Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген,
Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен.
Жас ұялап қимас көздер қалды артта,
Аспанының ақ иығын ілдірген.
Енді... енді туа ма оған жан ұқсап,
Қараңызшы көкжиекке анықтап:
Күншығыс жақ арайланды, батысқа
Бара жатыр қара табыт қалықтап...
Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт,
Туған жерден тамырымен жұлынып?
Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау,
Қара жалау қалыпты ғой ілініп!
Топ ішінен ымырт шалған жүздері
Көңіл байғұс сол ақынды іздеді.
Көрінбеді ол, танылмады тынысы,
Жиі соққан көп жүректен біздегі.
Қайда кетті ол бізді тастап – төзбеймін!
Жүректерге тепті батпай сөз кейін.
Ақын кетті, топас ажал қолында
Асыл кетті бір жапырақ бөздейін.
Қайда ғана, қайда ғана жол алдың?
Көру үшін туып па едік молаңды.
Ақыл-қиял сөресінен әлемдік
Бір қалың том құлады да жоғалды.
Жөнелді ақыл, бұл өмірде жұрты қап
Жыр туады, жыр туады бұрқырап.
Бір бәйтерек өсіріп ең, туған жер,
Жел өшірді – жағып едің бір шырақ.
Шер-мұң қалды у жұтынып безерген,
Ернім қалды сусын аңсап кезерген.
Бұл өлімге, бұл өлімге төзер де ем –
Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен.
1961