Шалқасынан ашып тастап есікті,
үш-төртеуі дауға басса бөсіп бір,
кеше кештен қайтқан бірі көңілді
айна алдында үш тал мұртын есіп тұр.

Таңдайына тәтей салған құрт ұнап,
ақ көңіл дос күліп жатыр жыртыла.
Ауыл исін білдіреді бұрқырап,
ілінген тор терезенің сыртына.

Әдемі ғой – тым шулылау десең де,
сабақтан да кетпес мұнда есең көп:
кітап ашық жатады ылғи төсекте,
оқу дегенді ұмытуға кесел боп.

Жатақхана – тамаша жер:
сен де аса
сене алмассың көңілсіз деп алдаса.
Стипендия алған күндер, тек қана,
қаңырап бос қалатыны болмаса.

1967, 1982