Сүйремеші биіңе, жырды ғайып
танымасаң, тақпашы құрбыңа айып.
Қоңыр ағаш түбінде қоңырайып
алайыншы деп едім бір мұңайып.
Кетіп ем мұңға мойын бұрмай бүгін,
туған сіңлісі екен ғой жыр қайғының.
Қоңыр кеште қоңырқай бұлт астында
алайыншы оңаша бір қайғырып.
Қол ма мерген, білмеймін, сөз бе мерген,
көздеймін деп мақсатты көз көгерген.
Сәтсіз жырым, ойға орал,
есіме түс,
көрген кезім қиянат өзгелерден.
Жібек-сөзден шашпау-жыр өргенде өзім,
есіме түс, жұртқа ұпай берген кезім.
Есіме түс, ұйқысыз тозақ-түнім, –
достарымнан осалдық көрген кезім.
Сүйремеші биіңе, жырды ғайып
танымасаң, тақпа құр құрбыңа айып.
Бармақ-бұлтқа басымды сүйеп қойып,
алайыншы оңаша бір мұңайып.
1970, 1982