Қып-қызыл кеш. Аппақ айдын. Қоңыр үн.
Жанып тұрған бір шүйке бұлт жаңағы
Басам дей мен лапылдаған көңілін –
Тұнық суға төсін малып алады.
Теуіп шығып ақ бетіне қызыл қан
Айдын жатыр... Құтырынды сәуле ойнап.
Жағадағы көне тамдар бұзылған
Әлденені ымырт құсап қалды ойлап.
Шалқайса да мен-мен аспан көкірек,
Жұлдыз жылып көл төсіне жабысты,
Төбелері қылт-қылт етіп шоқы көп
Суға түсіп тұра-тұра қалысты.

1965