Сол бір Желтоқсанның қара бұлтты, қаһарлы күндерінде Алматы көшелерінде лек-легімен шеру тартқан қазақ жастары бір асқақ әнді аспандата шырқап еді. Шырқап бара жатып жылап еді. Ол қай ән, қандай ән екені естеріңізде ме, жамиғат? Естеріңізде болмаса, еске сала кетейік. Ол - МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ.
Рухында азаттықтың ақтаңгері атой салған осы ән сонау алпысыншы жылдары өмірге қалайша келе қалды екен? Ақын Жұмекеннің шығармашылық ұзақ жолында әнге текст жазуға аса ден қоймағаны бар. Мұның бір себебі, ақынның сүйегі ауыр, техникасы тегеурінді жырлары жөпшенді әуеннің әлдиіне жұбана бермеген ғой. Ал саз өнерінің "шаппай бері" Шәмші жөнінде сөз басқа.
Дегенмен, осы бір айтулы әннің дүниеге келу себебін Жұмекен мен Шәмшінің елуінші жылдардың аяғында үш-төрт жыл консерваторияда бірге оқып, бастас-қостас болып жүргенінен ғана іздесек, бетінен қалқу болып шығар еді. Ол кезде КСРО деген ел едік те, ал он бес республика соның бауырына телінген төл едік. Ол төлді жусатып, өргізетін де Мәскеу деген мығым саясаткер болатын. Сол саясаткер: әлемдік дамудың ең үздік үлгісі социализмнің игілігін еміп, коммунизмнің уызына жарудан титтей үмітің болса, қазақпын деме - КСРО-ның азаматымын де, қазақша сөйлеме - орысша сөйле, елмін деме - ел ішіндегі республикамын де, - дер еді. Реті келсе, мысықтабандап жеріңді бөлшектеуден, ұры соқпақпен рухыңды ірітуден де кет әрі болмайтын. "Қазақ болма, ең алдымен коммунист бол" деген Никита ағаның "өсиеті" сол кезде айтылған.
Алайда, бір адамды немесе он адамды мәңгүрт етуге болғанымен, бүтін халықты олай етуге болмайтыны шаң беріп қала жататын. Бұл - Маңғыстауды Түркіменстанға, теріскейдің астықты өлкелері мен батыстың мұнайлы аудандарын Ресейге, түстіктің біраз атырабын Өзбекстанға өңгертіп жіберуді көңірсітіп жүрген көңілсіз кезең болатын. Кеудесінде шыбыны бар қазақтың жан дүниесі шырқырап тұрған тұс еді. Кешегі тәуелсіздік сілкінісі кезінде иілуге көнбей, "бағаналы терек болып шарт жарылған" Жұбан ақынның "Мен - қазақпын!" атты құдыретті дастаны осы құйтұрқы саясатқа берілген халық жауабы демеске бола ма?
Біздіңше, Жұмекен мен Шәмшінің "Менің Қазақстаным" да мейлінше жуасып бара жатқан қазақ рухын дүр сілкіндіру мақсатында туған зерделі дүние. Бүкіл ұлттық бедеріңді интернационализм атты үлкен өтекпен су жүгіртпей өтектеп тұрған тұста "Мен - қазақпын!" немесе "Менің Қазақстаным" деп қасқая қарап тұру - "жарлауытқа біткен жантақты жанынан безген нар жейдінің" кері емес деп кім айтар?! Сол тұста "Мен - қазақпын" дейтін бүкіл жұрт "Менің Қазақстанымды" бір ауыздан шырқады. Оны "Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған" деп басталатын ресми әнұранымыздың жаңа сипатты жалғасындай қабылдады.
Мұның бір себебі - жер мәселесі желігіп тұрған тұстағы халық көңіл-күйімен дөп келуінде болса, екінші бір себебі - қуатты әуенмен әдіптелген ән тексі позициясының жалтақтықпен жаны қас, нар намысқа табан тіреген туралығында болатын. Өйткені, күні кешеге дейін елді де, Отанды да жалғыз КСРО деп танып келіп едік қой. Олай болса, сондай үлкен ел құрамындағы қуыршақ жұрт бола тұра: (империялық пиғыл осылай есептеп келген ғой) "Менің елім, менің жерім, жырың болып төгілемін, Қазақстаным!" - деп атадан қалған аманат жерді соның бас иесі ретінде өзіне тәуелдей сөйлеу, тәуелсіздікке меңзей сөйлеу - кеңес өкіметі жылдарында бола қоймайтын үрдіс еді. "Дән егіп терлеген, қазағым мықты ғой" - деп кесіп айту да "бұратана" жұрт өкілі үшін кеспірі келіскен сөз саналмайтын. Осы тұрғыдан алғанда, жасы жиырмадан енді ғана асқан, коммунистік уағызға "күшігінен таланған" қос өрімнің "Менің Қазақстанымын" өз уақытының ерлігі деп танымасқа лажың жоқ. Ақын жарының куәлік етуінше, ән өлеңін жазуға екі-ақ сағат уақыт кетіпті. Бірақ соны шын шеберлікпен шыңдауға аталған қысқа мезет жетіпті. Күні бүгінге дейін сөзінің мәні ескірмей, әнінің сәні кешкірмей халқына қызмет етіп келеді.
Сөз соңында айтарымыз: қайда қазір осындай асқақ ән, адуынды жыр! Қайда қазір ұрпақ рухын көтеріп, жігерін жаныр жалынды сөз, жарқын саз! Онсыз да езілген еңсені баса түсер жылауық та зарлауық немесе онсыз да желігіп жүргендердің қолтығына су бүркер желікпе әуендерді бір сәт былай қоя тұрып, отаншылдық, патриоттық жырлар мен әндер туғызатын мезгіл жеткен жоқ па екен, сазгер ағайын, ақын дос!..
("Түркістан" газеті, 1996 ж., 16-24 желтоқсан).