1. Шегелер
Еңбек!
Әркүн сайын қағылады мың шегең,
Мың шегеде – бір балғаның салмағы.
Мен де өзімше бір балуан, бір шебер,
Әкел, бермен бес тонналық балғаны!
Әр секундке ұстаттық қой бір балға,
Қағылады, кағылады шеге көп.
Балға даусы естіледі жырдан да,
Жүрміз бірақ неменені шегелеп?
Шеге, шеге! Жұрт не десе – о десін,
Сөз – жүйесін, өз иесін табады із.
Өткен күннің суырып ап шегесін
Келер күннің тақасына қағамыз.
Маңдайшада, қабырғада – шегелер,
Тағаларда, табандарда – шегелер.
Шеге бәрін қусырып ап жөнелер,
Шегелерге – шеге ғана теңелер,
Дүниедегі серт пен сенім бар жүгін
Шегелерге артар едім – не керек.
Дүниедегі мықтылықтың барлығын
Атар едім, атар едім шеге деп!
2. Сымдар
Аспан тұрды айналаны тұйықтап,
Жалт қарадым – тоқтадым,
Жалап-жалап дүниенің оттарын
Үндемейді жел де, тілі күйіп қап.
Айналада – ауада бір діріл бар,
Тыңда, тыңда... бағаналар, тұрыңдар.
Әппақ, әппақ құлақшалар түрілген
Үн аулайды ол ауадағы дірілден.
Үн аулайды, жата алмайды о да жәй,
Үн оянса – барлық құлақ қомағай.
Асайды олар бар дыбысты күн-түні,
Құлақтың да бар өзінше құлқыны.
Бұл дүниенің ол шетінде жатып ап
Не дейді анау ағылшындық ақымақ?...
Торғай ұшса селк етеді жапырақ, –
Сымдар жатты соның бәрін бақылап.
Сымдар жатыр, сымдар жатыр шіренген,
Ыстық демді бір ел тартты бір елден.
Тебінгідей құлағымды түрем мен,
Сымдар жатыр, сымдар жатыр шіренген…
3. Күндер
...Лақылдатып төкті бұлақ көбігін
Шалқақ жатқан жағасына уақыттың.
Уақыт, уақыт! Басқа сыймас көп ұғым,
Уақыт сыйды құшағына Уақыттың.
Еркелеймін басқаға емес, Мезгілге,
Еркелеуді ұнатам мен кәріге.
Уақытпен салыстырсаң жас мүлде
Күн де, Жер де, адамдар да – бәрі де,
Күн шуағын толтырып ап көздерге
Болашақтың қойны-қоншын кезгенде,
Оттан қорқып сол көздерден таралған
Қашар еді көлеңкенің бәрі алдан.
Көлеңкені жеңдіріп күншуаққа,
Қандай ғажап жетіп жатсаң мұратқа.
* * *
Ей, күншуақ, құйыла бер жерге осы,
Ей, күншуақ – дүниенің зердесі.
Шуақ болып жарқырашы, алғы күн,
Не берсең де – көлеңкелеп бермеші.
Ей, күншуақ! Бердік саған Ана атын,
Болашаққа күнмен бірге баратын.
Самғай берші, тарылмашы ақ шуақ,
Батыс, шығыс – сенің екі қанатың.
Сараңдықты алады екен кім қалап!
Аспан жомарт, туады күн іңгәлап.
Ей, адамдар, тозбасыншы өмірің,
Көкжиекті тоздырғанша күн қажап!...
4. Монологтар
Пәк сезімдер – тамырларға таралған,
Бұл жүректе болмас тамшы арам қан.
Мен – Бақыттан, Бақыт менен жаралған,
Қос бұтамыз бір түбірден нәр алған.
Сондықтан да, сондықтан да, жер, сенен.
Фонтандай боп атып шыққан тентек ем...
О, туған жер, қасиетті топырақ,
Бұталарың кеудемде тұр қалтырап.
Күзгі күннің қабағы боп шытынам,
Жазғы күннің жанары боп жарқырап.
Күрек ұстап үйренсе де қол мына,
Жат болмады мылтық пенен домбыра.
Кейбір күндер тастап жатса мол мұра,
Кейбір күндер күл тастапты орнына.
Жаңа үмітпен нұрланды қыр, атып таң,
Күнді күтпен төсегімде жатып паң.
Ұяламын ұйқым үшін уақыттан,
Қырсық жасап алмайын деп Бақыттан.
5. Толқындар
Жартас тұрды жағалауда тістеніп,
Кек көреді ол – еркелесе толқындар.
Шабыт-толқын шапшыды да түсті өліп...
Жартас тұрды баяғыша тістеніп.
Сол жартасқа кейде қатты сүрінді
Менің отты толқындарым бүгінгі.
Жаңғырықтар жүзге бөліп бір үнді,
Сексен саққа жүгіртеді жырымды.
Күндер туды көкейі ырыс, сырты Бақ,
Күн көзінде бір сезім тұр жылтырақ.
Кеуде толы ой келеді шымырлап,
Көше толы жыр келеді бұрқырап,
О, дариға, үмітімді үзбедім.
Үмітім сол – басылмаған іздерім.
Соған шейін көрмесін деп мені ешкім,
Өз ойыммен өзім ғана егестім.
Кей көңілден шуақ жұтып құнықтым,
Кей көңілді өзім күліп жылыттым.
...Күндер, шіркін, қағып алып денемді
Толқынына мінгізеді үміттің...
6. Ойлар
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн?
Бір керемет мотор үнін тыңдаймын.
Сылқ-сылқ күліп көсіледі түнгі айдын.
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн!
Ракеталар ырғып шықса көкке кең,
Жерде тұрып жымыңдайды от деген.
Қара бағдар білезіктей Ай төсін,
Сипап көрген саусақтарды қайтесің!
Түн түнеріп жата алмады жәй шыдап,
Прожекторлар қиған кезде қайшылап.
Білдім, білдім бұл ғасырда кім барын
Қозғап көріп электрдің сымдарын.
Сол сымдардай тартылып тұр тамырлар,
Көтеріп тұр бір электр сым бәрін.
Жүз кнопка – жүз бармақтың астында,
Күре тамырлар ұқсайды бір тасқынға...
Сенем: қолдар кнопканы тастар деп,
Сенем: қолдың ар жағында Бас бар деп.
Бір жағымда қауіп-қатер жүр бұғып,
Бір жағымда коммунизм тұр күліп;
Соның бәрін бір құлақпен тыңдаймын,
Айтыңдаршы, бұл қай заман, бұл қай күн!
7. Ойындар
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Қармайсың бармақтардың астына,
Бір жымисаң жібітесің тасты да,
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Жер-әлемге жайып тастап шуақты,
Бір алтын шар көтерілді күн атты.
Әйнектерде тұрып алды ол дірілдеп,
«Ертең» емес менің атым, «бүгін» деп.
Ұқсаң еді көңілімді сен менің –
Бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...
Балалар да оянды, әне, оянды
Төсегінен ұстай тұрды «қоянды».
«Бұл қояным – көжек болып «өсед» деп,
Тұрды бірі саусағымен есептеп.
Содан кейін басталды ойын, кетті олар
Әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп.
Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған,
Терезеде «арғымақ» тұр жаранған.
Бала-жүрек әрі батыл, әрі аңғал,
Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған.
Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып.
Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып.
Содан кейін жалықтырып бұл да оны,
Қулық ойлар құрбысына күлгелі.
Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді,
«Аққу көлі» балетіне билейді.
Күн күледі – көтерілсе алтын шаң,
....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!
Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ,
Самал есті ақ әжедей аңқылдап.
Самал-әже асығады әрдәйім,
Нәрестенің сүю үшін маңдайын.
Мамалар да дүкен кезіп қайтады,
Оратып ап бір керемет «Чайканы».
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Күндемеймін, күндемеймін, қарағым,
Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!
...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп,
Соның бәрі бір үміт пен бір тілек:
Балалардың ойынымен қолдағы,
Үлкендер де ойнамаса болғаны!
8. Өзгерістер
Кеше атқан таң бүгін де атып келеді,
Кешегі аспан бүгін де үстен төнеді.
Ауыр ма еді кешегі артқан жүгім де? –
Ұмытыппын сол жүгімнің түрін де.
Кешегіден бүгін артық... болса олай
Кешегі өмір ұқсамайды бүгінге!
Қандай ғажап өзгергенім!..
Кеше түн
Балшық-көше етік киіп кешетін
Бүгін көрсең... қалай-қалай төселген!
...Осындайды күнде көріп өсем мен.
Мына бір жер кеше ғана сай еді,
Бүгін, міне, көршінің жас әйелі
Келе жатыр баспалдақпен жоғары –
Бір жұпар-леп соғады.
Кеше ғана... кеше бұл үй жоқ еді,
Бүгін ол да мың көзімен көреді
Бір шындықты – бар екенін өзінің.
Бүгінгі күн – жоқ болудың өзі мін!
Шымырлайды мұхит-аспан тереңі,
Әрбір мұржа өз түтінін өреді...
Алатаудың көне бұлтын жыртып ап,
Ала бұлақ келе жатыр бұрқырап.
Таңғы шықтан өткен ызғар табанға
Бір сергектік беріп тұрды маған да.
Осы кезде төсекте едім мен кеше,
Кешегіден ерте тұрдым ендеше.
Кешегі аппақ жазылмаған парақты,
Бүгін ақын жыр толтырып таратты…
О, Дүние!.. Бүгінгі шат тіршілік
Тұрмасын тек ертең жылап, күрсініп…
1963