Сонау... сонау жоталарда қалды ізім.
Жолым менің... арты – қысқа, алды – ұзын,
Көзім менің түрлі бояу көрсе де,
Көңілім менің ести алар жалғыз үн.
Көп жүрген жер – көк езу жол, ақтабан,
Бір мақсатқа екі жетіп таптаман.
Ойламаймын басамын деп өзге ізді,
Тек қана осы... өз ізімнен сақтанам.
Қазығымды қағар ма екем олқы ғып,
Ойда шыдам, бойда қуат мол тұрып;
Көңілім менің толқи-толқи ортайса,
Қос жанарым берер ме екен толтырып?!
Көктем елі, шаңқай аппақ түс елі,
Қызығыңды – екі көзім ішеді.
Алатаудың қабағына бұлт қонса,
Көленкесі өлеңіме түседі.
Айып етпе, айып етпе мені елім,
Кей көңілден алыс қонса өлеңім.
Көрмеген соң көп көңілдің көлемін,
Қайта-қайта сарқыламын, өнемін.
Неге керек бір шындықты екі ұғып,
Екі айта алман – бір жүрекпен отырып.
Өмір – біреу, өлім – біреу, мен – біреу,
Екеу болса – біреуі оның өтірік!
1965