Бұлақ асып аққанда шарасынан,
сені көрем жапырақ арасынан.
Өткінші екен о күндер – келді, кетті,
сезімді тек мұңды етті, мөлдір етті.

Бұлақ мөлдір, сыр терең, жан асыл ма,
көкірегімде сен мәңгі қаласың ба?
Сондағыдай әлі ойнап барасың ба,
мен көрмеген бір бұлақ жағасында?!

Бұлақ асып ағады шарасынан,
сен қарадың жапырақ арасынан.
Жасыл толқын бүктелді, жұмарланды,
мен жыр еттім бітпейтін бір арманды.

Көз алдымда сол бейне тұрар мәңгі!
мен бе, сен бе, бұлақ па – кім алданды?
Мың сан толқын әкетті мың арманды,
мың арманның орнында бір ән қалды...

1978