«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ!»
Жанарбек Әшімжан
(«Жас қазақ», 2006 жылғы 10 қараша)
Ұлы әннің жазылғанына таяуда 50 жыл толды
Қазақтар қазіргі Әнұранды айтқанда айбаттанып, сайын даланың құрық көрмеген жал-құйрығы төгілген шу асауын құрықтағандай ерекше рухтанып кетеді. Ұлттың уысына мұз қатқанда жас қазақтар «Менің Қазақстанымды» айтып жігер жылытты. Қазақ ұлты қалғып бара жатқан тұстарда ұлт түйсігін «Менің Қазақстаным» түртіп оятты.
Бұл – бетон қабырғалы кеңселердің керегесін сетінетіп, қызыл матаға оранған уықтарды бырт-бырт сындырып шығып, бетін күн қақтаған қазақ ұланының таңдайына қонақтаған қасиетті әуен.
Ойдағы-қырдағы қазақ бауырлардың жүрегінен ағып шыққан Шәмші мен Жұмекен жылғасы тасқындап келіп Алаңда ақтарылып түсті. Қазақты жылатқан да, жұбатқан да – Шәмші мен Жұмекен. Желтоқсан жақындаған сайын жүрегің әлсін-әлсін ыршып түседі. Құлағыңа күмбірлеген күй құйылады, ол – «Сарыарқа». Жүрегіңе ғажайып жыр құйылады, ол – «Менің Қазақстаным!»
Соттың үкімін қасқайып тыңдап тұрған қаһарман Қайрат Рысқұлбеков бастаған төрт оғыланның әйгілі суреті жадыңызда шығар, ұлық оқырман! Байқадыңыз ба, өлім жазасына қатысты үкімді оқып тұрған мантияның астындағы сұлбаны жанардан ысырып қойып, төртеуі «Менің Қазақстанымды» айтып тұр.
Қайсыбір күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Финляндияның кездесуінде еңкейген қарттан есі кірген балаға дейін Әнұранды ойыншылармен қосыла шырқағанда стадион тітіреп сала берді. Қандай ғажап!
«Менің Қазақстанымның» жазылғанына бүгін 50 жыл толып отыр. Сосын ХХ ғасырдың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің үйіндегі Нәсіп апамызға арнайы хабарластық.
Жас қазақ: Нәсіп апай, қалыңыз қалай?
Нәсіп Нәжімеден келіні: Жаман емес, үйде немеренің былдырына айналып-толғанып отырған жайымыз бар. Немерелерім атасы жазып қалдырған Әнұранды таң бозынан жарыса айтып оянады.
Жас қазақ: Апай, «Менің Қазақстанымның» өмірге келгеніне дәл осы қараша айында 50 жыл толыпты. Бұл да бір үлкен тарихи күн ғой. Сізді арнайы құттықтап, екінші жағынан аз-кем әңгімелессек деп келдік.
Нәсіп Нәжімеден келіні: Алла разы болсын! Расында содан бері де аттай 50 жыл зулап өтіпті-ау. Жұмекен 1955 жылы Алматыдан Қарағандыға арнайы жолдамамен барған. Сол кезде Сарыарқаның сары даласын, Қасымның отанын тұңғыш көруі ғой. Өзі бала күнінен Арқаның ақын-жырауларын, күйшілерін пір тұтқан адам. Солар жайлы нешеме өлең, поэмалар жазды.
Ел-жұрттың жадында болу керек, 1955-56 жылдары солтүстік және оңтүстік облыстар талан-таражға түсе жаздап тұрған болатын. Мұның бәрі тарихтан белгілі жайт. Сол жағдайға жалғыз Жұмекен емес, сол тұстағы санасында түйсігі бар жастар қатты қорланды. 1956 жылы Алматыға келді. Жолда жүргенде алып жүретін Жұмекеннің аспан түстес бір шабаданы болатын. Ол шабаданды біз жеті жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жанымыздан бір елі тастаған емеспіз. Әлгі шабаданның ең астына газет төсеп қоятын. Алматыға келгенде көрдік, Жұмекен сол газеттің астына «Менің Қазақстанымның» кейбір нұсқаларын жазып қойыпты. Жанында өзіне жазылған хаттар бар. 1956 жылы Жұмекен Алматыға келген соң консерваторияға оқуға түсті. Осы оқу орнында Шәмші Қалдаяқовпен кездесті. Сол жылдары Қазақстан миллиард пұт астық берді, ту тапсырды. Соған орай ұйымдастырылған болу керек, әлі есімде, 25 қазанда қазіргі Әлия мен Мәншүктің ескерткіші тұрған ескі алаңда үлкен митинг болды. Консерватория іргесінде ғана орналасқан. Сол митингке І-курста оқитын Жұмекен де студенттермен бірге еріп барған. Алаңға жиналған халықтың қолында қаптаған ту, тумен бірге халық та теңселіп, тербеліп тұр. Сонда Сарыарқадан жазып келген өлең жолдары Жұмекеннің көз алдында елестеп жүре берген.
Жас қазақ: «Менің Қазақстанымның» ілкідегі нұсқасындағы аз-кем өзгерістерді де айта кетсеңіз?
Нәсіп Нәжімеден келіні: Әсілі, «Менің Қазақстанымның» бір шумағы кешегі гимнге байланысты алынып қалды ғой. Ол былай болатын:
Айнала қарасам, асықты жүрегім,
Заманға жарасам, жарасып тұр елім.
Біздің ел орденді көтерді туларын,
Елмен ол тербелді, тербеле жырладым.
Бірақ Жұмекен қатарлы жастар ол тұста өз көзқарастарын сыртқа шығарып ашық айта алмайтын еді ғой. Өзара ғана белгілі бір орталарда сырласады. Сонда Жұмекеннің осы жыр жолдары Шәмшінің ойындағы патриоттық әуенге дөп қона кеткен. Екеуі бір факультетте оқыды, бірге жүрді. Себебі, ол кезде дайындық курсы деген жоқ болатын.
Жас қазақ: Әлгінде бір сөзіңізде «Менің Қазақстаным» жазылып болған соң біраз уақыт қабылданбай, шетқақпай көріп жүрген де кезі болды» деп қалдыңыз.
Нәсіп Нәжімеден келіні: Ол рас. Тиісті орындар «Менің елім, менің жерім» деп неге айтасың?» деп қыспаққа да алды. Орталыққа шақыртып алады. «Өлеңде партия туралы айтылмаған, партияны қос» деп сес көрсетеді. Сосын Жұмекен: «Партияның аясында елім, туған жерім менің» деп, енді бір тұсын «Жеті жыл жоспары, жеті қыр асқаны» дегендей сәл өзгерткен болды. Осы жолдар кейін бір жинақтарда шығып та кетті. Одан кейін теле-радиода қабылданбай үш жылға таяу жағы жүрді. І курста жазылған дүние болатын, арада желіп үш жыл өте шықты. Жұмекен ІV курста оқудан кетті.
Жас қазақ: Ең алғаш теледидар мен радиодан қай жылдары беріле бастады?
Нәсіп Нәжімеден келіні: Бір күні Жұмекен үйге өте бір көтеріңкі көңілмен келді. Сәлден соң: «Менің Қазақстанымды» Жамал Омарова апай орындайтын болды», - деп қуанышты хабарын да жеткізді. Шәмші Жамал апайдың үйінде пәтерде тұрды ма, әлде Шәмшінің үйіндегі Жәмила жеңгеміз Жамалдың туысы ма, есімде жоқ, әйтеуір Шәмші мен Жамал апайдың қарым-қатынасы өте жақсы болатын. Сосын жалдап тұратын пәтерімізде радио болмаған соң жұмысқа барып, орыстармен таласып-тармасып отырып, «Менің Қазақстанымды» тұңғыш рет Гүлжан Қожасбаева есімді құрбым екеуіміз радиодан тыңдадық. Бұл – 1959 жылғы қарашаның басы болатын. Жамал апайдан кейін Ришат Абдуллин орындады.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған соң баяғы Жамал апай орындаған түпнұсқаны іздеп радиоға бардым. Алтын қорда сақтаулы екен. Түгел көшіртіп алдым. Қазір менде. Аракідік даталы күндері өздерің секілді «Менің Қазақстанымның» шығу тарихын сұрап келген азаматтарға осындай мәліметтер беріп жүрмін.
Ол кезде Шәмші әлі үйлене қоймаған кезі, Жәмила көп біле бермеуі мүмкін ғой. Гүлсара Піржанова дейтін ғажайып шаңқобызшы болған, кейін қайтыс болып кетті. Ол Қазақстанға шаңқобызды тұңғыш әкелген адам. Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, «Отырар сазында» қызмет еткен еді. Күйеуі геолог болған. Өзі ғажап әнші болған. Белинский көшесінде тұрған. «Менің Қазақстаным» 1956 жылы шыққанмен, ең алғаш әнімен сол Гүлсараның үйінде орындалды.
Жас қазақ: Жұмекен ағаның өлеңі Әнұранға айналды. Үлкен салтанатты шараларда, мерейлі жиындарда бүкіл халық (өзге ұлттар да) Әнұранды қосыла шырқайды. Бойыңызды мақтаныш сезімі билейді дегендей...
Нәсіп Нәжімеден келіні: Әрине, «Менің Қазақстаным» Әнұран болған кезде жүрегіміз жарыла қуандық. Бәлкім, Жұмекен Әнұран болады деп ойламаған да шығар. Бірақ Жұмекен қазақтың Азаттық алатынын, бостан ұлт болатынын бүкіл шығармашылығы арқылы айтып кеткен адам. Жұмекенді түсініп оқитындар білуге тиіс, ол – ХХІ ғасырды болжап кеткен ақын. Кейде мен өлеңдерін қайта оқып, әрқайсысына өз шамама қарай талдау жасап отырамын. Сонда байқасаң, Жұмекен көріпкел секілді әсер қалдырады. «Аспан шақырады» повесін оқысаңыз, тіпті айтатыны жоқ.
Ал Шәмші Қалдаяқов өмірінің ақырында «Менің Қазақстаным» түбі Әнұран болады» деп айтып кетті.
P.S. Кейде кафе-мейрамханаларда қос аяқтарына қос-қостан шөлмек құйып алған жастар теңселіп, «Менің Қазақстанымды» жарыса айтып жатады.
Бір түрлі қабылдай алмайсың. Бұл – ұлтшылдықтан гөрі, даңғазалыққа көп жақын секілді.
Жалпы Әнұранды асүйге араластырып, жекелеген туған күн кештерінің қорытынды әніне айналдырушыларға тыйым салу керек-ақ.
Ұлттық рәміздерге қатысты арнайы құжатқа толықтырулар мен өзгертулер енгізу ләзім.