Түн тып-тымық, көк тымық, айналаның бәрі үнсіз –
неткен мезгіл түк ойсыз, неткен мезгіл дарынсыз!
Шөп, байғұстар, шұрқырап табыспақ боп көп күтті,
бірақ оған «дем» берер самалың да жоқ тіпті.
Тек көкжиек еріні бозғылт тартып тұр күліп,
тіл ұшында жалғыз сөз жатқан сынды іркіліп.
Түк түсінбей тұр, білем, мынау аспан, мынау жер –
жыпық-жыпық етеді жұлдыздардың кірпігі.
Бұл тыныштық, немене, тыныштық па алдаушы, –
көкжиектің кенеттен шығып кетті «жан даусы»:
атып шықты алтын ай – алтын сөздей бір ауыз,
ақымақтың аузынан шығып кеткен аңдаусыз.
1970