Ол – келді, сәби келді, келді міне,
Келді ие бүгінгіге, ендігіге.
Келді ол, табылды бір азамат-қол
Әкенің қамшысы мен белдігіне.
Келді ол қызыл-шақа бетте мүлде
Жоқ, тіпті үміттену, кектену де.
Титімдей жүрек қана талпынардай
Сүюге және мықтап жек көруге.
Без тірлік безек қағып іңгәлаған,
Тым жәйлі емес дей ме мұнда маған?–
Сәбидің алғаш шыққан ащы даусын
Ең соңғы тәтті үмітпен тыңдады Адам...
Келді ол байтақ баба даласына –
Бір бұлақ ақты шапшып, аласұра.
Асфальтты шықты жарып бір тал шыбық,
Бір тамшы қосылды көл шарасына.
Ай аппақ, әлем ұйып болды жым-жырт,
Бір жұлдыз тағдырына көнді мүлгіп.
Бір арман көкіректен көтеріліп,
Шыңына Алатаудың қонды бір бұлт.
Шайқалып шарап кесе – шабыт жанды,
Көңілдер көгенінен ағытты әнді.
Манадан түссіз тұрған әке байғұс
Бір бокал ақ арақты қағып салды...

1965