Көп іздедім, көп ойландым теңселіп,
ойдан екен еңкеюі еңсенің:
Көкшіл көзді десем бе екен сені ару,
сары шашты десем бе екен мен сені?

Сезім, қиял, тұра тұршы кейінге,
шын сөзімді ойлар біреу ойын деп,
Сені... сені десем бе екен ақ сары,
әлде сені қара торы дейін бе?

Қасыңды да, шашыңды да, шырақ-ау,
бірдеңе деп сипаттау жөн шығар-ау.
Көкірегің жоқ нәрсені іздегіш,
тілің жоқты бейнелеуге құмар-ау.

Сөзім менің сезіміме, о несі,
көрген емес ілесіп не теңесіп:
бәрін қойып әсірелеу, теңеудің
ең әсем қыз десем бе екен сені осы?!

1970