Заулайды Жер. Шұбартады дала бұл,
Түк аңдамай қарайды тек аңқау күн,
Заулайды Жер. Жанарында дананың,
Жамбасында жалқаудың.
Қиялшылдар қаламының астында
Ұқсайды жер ала-бурыл тасқынға.
Заулайды Жер. Өзін-өзі қиған күн,
Неғылады шапағатын «иманның!»
Заулайды Жер, табанында тағының,
Тізесінде тиранның,
Көрген кезде диқаншының күрегін,
Екі ой түсер: бірі – топырақ,
бірі – өмір.
Осы екі ойға бір кеудеңнен пана бер,
Қайда барсаң қос көлеңке қараңдар...
Әлдеқашан тозар еді қара Жер.
Тозбаса егер тізелер мен табандар.
1965