Айнала аппақ, аппақ дала, қар аппақ,
Ойнайды жел аппақ қарды парақтап.
Бір шанада екеу отыр құнысқан,
шана артында үйріледі күміс-шаң.
Тұяқтардан кесек-кесек ұшқан қар
домаланып безіп барад – ұстаңдар!
Құрысқан қол көтерілген жағаны
Әлсін-әлсін ебдейсіздеу қағады.
Таяп қалды, таяп қалды екінді.
Боз аспанның батыс жағы кетілді.
Бірте-бірте қүн барады қызарып –
жіберген-ау мынау өмір ыза ғып?!
Сұрғылт мұнар сайға қонып қалыңдап,
Көлеңке жүр жыраны өлшеп адымдап.
Көкжиектің сұп-сұр болған ернінен
Қып-қызыл күн сүйді-ау бір сәт жалындап!
1963, 1982