Міне, міне тірі гүлдер, тірі гүлдер тұр өсіп,
Бұл далада бақыт шақтың баяны үшін күресіп...
Өткен күндер дауылымен құмдар толқып шайқалған,
Сол бір дауыл талай ізді кетті-ау көміп, майталман!
Бірақ мында Махамбеттің қылышының бар табы,
(Талай ойды табынтады, ол да өзіне тартады)
Көп бытыра дақ салыпты туған жердің жүзіне –
Көздің жасы көп тамыпты кірпіктерден үзіле.
Керемет қой бүгінгі өмір – көктемі не, күзі не –
Ана-торғай ұя сап жүр Құлагердің ізіне.
Мына дала бар тынысын ішке жиып күтулі,
Бұл ұрпақтың маңдайына ырыс болып бітуді.
Ақырында ол біздің қолға тарих болып тұтылды,
Сары құмы – сары кітаптың мұқабасы сықылды.
Ол айтады: осы жерде өлді дейді сан арман,
Кеуделердің ыстығына – аптабыға қамалған.
Ол айтады: қара шаштар осы жерде ағарған!
Осы жұртта құрттар қайнап бу атыпты қазаннан.
Осы жұртта талай тірлік, талай басты оқ алған,
Ол – өңірден үзілген бір түймеге ұсап жоғалған –
Көп беріпті-ау өмірге олар – неге сонша аз алған?
О, ғажайып, жаңа гүлдер ескі жұртта тұр өсіп,
Бұл даланың рухы үшін мәңгі-бақи күресіп.
Сол гүлдерді иіскеп, сүйіп жүрсе біреу далада
Ұқсайды ол өз баласын жетектеген анаға.
Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген –
Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!
1961