Өстің, тікен, тырмысып,
ал, талаптан, талаптан.
Тартайын деп тұрмысың
тағы да бір балақтан?!

Сені о бастан ант ұрды,
«Құдай» сені кептірсін:
тағы да бір балтырды
қанатайын деп тұрсың.

Сен де қырсық адамға,
қырсықпаңдар, қойыңдар.
Тағы да бір табанға
қадалатын ойың бар.

Жүрсің әлі түлеп сен –
құртар едім күрсінбей:
топырағыма гүл өскен
сен де өсіп тұрсың ғой...

1970