Аманқос Ершуов
Зоология пәнінің мұғалімі бір оқушысынан «Тышқан қанша жасайды?» деп сұрайды. Ол да нағыз қыңырдың өзі екен. «Оны мысықтан сұрау керек» депті. Болды. Бітіп тұрған мысал. Бірақ, Жұмекен дәл осы бітіп тұрған жерден өлең табады. Бақса, бұл жерде «Мысық – тәбет, мысық – тілек, мысық – тірлік, мысықтабан саясат» жатыр екен. Оны Жұмекен ғана көріп, Жұмекен ғана ашыпты.
Жауыздық пен арамзалық бүгінде,
Әр есіктің түбінде.
Аузын аңдып әр іннің,
Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын,
Аш мысық боп дүниені кезіп жүр.
Оның бұл тұстағы айналадағы құбылыстарды қабылдауы және оларды сөзге көшіруі де әдеттегіден өзге, құлаққа тосын естіледі.
Тасбақалар табысты кісінесіп
немесе:
Саусағымен ауаның,
Қара бұлтты ақ шыңға,
Байлап қойып сауамын
немесе:
Ал табиғат қайрат жұмсап біз үшін,
Әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп,
Газ бен удан тұр қорғап... («Темірқазық»).
Сөз жоқ, бұл жолдарды кез-келген оқушы, тіпті оқыған-тоқығаны көп деген оқушының өзі бірден қабылдай қоймайды. Бұл жерде халықтың ойына, мүддесіне, арманына қызмет еткен ірі ақындардың ешбірі де талғамға қызмет етпегенін мойындауымыз керек. Халыққа қызмет ету – талғамға қызмет ету емес. Нағыз ақын оқушы талғамын ылғи да байыту үшін, жаңа биікке көтеру үшін қызмет етеді. Ол оқушысы соңынан салпақтап еріп отыратын көнбістік мінезге емес, мүйізі қарағайдай болып көш бастар серкелік мінезге ие.
... Міне, ақын Москвадағы Пушкин ескерткішінің түбінде тұр. Ақын ақынмен сұхбаттаспақ. Ол өзін, халқын таныстырды. Дала атынан сөз сөйледі. Бірақ Пушкин үнсіз. Оның «көзіндегі ұлы қайғы қабағын көтертпейді». Жаңа заманның, жаңа тірліктің келгенін хабардар еткен ақын енді Пушкинге жарының жазығы жоғын айта келіп:
- Өсек, ғайбат өрбіткен қай оңбаған,
Музаң сынды,
Жарың саған болды адал!- деп араша түседі.
Осы кезде Пушкин ескерткіші қалай тебіреніп кетті дейсіз ғой:
- Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
Жүрегінен оң қолын ап,
Сұрапыл
Ырзалықпен созды маған
Бір оймақ
Қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады,
Қабыршық боп тастар сынып түсті, әне.
Жазылды да желеңінің қат-қаты,
Тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын.
Жұмекен Нәжімеденов осындай тас ескерткіштің өзін тебірентіп, тас тұғырдан түсіретін құдіретке ие болған кезінде, ақындық талантына әбден кемеліне келіп толысқан шағында көз жұмды.
Өлеңмен өзегі өртеніп, теңеулердің буулы теңін ақтарып, асыл сөз іздеп, жыр аспанында оқшау ойлары найзағайдай жарқылдап, арынды ақын Жұмекен де өтті дүниеден. Өтті дейміз-ау, оның өлмес өмірі енді басталғандай баспасөз беттерінде жиі-жиі еске алынып кетеді.