің домбырасына енді сен ие бол» деп, Мағжанға табыс еткенінде даусы дірілдеп, әрең сөйледі. Отырғандар түгел жылады. Осы отырыстан кейін Мағжан әкесінің домбырасын тартатын болды. Құлағыма естіліп жүрген иесіз домбыраның зарлы үні де тиылды. Дүниеде мұндай тылсым құбылыстың болатынына өзім көз жеткіз­дім. Қасиетті домбыра аспабының киесіне қатысты Жұмекеннің мынадай бір қылығы есіме оралды. Ол кезде студент болатын. Консерватория­да бірге оқитын Бағашар деген курстас досы үйге жиі келетін. Есіктен кірген бойда домбырасын бо­саға­ға сүйей салатын әдеті бар екен. Мұнысына Жұ­мекен қатты ренжіп, «Домбыраны еш­қа­шан босағада телміртіп қалдырушы бол­ма, киесі шамданады» дейтін. Бағашар мінезі тұйық, көп сөйле­мей­тін жігіт еді. Өнер адамдарына тән ой үстінде жү­ретінді­гінен бе екен, әлгі ескертуді ұмытып қа­лып, Жұмекеннен бұдан кейін де сөз естігені бар. Бағашар келгенде Жұмекен өзі алдынан шығып, алдымен қолынан домбырасын алып, төрге шығарады. Домбыраның кие­сі шамданады деген сөзі көкейімнен кетпейді.
Жалпы, домбыраға әуестігі Жұмекеннің бойына тым жас кезінде дарыған деп айта аламын. Балалық шағы бірге өткен Идаят Қоны­сов өз ес­телі­­гінде Жұмекеннің күйші­лік өнерге жастайынан бейімділігін растайтын мынадай бір әңгімесі бар.
– Мен жыл­қышының баласы едім, Жастайымнан тай үйрету, асау үйрету дегенді көзіміз кө­ріп өстік. Буынымыз қатар-қатпастан тай үй­ретуге дағдылан­ған­быз. Жұмекеннің ата­сы Қошалақ өңіріне танымал ақсақал еді. Немересінің домбыраға құштар­лы­ғын байқаған атасы бұл өнерді меңгеруіне ден қойды. Балалық шақтың бір қызығы – Жұ­ме­кен екеуміз біздің үйдегі патефонды үл­кендер ұйықтап қалғанда шағылға алып ба­рамыз. Шағылда отырып алып күй тың­даймыз. Жұмекеннің зеректігіне қайран қалатын едім. Бір тыңдаған күйін айнытпай домбыраға сала беретін. Кейде үлкендер сезіп қалса, патефонды бұзып тастай­сың­дар деп, рұқсат етпей қояды. Біз амалын тауып, Қошалаққа келген жаңа күйтабақты ойнатып, тыңдайтынбыз. Жұме­кен зер­де­сі­не тоқып, дереу домбырамен орындап шы­ға­тын.
– Жұмекен туып-өскен мекен талай да­рынды өнер иелерін тәрбиелеген кие­лі жер екеніне дау жоқ әрине. Бүгінгі қа­зақ күй дегенде, ең алдымен Құрма­н­ға­зы, Динаның есімін айтады. Алайда, қа­­зақ топырағында небір күйшілер, жыр­шы­лар болды ғой. Бәлки, Жұмекен ақын­­ға бұл қа­­­сиет сол құтты мекеннен да­ры­ған болар. Жал­пы, Жұмекен аға­мыз­­дың көзі тірі ұстаздары бар ма?
– Жұмекеннің орындаушылық ерек­шелі­гін айта отырып, сол топырақта туған, Жұ­ме­кен дең­гей­лес, тіпті, одан да жоғары дең­гейдегі күйші Фа­зыл аға мен Әсима апай­ды да айта кетуді жөн көріп отыр­мын. Бұл екеуі де қайталанбас күйшілер еді ғой. 1998 жылы шыққан «Құрманғазы» деген кітапты қарап отырсам, біз бала кезімізде тыңдап, құлағы­мыз­дан әлі үні кетпеген құдіретті күйшілер – Тесік та­мақ Сабыр, Ба­һу, Фазыл Сұлтанов, Әсима Қали­қызы, Ізмұ­хамбет келіні сияқты күйшілер кітапқа енгізілмеген. Олардың шәкірттері кітапта жүр.
Фазыл аға мен Әсима апай туралы ай­ты­л­­май жүргеніне таңданып, бұл кісілер ту­ралы білгенімді қағазға түсіргенді жөн санадым.
Фазыл Сұлтановтың өз көзіммен көріп, құлағы­м­мен тыңдаған күйшілік өнерін кейін­гі ұрпақ біліп жүр­се екен деген ниетпен және ол кісіні білетін адам­дардың есі­не түсіру үшін өзіме белгілі дерек­тер­ді ай­тып отырмын.
Мені көкем ер балаша киіндіріп, тайға мінгізіп, қасына ертіп жиын-тойлардан қалдырмайды. Кө­кем­нің тізесіне сүйеніп отырып, мен де күй тыңдай­мын. Кейін мектепте оқып, есейген кезде де Фазыл ағам­ның орындауындағы күйлерді жиі тыңдап жүр­дім. Біз Фазылдың туған немере ағасы Өтеш аға­мызбен көрші тұрдық. Фазыл ата-анасынан ер­­т­е жетім қалып, Өтеш аға­сы­ның қамқорлығында өсті.
Фазыл аға ауылдан Алматыға оқуға кет­ті. Мен 1957 жылы Алматыға келгенде біздің ауылдан Фа­зыл Сұлтанов деген керемет күйші кетіп еді, ол жайын­да не білесің» – деп Жұмекеннен сұрадым. «Білемін, ол біз­дің консерваторияда және Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде сабақ береді» – деді. «Сол кісіні тауып алып сә­лем бере­йік, өйткені, кішкентайымнан өне­ріне құлағымыз қанып өстік, елдің бала­ларын көріп, қуанып қалатын болар» – дедім. Жұмекен Фазыл ағаның атын ест­ігенімен, ауылда күй тартқанын естіген жоқ. (Жұмекендер қырдан келді, атын естімеуі де мүмкін. Өйткені, Фа­зыл ағаның мінезі ауыр еді, көпшілік жерде суырылып өнер көрсете қоймайтын. Үлкендер өті­ніп сұрағанның өзінде тартыншақтап барып домбыраны қолға алатын).
Бір күні Жұмекен сабақтан келіп: «Фазыл ағай­ды көрдім, таныстым. Күй тарт­қыз­дық, керемет, техникасы өте мықты. Көп жария болмаған күй­лер­ді біледі екен. Өзі ешкіммен көп араласпайтын адам еке­ні көрініп тұр. (Фазыл ағамыздың орын­дауын­дағы күйлері менде сақтаулы). Жақын сөй­лесу­ге ыңғайы келмей жүр», – деді. Кейінірек теледидар қарап отырсақ, ағамыз күй тартып отыр. Біздің бала кезімізде ес білгеннен бастап Фазыл ағамызбен Әсима апайдың орындауындағы күй­лер­ді тыңдап өстік. Фазыл ағамен бір ауылда тұр­дым, ауылдың үлкен кісілері жиналған жерде, жиын-тойларда Фазыл ағаға күй тартқызатын. Мен бұл күйшілердің тақырыбына не үшін барып отырғанымды айтайын. Бала кезімнен көздерін көріп, өнерлерін тамашалап өскен күйшілер, бір ауылда өскен Фазыл Сұлтанов ағамыздың аты, өнерлері елеусіз қалып бара жатыр. Аттары аталмайды. Ол кісінің тартқан күйлерін 6-7 жасымнан тыңдаппын. Жұбайының аты – Жанат Кебирова. Фазыл Сұлтанов атақты Сейтектің Нұрғаным деген қызынан туған жиені. Фазыл аға Құрманғазының бейітін, Ресей жерінен Сейтектің жерленген жерін анықтаған. 1962 жылы Сейтектің басына барып, мал шалып, құран оқытып, содан қайтарда бізге соқты. Ағам өте көңілді жүрді, қасындағы бір топ қонақтарымен қосылып, біздің үйде қонақ болды, күй тартқызып бір рахаттанып қалдық. Сол келгенде Шамақ ағамның баласы Дүйсенбайға күй тартқызды, біраз тыңдап отырып: «Дүйсекжан, сенен күйші шықпайды» депті. Бұл мәліметтерді айтып отырған Марияш Өтешқызы – Фазыл Сұл­та­новтың туған немере қарындасы. Фазыл аға 1922 жылы туған, 1967 жылы қараша айында қайтыс болды. Шамақ деген ағамыз Алматыға әке­­ліп жерледі. Жұмекенге, мүмкін, сол ағала­ры­нан да дарыған шығар.
– Нәсіп апай, Сіздің қонақжай екеніңізді жақ­сы білеміз. Қолыңыздан талай талантты адам­дар дәм татқан болар. Жұмекен ағамыз өмір­де кімдермен жақын араласып еді? Көзі тірісінде өнерін, орындаушылық шеберлігін бағалап, жылы сөз айтқан ағалары болды ма?
– Жұмекеннің тек әнді өзі орындаушы, жақсы ән тыңдаушы ғана емес, асқан күйші екені де жұртшы­лық­қа белгілі. Бансатдин ағай магнитофонына тас­паға жазып алған Жұмекеннің орындауын­дағы он шақты күй сақтаулы. Хамит Ерғалиев аға­мыз Жұмекенге қоңырау шалып, елден келген жас домбырашы Шәміл Әбілтаевты оқуға түсуге дайында деп тілек айтты. Қазіргі белгілі композитор Шәміл Әбілтаев консерваторияға түсуге келгенде біздің үйге келіп, Абылдың күйі «Абылды» және «Қай­ғылы қараны» үш күн отырып Жұмекен­мен бір­ге дайындалған болатын.
Өнерге жақындық, шебер күй орындау өнері арқылы Жұмекенді талай өнер саңлақтары құрмет тұта­тын. Біздің шаңырағымызда өнер майталмандары, атақты адамдар – қазақтың біртуар ұлдары­ның басқосу кештері өтетін. Бір күні, 1973 жылы демалыс күндердің бірі болатын. Бұрын үйді көр­ген ағаларымыз – Сафуан, Тахауи, қастарында Әбді­жәміл аға, Нұрғиса ағай Әсия жеңешемізбен бесеуі кіріп келді. Әбдіжәміл аға жаңа машина алып, соның жол жүру көрсеткішін толтырып, Қас­келең­ге барып келе жатқандары екен. Осындай жақ­сы көңіл-күймен жүрген өнер саңлақтары ар­найы біздің шаңыраққа атбасын бұрып, Жұмекенге күй тартқызып, тыңдайық деген көрінеді Нұрғиса ағай. Күтпеген жерден есік ашып отырған сыйлы адамдарға ерекше ілтипат көрсетіп, қарсы алдық. Есік­тен кірген бойда Нұрғиса ағай залда тұрған Әйкен­нің пионинасына отырды. Жұмекен 2-сыныпта оқып жүрген қызына сол кездегі ең қымбат, немістің «Цимерман» деген пионинасын сатып әпер­­ген болатын. Нұрғиса ағай пионинамен қос­тап, Әсия жеңгеміз екеуі ән салды. Жұмекенге күй тартқызып, қонақ болып кетті. Сол кездің өнер сағалаған үлкен әрі қадірлі азаматтары, шын дарын иелері бір-бірін осылай іздейтін. Ол уақытта арнайы шақырудың жөні бір басқа да, өзімсініп, кез келген уақытта бірін-бірі іздеп жүруі, өнерге, өнер иесіне бас июі қандай ізеттіліктің, адамгер­ші­лік пен іріліктің белгісі десеңші! Қазір сондай жақ­сы дәстүр сақталды ма екен деп ойлаймын, сол қимас сәттерімді еске алып отырамын.
Бұл менің Нұрғиса ағаны екінші рет көруім. Алғаш рет 1957 жылы Гурьев қаласында өткен дү­ниежүзілік фестивальға өнерлі жастарды іріктеп, Алматыға алып кетуге келген болатын.
Жұмекен консерваторияда оқыған кезде студенттер оркестріне қатысады. Сол кезде Нұрғиса: «Ал­матыда екі солақай бармыз. Біреуі – мен, екіншісі – сен» дейді екен оркестрдің шетінде отырған Жұмекенге. Бұдан кейін де Жұмекен өнер­дегі ұстазы Нұрғиса ағамызбен қарым-қаты­на­сын үзген жоқ.
1942 жылдың жазы болатын. Соғыстың қызу жү­­ріп жатқан кезі. Бір топ ауыл қыр жолының бо­йын­дағы «Ақтікен» деген жерде жайлауда бола­тын­быз. Кіші бесін кезінде қыр жолынан бұрылып, біздің үйге қасында 6-7 жасар шамасында баласы бар түйелі ақ сақалды қария келді. Әкем үйде жоқ еді. Анам көрісіп, мәре-сәре болды да қалды. Кеш­кісін жұмыстан әкем де келді. Көршіміз Бисенғали де­ген қарт та болды. Қой сойылып, әңгіме-дүкен қы­за бастады. Бұл келген құдамыз Нәжімеден ақ­са­қал екен де, қасындағы бала немересі біздің апа­­­мыздан туған жиеніміз Жұмекен болып шық­ты.
Әкеміз Сапардың Айдын, Сары деген екі ағасы болған. Әкеміз жастай ата-анадан жетім қалып, ағасы Айдынның қолында тәрбиеленеді. Айдын атамыздың кенже қызы Мүслима әкеміздің қарындасы болатын. Нәжімеден құданың жалғыз ұлы Сабыр жездеміз соғысқа кетіп, көңілсіз жүрсе, біздің әкеміздің жалғыз баласы Мардан да соғыс­қа аттанып кеткен еді. Әңгіме үстінде қария: – Мы­на жиендеріңді таныстырайын деп әрі нағашысынан аз ғана алажақ бұйымтайын сұрайын деп әдейі ертіп әкеліп отырмын, – деді. – Жігіттің үш жұрты болады: өз жұрты күншіл, қайын жұрты – міншіл, нағашы жұрты – сыншыл деген. Осы немеремді әрі сынатқалы әрі бата сұрағалы келдім, – деді.
– Құда, – деді әкеміз жауап беруге асықпай. Әкеміз ағасын Айкөке деуші еді. – Бата берудің жолы Айкөкенікі ғой, менің шаңырағым ол кісіден кіші емес пе? – деп күлді.
– Ой, Сапаржан, екіторының өзгешелігі жоқ деген, көзі ашық, көкірегі ояу деп сізге келдік. Сіз­дердің үлкен аталарыңыз Бекей еді. «Бекей айтпас, Бекей айтса, бекер айтпас» деген мәтел сөз текке айтылмаған. Сен Бекейдің кенже неме­ре­сі­сің, олай болса, бата беру сіздің жолыңыз, – деді құда. Құда сөзді мақал-мәтелмен шебер сөйлейтін, әзілқой, ақжарқын адам екен. «Өнерлі өрге жүзер» деген жігітті ақылы мен өнері көтереді. Шүкір, немерем өнерден құралақан емес, – деп керегеде ілулі тұрған ағамның домбырасына қарады.
Сонда әкеміз: – Балаңыз адал сүт емген болсын, атаның баласы болмай, елдің баласы болсын. Алашаға тартса, ақын болар, Берішке тартса батыр болар. Еліне елеулі, халқына қалаулы болсын, басқа не айтайын, жас қой, бақыты алдынан жарылқасын, – деді де әкеміз «Аһ» деп үнсіз отырып қалды. Құдамыз да, көршілер де «Айтқаның келсін, әумин!» деп бір көтеріліп қалған. Сол кезде Жұмекен жиеніміз домбыраны алып, Құрманғазы­ның «Кішкентайын» тарта жөнелді. Ынталы бала қолдарының өте икемді де тез қимылдайтыны отыр­ғандарды бір желпіндіріп тастаған еді.
– О, жиен өнерлі екен, тағы бір күй тартып жібер, – деп қолқалады отырғандар. Ол «Ақсақ киік» күйін жалғастыра жөнелді. Жұрт ұйып тың­дау­да. Бір қарасақ, әкеміздің көзінен жас моншақтап отыр екен. Жалғыз баласының соғыста жүргеніне қайғырды ма, әлде оның өмірден ерте аттанатынын жүрегі сезді ме, қайран әке үнсіз егілді. Жұмекеннің нағашысымен ең соңғы кездесуі осылай болған еді...
– Қазір Астанада тұрып жатырсыз ба? Әлде, балаларыңыз бар ма ол жақта. Жалпы, Бас қала­мыз Астана туралы ойыңыз қалай?
– 60 жылға жуық уақытта Алматыдағы Жұме­кен­нің қарашаңырағында тұрамын. Балала­рым­ның, немере-шөберелерімнің кірген-шыққанын көріп, Аллаға мың да бір шүкір деп отырамын. Ал Астанада қызым мен күйеу балам, бір немерем күйеуі­мен, баласымен тұрады. Оларға осындағы неме­ре­­лерімнің жазғы демалысында ертіп, 1-2 ай жа­тып келемін.
Астанаға барсам, тынысым кеңиді, еркін демаламын. Жүрегімнің сырқаты да бәсеңсиді. Жұме­кен көшесімен немерелерімді ертіп жүремін. Қа­ла­ның сұлулығын тамашалап, Сарыарқаның са­­ма­лын жұтамын. Көшелерінен қазақтың исі шы­ғады. Оған дәлел: «Күйші Дина», «Қоңыр өлең», т.б. қазақи аты бар көшелерді көріп, қала әкімінің өнер десе өзегі өртенетінін сеземін. Менің Арқа­ның самалын сіміріп жүргеніме Жұмекен де риза болар. Жұме­кен өмір бойы Арқаның алыптары: Абай, Мұхтар, Жүсіпбек, Қасым, Ақан серілерге табынған адам. Гимнің сөзі де Арқа жерінде жазылды.
– Міне, 2014 жылмен де қоштасқалы отырмыз. Бұл датаны біз енді өткен шақпен ғана есі­мізге алатын боламыз. Өмір дегеніміз осы екен ғой. Небір тарихи жаңалықтарға толы бол­ған бұл жылға өкпе-ренішіңіз жоқ па?
– 2014 жылы көңілімді қуанышқа бөлеп, жай таптырған қуанышым, заманымыздың тыныштығы. Бұл тыныштық біздей кең пейіл қазағымыздың өз жері, өз байлығы өзіне жететін халқымыздың ешкімге көз алартпай адал өмір сүріп отырғанын Алла-Тағалам көріп, біліп, бізге әділет көзімен қа­рап, қорғап отырғаны. Бұл да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен көрегенділігі деп білемін. Елбасымыздың барлық ұлттарды, көрші мемлекеттерді достыққа шақырған парасаттылы­ғына сүйсінемін. Мұнан кейінгі қуанышым – Жұмекен әулетінің, ошағымыздың үш бұтының аман отырға­ны. Балаларымның, немерелерімнің өзара татулы­ғы, береке-бірлігі. Ең бастысы, жібі түзу, дені сау азаматтар болғанына қуанамын. Тағы бір қуаны­шым, осы биыл Ратмир атты шөберелі болдым. Бұл – үшінші шөберем.
Ал ренішіме келсем, жаныма жақын адамдар­дың біразы өмірден өтті. Туған қайынсіңлім Жаңыл­сынның жары, күйеу баламыз Саясат дәл Қадір түнінде ауырмай, сырқамай өмірден өтті. Тағы бір жаныма батқаны – өте дарынды ақын, тайсалмайтын сыншы балам – Әмірхан Балқыбек өмірден озды. Әмірханның ешкімге жалтақтамай әдебиет пен өнерде жаны шырқырап, тура шын­дық­ты жазатын еді. Маңдайға сыймай кеткен аза­матты Алла алдынан жарылқасын. Мен ол баламды сыйлайтын едім, жақсы көретін едім. Бұл өлім көп адамның қабырғасына батқан болуы керек. Одан кейін Таласбек Әсемқұловтың қазасы. Таласбектің соңғы кезде баспасөз бетінде жария­ланған Тәттімбет туралы, Асқар туралы ең­бек­­терін оқып табынып отыратын едім. Маған ұмытпай кітаптарын беріп жіберіп тұратын. Көп білетін, көп ізденетін осындай білімді азаматтан айырылу – әдебиет, өнер жұртшылығына ауыр тиген болар.
– Жұмекен аға туралы айтқанда, сіздің әң­гіме­леріңіздің барлығы да керемет сағыныш­тан тұратын сияқты әсерге бөлейді. Өткен өмі­ріңіз­ге бұрылып, артыңызға қарағанда есіңізге не түседі?
– Мен өскен ортаның әрбір бұтасы, әрбір қияғы мен жыңғылы, қоғасы түзгінімен күмбірлеген күй­дің әуені естіліп тұрады. Жел тұрғанда қырдың қия­ғының сызылтып салған әні, құмның сусыған даусы өте жағымды естіліп, тыңдап тұрушы едім. Қасиетті даламның салған әнін, таза табиғаттың ауасына қосып жұтып өстік қой. Қазір сол қияқтың, әппақ құмның даусы құлағыма келеді. Рахаттана тыңдап отырып, ақырында тамағыма тас тығылған­дай болып көңілім бұзылады. Үлкейгеннің белгісі болуы керек.
Жел көтерілгенде құм көшеді, сонда бір керемет құлаққа жайлы өте жіңішке әуен естіледі, өте сүйкімді, скрипканың даусындай.
Өйткені, ол жерлерде Сейтектің, Құрман­ға­зы­ның, Динаның, Әсима апамыздың, Фазыл ағамыз­дың, Тесік тамақ Сабырдың, Баһудың, Бақыттың, Жұ­мекен­­­нің рухының іздері қалған.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Роза Сейілхан.